Неге қасиетті Құранда «жер жұмыртқа тәріздес» делінген?
Неге қасиетті Құранда «жер жұмыртқа тәріздес» делінген?
3 жыл бұрын 14035
Абдусамат Қасым

Деректерге қарағанда жердің домалақ екендігін б.з.д. шақта көне грек философтары айтып кеткен. Мысалы, б.з.д. VI – ғасырда өмір сүрген Пифагор жерді шар тәріздес деп есептесе, одан екі жүз жылдан кейін Аристотель ай тұтылғанда, жердің көлеңкесі үнемі домалақ боп көрінетіндігін байқаған. Осында кейін ол: «жер – домалақ» деген тоқтамға келді. Одан тағы жүз жыл өткеннен соң Эратосфен есімді тағы бір грек философы жердің радиусын өлшеп, жердің домалақтығын нақты айтты[1].

Бұндай зерттеулерден мұсылман ғалымдары да қалыс қалмады. Мәселенки, 10-11 ғасырларда өмір кешкен ғұлама, көптеген ғылым салаларын меңгерген, соның ішінде астрономия саласына қатысты да 45 ке жуық ғылыми зерттеулер жазған энциклопедист Әбу Райхан Мұхаммед әл-Бируни (973-1048 ж.) математикалық есептердің көмегімен жердің домалақтығын  дәлелдеп,  онымен қоймай, жердің ана ұшында адамдар тұратын материк бар (Америка) деген теориясын көлденең тартты. Одан 500 жылдан кейін өмір сүрген италиян ғалымы Галилео Галилей өзінің жердің шар пішіндес екендігіне қатысты дәлелдемесін сол Бирунидің астрономиялық зерттеулері негізінде жазды деседі[2]. 

Алайда, XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың бас жағында ағылшын ғалымы Исаак Ньютон жерді дәл шар тәріздес емес, одан аздап өзгешелеу, яғни, эллипсоид формасында екендігін көрсетті.  Исаак Ньютон тартылыс күшінің әсерінен жер - екі полюста да (оң түстік және солтүстік) сығылған күйде, ал, экваторда - эллипсойд формасында екендігін теориялық тұрғыда дәлелдеген[3]. Осыны анықтау мақсатында европада екі арнайы ғылыми экспедиция жасақталып, бірі 1735 жылы астрономиялық және геодезикалық* жұмыстар жүргізуі үшін Перуге жіберіліп, жердің экваторлық аймағында ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізсе, екіншісі 1736 -37 жылдары солтүстік полярлық шеңбердің жақын аймағына барады. Осының нәтижесінде жердің дәл доп-домалақ шар тәріздес емес, сфероидтық* формада екендігі анықталған[4]. (*Свероид – қысылған шар). 

(*Геодезия (грек. ge — жер және daі — бөлемін) — Жердің пішіні мен мөлшерін, қабылданған координаттар жүйесіндегі нүктелер орнын анықтаудың әдістері мен тәсілдерін зерттейтін, жер бетінің планы мен картасын салу, жер бетіндегі өлшеулерді жүргізумен айналысатын Жер туралы ғылымдардың бір саласы - Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі.)

Құран бойынша жердің пішіні

Құран Кәрімде көк пен жер турасында баяндалған көптеген аяттар бар.  Соның ішінде жердің домалақтығына ишара еткен бірнеше аяттарды да кездестіруге болады[5].[6].

Әйтсе де, Құран Кәрім қазіргі ғылымда да дәлелденгендей жер формасының аздап сопақтау - сфероидтық формада екендігін айтады. Бұны Құран Кәрімнің «Назиғат» сүресі, 30 аятынан анық көруге болады. Онда былай делінген:

وَالْأَرْضَ بَعْدَ ذَٰلِكَ دَحَاهَا    
«Одан соң жерді жұмыртқа тәріздес етті»[7].

Аяттың арабша нұсқасындағы (Уәль Арда бағдә зәликә дәхәһә) «дәха- دَحَاهَا» етістігі бірнеше мағыналарды білдіретіндігі рас. Мысалы: төседі, орады, лақтырды, дөңгелетті[8]. (Ескілікте жазылған тәпсірлерде "төседі" деген ұғым берілген). Әйтсе де, араб тілінде түйеқұстың жұмыртқасын «дихя» (الدِّحْيَة) деп атайтындығын назарға алсақ, аталмыш аяттағы «дәха» (دَحَاهَا) етістігінің «дихя», яғни, «жұмыртқа» сөзімен де қатысы бар екендігін айтсақ қателеспеспіз. Олай болған жағдайда жоғарыдағы аятқа:  «Жерді жұмыртқа тәріздес етті» деп мағына беруге болады. .

Демек, қасиетті Құранда жердің пішіні жұмыртқа сияқты аздап сопақтау, сфероидтық формада екендігі ашық айтылған десек қателеспеспіз. Бұл қазіргі ғылыммен ұштасып отыр.  

Қазіргі таңда геодезикалық және астрономиялық зерттеулердің нәтижесінде жердің шынайы пішіні мен оның көлемі нақтыланды. 

Жердің ортасынан экваторға дейінгі арақашықтықты - «экваториалдық радиус» деп атайды. Оның қашықтығы - 6378,2 км. Ал, полюсқа дейінгі арақашықтық «полярлық радиус» деп аталады. Оның қашықтығы - 6356,8 км-ға тең. Екі радиустағы айырмашылық шамамен 21 км. Сондықтан, біздің планетамыз расында да, толықтай домалақ шарға ұқсамайды. Ол - екі полюста да қабысыңқы және ол - эллипсоид пішінінде[9], яғни, Құранда меңзеліп тұрғандай аздап түйеқұстың жұмыртқасына ұқсас. 

Осыған қарап-ақ Құран Кәрімнің қасиеттілігіне таңданбау мүмкін емес. Аяттардағы сөздердің өте шебер таңдалып, қанша ғасыр өтсе де ескірмей, керісінше ғылым дамыған сайын астарындағы жаңа сырлар ашылуда. Аяттардың өміршеңдігіне назар аудара отырып, Құранның шексіз білім иесі, құдіреті күшті Жаратқанның сөзі екендігіне тағы бір көзіміз жетеді. Құранның мұғжизалығы да осында. Бізді тура жолға бастаған Жасағанға шүкірлер болсын! 


[1] https://ru.wikipedia.org/wiki/
[2] Бул­га­ков П.Г. Жизнь и тру­ды Бе­ру­ни. Таш­кент, «Фан», 1972.
[3] Е.Г.Ананьева и С.Мирнова: Земля. Полная энциклопедия. 14 ст.
[4] http://masterok.livejournal.com/
[5] Қоф сүресі, 7 аятында  «жердің төселгендігі» жайында айтылған: وَالْأَرْضَ مَدَدْنَاهَا «Және біз жерді жайып төседік» - «жайып төседік» сөзіне үңілер болсақ, жердің қай тұсына барсақ та алдымыздан шеті жоқ кілем іспетті төселген жер қыртысы кездеседі. Бұның өзі жердің домалақ екендігін көрсетеді. Неге десеңіз, геометриялық тұрғыдан алып қарағанда, мұндай құбылыс (яғни, қайда барсақ та алдымыздан шеті жоқ кілем іспетті төселген жер қыртысының болуы) тек жер домалақ болған кезде ғана мүмкін.
[6] Зүмәр сүресі, 5 аятында Алла Тағала түнді күндізге, күндізді түнге айналдырып, ол екеуін алмастырып тұратындығын айтқан:  - يُكَوِّرُ اللَّيْلَ عَلَى النَّهَارِ وَيُكَوِّرُ النَّهَارَ عَلَى اللَّيْلِ - «Түнді күндізге айналдырады, күндізді түнге айналдырады». Мұнда да жердің домалақтығы меңзеліп тұр. Өйткені, күн мен түннің ауысып, бір-бірімен айналып тұруы тек жер домалақ болғанда ғана мүмкін.
[7] Назиғат сүресі, 30 аят.
[8] Баранов, «Арабско-Русский словарь».; Лисануль ъараб.
[9] Е.Г.Ананьева и С.Мирнова: Земля. Полная энциклопедия. 14 ст. 

 

0 пікір