Намазда «хушуғ» қалай пайда болады?
Намазда «хушуғ» қалай пайда болады?
19 күн бұрын 1776
«Уа, Раббым! Мені (ықылас және хушуғпен) намаз оқитындардан ете гөр! Әулетімнен де осындай адамдар шығар! Уа, Раббымыз! Дұғамды қабыл ет!». (Ибраһим сүресі, 40 аят).
«Екі кісі бір уақытта және бір мекенде екі рәкағат намаз оқиды. Бірақ екеуінің арасындағы айырмашылық жер мен көк арасындай». Хадис Шәриф.

Хатимуль Асамм есімді әулие кісі намазды лайықты түрде орындау жайында былай деп кеңес еткен:

«Әуелі намаз үшін қажет болған дайындықты ең көркем түрде орындағын. Одан кейін Кағбаны көз алдыңда, Сырат көпірін аяғыңның астында, жәннәтты оң жағында, тозақты сол жағыңда елестет. Желкеңде Әзірейілдің сенің жаныңды алайын деп күтіп тұрғанын ойла. Сосын: «Осы намаз өмірімдегі ең соңғы намазым» деп, қорқыныш пен үміт халінде Әлемнің Раббысының алдында тұрғаныңды сезін. Шын жүрекпен тәкбір айт. (Аллаһу әкбар деп баста). Ақырын және мағынасын ойлай отырып Құран сүрелерін оқы. Қарапайымдылықпен рүкүғқа бар, хушуғпен сәжде жаса. Денең намаздың негізгі шарттарын орындай берсін, бірақ рухың, яғни көңілің үнемі сәжде күйінде болсын және бір сәт те болса Алламен бірге екендігіңді ұмытпа!...».

Міне, осындай даналыққа толы болған күйі жан-тәнімен беріліп, Хақ Тағалаға ықыласпен намаз оқығандар – өздерін де, басқаларды да ұмытып, дүниеден және оның ішіндегі нәрселерден хабарсыз күйде болады.

Әзіреті Мәуләна былай деген:

«Есіңді жи! Намаздан тек қана сырттай емес, рухани жақтан да пайда алуға тырыс! Жем жеп жүрген құс сияқты, Алла Тағаланың ұлылығынан хабарсыз түрде басыңмен жер шұқи берме!... Әзіреті Пайғамбардың: «Адамзат ішінде ең жаман ұры – намазынан ұрлаған адам» деген сөзіне құлақ сал.

Сондықтан да намаз үшін денемізбен Кағбаға беттегенде көңілді де Аллаға бұрып қаратуымыз қажет. Өйткені көңілдің құбыласы (беттейтін жағы) – Алла Тағала.

«Амалдар ниетке байланысты». (Хадис). Ендеше, қай намазды оқып тұрғаныңды әрі кімнің алдында тұрғаныңды біліп, ұғынуың керек. Көңілдегі ойларды електен өткізіп, Алланың ризалығына жетуден басқа мақсаттан арылу керек...


«Ислам және ғибадат». (Ықшамдап алынды)

 

0 пікір