9 бен 12 жас арасындағы баланың ерекшелігі
9 бен 12 жас арасындағы баланың ерекшелігі
10 жыл бұрын 6243
Алдаберген Үсен

9 бен 12 жас арасындағы баланың баяғы өзімшілдігі енді бәсеңдеп, оның өзі мен өзгелерді ажырата алатын кезі. Бұл кезде ол жалғыз өзі әрекет еткеннен гөрі көпшілікпен, маңайындағылармен де санаса бастайды. Жалғыз ойнағаннан гөрі достарымен бірге топ құрып ойнағанның, өзара көмектесудің одан да қызығырақ екендігін біледі. Яғни, көпшіл болуды үйренеді.

Көпшіл болу демекші мыңнан аса нәрсе ойлап тапқан Эдисонға: «Осының бәрін өзіңіз ойлап табасыз ба?» деп таңғалғандарға, ол: «Жоқ, бұл менің ғана емес, көпшілікпен бірге істеген істерімнің ортақ жемістері», – деп жауап береді екен. 

«Жалғыздың үні шықпас» демекші, өнім өндіретін қай фирма болмасын өзгелермен ортақтаса іс істеген жағдайда ғана үлкен пайдаға қол жеткізіп жатады. Бұнымен айтпағым, бұл кезеңде балаға «Көппен көрген ұлы той» демекші, «көпке», «топқа» араласа білгенді үйреткен жөн, сондай-ақ, жетістікке «көпшілікпен ортақтаса» оңайырақ жетілетіндігін ұғындырған абзал.

Балалар бұл кезеңде әділдікке, дұрыстыққа көбірек көңіл бөледі. Ойындағы талас-тартыстар да көбіне-көп содан барып туындайды. Баланың біреуге арқа сүйеу, сену, сенім арту сезімдері де осы жастарда жетіледі. Сондықтан, балаға ерекше жақын адамдар өздерінің істеріне, сөздеріне, жүріс-тұрыстарына көбірек көңіл бөлуі керек. Өйткені, бала олардан көргенін айнытпай қайталау үстінде болады. Бұл жастағы балаға жұртты тамсантқан қаһарман кісілерді үлгі ретінде көрсетіп, оны  ерлікке, өрлікке, өжеттікке бір табан жақын тәрбиелеу керек. Бұл кезеңде шабыт беру, құлшынту, ынталандыру, жұмылдырудың алар орны ерекше. Жоғарыда да айтып өткеніміздей, оларға шабыт беріп ынталандыруда үлгі-өнеге болуға татитын ересек кісілерге деген қажеттілік туындайды. Бұл кісілер олардың қателіктерін түзетіп, бағыт- бағдар беруде үлкен жауапкершілікке ие болады. Балалардың жақсы болып, салауатты өмір салтын ұстанып өсуінде бұндай «Үлгі-өнеге иесіне» деген қажеттілік күнделікті ас-суға деген қажеттілікпен пара-пар десе болғандай.

Осы 10-11 жас аралығында баланың метафизикалық дүниеге деген таңырқаушылығы байқалады. Қайтыс болғандар қайда кетуде? Олар неге қайта көрінбеуде деген сұрақтар жиі мазалай бастайды. Дінге деген қызығушылықтары да оянады. Балаға наным-сенім негіздерін осы кезде сіңірген жөн. Ертегі, аңыз-әңгімелерге көңілдері барынша ауады. Әсіресе, ата- әжесінен естіген әсерлі қиял-ғажайып ертегі-әңгімелер баланың ойлау қабілеті мен қиял шеңберін молынан кеңейтеді.

Тәрбиенің де негізі осы шақтан бастау алады. Өз отбасына деген тәуелділікті сезіне бастаған балаға дәл осы кезден бастап мектепке, жанұяға, Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, ата- анаға деген құрметті де өз түсінігінше үйрете бастаған дұрыс.

Осы кезден, яғни 11-12 жастан бастап, бала өзінің әлеуметтік топқа тән екендігін біледі. Бұл кезде балаға «Ережелер шеңберінде өмір сүру» қағидасының берілуі аса маңызды өміршең құндылық.

Бұл кезең сондай-ақ, баланың өмірге «басқаша көзқараспен» қарай білу қабілетінің сіңірілуі мен ішкі сезімдерінің жетілетін кезеңі. Бұл кезде балаға оның ішкі жан-дүниесін, сезімдерін сыртқа еркін шығара алатындай жағдай туғызу керек, соны жеткізетіндей сөздер үйрету керек. Маңайындағылардың да ішкі жан-дүниесін сезе бастаған балаға өз сезімдерін де түсіндіріп айта білуді үйретпесе «өзін және өзгені тану қабілетін» игере алмай, көпшілік арасында кейіннен әртүрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Көптеген ата-аналар балаларының ішкі сезімдерін көрсе де көрмегенсіп жатады. Оларды барынша тұншықтырып, кейде тіпті мазаққа да айналдырады. Бұл дұрыс емес. Қайта баланың айтқысы келген нәрсесін қысылмай айтуына жағдай жасау керек. Баланың бетін қаққыштай берудің арты орны толмас қателікке апарып ұрындырады. Кейде осы адамдардың көпшілігі қорқу, үрку, ұялу, қысылу секілді сезімдерін жасырып қалып жатады. Бала да өз бойындағы осындай сезімдерін сыртқа сездірмек болғанда көбіне ұрыс естіп, жазықсыз таяқ жейді. Балаға өз сезімін тұмшалап айтқызбау, ондағы ондай сезімдердің атымен жоқ екендігін көрсетпейді ғой? Балалар іштегі сезімдерін сыртқа қалай шығарудың жолдарын ғана білмейді. Тіпті, осы кейде үлкендер, біздің өзіміз сезімді тануда қиналып жатамыз. Неге екенін білесіз бе? Өйткені, айналамыздағылардан жасқанамыз. Солардың мысы біртүрлі басады да тұрады. Сондықтан да, біздің сезімдеріміз шынайы болғанмен, қылықтарымыз  әшейін сырт көзге деген көзбояушылықтан аса алмайды. Ал, сезімдерін тани алмаған адам оны қалай басқаларға жеткізе алсын?! Сезімнің ашыла алмай тұмшалануы жан саулығына да кері әсерін тигізбей қоймайды, адамның өзін тануына кедергі жасайды. Егер басқаларға мұқият зер салып қарасаңыз, олардың бар қылықтары іштегі сезімдерімен тікелей байланысты екендігін байқаймыз. Айталық, баланың күлуі оның қуанғандығында, жылауы бір жерін ауыртып алғандығында, ашулануы бір нәрсеге көңлі толмағандығында деген секілді.   

Рухани жағынан толысқан, өзіне сенімді бала тәрбиелемек болған ата-аналар баланың өз сезімдерін толыққанды сыртқа шығаруына жағдай туғызуы керек. Өкінішке орай, ата-аналардың көпшілігі бұны керісінше істеп, баланың айтқысы келгенін айтқызбай, істегісі келгенін істеткізбей, тіпті ұрсып, ұрып-соғуға дейін барып жататындығының куәсі болып жүрміз.

Сондықтан баланың бар ойын бүкпесіз сыртқа шығара алуына кедергі келтірмеңіз. Ал менің айтқаным айтқанға басып кетеді деп қорықсаңыз, онда баланың шектен шығып бара жатқан қылықтарын шамалап жөнге салған да артық етпейді.

Баланың ішкі сезімдерін түсіне білу үшін не істеуге болады?

Драмалық ойындар бала сезімдерінің дәл үстінен түседі. Әрі оларға қатты ұнайды. Берілуі қажетті тәрбиелік мәндегі құндылықтар осы жолдар арқылы берілуі керек. Сондай-ақ, өзі құралпы балалар арасында ойды нақты жеткізе білуге жетелейтін, өздерін барынша еркін көрсете алатын ойындар ойнатқан жөн. Балаларды ойландыратын көріністер мен мектептердегі сахыналық қойылымдардың тәрбиелік мәні зор. Бұл кезеңнің ара қатынас тілі - балалар мен үлкендердің әртүрлі жағдаяттар алдындағы сезімдері. Жағымды немесе жағымсыз сезімдерді жеткізетін сөздер арқылы қарым-қатынас орнатуыңыз керек. Өйткені, бұл кезеңде балалар не нәрсені болсын тікелей сезімдері арқылы қабылдайтындықтарын біледі және сезім тұрғысынан өзара ықпалдасушылық ішінде болады. Сондықтан біз де олармен сөйлескенде сезімдерімізді жақынырақ сездіре отырып сөйлесуіміз өте маңызды.    Мысалы: Егер баламыз бірге туған бауырын ұрған болса ол әрекеттің бізді қалай ашуландыратынын айтуға болады. Бауырына ұрған кезде оның не сезінетіндігін, бір жері ауырса оны қалай сезінетіндігі жайлы әңгіме қозғауға болады. Бұл кезеңде балаға аса қажетті нәрсе: үлгі-өнеге иесі болу немесе жақсы қылық. Сөз мейлі іс- әрекет болсын, қай жағынан алғанда да, балаға үлгі, идеал бола алатындай «Үлгілі адам» бейнесі бұл кезеңде бала үшін ауадай қажет деуге болады. Өйткені, баладағы мінез-құлықтық қасиеттердің дұрыс қалыптасып, жетілуі тұрғысынан айналасындағы адамдардың жақсы кісілер болуы әрі олардың жағымды қылықтарға бай болуы өте маңызды рөлге  ие. Маңызды ескерту: Бұл кезеңде баланың қателіктерін мейлінше  орынды деп білу керек.  Бала қателік жасай жүріп үйренеді. Әрі ол үйренгендігі есінде берік сақталып қалады. Оларға адамдардың бәрінің басынан қателік өтетінін, алайда ең маңыздысы сол кеткен қателіктерден өмірлік сабақ алу керектігін түсіндірген жөн. Қателік жасай отырып, кешірім сұрай білу мәдениетін де құлағына құйған дұрыс. Қателігі үшін баланы қашан да ұрып-соғып, жасытып жіберуге болмайды. Тіпті, біз қателік жіберген кезде де баладан кешірім сұрай алу керектігін естен шығармауымыз керек. Бұл кезеңде бала үшін қажетті екінші кезектегі нәрсе: Әділ болу; Мақұлдастық; Мейірімділік; Дұрыстық; Айналамыздағыларға көңіл бөліп, қол үшін беру; Татулық; Жаңа сынақтарға бара алу батылдығын ұсыну. Бұл кезеңде бала үшін өте зиянды нәрсе: Бұл кезең баланың өзіне «үлгі тұтар» адам іздеу кезеңі болғандықтан «Менің айтқанымды істе, істегенімді істеме» деу – ол үшін өте қауіпті жайт. Өзіне үлгі тұтып жүрген адамының сөзі мен ісінен алшақтық көру, яғни өзіне жақын тартып, бар іс- әрекетін өзіне үлгі қылып жүрген кісінің жөнге келмейтін  екі түрлі жағымсыз қылықтарын көргенде баланың әлгі адамға, тіпті үлкендерге деген сенімі азаяды. «Мен де өскенде осындай қылықтарды істесем болады екен» деп ойлайды.

0 пікір