Әйел заты күйеуіне сыйлауы тиіс 5 сыйлық
Әйел заты күйеуіне сыйлауы тиіс  5 сыйлық
5 жыл бұрын 14889
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

«Бір-біріңе сыйлық беріңдер, махаббаттарың (сүйіспеншіліктерің) артсын!»

Ерлі-зайыптылар бір-біріне сыйлық беру арқылы ара-қатынастарын жақсартып отырулары қажет. Адам өмірінде сыйлықтың түрі көп. Оның ішінде белгілі қаражатқа алынатын және тегін сыйлық түрі бар. Қаражатқа алынатын сыйлық түрі белгілі, ал тегін сыйлық түрін қалай түсінеміз?

Отбасылық өмірдегі «тегін сыйлық» деп отырғанымыз – ерлі-зайыптылардың қарым-қатынас барысында бір-біріне деген құрметі. Мұндай сыйлықты сыйлау үшін сізге қаражат қажет емес, күнде тегін сыйлай аласыз. Отбасылық өмірде мұның маңызы өте зор және сыйы да өте үлкен. Ол тегін сыйлықтар төмендегідей:

Бір-біріне күле қарап, жарқын жүзді болу

Ерлі-зайыптылардың бір-біріне жарқын жүзбен күліп қарауы арадағы жылулықтың артуына себеп болады. Күйеуіңіз жұмыстан шаршап келгенде, сіздің бір ғана күлкіңіз оның шаршағанын басып, шаңырақта шаттық орнайды. "Садақаның ең үлкені – кісінің өз әйелін (еркелетіп) аузына бір түйір ас салуы" (Бұхари, 56, Мүслім, 4185).

Аллаға шүкір ету

Аллаға шүкір ету – адамның өмірдегі негізгі уәзипасының бірі. Қандай да бір жақсылылққа кенелер болсаңыз, Аллаға дереу шүкір етіңіз, сонда жақсылығыңыз да арта түседі. Аллаға шүкір етеуіңізді күйеуіңізге де естіртіңіз. Яғни, «Өзіңмен жолықтырғаны үшін Аллаға шүкіршілік етемін!»– десеңіз, күйеуіңіз де қуанып қалады. Себебі өзіне тұрмысқа шыққаны үшін әйелінің өкінбейтінін білу кез келген еркекті қуантады. Осылайша күйеуіңізді бір мақтап қойыңыз.

Күйеуіңіздің қадір-қасиетін жария қылу

Күйеуіңіздің қадір-қасиетін жария қылу – оның жақсы қасиеттерін туысқандарының алдында айту. Яғни, күйеуіңіздің көзінше оны туысқандарына мақтасаңыз, біріншіден, туысқандар арасында оның қадір-қасиетін арттырады, екіншіден, оны қуантады, үшіншіден, арадағы махаббаттың нығаюына себеп болады.

Күйеуіңізге деген сеніміңізді білдіру

Ер адам әйелінің өзіне сенгенін қалайтынын ұмытпаңыз! Үнемі күйеуіңізге құрметтейтініңізді білдіріп: «Қасыңда болғанымда, өзімді сондай бақытты сезінемін!» – деген жылы лебізіңізді айтып жүріңіз. Әйелінің өзіне сенім артатынын білген еркек тау қопаратын күшке ие болады. «Сондай-ақ Раббыларыңның «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында да тым қатты» деп жар салғанын естеріңе алыңдар» («Ибраһим» сүресі, 7-аят)

 
Жұмсақ сөзді болыңыз

Ертегі уатпай ма баланы да,
Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да?

М. Жұмабаев

Сөздің өзіне тән сиқыры бар екенін білесіз бе? Расында, адам бір ғана сөзбен екі елді бір-біріне айдап салса, бір ауыз сөз арқылы екі елдің арасын жарастыра алады. Сөз арқылы жалғанды ақиқатқа, ақиқатты жалғанға шығаруға, сөз арқылы біреудің махаббатына бөленіп немесе ашуына ұшырауға да болады.

Сөз – сіздің күйеуіңізбен арадағы жақсы немесе жаман қарым-қатынастың кілті. Сөз арқылы күйеуіңіздің көңіліне қуаныш сыйлап, сөз арқылы күйеуіңізден көңіліңізді жадырататын сөзді ести аласыз.

Бір әйел кісіден күйеуіңізбен қалай қарым-қатынас жасайсыз деп сұралғанда, «Үйде күйеуіммен сиқырлы сөз арқылы саясат жүргіземін», – деген екен. Расында да сөз орнымен, дұрыс қолданылса, көптеген проблеманың алдын алады. Мысалы, сіздің айтқан жылы сөзіңіз күйеуіңіздің ашуын басады, тіпті ашуын сыртқа шығармай іште бұқтырып жоқ етуіне көмектеседі.

Ендеше, күйеуіңізбен жылы һәм жұмсақ сөйлесіңіз. Жұмсақ сөйлеу арқылы сіз де алдыңыздағы адамнан жылы сөздер естисіз. Күйеуіңіз үнемі сізден «қорғаным, қамқоршым, сүйенішім, сүйіктім» деген мақтау сөздерді көп естісін. Сонда сіз де «махаббатым, жарқыным, сүйіктім» деген сөздерді ести аласыз. Кішкене бір баладан: «Анаңның аты кім?» – деп сұралған кезде, «Білмеймін, әкем «сүйіктім» дейді, ал мен «анашым» деймін!» – деп жауап берген екен.

 

0 пікір