Әйел күйеуі тапқанды ұқсату керек
Әйел күйеуі тапқанды ұқсату керек
6 жыл бұрын 5352 azpolitika.info
Марат ТОҚАШБАЕВ

Адам өмірінің басым бөлегін отбасында өткізеді. Отбасы мүшелерінің бәрі түгел үйде болуы әр жүрекке тыныштық ұялатады. Егер бір үйде болмаса алаңдаушылықтан арыла алмайсың. Адамдар үйде болғанда ең қажетті нәрселер не? Әрине, бұл ең алдымен үйде белгілі мөлшерде азық-түліктің болуы, тазалық пен реттіліктің сақталуы, жылы отбасылық моральдық ахуалдың үзілмеуі. Осы үш шарттың үшеуі де әйелдің қатысуынсыз орындалуы мүмкін емес. Яғни «үйдің берекеті әйелден» деген сөз бекер емес екен.

Иә, ер адам отбасын баспаналы етеді, бала-шағасын киіндіруге, ішіндіруге қызмет етеді. Бала-шағасын асырап, бағу үшін ол бір жерде жұмыс істеуге, сөйтіп қаражат табуға ұмтылады. Ал әйел күйеуінің табысын, егер өзі жұмыс істесе оған өзінің табысын қосып бәрін ұқсатуы керек. Ұқсату дегеніміз – кірген кірісті отбасының қажетіне қарай бөлу, қаражатты үнемді жұмсау, қазанын қайнатып, күйеуі мен балаларына уақтылы тамағын беру, келген қонақ болса лайықты дастарқан жасап күту. 

Үйге қажетті мүлік, отбасы мүшелеріне маусымына қарай киім-кешек, аптаға немесе айға жетерлік алдын ала азық-түлік алуды күйеуімен келісе отырып әдетте әйел жүзеге асырады. Бұл арада отбасы бюджетін тиімді есептей білген дұрыс. «Әй, бір есебі болады ғой» деп балаларын аш қалдырып өзіне қымбат киім алып алу, үйдегі азық-түлік қорын үзіп алып қонақ келсе дастарқанға не қоярын білмей абыржу, үйі ыбырсып жатқанда өзі боянып отыруы сияқты қисынсыздықтар әйелге абырой әпермейді. Жөн білетін тәжірибелі әйелдер үйде кіріс-шығыс кітабын ұстайды. Онда ай
сайын тамаққа, киімге, жолға, той-томалаққа, үнемдеу сомасына жұмсалатын қаржы бөлініп койылады. Үйдің күллі кіріс-шығыстарын жазып отыру ен алдымен қаржыны үнемдеуге, жөнсіз шығындарды есептеп оның алдын алуға, есеп-қисапты дұрыс жүргізуге көмектеседі.

Балалардың асқазан ауруларына ұшырауы дұрыс тамақтанбаудан. Қайнап тұрған қазан да үйдің бір берекеті. Әйелдердін назарында болатын нәрсенің бірі де осы. Түрлі дерттің алдын алуда тазалықтың рөлі үлкен. Үйдегі тазалық пен жинақылық, әр заттың өз орнында тұруы, тәртіптілік әйелдің тікелей араласуымен, қадағалауымен жүзеге асырылады. Ең бастысы үйдегі татулық, жылылық ахуал. Бәрі бар болса да, бірлік пен татулық болмаса үйде берекет болмайды. Берекеттің бастауы әйелде. Отбасы мүшелерінің бір-біріне жылы сөйлеуі, әдепті қарым-қатынас орнатуы әйел-ананың ықпалынан.

Сондықтан да қазекең «Бала таппайтын әйел жоқ – тұрарын айт, мал таппайтын еркек жоқ – құрарын айт» деп бекер айтпаған.

0 пікір