Құран аяттарына харекелердің қойылу тарихы
Құран аяттарына харекелердің қойылу тарихы
4 жыл бұрын 3466

Тарихи деректерге қарағанда жазу – Меккеге алғаш рет Әзіреті Пайғамбардың (с.а.у.) жасы жағынан одан біраз үлкендеу замандастарының кезінде келген. Ислам діні келгенде Меккеде сауатты адамдардың саны саусақпен санарлықтай аз еді.

Жазуда әріптерге кәдімгі нүкте қойылмайтын. Араб әліппесіндегі 28 әріптің 15-інде ғана белгі бар еді. Қалған 13 әріпті нұсқаумен ғана білу мүмкін еді. Мысалы, бә, тә, сә, нун, ия (ب, ت, ث, ن, ي) әріптер бә (ب) пішінде бір ғана белгімен жазылатын. Сондай-ақ, жим, хә, хо (ج, ح, خ ) әріптері де «хә» (ح) пішінінде жазылатын.

Алдынғы жазбаларымызда айтқанымыздай Әзіреті Осман заманында жазылған Құран мұсхафтарына нүктелер қойылмаған етін[1]. Бұлай болуы Құран аяттарын Пайғамбарымыздан жеткен қырағат (оқылу, диалект) түрлерімен оқылуына мүмкіндік беретін.

Әріптерді нүктелеу (мысалы, "тә" әріпінің үстіне екі нүкте қою сияқты нүктелеу немесе хареке қойылуы) Ислам келмей тұрып бар болған-болмағандығы даулы мәселе. Кейбір тарихшылардың айтысына қарағанда, ол заманда әріптерді нүктелеу (немесе харекелеу) белгілі болса да «түрлі қырағаттармен» оқылуына ыңғайлы болуы үшін, Әзіреті Осман тарапынан жаздырылған түпнегізгі Құран мұсхафында (имам мұсхаф) әдейі қолданбаған деседі. Расында да, Құран Кітаптағы әріптердің нүктеленуінен бұрын сахаба Мұғауияның Тайфтағы Хижри 51 жылғы жазбасында әріптерде нүктелер қолданған. Бұдан да бұрынғы уақыттарда нүкте қоюдың сирек қолданылғандығын дәлелдейтін папирустардың табылғандығы айтылады[2].  

Қалай болғанда да, Құран аяттарына нүктелер қойылу ісі алғаш рет Хижри жыл санауы бойынша, 65 жылы Умаят халифалығының 5 халифасы Абдульмәлік ибн Мәуанның (қ.ж.х. 86 / м. 705 ж) кезінде аса қажеттілік туындағаны үшін қолға алынған. Бастапқыда харекенің орнына нүкте қойылатын. Ол кезде хареке қою ісі «Нақт», яғни нүктелеу деп аталатын. Қазіргі таңдағы харекелер болса, кейіннен жасалған. Ол кезде кәсрә, фатха және дамма секілді белгілердің орнына мәтінді жазған сияның түсінен басқа бір түспен нүктелер қойылатын болған. Мәселен, фәтханың (بَ) орнына әріптің үстіне бір нүкте, кәсраның орнына әріптің астына бір нүкте, ал дамманың (بُ) орнына әріптің алдына бір нүкте қойылатын болған. Сукунның орнына екі нүкте қойылатын.

Осындай хәрекелеу ісін алғашқы болып, Әбуль Әсуәд әд-Дуали (қ.ж.х.69 / м. 688 ж). Хасан Басри (қ.ж.х. 110 / м.728 ж.), Насыр ибн Асым (қ.ж.х. 89 / м. 707ж) және Яхя ибн Ямурдың (қ.ж.х. 129 / м. 746 ж.) жасағандығы жөнінде деректерде айтылған. Дегенмен, ең баста Әбуль Әсуәд әд-Дуали харекелеу ісін бастап, қалғандары оның бастаған ісін одан әрі жетілдіру ісінде маңызды рөл атқарған болуы мүмкін.

Негізінде Насыр ибн Асым және Яхя ибн Ямур Әбуль Әсуад әд-Дуалидің шәкірті ретінде халифа Абдульмәліктің нұсқауымен Хажжаж тарапынан осы іске міндеттелген болатын.  

Риуаятқа қарағанба Басра қаласының әкімі Зияд, Әбул Әсуад әд-Дуәлиға хабар жіберіп, Алланың кітабын халық дұрыс оқуы үшін кейбір белгілер қоюын талап еткен екен. Бірақ Әбуль Әсуад олай жасалуын қаламайды. Алайда, бір күні Құран оқып отырған біреудің:

«Уаъләму әнналлаһә бәри-ум минәль мүшрикинә уә расулуһу» деген аяттағы «Расул» сөзінің харекесін «дамма» түрінде емес, «кәсра» түрінде оқып, мағынасын өзгертіп жібергенін көреді. Ол аяттың негізгі мағынасы: «Алла да, Пайғамбары да мүшриктерден аулақ» дегенге саяды. Ал, Расул, яғни Пайғамбар сөзін әлгі адам «кәсра» түрінде оқып, оның мағынасының: Алла Тағала мүшриктерден де, Пайғамбарынан да аулақ» деген болып, мағынасы өзгеріп кетті. Сонда Әбуль Әсуад:

«Құдай сақтасын! Алла өзінің Пайғамбарынан аулақ болмайды», - деп, әкімнің оған жасалған белгілер қою ұсынысын қабыл етеді.

Кейінгі уақыттарда тағы да халифа Абульмәлік дәуірінде бір-біріне ұқсас әріптерді ажырату үшін әріптерді де нүктелеу қажеттілігі туды (мысал, тә мен сә әріптерін үстіндегі нүктелеріне қарап ажырата аламыз, нүктелері болмаса, ажырату қиын, сондықтан нүкте қою қажеттілігі туған). Алайда, әріптерге де нүкте қойыла бастағаннан кейін, бұрын нүкте түрінде болған харекелермен шатасып кетті. Оны ажырату үшін әріптің нүктелерінен бөлек, хареке үшін басқа сия қолданылды...

Ол заманда өмір сүрген мұсылмандардың көпшілігі Құран Кітапқа кез келген нәрсені араластырмау керек деген оймен, нүкте мен хареке қоюды алғашқы кезде «мәкруһ» санады. Уақыт өткен сайын Құранды дұрыс оқу үшін нүкте мен хареке қою зәрулігі туды. Енді, бұл жолы хәреке мен нүкте қоюды «уәжіп» немесе «мұстахаб» деген үкімдер айтыла бастады.

Дегенмен, бұл өзгеріс бірден бола қойған жоқ. Тіпті 7-11 ғасырлар арасында Құранды харекесіз оқу керектігін көлденең тартушы мұсылмандар болды. Бұл дау – Құран мәтінін ұқыптылықпен қорғау керек деген ұлы мақсатқа сүйенген болатын.

Бұнымен қатар, сүрелердің басына сүренің атын жазу, аят бастарына белгілер қою, Құранды параларға бөлу, параларды хизбтерге (параның ¼ бөлігі) бөлу және бұларға тиісті белгілерді қолдану – ғалымдар тарапынан жағымсыз, құп көрілмейтін іс ретінде қабыл етілсе де, уақыт өте келе керісінше олай істеу «мұбах» үкімін алып, тіпті «мұстахаб», сауапты амал ретінде есептеле бастады.

«Құран Кәрім және Құран ілімдеріне кіріспе» атты кітаптан



[1] Әдил Кәмәл: "Улумуль Құран". 57 бет.
[2] М. Хамидулла: "Құран Кәрімнің тарихы". 51-52 беттер.

0 пікір