Әйел адамға күйеуіне ақыл айту рұқсат етілген бе?
Әйел адамға күйеуіне ақыл айту рұқсат етілген бе?
23 күн бұрын 2110
Данияр СҮЛЕЙМЕНОВ

Кейде әйел кісі еріне деген ыстық ықыласы себепті жәрдем беру мақсатында оған бойындағы кемшіліктерді тізбектеп береді. Бұл – әйелдің табиғатына тән нәрсе. Әйел өзінің бұл ісін күйеуімді қорғап жатырмын деп түсінеді. Бұл – жақсы ниеттен туған қателік. Себебі ер кісіге бұл ауыр тиеді. «Әйелім маған не істеу керектігін де үйрете бастады ма?» деген ойға баруы мүмкін. Егер арада «бойымыздан қандай да бір кемшілік көрген жағдайда бір-бірімізге ескертіп тұрайық» деген келісім жасалған болса, ешқандай ағаттығы жоқ және проблема тудыра қоймайды.

Ері қаламай немесе айтпай, әйелі осындай қадамға баратын болса, арада іштей реніш туындауы мүмкін. Мұндай жағдай ер кісіде әйелінің алдында өзіне деген сенімсіздігін оятады. Күйеуінде «не істейтінін білмейтін, жолы болмағыр, ынжық т.б.» сынды сезімдерді оятқан әйел ер адамды түсінбейді деген сөз. Әйел кісі ерінің бойына өзіне деген сенімді, өзінің қорғаны, сүйеніші екенін ұялатып, «тізгін өз қолымда» деген сезімін оята білсе, оған оп-оңай көп нәрсені орындата алады.

Бұл жерде ескеретін бір мәселе: әйел адамның еріне мүлдем ақыл-кеңес айтуына болмайды деген ұғым қалыптаспау керек. Себебі әр адамның өзіндік ой-пікірі және еркіндігі бар. Мұндағы айтылып отырған мәселе – әйелдің жөн-жосықсыз ерін сынап, ақыл айта бермеуі. Ең дұрысы – күйеуіңіз сізден ақыл-кеңес сұраған кезде аянып қалмау. Әрине, арадағы әдепті сақтай отырып. Ер кісінің де әйеліне деген құрметін білдіру мақсатында жиі ақылдасып отырғаны жөн. Сонда барып арада әдемі байланыс орнайды.

Алла елшісі Хұдайбияда мүшріктермен бейбіт келісімге қол қойып, маңызды істі бітіргеннен кейін сахабаларына: «Енді не тұрыс, құрбандық шалып, шаштарыңды алдырыңдар», – деді. Асхабтан ешкім қозғалмады. Пайғамбарымыз екінші рет қайталады. Сахабаларда үн жоқ. Алла елшісі үшінші рет бұйырды. Тағы тым-тырыс. Бірнеше рет берілген бұйрық нәтижесіз қалды. Мән-жайдың байыбына бара алмаған Пайғамбарымыз ақ некелісі Үммі Сәламаға барды. «Уа, Үммі Сәлама! Не болған мына халқыма? «Құрбандықтарыңды шалып, шаштарыңды алыңдар» деп қайта-қайта айттым. Ешбірі отырған орнынан қозғалар емес», – деді. Ақыл-парасатының үстемдігімен ерекшеленетін Үммі Сәлама бұл жолы да қарап қалмады. «Уа, Алланың елшісі! Егер осы айтқандарыңыздың жүзеге асуын қаласаңыз, далаға шығыңыз да, ләм-мим деместен өз құрбаныңызды бауыздаңыз, шашыңызды алдырыңыз. Істеп болғанша жұртыңызбен тіс жарып әңгімелеспеңіз. Сізді көріп олар да қимылдай бастайды», – деп ақыл-кеңес айтты.

Пайғамбарымыз сыртқа шығып, ешкімге ештеңе айтпастан құрбандық түйесін ұстап, бауыздады. Одан соң шаштараз хузаалық Хыраш ибн Үмайяны шақырып, шашын алдырып, сақал-мұртын бастырды. Мұны көрген сахабалар да түйелерін сойып, шаштарын алдыра бастады. «Құрбан шалуға асыққандары сондай – бірін-бірі басып кете жаздады», – деп кейіннен еске алады Үммі Сәлама. Осы оқиға барысынан Үммі Сәлама анамыздың даналығына куә боламыз. Деректерде «Үммі Сәламаның Худайбиядағыдай ақылды тоқтамын Ислам тарихында бірде-бір әйел көрсете алмаған» – делінеді.

Қабырғасымен кеңесу де, ақылдасу да қайырлы іс саналып алғаш рет Пайғамбар шаңырағында басталды. Біз болсақ, әлі күнге шарқ ұрып мұны жете түсіне алмай келеміз. Тіпті оның қай жақта екендігін де таба алмай жүрміз.

«Әйел затының құқығын қорғаушылармыз» деп ойлаған жандардың ой-санасы әйел затын әлі күнге дейін төмен санаудан арыла алған жоқ. Алайда біз әйел затын бір бүтіннің жартысы деп бағалаймыз. Екі жарты бір бүтін болуы үшін екі жарты бір-біріне тірек, сүйеніш бола білуі керек. Екі жарты қосылғанда ғана адамзаттың бір бүтінге айналатындығына сенеміз. Ол жоқ жерде адамзат та жоқ. Пайғамбарлар да, әулиелер де жоқ. Исламият та, ұлт та жоқ.

Пайғамбарымыз өз әйелдеріне жақсы қарап, үмбетіне былай деген: «Мұсылмандардың имандылық тұрғысынан ең жақсысы – мінез-құлқының ең көркем болғаны. Сендердің ең көркем мінезділерің – әйеліне ең жақсы қарағандарың».

 
0 пікір