Терең ойланып жүрміз бе?
Терең ойланып жүрміз бе?
8 жыл бұрын 6545
Жарылқасын Жарбол

Ислам дінінде не нәрсеге де байыппен қарау, әр нәрсенің астарына ой жіберу, терең ойлану үлкен мәнге ие. Араб тіліндегі тафаккур деген сөз осыны білдіреді.

Аспанға қарап, Ай, жұлдыздарды тамашалау, толқындардың шуылына құлақ түріп, жан дүниеміз сергігенде өзімізді терең ойландық деп қалуымыз мүмкін. Бірақ ол қате. Айнала қоршаған жаратылысты ойлап тереңге бару керек. Ол қалай болмақ? 

Тафаккур араб тілінде «фкр» деген түбір сөзден жасалған. Терең ойлану, істің байыбына бару, ойға күш салу деген мағынаны білдіреді. Антонимі ойсыздық, парықтамау. Ғалымдар тафаккурды ең бағалы құлшылық әрі Жаратушы иеге жақындататын себеп ретінде қабылдайды.

Көп адамның тафаккур дегенде ойына «Бір сағат терең ойлану бір жылдық нәпіл намаздан қайырлы» деген хадис түседі. Сөйтеді де «Ең жақсы ғибадат осы екен» деп, тек көк аспанға қарап, жұлдыздарды, теңізді, айнала ағаштарды тамашалай бастайды. Алайда жағдай бұдан басқаша. Зерттеушілер хадис сыны тұрғысынан бұл хадистің әлсіз екендігін алға тартқан. Бірқатар ғалымдар бұл хадисті сахих деп қабылдаса, енді бірқатары әлсіз деп қабылдаған. Кейбір дерек көздерінде болса, «Тафаккур түні бойы намаз оқудан артық» деп өтеді, алайда бұл да әлсіз. Дегенмен зерттеушілердің айтуынша, бұл хадистердің әлсіздігі дінімізде тафаккурдың қаншалықты бағалы екендігіне нұқсан келтірмейді.

 

«Ойланбағандарға қандай өкініш»

Құран кәрімде ғалам жаратылысы, ғаламдағы жүйенің үйлесімді жұмыс істеуі секілді Жаратушы иенің құдіретіне назар салдырып, көптеген тафаккур аяттары келтірілген. Пайғамбарлар патшасына (с.а.у.) ең көп әсер еткен аяттар тафаккурге шақыратын аяттар болған.

Айша анамыз (р.а.) бұл аят түскен кезде немесе осы аятты оқығанда Пайғамбарымыздың жылағанын айтады. Бір күні таң намазына азан айтуға келген хазірет Біләл (р.а.) «Уа, расулалла, Өткен-кеткен бүкіл күнәларыңыз кешіріле тұра, неге жыладыңыз?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз «Бұл түні Ұлы Алла бір аят түсірді. Мен сол аятқа жылаудамын» дейді де аятты оқиды: «Көктер мен жердің жаратылысында, түн мен күндіздің бір-бірін алмастыруында естілер үшін шынымен анық ғибраттар бар» (Али Имран, 190.) Кейінгі аятта «Көктердің және жердің жаратылысы жайында терең ойланады (тафаккур жасайды) сөйтеді де «Раббымыз, сен бұны бекерге жаратпадың, сені ұлықтаймыз» (Али Имран сүресі, 191.) делінеді. Расулалла (с.а.у.) «Бұл аятты оқып, ой жібермеген пенделерге қандай өкінішті» деген. 

 

Жаратылыс мақсатын түсінуге жол ашады

Тафаккур иманды тереңдететіндіктен өте маңызды. Неге десеңіз, шынайы иманға тафаккур арқылы баруға болады, тафаккур арқылы жаратылыс мақсатымызды ұғамыз. Алланың ұлылығын тафаккур еткен адам Алланың ұлылығының алдында ғапылдықтан құтылып, иманы күшейеді. Әлсіздігі мен дәрменсіздігін түсінеді, Құран кәрімде Алла тағала Раббани құдіреттің мұғжизасын көрсетіп, адамдарды осыларды ойланып, ғибрат алуға шақырады. Әлемнің реттілігін, жаратылыс мақсатын, нығмет пен әсемдіктерді, дүниенің өткіншілігін, жан-жануарлардың төлдерін емізуін, күндіз бен түннің алмасуын т.б. ойлаған адам Алланың ұлықтығын ұғынады. Бір сағат жақсылып терең ойланар болса, ол адамда имани қасиеттер бүр жарады. Кейіннен ол адам Алланы жақсы көреді әрі жүрегінде терең Аллаға деген махаббаты оянады. Міне, осындай тафаккурмен кей адам мың жыл құлшылық жасап, бірақ терең ойланбай өткен адамдардың деңгейіне жетеді.

 

Зікір тафаккурдың орнын баса ма?

Жаратылысты ойлап терең ойланумен қатар бірқатар аят, зікір және дұғалармен де тафаккур етуге болатындығы айтылады. Бұл жағдайға да дереккөздерінде түсініктеме берілген. Белгілі бір уирд пен зікірлер адамның ойын дамытады. Алайда терең ойға итермелейтін аяттар, зікірлер және ақырын жасалған дұғалардың мағынасы түсіністі болмаса, оқу сауапқа жатады, бірақ тафаккурға жатпайды. Неге десеңіз, тафаккур пікір етуден, ойланудан өрбиді. Кешегі мен бүгінгіні өзара салыстыра отырып, себеп пен салдар арасында байланыс құра білу. Алламен қарым-қатынасымызды нығайту болса, бұның ең маңызды нәтижесі. Бұған апармайтын, зікірлер болса, мейлі Құран болса да, тіпті ол Құранды тіке Жәбірейілден тыңдасақ та сауапқа жарағанмен тафаккурге жарамайды. Тафаккур болуы ойға күш салумен, бір нәрсеге қадала тоқталумен, байыппен зерделеуге, Жаратушы иемен қарым-қатынасымызды тереңдетіп күшейте түсуге байланысты.

Хадис шәріптерде терең ойланудың артықшылығы айтылғанда, мына бір жайт та ескертілген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Алланың жаратқандары жайлы ойлаңдар, Алланың өз болмысы туралы ойламаңдар, оның ұшығына жете алмайсыңдар» деген.

1 пікір