Үш түрлі тәубе
Үш түрлі тәубе
5 жыл бұрын 4421
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Ей, достар, пайғамбар, әулиелер болмаса пенденің күнәдан тазасы кем шығар. Сол себептен тәубаны білу керек. Нәжіс нәрсені сумен жуған сықылды күнәны тәубамен жумаса болмайды.

Менің байқауымша, адамда үш түрлі тәуба бар. Оның бірі шын тәуба – ол мынау:  бір адам нәпсісіне еріп, бір күнәні қылады да, артынан шын ықыласыменен қатты кейіп, өкініп, енді қайтып ондайды қылмаспын деп біржолата уәде қылады да, ол күнәні қайтып қылмайды. Мұны молдалар (ғалымдар) «тәуба насүх» дейді. Аятта: «йә аййуха-л-ләзина әмәну түбу иләл-лаһи тәубәтән насухан», - мағынасы: «Ей, мұсылмандар, кұдай тағалаға тәуба қылыңдар, қылмыс күнәларыңнан тәуба насух тәубаменен»[1] , – деген.

Екінші бір тәуба, бір адам нәпсісіне еріп, бір күнәні қылады да, ішінен қатты күйеді, неге қылдым деп. Әй, ендігәрі қылмаспын-ау десе де, анық уәде қыла алмайды, нәпсісіне сене алмайды. Бірақ Алла тағалаға сол күнәдан тыйылта гөр деп жалбарынады. Бұл тәуба бастапқы тәубадай емес, өйтсе де азаптан қатты қорқады. Рахметінен (рахымынан) үміті бар адамға Алла тағаланың аятта: «Лә тақнәту мин рахмәтилләһи» дегені – мағынасы: «Рахметімнен (рахымымнан) қүдер үзбе»[2] , – дегеніне қарағанда, бұл да тәуба болуға мүмкін.

Енді мен білген үшінші тәуба бар. Ол мынау: Біреу бір күнәні қылады да, артынан тәуба қыла салып, онан соң және қылып, оған және тәуба қылдым ғой, керегі не, бірталай жандар осылай қылып жүр ғой деп, көпті мысал қылып салақтау жүреді. Жоғарғы аятқа қарағанда, Алла тағала қай күнәні кешемін десе де кешеді. Өйтсе де бұл соңғы тәубаны сенімді тәуба деп айтуға болмайды. Бірақ Алла тағаланың рахметі (рахымы) мол екені рас. Аятта: «кәтәба раббукум ала нафсиһи ар-рахмата» - мағынасы: «Алла тағала өзіне мархаббат қылуды ләзім қылды»[3] – деген. Және бір аят: «йамхул лаһу ма йашау уә йусбит уа ғиндаһу уммул-китаби» - мағынасы: «Алла тағала не нәрсені жоғалтқысы келсе жоғалтар, бекітемін десе бекітер – лаухул махфузда[4] – деген, яғни, қай күнәні, яки қай сауапты да жоғалтамын десе жоғалтар, бекітемін десе бекітер, лаухул-махфузда. Және бір аятта: «иннал-лаһа ла йағфиру ан йушрака биһи уа йағфиру ма дуна залика лиман йашау» - Мағынасы: «Кешпейді Алла тағала өзіне серік келтіргендерді, одан басқа күнәның бәрін де кешкісі келген пендесіне кешеді»[5] – деген. Бірақ осыған да тәуба себеп. Алла тағала дүниеде себепсіз нәрсе жаратқан жоқ. Пендесіне рахым қылмақ үшін ғибадат, дұға, тәуба, не бұйырған болмаса, ол ғибадаттан Аллаға пайда да жоқ, қылмасаң, Аллаға зиян да жоқ.

Әлбетте, Алла тағала пендесіне рахымды. Аятта айтқан: «ман жаа би-хасанати фа лаһу ғашру амсалиһа уа ман жаа бис-саййиғати фала йуджза илла мислаһа» - мағынасы: «Алла тағала пендесінің бір жақсылығына он есе сауап береді, жаманшылық күнә қылса, өзіндей ғана жаза тарттырады, онан арттырмайды» – деген[6]. Және бір аят: «Уа хуал-лази йақбалу-т-таубата ған ғибадиһи уа йағфу ғанис-саййиғати уа йағламу ма тафғалуна» - мағынасы: «Ол Алла тағала құлдарының тәубасын қабыл қылады, күнәларын кешеді. Һәм не қылғандарының бәрін біледі»[7] – деген.

Жоғарғы аяттағы сөздерін байқадыңыз Алла тағала пендесіне бек рахымды екенін. Олай да болса, шама келгенше күнәдан сақтанып жүру керек. Егерде нәпсіні жеңе алмай, күнә қылып жіберсе де, занһар тез тәубе қылу керек. Ақырында дүниелік мал жиған күнә емес. Адалдан жимақ парыз, бірақ Алла тағаланың қаһарын ескермей жүре берген сол қатты күнә. Сол себептен Сопы Аллаяр хазірет айтқан: «чист дүния аз худа ғафил будан-ниқуман ва нақара фәрзанд һазан» - мағынасы: «дүниеге алданған Құдай тағаланы ұмытпақ, қатын, мал, ақша бала емес» – деген.


[1] 28 – пара,66-сүре, 18-аят.
[2] 21 – пара, 39-сүрә, 53-аят.
[3] 7 – пара, 6-,сүре, 54-аят
[4] 13 – пара, 13-сүре,39-аят.
[5] 5 – пара, 42-сүре, 25-аят.
[6] 8-пара, 6-сүре, 160-аят.
[7] 23-пара, 42-сүре, 25-аят.

"Мұсылмандық шарты":
Тәубе қылмақ, күнәдан тыйылмақ. 
 
0 пікір