Намазды бұзатын жағдайлар
Намазды бұзатын жағдайлар
5 жыл бұрын 10769
Мәуләна Ашиқ Иләһи Буландшаһри

Сұрақ: Намазды бұзатын іс-қимылдар мен сөздер жайында баяндап өтсеңіз

Жауап: Намазды бұзатын іс-қимылдар төмендегідей:

  1. Ұмытып болса да ішіп-жеу намазды бұзады (сондай-ақ, тіс арасындағы ноқаттың көлеміндей не одан үлкен тамақ қалдығын жұтқан жағдайда да намазы бұзылады, одан азына бұзылмайды)
  2. Көп қимыл намазды бұзады (Көп қимылдың бір анықтамасы - сырт көзге намазда емес деген ой қалыптастыратындай қимылда болу)
  3. Намаз оқып тұрған сәтте дәретін әдейге бұзса намазы бұзылады (ал еркінен тыс дәреті бұзылған жағдайда, дәрет алып келіп, қалған жерінен жалғастыруына болады)
  4. Жалғасымды түрде (кідіріссіз) үш не одан көп қадам жүрсе намаз бұзылады (жамағат намазында алдынғы саптағы бос орынды толтыру үшін қадам жасауына рұқсат, бірақ бір дегенде екі-үш сапқа өтіп кетпей, әр сапқа адымдағанында бір пәс кідіріс жасап, келесі саптағы бос орынға өтеді)  
  5. Кеудесін құбыладан бұрса намаз бұзылады (ал, басын бұрса бұзылмайды, бірақ мәкруһ)
  6. Намаз оқып тұрып есінен танып, талып қалса 
  7. Намазда есі ауысса (жынданса)
  8. Қарап немесе ихтилам болып жүніп болса
  9. Тәкбір тахримасы ортақ, рүкүғ пен сәждесі бар намаздарда балиғатқа толған әйел баласымен бір мекенде, еш бөгетсіз қатар тұрып қалса (немесе әйел оның алдында тұрса, еркектің) намазы бұзылады. (Тәкбір тахримасы ортақ дегені - екеуі қатар тұрып бір имамға ұйыса (тек еркектігі бұзылады) немесе әйел намазды қатар тұрып оған ұйып оқыса (екеуінікі де бұзылады) дегенді білдіреді, алайда екеуі екі бөлек намазды (мысалы сүннет намаздарын) оқып жатқан болса, қатарласып тұрып қалса да намаздары бұзылмайды) 
  10. Намаздың бір рүкінін ғаурат жері ашық күйі орындаса немесе намазға кедергі келтіретіндей көлемде нәжіспен намаз оқыса
  11. Өзі еститіндей кұлсе (өзгелер еститіндей күлсе намазы да, дәреті де бұзылады)
  12. (Жаттамаған сүресін Құранға қарап оқыса) намаз бұзылады

Ал, намазды бұзатын сөздер төмендегідей:

  1. Бір сөз болса да сөйлеген жағдайда намаз бұзылады, мейлі әдейі сөйлесін, мейлі ұмытып, яки қателесіп сөйлеген болсын.
  2. Намаз оқып тұрып әлдекімге сәлемдесу намазды бұзады.
  3. Әлдекімнің сәлеміне жауап қайыру
  4. Үфілеу
  5. Ыңырсу
  6. Күрсіну
  7. Сырқатын ауырсынып немесе басқа төнген қайғы себепті дыбыс шығарып жылауы намазды бұзады. Бірақ, пейіш пен тозақты (ақыретті) ойлап жылауы намазды бұзбайды.
  8. Түшкірген адамға «ярхамукәллаһ» деп айтса, намазы бұзылады
  9. Біреудің «Алланың серігі» жайында сұраған сауалына «Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа құдай жоқ)» деп жауап берсе (намазы бұзылады)
  10. Намаз оқып тұрып жаман хабар естіген заматта «иннә лиллаһи уә иннә иләйһи рожиғун» деп айтса намаз бұзылады
  11. Қуантарлық бір хабар естігенде «әлхамдулиллаһ» десе
  12. Бір нәрсеге таңырқап «лә иләһә иллаллаһ» десе немесе «сүбханаллаһ» десе
  13. Жауап беруді немесе біреуге қарасты сөз айтуды көздеген барлық нәрсе намазды бұзады. Мысалы, (Яхя есімді) біреуге қарасты: «Уа, Яхя! Кітабыңды ал» деген аятты оқыса намаз бұзылады
  14. Ұйып тұрған имамынан өзге біреуге фатх жасаса (яғни, ұйып тұрған имамынан басқа біреудің оқып жатқан құранын ұмытып қалған жерін есіне салса)
  15. Қырағаттарда немесе тәкбірлерде мағынасын өзгертетіндей қате жіберсе, мысалы: «Аллаһу әкбар» деген тәкбірде «Алла» сөзінің бастапқы «А» әріпін созса (мағынасы өзгеретіндіктен) намазы бұзылады 

Намазды бұзатын он екі таласты мәселе (Имам Ағзам және екі шәкірті арасындағы таласты мәселелер):

  1. Таяммуммен намаз оқып тұрған адам су көрсе және оны қолдану мүмкіндігі болса намазы бұзылады
  2. Мәсісіне тартқан мәсихының уақыты өтсе (мысалы, бір тәулік өтіп кетсе)
  3. Аз қимылмен екі мәсісін шешсе
  4. Үмми болып, бір аят үйренсе  
  5. Киім таппай жалаңаш күйде (отырып) оқып жатқан кезде киім табылса
  6. Ишарамен оқып отырған адамда рүкуғ және сәжде жасайтын күш пайда болса
  7. Тәртіп иесінің (алтаудан аз өтелмеген қаза намаздары бар адам) оқып тұрған намазынан бұрын қаза болған намазының бары есіне түссе
  8. Құран оқи білетін имамның намазда дәреті бұзылып, өзінің орнына құран оқи білмейтін үмми біреуді шығарса
  9. Таң намазын оқып тұрғанда күн шығып кетсе
  10. Жұма намазын оқып тұрғанда асырдың уақыты кіріп кетсе
  11. Жарақатқа таңылған таңғышы жараның жазылғаны себепті түсіп қалса
  12. Истихаза қаны келіп жүрген әйелдің үзір қаны тоқтаса

Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша, аталмыш (он екі) жағдайлар намаздағы соңғы отырыста тәшәһһуд дұғасының көлеміндей отырғаннан соң туындаған болса да намаз бұзылады, қайта оқу керек. Ал, Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед бойынша, аталмыш жағдайлар соңғы отырыста тәшәһһуд дұғасының көлеміндей уақыт отырғаннан кейін туындаса, намаздары саналады, қайтадан оқудың қажеті жоқ. 

«Әт-Тәсһилуд Дарури ли Мәсә’илиль Қудури» атты Ханафи фиқһ кітабынан
 Аударып, дайындаған: А. Қасым

0 пікір