Мешіттер қалай пайда болды?
Мешіттер қалай пайда болды?
10 жыл бұрын 5504
Бақытжан Өткелбаев

Ислам оқу-ағарту тарихында әрі мәдениет дамуында мешіттердің рөлі ерекше. Мешіттердің салынуына байланысты екі түрлі көзқарас бар. Бірінші көзқарастағылар көрші халықтардың синагок, шіркеу сияқты құлшылық орындарын көріп, соларға еліктей отырып салынғанын айтады. Екіншісі, әрі шындыққа жақынырағы, қасиетті Қағбаға қарай отырып салынғаны жайындағы көзқарас («Әли Имран» сүресі, 96).

Мұсылмандар өздеріне бағынған жерлеріне мешіт салу үлкен үрдіске айналды. Мешіт салу арқылы бұл өлкенің Ислам мемлекетіне қосылғаны жарияланатын. Уақыт өте мешіттер көбейе түсті. Бұл, әсіресе әкімшілік орталықтарда айқын көрінеді. Яғқуби (өлімі, 292/905) хижри ІІІ, милади ІХ ғ. Бағдатта 30000 мешіт болғанын және бұларды бір-бірлеп санағанын жазып қалдырған.

Мешіттерде сол уақыттағы барлық ғылымдар оқытылатын. Құран, хадис, фиқһ, кәлам сияқты діни ілімдермен бірге тарих, философия, медицина, астрономия оқытылды. Хижри 360, милади 970-жылы Мысырда Жауһар әс-Сижилли салдырған әл-Әзһар мешіті 378/988 жылдан бастап ғылыми зерттеу орталығына айналады. Бұл қазір де Ислам әлеміндегі атақты университеттердің бірі. Суиути Каирдегі Ибн Тулун мешітінде сол кездегі белгілі ғылымдардың барлығы оқытылғанын, Абдуллатиф әл-Бағдади, әл-Әзһар мешітінде әр күні түс уақытында медицина оқытылғанын айтады. Мәдинадағы хазірет Пайғамбар мешітіндегі Суффа шын мәнінде Исламдағы алғашқы университет болды. Уақыт өте онда шәкірттер сыймай қалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұның алдын алу үшін Мәдинаның әр жерінде дайындық немесе бастауыш мектеп болып саналатын бірнеше мектеп ашады. Хижреттің екінші жылы Махрама ибн Нәуфалдың үйінде Дарул-қурра аталған Құран мектебі ашылған.

Ислам әлеміндегі қуатты мемлекеттердің бірі болған Осман мемлекеттерін қарастыратын болсақ, бұл кезде де мешіттер әкімшілік орталық, имамдардың мәжілісі қызметін атқаратын еді. Халықтың жиналып құлшылық қылатын, мемлекет істерін талқылайтын жері болғандықтан үлкен маңызы бар еді. Мешіттің жанында оның ажырамас бір бөлігі медресе, кітапхана, асхана және басқа да құрылыстар бірге салынып, өз алдына үлкен бір кешенді құрайтын. Жақын жерлерге намаз уақытын күту үшін асханалар салынып, олар күні бүгінге дейін жеткен. Бұған байланысты Осман Нури Эргин былай дейді:

«Стамбулда асханалардың көптеп салынуы мешіттің көбеюіне байланысты. Намаз уақытынан бұрын мешітке келгендер, екі намаз арасындағы уақытты өткізу үшін әр мешіттің жанында отыратын орын ашылған. Х/ХVI ғғ. Йеменнен кофе әкелініп, бұл жерлерде кофе ішу әдетке айналғандықтан кофехана деп аталған. Кафелерде намаз уақытына дейін халықтың көңілін аулау үшін, әсіресе ақшам мен құптан намазы арасында Хамзанама, Баттал-Ғази сияқты халық кітаптары оқылатын».

Бірақ мешіт салынбай тұрып, дәрістер негізінен үйлерде жүргізілді. Бұл мешіт салынғаннан кейін де жалғасты. Мысалға айтатын болсақ, Аллаһ елшісі (с.а.у.) сахабаларға Әрқам ибн Әбул Әрқамның үйінде жаңа түскен аяттарды және дін негіздерін үйреткен. Кейін Пайғамбарымыздың (с.а.у.) үйіне, мешіттер салынған соң мешітке көшірілді. Дәрістер бір жағынан аурухана, керуенсарай сияқты жерлерде де жүргізілді. Сонда да көптеген ғалымдардың үйінде оқу-ағарту ісі жалғаса берген. Ибн Сина кешке шәкірттеріне өз шығармалары «әл-Қанун» мен «әш-Шифаны» оқитын. Шәкірттер мен ғалымдарға толы үйлердің бірі Имам Ғазалидің үйі еді. Қысқаша айтқанда, ғылым мен мәдениеттің дамуында мұсылман әлемінде ғұламалардың үйлері мен мешіттер айтарлықтай рөл атқарған.

0 пікір