Румидың әйгілі «Мәснәуи» еңбегі қалай жазылды?
Румидың әйгілі «Мәснәуи» еңбегі қалай жазылды?
2 жыл бұрын 1569
Шефик Жан

Челеби Хусамеддин Жалаладдин Румиға (Мәулана) жақын дос болды. Тіпті жақындығы сондай әкесі қайтыс болған соң, Челеби Хусамеддинді әкесінің орнына басшы етпек болды. Бірақ, атақ, абырой, байлықтың адамға еш опа бермейтіндігін түсінген ұлық адам өзіне бағынған, өзін басшы етіп тағайындамақ болған барлық адамдарды алып Хазіреті Мәуланаға барды. Хазіреті Мәулананың табалдырығына жүгінді. Челеби Хусамеддин адамдарының өз табыстарымен, жұмыстарымен, өнерлерімен айналысуын және өзіне тиесілі пайын әкелуін қалайды. Өзі де қолындағысының барлығын Мәуланаға береді. Тіпті, қолында ештеңесі қалмаған соң қызметкері: «Ешбір күнкөріс ететін зат, мүлік қалмады» деп оған ескерту жасаған, ол үйдегі заттарды сатуды бұйырады. Бірнеше күннен кейін үйдегі қызметкерлер келіп: «Енді өзімізден басқа ештеңе қалмады» деді. Сол кезде Челеби Хусамеддин хазіреті: «Аллаһқа шүкіршілік, Пайғамбарымыздың сүннетіне тым болмаса сырттай мойынсұндық. Сендерді де Аллаһтың ризашылығын алу үшін және Мәулананың ғашықтығымен азат еттім, барлығың өз жөндеріңмен кетіңдер» деді.

Өте жомарт, барлық нәрсесін Мәуланаға пида қылған үлкен Хақ ғашығы Мәуланаға қаншалықты жақын болса, Мәулана да оған соншалықты жақын болатын. Бір жиында Челеби Хусамеддин хазіреті болмаса, Мәулана қуанбайтын. Әфлақидың «Арифлерин менкибелері» деген кітабында жазғаны бойынша, (105 б) бір күні Муиеддин Перване сарайында үлкен бір сәма жиынын ұйымдастырады. Хазіреті Мәулана және барлық үлкен шәйхтар мен таңдаулы ғалымдар шақырылды. Мәулана ол мәжілісте тұнжырап отырды. Өйткені, ол жиында Челеби Хусамеддин жоқ еді. Мұның себебін түсінген соң Мәулананың рұқсатымен бақтағы үйіндегі Хусамеддинді шақырды. Челеби келген кезде дереу тұрып: «Мархабат жаным, иманым, мархабат нұрым әпәндім, мархабат Аллаһтың және пайғамбарымыздың сүйіктісі» деп оны қарсы алды.

Осы оқиғадан кейін Уәзір Муинәддин Перване Челеби Хусамеддинге үлкен құрмет көрсететін болды.

Мәулана қолына не тисе ештеңесіне тимей, барлығын Челебиге жіберіп, ол оны әр кімге лайықтылығына қарай тарататын. Бір күні Әмір Тажеддин Мутези Қорасани, Ақсарайдан Хазіреті Мәуланаға әжептәуір ақша жібереді, дәруіштерге ас беруін, сәма мәжілісін ұйымдастыруды және өзіне дұға етілуін өтінеді. Мәулана өзіне жіберілген ақшаның барлығын Челеби Хусамеддинге берген соң ұлы Сұлтан Уәләдтың көңілі қарайып: «Үйде ештеңе жоқ, не келсе де барлығын Челебиге жібересің. Біз не істейміз?» деп күңкілдеген соң, Хазіреті Мәулана ұлына: «Бахаеддин, уаллаһи, билләһи, таллаһи жүздеген кәміл тақуа аштықтан өлім халіне келсе, бізде бір нан болса да оны Челебиге жібереміз» деген болатын. Осылайша, Челебидің қаншалықты сенімді, мейірімді, қаншалықты кедейлерді ойлаған адам екендігін Уәләд Челебидің есіне салмақ болған еді.

Мәулана  бір адамның дорба арқалап Челебидің үйіне азық-түлік алып бара жатқанын көріп ол адамға: «Әттең, мен сенің орныңда болғанымда, сен де менің орнымда болсаң ғой» дейді. Хусамеддин сияқты үлкен адамға, Хақ ғашығына қызмет еткені үшін оған шапанын шешіп берген.

Расында да, Челеби Хусамеддин хазірет сондай асыл, сондай кәміл адам болатын. Мәулана бір халифасына Челебиге көрсеткен сүйіспеншілік пен ілтипатты көрсете алмаған еді. Оны құрметтейтіні соншалық, көрген адам Хұсамеддин Челебиді Мәулананың шәйхы деп ойлар еді. Сондай-ақ, Мәулананың, «Мәснәуиде» реті келген кезде Челеби Хусамеддин хазіреті хақында қолданған мақтау сөздері, сүйіспеншіліктің белгілері адамды таң қалдырады. Жеті ғасыр бұрын бұл екі кәміл адамда көрініс тапқан иләһи нұр, сүйіспеншілік нұры, оларды қалай таң қалдырған болса, ғасырлар бойы жалғасып келген бұл мүбәрәк нұр, Мәулананы сүйген біз сияқты әлсіз құлдардың да көңіліне сәуле беріп, оларға деген таңданысымызды арттыра түседі. Егер Челеби Хусамедин хазіретті хазіреті Мәулана Хақ досы етіп алмағанда, ондағы ақиқатты көрмегенде, сол ақиқатқа көңіл бөлмегенде қазір адамзат «Мәснәуи Шәриф» сияқты теңдессіз еңбектен құр қалар еді.

Тағы бір шындық, егер Мәулана болмағанда, Тәбриздық Шәмс те, Зергер Салахаддин де, Челеби Хусамеддин де ауызға алынбас еді. Әр дәуірдегі сияқты ол кездерде де, кім білсін Шәмстер, Зергерлер, Ахи Түріктер бұл дүниеге келіп, өмір сүріп, халықты  жарыққа бөлеген, тәрбиелеген. Олардың кейбірі, әулиелер туралы жазылған кітаптардан орын алса, кейбірі белгісіз кетті, ешбір кітаптан орын алмады. Мәулананың «Мәснәуи» кітабының ІІІ томында 3103- шумағынан кейін жазған мына бір хадиске назар аударарлық: «Аллаһтың шындығында кейбір әулиелері бар. Олардың шаштары қараусыздықтан киізге айналған, жүздерін шаң басқан. Бір әміршінің қасына барғысы келсе, оларға рұқсат етілмейді. Олар ортада байқалмайды, ізделмейді, бір жамағатта болмаса шақырылмайды. Науқас болса халдарын, көңілдерін ешкім сұрамайды. Ешкім оларды жоқтамайды. Өліп қалса, жаназасына бармайды. Олар жер бетінде білінбейді, бірақ көкте мәшһүр».

Сондай-ақ, Юнус Әмре де бұл жасырын әулиелер туралы айтқан кезде былай дейді:

«Бір ғәріп өліпті дер,

Үш күннен кейін естір.

Суық сумен арулар,

Мұндай ғаріп мен сияқты».

Мәулана мен Челеби Хусамеддиннің арасындағы сұхбат күндерінің ең тамаша белгісі - әрине «Мәснәуи Шәриф». Егер Хусамеддин Челеби болмағанда Ислам тасаууфының теңдессіз кітабы «Мәснәуи» жазылмас еді. Және де Ислам әлемі Құран Кәрімнен және хадис шәрифтерден кейін ең көп оқылатын кітаптан мақұрым қалар еді. Әр түрлі тілдерге тәржімаланған бұл иләһи сыйдан барлық адамдар рухани ләззәтын, нәрлі үлесін ала алмас еді. Мәуланадан осындай, ұлық иләһи фәйздің тууына, Хақ ғашықтарына «Мәснәуидің» ұсынылуына жалғыз себеп, тек Челеби Хусамеддин хазіреті.

Деректер бойынша Челеби Хусамеддин, Мәуланаға көңіл бергендердің, Хақ ғашықтарының Хаким Сәнайдың (525/1131) Хадиқасын, Фәридуддин Аттардың (627/1230) «Мантукут-Тайр» атты кітабын оқығандықтарын көреді, бұған көңілі разы болмайды. Мәулананың көптеген өлеңдер шығарғандығын, диуаны күн санап жаңа өлеңдермен толыққандығын, бірақ Сәнайдің, Аттардың кітаптары сияқты Сопылық жолдарын, ақиқаттарын, сырларын көрсететін кітаптардың әлі пайда болмағандығын ойлап қайғыратын.

Бір күні түнде Хусамеддин хазіреті Мәулананың жалғыз отырғандығын көрді. Оған өлеңдерінің көптігін айтып, Сәнайдің, Аттардың кітаптары сияқты дәруіштерге жол сілтейтін тасаууфи хикаялар айтуын өтінді. Мәулана да  осындай барлық адамдар түсіне алатындай хикаялармен ақиқаттарды сұрағандарға түсіндіргісі келіп жүрген, осы турасында шешім шығарған еді. Челебидің осы сөздерінен кейін дереу сәлдесінің арасынан бір қағаз шығарды. Қағазда «Мәснәуидің» алғашқы он сегіз өлеңі жазылған еді. «Челебиге айтты: егер сен жазар болсаң, мен де айтармын». Челеби Хусамеддин бұл сүйінішті хабарға бар ынтасымен келісті. Осылайша «Мәснәуи Шәриф» жазыла бастады. Мәснәуи қай кезден бастап жазыла бастады? Мұны нақты білмейміз. Мәулана өмірінің соңына дейін «Мәснәуиды» жаздыруды жалғастырған.

«Мәснәуидің» жазылуы тұрғысында шешім шығарғаннан кейін күндіз-түні «Мәснәуи» жазылды. Әсіресе түнде, барлық адамдар ұйықтап қалған кезде, түн тыныштығы орнағанда, Мәулана қолына қалам-қағаз алмай айтып отырды. Челеби Хусамеддин де оны сондай жылдамдықпен жазып отырды. Бірінші том аяқталған кезде Челебидің жұбайы қайтыс болды. Сол себепті екінші том дереу басталған жоқ. Екі жылдан кейін екінші томы басталып солай жалғасын тапты.

«Мәснәуи» кейде таң атқанша жазылатын. Челеби жалықпай, шаршамай ынтамен, тебіреніспен жаза берді. Жазған кезде сезінген рухани ләззат, тебіреніс, Мәуланаға шаршағандығын ұмыттырды. Бейне бір Аллаһ Тағала Челеби Хусамеддинді осы мүбәрәк кітаптың жазылуы үшін жаратқандай, оған осы қасиетті міндетті жүктегендей еді. Мәуләна да бұл теңдесі жоқ кітаптың жарыққа шығуына, айтылуына, жазылуына дайын еді. Мәуланадан басқа ешбір сопының осындай керемет, танымал бір кітаптың жарыққа шығаруына шамасы келмес еді, өйткені Мәуланада, әкесінен және Шәйх Бұрханеддиннен алған дәріс, оқыған сансыз кітаптарынан алған терең мәдениет, шексіз зеректік, жоғары ойлау қабілеті бар еді. Көп толғаған, ешкімнің ойына келмейтін сырларды табатын, жұмсақ мінезді еді. Парасаты мен көрегендігін, қатты қайғырғаны мен сезімталдығын,  терең тебіренген сәттерін көп ешкім байқай бермейтін. Осы сезім, қасиет, қабілеттердің астарында үлкен иман, шексіз ғашықтығы бар еді. Аллаһ Тағала осы сүйікті әулиесінің ақылын - ілімге, көңілін - сүйіспеншілік пен парасаттылыққа толтырды.

Ол алдымен Пайғамбарымыздан бастап барлық әулиелерді, барлық адамзатты сүйетін. Ол Хақ жаратқан мақұлықтардан кемшілік іздемейтін. Сонымен қатар Аллаһ Тағала Мәулананың Мәулана болуы үшін оған алдымен Шәмстен бастап Хақ достарын, көңіл айналарын дос болуға жазған. Сондай-ақ Мәулана өте тақуа сопы бола тұра, Тәбиздік Шәмс оның бос тақуалығын жойып, оны ғашықтық пен тебіреніс әлеміне енгізген. Зергер Салахаддин байсалды жаратылысымен, табандылығымен оны тасқыннан алып тыныштыққа бөледі. Челеби Хусамеддин болса, тынышталған, кемелденген Мәулананың ілімін, парасатын тарату арқылы оның Хақ ғашықтарына және барлық адамзатқа рухани күн болуына септігінін тигізген.

 Челеби Хусамеддин хазіретінің Мәуланамен дос болуы, оның халифасы болып саналуы, Салахаддин қайтыс болғаннан кейін бес жылдан соң болған. Бірақ Челеби Хусамеддин Тәбриздік Шәмс Конияда болған кезінде Мәуланаға жақын болған достарының бірі еді.

Мәулананың ең соңғы көңіл досы, «Мәснәуидің» жазыла басталуына себеп болған Челеби Хусамеддинге «Мәснәуиді» жаздырған кезде айтқан кейбір ілтипат көрсеткен сөздерінен бірнешеуін айтпай болмас. Алғашқы томда:

«Хақ сәулесі Хусамеддин, көктің биіктігінен тізгін тартып қайта Мәснәуиді бастады».

Үшінші томда:

Ей, хақтың сәулесі болған Хусамеддин, мына үшінші томды да жаз, бір нәрсені үш рет істеу сүннет».

«Ей, Хусамеддин, сенің күшің Хақтың күшінен ағып келіп жатыр..»

Төртінші томда:

«Ей, Хақтың сәулесі Хусамеддин! Сенің ерлігің соншалық, Мәснәуи сенің нұрыңа бөленді».

«Мәснәуидің жазылуына алдымен себеп болдың. Көбейіп, ұзап кетсе, көбейтіп, ұзатқан да сенсің. Сен осылай қалайтын болсаң, Аллаһ та осылай қалайды. Аллаһ тақуалардың қалауын береді».

«Хусамеддин, мына төртінші томға нұр шаш! Өйткені, күн төртінші қабат көкте туады, әлемді нұрға бөлейді».

Бесінші томда:

«Жұлдыздардың нұры болған Шах Хусамеддин, бесінші томның басталғанын қалайды».

«Ей, Хақ нұры! Жомарт Хусамеддин адамды лайдан құтқарғандардың, тұныққа шығарғандардың ұстаздарының ұстазысың, халық перденің артында болмағанда, халықтың жүрек көздері ашық болғанда, түсініктері де әлсіз болмағанда, рухани жағынан сені мадақтауға кірісіп, осы сөзден басқа сөздерді айтпайтын бір ауыз ашар едім.

Сені зындандағы адамдарға мақтау жараспайды. Сені руханилер жиналған жерде мадақтап, сол жерде мақтайтын боламын. Сені әлемнің тұрғындарына түсіндіру пайдасыз. Сені иләһи ғашықтық сыры сияқты жасырамын».

Алтыншы томда Мәулана «Мәснәуидің» жазылуына себеп болғаны үшін «Мәснәуиді» «Хусаминама» деп атап Хақ досына ілтипат көрсеткен:

«Ей, көңілдердің нәрі болған Хусамеддин! Қанша уақыттан бері алтыншы томның жазылғанын қалайсың. Хусаманама сен сияқты білімді ердің тартылыс күшімен айналуда».

«Ей, рухани ер! Мәснәуидің осы соңғы томын саған арнаймын».

Осы жоғарыдағы мадақтар және бірінші томы аяқталғаннан кейін жұбайының қайтыс болуына байланысты Челебидің, Мәснәуиді жаза алмауы себепті Мәснәуидің екі жылға кешігуі бізге Хусамеддин Челеби болмағанда «Мәснәуи Шәрифтің» жазылмайтындығын көрсетеді.

0 пікір