Құранды Мұхаммед пайғамбардың жазуы мүмкін бе?
Құранды Мұхаммед пайғамбардың жазуы мүмкін бе?
4 жыл бұрын 9212
А. Қасым
«Құранды көктер мен жердің сырын білетін Алла түсірді. Шынында, Алла Тағала өте жарылқаушы, тым мейірімді". («Фұрқан» сүресі, 6 аят).

Кейбір адамдар Қасиетті Құран кітаптың Ұлы Жаратушының уахи жолымен адамзатқа жіберген сөзі екендігін жоққа шығарып, Оны Мұхаммед пайғамбардың туындысы деп есептейді (саллаллаһу алейһи уә сәлләм).

Расында да, солай ма? Адамзатты қараңғылықтан жарыққа жетелеген осындай қасиетті кітапты Мұхаммед пайғамбардың жазған болуы мүмкін бе?

Әрине, мүмкін емес! Неге десеңіз,

Біріншіден – Мұхаммед пайғамбар оқу-жазуды білмейтін «Умми» еді. Бұл баршаға мәлім нәрсе. Оқу-жазуды білмейтін адам қалайша мұндай дүниені жазуы мүмкін? Бір шығарма жазу үшін, көптеген кітаптарды оқып, іздену керек. Қалайша, бір кітап оқымаған Мұхаммед пайғамбарымыз осындай құнды дүниені жарыққа шығара алады?

(Осы орайда айта кетелік: Умми деген сөз – сауатсыз, надан деген мағынаны білдірмейді. Умми деп, оқу-жазу білмейтін, бірақ көкірек көзі ашық, парасатты адамды айтады).

Екіншіден – Құран Кәрімдегі кейбір аяттардың сырлары ғылым дамыған мына заманда ғана ашылуда. Мысалы, жердің домалақтығына ишара етілген аят, тұзды су мен тұщы судың бір-біріне араласпайтындығы, екеуінің арасында бейнебір бөгет бар екендігін айтқан аят, жер бетіндегі алып таулардың жердің тепе-теңдігін ұстап тұру үшін қазық қылып қағылғандығын айтқан аят, Ай мен Күннің өз орбиталарында айналатындықтарын білдірген аят т.б. осы сияқты қазіргі ғылымның енді ғана анықтап жатқан ғылыми жаңалықтары Құран Кәрімде XIV ғасыр бұрын айтылып қойған. Олай болса, XIV ғасыр бұрын өмір сүрген бір адамның, һәм оқу-жазу білмейтін біреудің мұндай мағлұматтарды жазуы мүмкін бе? Мәселен, Құранда баян етілген жатырдағы эмбрионның даму процесін Мұхаммед пайғамбар қайдан білді? Оқу-жазу білмейтін Мұхаммед пайғамбар тұрмақ, сол замандағы оқымыстылардың өздері білмейтін мұндай дүниелер қалайша Құран кітабынан орын алды?

Бұның бір ғана жауабы бар: Бұл кітап – адамның еңбегі емес. Ол – бүкіл жаратылысты жоқтан бар еткен құдіреті шексіз Жаратушы Құдайдың сөзі.

Үшіншіден – Құран кітабының бір ерекшелігі, оның араб тілі мен риторика жөнінен бай болуы. Шешендік өнері шарықтап тұрған қоғамда Құран кітабына ұқсас бір туынды ешкім жаза алмаған. Алла Тағала Құранның ақиқаттығын өтіріксінген мүшріктерге: «Осыған ұқсас бір сүре болсын, алып келіңдерші», - деп айтады. (Юнус сүресі, 38-аят). Алайда, олар дәрмәнсіздіктерін мойындап, артынан «Бұл – бір сиқыр» деп шықты.

Енді, ойлап қараңызшы, Мұхаммед пайғамбардың заманында шешендер көп-тұғын. Олардың арасында бір өлеңімен әлдебір қауымды соғысқа да, көтеріліске де жігерлендіре алатындай мықты ділмәрлар болған. Бірақ, ешқайсысы Құран Кәрімге ұқсас дүние жарыққа шығара алмады. Егер, Құран кітабы Мұхаммед пайғамбардың туындысы болғанда, Одан асқан ділмәр ақын-жазушылар да сондай бір кітап жазатын еді. Осылайша, өздеріне қауіпті деп санаған Ислам дінін жанбай жатып өшіре алар еді.

Төртіншіден – Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығының алғашқы кезеңінде бірінші уахи түскеннен кейін, біраз уақыт уахи келмей, Мекке мүшріктері «Мұхаммедті Құдай тастап кетті» деп күлісті. Бұл жағдай ардақты Пайғамбарымызды біраз жабырқатты. Кейін Алла Тағала өзінің сүйікті пендесін жұбатар мына аят қамтылған "Дұха" сүресін түсіреді: «Раббың сені тастамады да, саған кейімеді»[1].

Егер, Құран Мұхаммед пайғамбардың туындысы болғанда, өзінің абыройын сақтап қалу үшін әрі елге мазақ болмауы үшін, ойынан бір нәрселер шығарып, аят ретінде ұсынар еді. Бірақ, ол уахидің келуін күтті.

Сондай-ақ, бір күні екі жүзді мұнафиқтар мүміндердің анасы, Пайғамбарымыздың жұбайы Айша анамызды зинамен айыптайды. Мединелік мұсылмандар арасында өсекке сенгендер де болды. Жұбайына қатысты өсек-аянның өршуі Мұхаммед пайғамбардың мүбарак жүрегін жаралады. Ол өзінің зайыбының адал екендігін білсе де, оны біраз уақытқа бөлек шығаруына тура келді. Айша анамызға да бұл жағдай қатты соққы болған тұғын. Ол күндіз-түні Раббысына жалбарынып, оны ақтап алуын өтінді. Біраз күннен кейін Алла Тағала Айша анамыздың күнәсіз, адал жар екендігін баяндаған аят түсіреді.

Енді, ойлап қарасақ, Құран Кәрім Мұхаммед пайғабардың жазған шығармасы болса, өзінің сүйікті жарын халыққа таба қылмай, ойдан бір аят құрастыра салып, елдің бәрін тыныштандырар еді ғой. Алайда, Мұхаммед пайғамбар неше күн уахидің келуін күтті. Бұның өзі Құран кітабінің оның туындысы емес екендігін айғақтайды.

Бесіншіден – Құран Кәрімде Мұхаммед пайғамбарды кейбір әрекеттері үшін сынға алған аяттар бар. Егер, Құранды жазған Мұхаммед болса, ол өзінің абыройын түсірмеу үшін, өз-өзін сынаған сөйлем жазбас еді. Құран Кәрімде Мұхаммед пайғамбарды сынау арқылы тәрбиелеген мынадай аяттар бар:

  • «Әй Пайғамбар! Жұбайларыңның ризалығын қалап, Алланың саған халал еткен нәрсесін неге арам етесің? Алла тым жарылқаушы, ерекше мейрімді». («Тәхрим» сүресі, 1 аят).
  • «Алланың жарияға шығаратын нәрсесін көңіліңде жасыруда едің. Адамдардан қорқасың. Негізінде қорқуға Алла лайық». («Ахзаб» сүресі, 37 аят).
  • «Ал енді байысынған (Құрайш бастықтары) келсе, Оған көңіл бөлесің. Ол тазармаса саған не? Ал енді саған жүгіріп келген, Алладан шынайы қорқатын біреу келсе, оған селқос қарайсың». («Аббаса» сүресі, 5-10 аят.).

Құран егер Мұхаммед пайғамбардың туындысы болғанда, осындай аяттарды жазбай, өзінің кемшіліктерін жасырып қалар еді.

Алтыншы – Мұхаммед пайғамбарымыз тек Алла Тағаланың білдірген дүниелерін айтатын. Тарихта мынадай оқи болған. Мекке мүшріктері Мұхаммед пайғамбарды тексеру үшін, жауабы тек Христиандар мен Яһудилерге ғана белгілі үш сауалды қояды. Ол үш сауал:

  1. Үңгір иелері (Асхабуль кәһф) кімдер болған?
  2. Қызыр ғалейһиссәләмның оқиғасы
  3. Зұлқарнайын жайында не білесің?

Бұл мәліметтер Хижаз аймағындағы халыққа белгісіз еді. Олар осы сауалдарды қойған кезде Мұхаммед пайғамбар: «Ертең айтып беремін» дейді.  Алайда, ол «Алла қаласа» деген сөзді айтуды ұмытып кетеді. Ертесіне адамдар оның жауабын білейін деп келгендерінде, Пайғамбарымыз кездесуді кейінге қалдырады. Бұл жағдай оншақты күнге созылады. Меккелік мүшріктер мазақ қылып, күле бастайды. Ақыры бірнеше күннен кейін Жебірейіл періште сауалдардың жауабы қамтылған уахи алып келеді.  Ал, уахидің кешігуінің себебін «Кәһф» сүресінің 23-24 аяттарында:  «Еш нәрсені: “Осыны ертең істеймін” деп айтпа. Бірақ: “Алла қаласа (жасаймын)” (де). Бір нәрсені ұмытқан кезде, Раббыңды есіңе ал да: «Мені мұнан да тура нәрсеге бастауын үміт етемін» де» деп баяндалады.

Ендігі жерде, Құранның авторы Мұхаммед пайғамбар болса, ол басқа да Құранда айтылған тарихи оқиғалар сияқты, мұны да уақыт созбай айтып берер еді. 

Мартин Линде есімді батыстық шығыстанушы, осы оқиғаға былай деп баға береді: «Уахидің кешіктірілуі Пайғамбар мен оның ізбасарлары үшін ауыр тисе де, іс жүзінде бұл оларға күш-қуат берді. Оның ең қас дұшпандары әлдебір тұжырымдар жасаудан бас тартты. Екі түрлі пікірге ие Құрайштар үшін, бұл оның пікірлерінің ақиқат екендігін растаушы әрі көктен оған уахи келетіндігіне дәлел болды. Өйткені, бұл жағдай Мұхаммед пайғамбардың уахидің келуіне ықпал ете алмайтындығын және уахи оның бақылауында емес екендігін айғақтады».

Жетіншіден – Пайғамбарымыздың сөздерін «хадис» дейміз. Хадис пен Құран аяттарын бір-бірінен ажырату араб тілін білетін, Құран оқи алатын әрбір мұсылманға қиын  емес. Өйткені, екеуі бір-бірінен мүлдем бөлек. Әрине, мазмұн жағынан бір-біріне ұқсас болуы заңды, бірақ тілдік ерекшелік тұрғысынан арадағы өзгешелік бірден байқалады. Себебі, хадис - адамның сөзі. Ал Құран - Алланың сөзі. Егер, Құран Мұхаммедтің сөзі болса, Құран аяттары да хадистерге ұқсас болар еді.

Құран Кәрімнің адам сөзі емес екендігін дәлелдейтін бұдан да басқа көптеген айғақтарды тізбектеп өтуге болады. Осыларға қарап-ақ, Құран Кәрімнің Мұхаммед пайғамбардың туындысы емес екендігін аңғару әрбір ақылды және ақ ниетті жанға қиын емес. Ал, Құранның Құдай сөзі екендігіне шүбә келтірген адам мұсылманшылықтан шығып, кәпір болады. Алла баршамызға тауфиқ бергей!


[1] Құран Кәрім: «Дұха» сүресі.

0 пікір