Сүннет бойынша қалай емделуге болады?
Сүннет бойынша қалай емделуге болады?
5 жыл бұрын 5322
Гүлшат АБЕНОВА

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) медицинасы немесе Ислам медицинасы – сүннет амалымен емделу, яғни Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) жеткен Құран аяттары немесе пайғамбарлық хадистеріне сүйенеді. Сахабалардың дерттен сауығу туралы қойған сауалдарына Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қайтарған жауабы емделуге жатады. Пайғамбарымыздың с.а.у.) медицинасы адамның өмір бойы денсаулығына байланысты болып келетін тамақ, сусын ішу, мекен ету орны, отау құруы, т.с.с. қамтиды. Ол емделуге байланысты сұрақтар, медициналық тәжірибені жүзеге асыру, Ислам көзқарасы тұрғысынан дәрігерлердің жауапкершілігі сияқты салалардағы өзіндік заңнама іспетті.

Хадистер жинағын дайындаушы ғалымдар «Медицина бөлімі» атты бөлек тарау арнап, оның ішіне Ислам медицинасына байланысты айтылған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пікірлері кірген. Алғаш рет «әл-Муатта» атты хадистер жинағын имам Мәлік жасаған болатын. Имам Мәлік сияқты имам әл-Бұхари, сосын имам Мүслім және басқа да хадис жинақтаушы ғалымдар жасаған.

Тарихшылардың айтуы бойынша, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) медицинасы туралы арнайы кітап жазған Али ар-Риза ибн Муса әл-Казим болатын. Оның кітабының мазмұны қысқаша трактаттарды (шартты) құраған.

Содан кейін «Пайғамбарлық медицина» атты кітап жазылды, оның авторы әл-Мәлик ибн Хабиб әл-Андалуси еді. Ол факих, мухаддис болған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) медицинасы бойынша хадистер және бөлімдерге жинақталған хадистер алғаш рет осы кітапта айтылған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) медицинасын ең бірінші жүзеге асырған Абдул-Латиф әл-Бағдади боп саналады. Ол сондай-ақ фиқһ пен грамматика саласындағы ғалым болған. Ғалым «Құран мен Сүннет негізіндегі медицина» атты кітапты жазған.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) медицинасы туралы Ибн Сина, Әбу Нуайм, әл-Асбахани, ат-Тайфаши, әл-Камил ибн Тархан және т.б. жазған. Имам хафиз Джалалуддин ас-Суютидың «Аль-манхадж ас-савив әл-манхали ар-рави фи ат-тиби ан-набавий» атты кітабы Пайғамбар (с.а.у.) медицинасы саласындағы мазмұны жағынан ең көлемді еңбек боп саналады.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) өз хадистерінде былай деген: «Алла Тағала бірде-бір ауруды шипасыз бермейді» (Бұхари); «Әр сырқаттың емі бар және де егер дәрі сырқаттың шипасын берсе, ол Алланың қалауымен болғандықтан» (Мүслім); Әбу Саида әл-Худриден келген риуаятта Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Алла Тағала бірде-бір ауруды шипасыз бермеген, өлімнен басқасының емін тек зерттеуші біледі, оны надан адам білмейді» (имам Ибн Мәжа).

Бұл хадистерден емделуге ниет ету керек екенін көреміз. Алла Тағала дәріні сырқаттан жазылу үшін жаратқан. Алла елшісі (с.а.у.) «Оның емін тек зерттеуші біледі, оны надан адам білмейді» деген сөзі арқылы Ислам дәрігерлерін ғылыми зерттеулер жүргізу мен бұрын емін таппаған аурулардың шипасын іздеуге шақырған.

Ислам толығымен адамның өмірі мен денсаулығын сақтап, қос дүниенің бақытына кенелуіне бағыттайды. Ислам бес шартты сақтауға кепілдік береді: 1. Дін; 2. Жан; 3. Ұрпақ; 4. Мал-мүлік; 5. Ақыл. Бес шарттың үшеуі денсаулықпен (жан, ұрпақ, ақыл) байланысты. Ислам медицинасы адамның тәнін дертке ұшырау қаупінен сақтайды. Имам аш-Шафиғи былай деген: «Қоғамға екі түрлі санаттағы адамдар қажет: ғалымдар – дінді сақтау үшін, дәрігерлер – олардың тәнін (денсаулық) сақтау үшін». Сондай-ақ: «Мен халал (рұқсат етілген) мен харам (тыйым салынған) және медицина білімінен басқа ғылымды білмеймін», – деген.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен оның қадірлі жанұясы, әйелдері және сахабалар ауырып қалса, емделген. Олар сол уақыттағы атақты, құрамы пайдалы боп саналған нәрсені емделу әдісіне қолдануды кеңес еткен, ақырында ғалымдар оны құптады.

Бал

Алла Тағаланың емделу үшін жаратқан дәрісінің бірі – бал. Құранда былай айтылады: «(Мұхаммед Ғ.С.) Раббың, араға: «Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұялар жасап ал!», – деп нұсқады. (Жаратылыс қабілет берді.) «Сонсоң әртүрлі өсімдіктен же де Раббыңның қолайластырған жолына түс!». Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қауым үшін әлбетте ғибрат бар» (Құран, 16: 68-69). Бал – қан тамырлары жүйесін, ас қорыту, демікпе, асқазанның ойық жарасы сияқты ауруларға ем болып, иммунитетті көтереді.

Қара зире

Пайғамбарымыз (с.а.у.) ем қабылдаған кезде қара зире дәнегін қолдануға шақырған. 1959 жылы әлемде 200-ден астам зерттеу жұмыстары жүргізілді. Таңырқалық тәжірибе нәтижелері мақала, баяндама түрінде рәсімделіп, БАҚ-қа да жарияланды. Осылайша, ғылым толығымен қара зиренің біздің өмірімізге маңызды екенін дәлелдеді. Алайда, оны 1400 жыл бұрын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Қара зиремен емделіңдер, ол өлімнен басқа барлық дерттің шипасы!», – деп айтып кеткен болатын (әл-Бұхари мен Мүслім риуаят еткен).

Зәйтүн майы

Алла елшісінің (с.а.у.) сөзін жеткізуші Саид әл-Ансари былай деген: «Зәйтүн майын жеңдер, оны денеге жағыңдар, ол қасиетті ағаш» (ат-Тирмизи мен ибн Мәжа риуаят еткен). Зәйтүн майы жүрек-қан тамырларының ауруын алдын ала емдеп, қанның қоюлануына жол бермей, қан тамырларының жүруін тездетіп, сонымен қатар, қан қысымы көтерілген кезде оны түсіруге септігін тигізіп, семірудің алдын алады. Зәйтүн майын халықтың басым көпшілігі көп қолданатын елде семіру пайызы төмен. Зәйтүн майы ағзадағы бос радикалдардың санын азайтып, рак ауруына жол бермеуде басты рөл атқарады.

Сарымсақ

Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) Әли ибн Әбу Талибке: «Сарымсақты же, мен періштелермен араласпағанда жейтін едім», – деген. Сарымсақтың шипалы екенінде еш талас жоқ. Сарымсақты жеген соң өзіне тән қолайсыз иіс сияқты кемшілігі болса да, ол бактерияға қарсы, діңгене ауруына шипа, сондай-ақ қылтамырларды нығайтудағы өте тиімді табиғи әдіс, әрі ағзаны өте жақсы бейімдейді.

Балық

Алла Тағала біздің назарымызды осы ғұмырдың игілігіне аударады: «Сендер жас етпен қоректенсін деп, Ол – теңізді сендерге бағындырды». Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жәннаттың ең бірінші тағамы киттің бауырының ең жақсы бөлігі», – деп айтқан. Балық майының пайдасы туралы бұрын американдық және еуропалық ғалымдар дәлелдеп айтқан. Сонымен қатар, ғалымдар балық майында жартылай қанықпаған майлы Омега-3 қышқылының жүрек пен қан тамырларының ауруларына пайдалы екенін айтады.

Құрма

Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім таңертең жоғарғы сұрыпты жеті құрма жесе, ол күні оған у да, дуалаушылық та зиян келтіре алмайды», – деген. Ғалымдардың дәлелдеуі бойынша, құрма азықтың таңдаулы түрі ғана емес, бірқатар аурулардың шипасы да болып табылады.

Піштен (Сенна)

Пайғамбарымыздан (с.а.у.): «Сендерге піштенді қолданған жөн, өйткені ол удан басқа барлық дертке шипа», – дегенде: «Ол қандай у?», – деп сұралады. Сонда Алла Елшісі: «Өлім», – деп жауап қатты (Ибн Мәжаның жинағы).

Алоэ

Пайғамбарымыз (с.а.у.) алоэны емдеу үшін қолдануды бұйырып, әсіресе, көз ауруына да шипалы екенін айтты. Алоэдан жасалған дәрі-дәрмекті іш аурулары – гастрит, асқазан ойық жарасы және ұлтабар, іш қату кезінде пайдаланады. Алоэ шырынын жазылмайтын жара, ойық жара, күйік, терінің сәуледен зақымдануы сияқты тері ауруларын емдеу үшін де қолдануға болады.

Зімбір

Зімбір – пайдалы заттардың қайнар көзі. Зімбірдің құрамында феландрин, цинеол (эвкалиптол), эфир майлары, цитрал, борнеол, гингерол (зімбірдің тамырында болады), камфин секілді ағзаға пайдалы компоненттермен қоса, маңызды аминқышқылдар: лейзин, фениланин, метионин және т.б. бар.

Денсаулық – адам өміріндегі ең жоғары бағалы дүние болғандықтан, әр адам баласы өз денсаулығына көңіл бөле қарауы қажет, оны орынсыз ысырап етпей, үнемі денсаулықтың қорын көбейтіп отыруы керек. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегенді өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына сіңіріп, олардың өз денсаулығына деген жауапкершіліктерін қалыптастыру – баршаның борышы.

0 пікір