Ұстаз бен шәкірттің өзара міндеттері
Ұстаз бен шәкірттің өзара міндеттері
2 жыл бұрын 1883
Бақ БЕР

Ілім іздену адам баласының табиғатына тән. Өзіне беймәлім шыңдарды бағындырамын деп ұмтылмаса, адам баласы дамушылық тұрғыда бір қадам да алға баспаған болар еді. Жақсылықтарға жетуді армандаған жасқа халқымыз «Талапты ерге нұр жауар» деп сүйсініп, қанаттандырып, арқасынан қаққан.     

Адам өмірден тәулік сайын жаңа бір нәрсені ұғынады, үйренеді. Білімге талаптану екіжақты үрдіс, әдетте үйренуші бар да, үйретуші бар. «Білмегеніңді кісіден сұра,үлкен жоқ болса, кішіден сұра» дейді нақыл сөз. Өмірден түйгенін, білгенін үйретуші ұстаз бен білімге сусындағысы келген шәкірттің арасында бірлік басталған тұстан өзара міндеттер, шарттар да өз күшіне мінеді. Ұстаздық парыз бен шәкірттік борышты өтей білгендер дүние-ақиретте жақсылық тапса, бұларды елеп ескермегендер кісі ақысын мансұқ еткен болады.

Білгенін істемеген, білгенімен амал қылмаған мұғалім шәкіртін елітіп әкете алмайды. Сыңаржақ, қате білім беруші – зұлымдық жасаушының рөлінде тұр. Оқушының, ізденушінің ой-өресіне, қарым-қабілетіне шақтап білім ұсынғаны мұғалімнің біліктілігін танытады. Сондай-ақ ол шәкірт алдында мейірбан, кешірімшіл, қызбалыққа салынбайтын байсалды жан тұрғысынан танылуы тиіс. Әсілі адамның жеке басына қатысты тұстарда кешірімшіл болғаны жақсы.

Ұстаздың оқушы алдындағы міндеттеріне келсек, оларды былай санамалаймыз: Оқушыға биязы мінезбен қарағаны жөн. Құлқы қашқан шәкіртті озаттылыққа үгітпен шақырғаны жақсы. Сауалдарына орынды жауап беруі, жөнсіз ұрсып, жазғырмауы керек. Оқушыны зиянды мәліметтерден үзілді-кесілді тыйып, жақсы жолға бағыттауы шарт. Өз қателігін мойындау дағдысында болсын. Оқушыны бауырындай көріп, қажет болғанда өзін соның деңгейінде ұстағаны жөн; Оқушыны өзіне кіріптар қылмай, ұстаздық дәрежесін сақтағаны абзал. Дәрісті ақылы жүргізсе соңғы минутына дейін тиімді пайдалануы қажет. Оқушыға тиісті бағасын дәл беруге тиіс.    

Мәселен, сынықтан сылтау іздеп оқушының тиісті бағасын бермеуі құқын аяқасты ету. Оқушы – жасына, кәрісіне қарамастан ұстазға тапсырылған аманат. Оларды қорғау, қолпаштау, тиісті бағасын беру – ұстаздың міндеті. Аманатқа қиянат жасау ауыр күнә. Ешкім бауыр еті баласын сенбейтін адамына тапсырмайды. Олай болса, мұғалімнің елдің өзі туралы жақсы пікірге лайық болуға ұмтылғаны абзал.

Мұғалім оқушымен қарым-қатынаста жеңілтектікке салынбауға, салмақтылығын жоғалтпауға, ғылым мен білімнің маңыздылығын есте ұстауға тиіс. Оқушымен әсіре жақын болу, ара қашықтық сақтамау ұнамсыз нәтиже береді. Ұстаз оқушысымен білім тартысына түсіп, ой жарастырғаны құба-құп, бірақ, мұның астарында үнемі оқушының мұғалімге деген ізеті, құрметі менмұндалап көрініп тұрғаны абзал. Әйтпесе сыйластық болмаған тұста жүрдім-бардымға салынып, сөзге құлақ аспаушылық орын алады.                 

Енді шәкірттің ұстазы алдындағы міндеттеріне келейік: Оқушы талаптанушы, ізденуші болғандықтан рухани көмекке зәру. Жәрдемге мұқтаж адам өзіне қолдау қолын соза алатын адамның демеуіне жүгінеді. Сұраушы кейпінде болғандықтан шәкірт ұстазы алдында әрдайым ізетті, әдепті жағымен көрінуі тиіс. Өйткені ілім-білім сұраудың да өзінше жөн-жосығы бар. Оқушы осы талаптарды сақтаса, ілім-білімге оңай қол жеткізеді.

Ілім-білім адамды тәрбиелейді, қисықты түзейді, адасқанды айқын жолға салады. Ол адамды ақирет күнінде олжалы қылады. Пайғамбарлардың мұрагері ғалымдар екені баршаға аян. Сондықтан шәкірт «Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген халық даналығын ұмытпағаны жөн. Ұстазының алдына барғанда әдеппен сәлем беруге, артық сөйлемеуге, онымен қызыл кеңірдек болып айтыспау жарасымды қылық. Тек жөнімен, ретімен пікірін білдірсе, артық емес. Ұстазы алдында үнемі байыпты болғаны, оны құрметтен кенде қылмай, оның өзіне ғана емес, отбасына да ілтипатпен қарағаны жөн.

0 пікір