Әйелдер қауымы, Жәннатқа кірудің оңай жолын айтайын ба?
Әйелдер қауымы, Жәннатқа кірудің оңай жолын айтайын ба?
9 жыл бұрын 19329
Салтан САЙРАНҰЛЫ

Көптеген шаңырақтың шайқалуына, отбасылардың ажырасып, екіге айрылуына, айрандай ұйып отыруды ниет қып қосылған екі жастың іркіттей бұзылуына көбіне бір ғана себеп бар. Ол – әйелдің күйеуіне бойұсынбауы, жарына бүтіндей бас ұрмауы. Барлық іріткі, бүлік, араздық, арсыздық, бассыздық, адасушылық, ажырасу отбасыға осы бойұсынбаушылықтың болмауынан келеді. Демек, әйелдің күйеуіне мойынсұнбауы – шайтанның бүтін бір мұсылман отбасын қаққа жарудың ең негізгі қақпасы.

Шайтанның ең үлкен жетістігі мен айласының жемісі де, оған дәреже-мақам мен шен-шекпен сыйлайтын ісі де – бір отбасының шаңырағын ортасына түсіріп, керегесін сөгу. Имам Мүслімнің сахих хадистер жинағында келген Пайғамбарымыздың бір хадисінде былай делінеді: «Ібіліс өзінің тағын судың үстіне құрады да, сол жерге ордасын тігеді. Сөйтеді де жендеттерін дүниенің шар тарапына бүлік шығаруға жібереді. Олардың арасынан ең үлкен бүлікке себеп болғанын да өзіне жақын тартып, ең сүйікті әскері етіп тағайындайды. Осы үшін Ібілістің жендеттері кезегімен келіп, салған ылаңдарын айта бастайды. Бірісі келіп: «Мен бүгін ананы істедім, мынаны істедім», – дейді, Ібіліс оны: «Түк те істемепсің», – деп қайтарады. Тағы біреуі келіп: «Мен ерлі-зайыпты екеуді ажырастыру үшін бір отбасының қыр соңынан қалмадым, ақыры ажырасып тынды», – дейді. Сонда Ібіліс: «Сен неткен жақсы едің, ең жақсылардан болдың», – дейді».

Міне, шайтанның абыройлысы да, даңқтысы да қандай да бір отбасын ажырастырып, әйелді тірі жесір, балаларын тірі жетім етіп қоюы екен. Олар үшін біреуді қылмысқа итермелеу, өсек айтқызу, ғайбаттатқызу, біреу мен біреуді ұрыстырып, шағыстырып қою секілді дүниелер абырой әпермейді, дәрежесін өсірмейді. Олардың ең басты межесі, көздеген нысанасы, діттеген мақсаты – ерлі-зайыптылар, отбасы, жанұя, шаңырақ. Егер қоғам арасындағы бұл құндылықтарға сызат түсіріп, отбасы деген қасиетті ұғымды ойыншыққа айналдыратын болса, қоғам онсыз да тозатынын жақсы біледі. Өйткені, қоғам, мемлекет, ұлт, ұлыс, ел отбасыдан құралады. Отбасы – ұлт, ел, мемлекет секілді берік қамалдың бір-бір кірпіші. Ал бұл кірпіштерді шетінен алып сөгіп отырса, бір күні қамалдың опырылып ортасына түсері ақиқат. Бұл Ібіліс үшін үлкен жетістік. Өйткені, «Ібіліс – Адам атамыз бен Хауа анамыздың дұшпаны» (Таһа сүресі, 117-аят). Сондықтан да біз Ібілісті «АТА ЖАУЫМЫЗ» дейміз. Адам мен Хауаның дұшпаны әрине ұрпағы, мына біздерге де дұшпан. Сол үшін де Пайғамбарымыз некемен де, талақпен де әзілдесуді тыйған. Бұл ойнайтын дүние емес. Ойынның түбін оттан жаратылған шайтан отқа айналдыруы мүмкін.

Бір отбасын ажырастыру үшін шайтан көбіне әйелді күйеуге бойұсынбауға шақырып, үйде ұрыс тұдыруға, жанжал шығаруға итермелеп отырады. Адамзатқа рахым нұры ретінде жіберілген ардақты Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм) отбасыларға, әйел затына шайтанның бұл айласына жол бермеу үшін кеңес беріп, алдын алуға шақырып отырған.

Бірде Шамнан Мәдина қаласына келген Муғаз есімді сахаба Пайғамбарымызға (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм) келе салып, сәжде жасамақ болады. Бұған Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм): «Әй, Мұғаз, бұның не сенің?» – дейді. Сонда Мұғаз сахаба: «Мен Шамға барғанымда адамдардың патшалары мен әмірлеріне осылайша сәждеге барғандарын көрдім де мен де мұндай сәжденің сізге жасалуын лайық көрдім», – деп жауап береді. Бұған Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм) тыйым салып: «Байқа! Екінші бұлай жасаушы болма! Егер Алладан басқа тағы біреуге сәжде жасауға рұқсат алған болсам, мен әйелдің күйеуіне сәжде етуін әмір етер едім. Мұхаммедтің жаны құдірет қолында болған Алланың атымен ант етемін, әйел күйеуі алдындағы ақысын өтемейінше, Алланың құзырындағы хақын өтемегені. Әйелі түйенің үстінде отырса да, күйеуінің қалауын қанағаттандырудан бас тартуға қақысы жоқ», – дейді. Біріншіден, бұл хадистен әйелдің күйеуі алдындағы бойұсынушылық қаншалықты дәрежеде  болуы тиіс екенін шамалауға болады. Егер Пайғамбарға Алладан басқа тағы біреуге сәжде етуге рұқсат етілген болса, ол адамдарды адамзаттың ардақтысы, әлемге рахым нұр етіп жіберілген, Алланың ең сүйіктісі болған өзіне емес, әйелдің күйеуіне сәжде етуін әмір етер еді. Бірақ, дініміз Алладан басқаға сәжде қылуға әмір етпейді.

Екіншіден, хадисте айтылғандай, әйелдің күйеуі алдындағы ақысын өтегені Алланың алдындағы ақысын өтегені болып есептеледі. Ал әйелдің ең басты ақысы – ол күйеуіне бойұсынуы. Себебі, бойұсыну арқылы ғана күйеуінің разылығын таба алады. Ал отағасының разылы Әлемдердің Раббысының разылығы. Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм): «Күйеуі разы болған күйде қайтыс болған әйел – Жәннаттық», – дейді. Демек, әйелдің отбасындағы ең басты миссиясы күйеуінің разылығын тауып, Жәннатқа жолдама алу. Қиын ба екен? Әр әйелдің қолынан келетін іс, бірақ көбі құлық танытпайды. Тағы бір хадис шәріпте Пайғамбарымыз (салаллаһу ‘алейһи уә сәлләм): «Әйел бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстап, әуретті жерлерін бөтен көзден сақтап, күйеуіне бойұсынса, ол әйел Жәннаттың қалаған қақпасынан кіреді», – дейді. Өкінішке қарай, бұл мүмкіндіктен де көбі құр қалып қоюда.

«Еркек үйдің егесі болса, әйел – үйдің шегесі». Шеге өз орнына қағылмаса, үйдің шаңырағы биік, керегесі берік болмайды. Сондықтан да, әйел заты, Жәннаттың кілтін шарқ ұрып көшеден іздеудің қажеті жоқ, Жәннаттың кілті жарыңда... 

9 пікір
  • Алла разы болсын. Осы шағым мақаланы барлық отбасыларға оқыту уәжіп бе деп ойлап қалдым!!! (Уәжіп сөздік мағанасында айтылғаны. Бұрмалап кетбесің)
    9 жыл бұрын
  • Ia Saltan bauyrym durys aitasyz.Aiel adam kuieuine boiusynsa uii berekege tolmaima. Kulip turgan betke judyryq qalai jugirsin demeime. InshaAllah barsha aielder jannattyq boluymyzdy nasip etsin.
    9 жыл бұрын
  • Ажырасу тек айелдин бойусынбауынан болады дегенге куманмен караймын. Ер адам уйленип-ап жаман истермен айналысса, коз бояушылык, урлык, еки жуздилик байкалса неге айел ажыраспайды? Осындай жайда да жаннатка кире ме олар?
    9 жыл бұрын
  • Машаллаһ, қандай керемет жазылған мақала.
    9 жыл бұрын
  • Яда замандасымыз, көптеген азаматшаларымыз сияқты бас десе, құлақ деп, сөздің төркінін түсінбей, немесе түсінседе, Шәкеңнің "кеңесінен" шыға алмай жүрген сияқты. Бұл сияқты әпкелеріміз мен қыз-келіншектерге, сол Батыстың тепе-теңдік, гендерлік саясат, т.б. сияқты ұрандарын жалаулатып жүргенін байқауға болады. Аллаһ Тағала өмір беріп тұрғанда қырсыққа бой алдырмай уақытты текке жоғалтпаған жөн сияқты.
    9 жыл бұрын
  • Максиммен келіспеймін деп айта алмаймын. Өйткені сөзінің жаны бар. Қыз бен әйелге мына мақалды еске салсам: Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Ер мен әйел бірге ат салысып, әйел еріне, ері дін мен от басына мығым болса, екеуі дінде болса "бір жағадан бас..." дегендей болар еді.
    9 жыл бұрын
    • Максим бауырым, қырсықтыққа бола жазылмаған да, жасалмаған іс. Мен ойымды емес 5 жылда көргенимді жаздым. Ақыл кеңес берсеңіз эл.поштаға жазуыңызды сұраймын. Қояр сауалдарымда болар.
      9 жыл бұрын
    • Ел боламын десең, бесігіңді түзе. Ер мен әйел бірге ат салысып, әйел еріне, ері дін мен от басына мығым болса, екеуі дінде болса "бір жағадан бас..." дегендей болар еді, дұрыс. Біздің де талабымыз солай, менде қосыламын. Ал олай болмағанда әйел не қылу керек?
      9 жыл бұрын
  • Аллаһтың берген сынағына төзе біліңіз. Иншаллаһ, Алланың бергеніне шүкір етіп, бұдан ауыр сынақпен сынамауын тілеу қажет. Сұрағыңызды ВК мекен-жайыма жазып жіберіңіз. Барлығын сонда жазыңыз. Бұл жерді сұхбат алаңына айналдырмай-ақ қояйық?
    9 жыл бұрын