Адамдар отбасын неге құрады?
Адамдар отбасын неге құрады?
2 жыл бұрын 3136
Мәдина Саттарбаева

Адамдар отбасын неге құрады? Психологтардың зерттеулеріне сүйенсек, жастардың көпшілігі осы сұраққа: «Екі адам бірін-бірі сүйеді, сол себепті бірге болғысы келеді», – деп жауап береді екен. Жақсы жауап. Алайда бірге болуды қалау мен таңдаған жұбыңмен қызығымен қатар қиындығы да көп отбасылық өмір жолымен бірге жүріп өтудің айырмашылығы жер мен көктей. Осы орайда ата-бабамыз тектен-тек: «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» демеген. Психолог ғалымдардың айтуынша, отбасын құрудағы өмірлік мақсаттары жоқ, тек күйіп-жанған сезімнің жетегімен шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылардың бірінде уақыт өте келе: «Мен бұл адаммен неге бірге тұрып жатырмын?» деген келеңсіз сұрақ пайда болады екен. Бірте-бірте ол сұрақ сізді жиі мазалайтын болады. Осылайша жұбайлар арасындағы жарастыққа сызат түседі...

Олай болса тағы да сұрақ, адамдар отбасын неге құрады? Бұл сұраққа ең алдымен ислам әлемінен жауап іздеп көрелік. Ислам діні үйленуді адамгершілік бір міндет және діни бір шарт деп бағалап, үй болып, тұрмыс құруды дәріптейді. «Жалғыздық тек Жаратқанға жарасқан» демекші, ұл ержетіп, қыз бойжеткенде өз теңін іздейді. Өз отауын тігуді, өз отының түтінін түтетуді армандайды. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үйленіңдер, көбейіңдер. Қиямет күні басқа үмбеттердің алдында мен сендердің көптіктеріңді мақтан тұтамын», – деген. Яғни, әрбір мұсылман отбасын құру арқылы Аллаға ізгі құл, пайғамбарға үлгілі үмбет болатын ұрпақ өсіруді көксейді.

Енді психология ғылымына жүгінер болсақ, осы сала мамандарының тұжырымдауынша, отбасын құрудың басты мақсаты – махаббат. Нағыз махаббат! Ал отбасы – махаббат мекені. Нағыз отбасында махаббат жыл өткен сайын нығая береді. Осы негізбен алғанда, отбасы – ерлі-зайыптылардың басты ортақ мақсат – нағыз махаббатқа жету жолындағы тәрбие мектебі. Еркек пен әйелдің жаратылысы бөлек, сол себепті олардың отбасындағы өзіндік міндеттері де бөлек екені белгілі. Ер адам – отбасының басшысы, әйел – ерінің көмекшісі. Ер адам отбасын материалдық жағынан қамтамасыз етсе, әйел адам еріне қолдау білдіріп, ошағының отын маздатып отырады. Бала тәрбиесіне ерлі-зайыптылардың екеуі де бірдей жауапты болса, шаруашылық-тұрмыстық мәселелерде әркім өз рөліне сәйкес әрекет етеді. Ал керегесі махаббаттан қаланған отбасы – өмірлік күш-қуаттың, өнімді әрекеттің, жемісті істердің бастауы. Мұндай отбасында ер адам үшін алынбайтын қамал жоқ. Оны жан жарының кіршіксіз сезімі биікке жетелеп отырады. Сүйіктісінің көзіндегі оған деген сезім, сенім, тамсану, алғыс – бәрі-бәрі оған қанат бітіреді. Ал нағыз махаббат бар жерде адам бүкіл адамзатты сүйеді. Өйткені махаббат дегеніміз – мейірім.

Психологтардың зерттеуінше, жалғыз адамның бойында уақыт өте келе өзімшілдік пайда болады екен. Ал ерлі-зайыптылардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасы ең алдымен өзін емес, өзгелерді ойлауға ұласады. Бұл орайда кейде жақындарың үшін өз қызығушылықтарыңнан бас тартып та жатасың. Бұған қоса, ерлі-зайыптылар «мен» және «сен» деген сөздерді ұмытып, енді тек «біз» деп қана сөйлейтін болады.

Ерлі-зайыптылар бір шаңырақ астында тұрып жатқандықтан бір-бірінің кемшіліктерін де көре бастайды. Ал нағыз махаббат бар жерде адам –  кешірімшіл. Кешірімшілдік – көңіл кеңдігі.

Алайда отбасы игілігі үшін басқа да қажеттіліктер керек. Мәселен, дүниеге ұрпақ әкелу, оларды өсіру және тәрбиелеу, отбасының әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету (баспана, тамақ, киім), шаруашылық-тұрмыстық мәселелерді шешу (жөндеу және тазалық жұмыстары, азық-түлік сатып алу, ас әзірлеу т.б.), сондай-ақ ерлі-зайыптылардың жұмыстан тыс уақыттарын бірге өткізулері, бір-біріне эмоционалдық және моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырулары. Ерлі-зайыптылар осы қажеттіліктердің бірлі-жарымына ғана мән беріп, қалғанын ұмыт қалдыратын болса, өзара үйлесімділік бұзылады екен. Сөйтіп, күтпеген мәселелер туындайды.

Балалықтан арылып, ересек өмірге қадам басқаныңда сенің ішкі жан дүниеңе үңіліп, сырыңды айтқызбай-ақ түсінетін, сен үшін мазасызданып, сен үшін уайым шегетін, сен үшін қуанып, сені кемшіліктеріңмен қоса қабылдай білетін жұбыңды іздейсің. Осы орайда зерттеушілердің сөзіне кезек берсек: «Отбасындағы тағы бір ең маңызды қажеттілік – қарым-қатынас: екі адамның бір-бірімен әңгімелесе, сырласа білуі, өз сезімдерін жасырмай шынайы жеткізулері және бірін-бірі тыңдай білулері». Ал «Махаббат құпиялары» атты белгілі кітаптың авторы Джош Макдауэлл: «Отбасындағы сау қарым-қатынастың бір көрсеткіші – ерлі-зайыптылар бір-біріне айтудан жалықпайтын, сырт адамдар үшін қарапайым секілді болып көрінгенімен, екеуі үшін зор маңызға ие сөздер», – деп жазады. Иә, ортақ балалары болғанымен де, қаншама жылдар бір шаңырақ астында ғұмыр кешкенімен де ерлі-зайыптылардың бір-бірімен ажырасуының немесе басқаларға көз сала бастауының басты себептерінің бірі – сыңарынан эмоционалдық тұрғыда ләззат ала алмауы болып табылады екен. Жан жақындығы жоқ жерде ерлі-зайыптылардың әңгімесі таусылады. Ал әңгімесі таусылған екі адамның сезімдері де сарқылады. Эмоционалдық қолдау — отбасылық қарым-қатынастағы өзіндік жеке міндеті бар ерекше қарым-қатынас түрі. Адам өмірдің кей сәттерінде жақынының қолдауын, жұбатуын қалап тұрады. Көпшілік арасында «ер адам әйел үшін берік қамал сынды, әйел адам қиын сәттерде ерінің иығына басын сүйейді» деп ойлау қалыптасқан. Шындығында, ер адам да әйелі сияқты психологиялық қолдауға зәру болады. Сол себепті әйелі еріне жылы сөзімен, жайлы мінезімен, орынды ақыл-кеңесімен қолдау білдіріп отыруы керек.


Атақты жазушы Лев Толстойдың «Отбасы бақыты» атты романының бас кейіпкері қалыңдығымен сырласқан бір кезінде: Адам өмірінде күмәнсіз бір бақыт бар. Ол – өзге үшін өмір сүру», – дейді. Иә, әр адам бақытты болуды армандайды. «Бақыт – әрбір адам ұмтылатын мақсат» (әл-Фараби). Адам өзгені бақытты ете жүріп өзі де өмірлік басты мақсаты – бақытқа жетеді екен. Ендеше, отбасы – әр адам сүйікті жарымен және балаларымен бірге бақытқа бөленетін киелі ұя.

1 пікір
  • Жан жақындығын ерекше атап өткеніңіз жөн болған. Шынында, жан жылулық таппаған жерде береке болмайды.
    2 жыл бұрын