"Жиһад" сөзін қалай түсініп жүрміз?
"Жиһад" сөзін қалай түсініп жүрміз?
10 жыл бұрын 10223
Құдайберді БАҒАШАР

Жиһад – Құран мен хадистерде

Ислам дінінде мұсылмандар үшін өміршең болып табылатын бірқатар маңызды ұғымдар баршылық. Соның бірі – жиһад. «Жиһад» сөзі араб тілінде «жә-хә-дә» етістігінен тарайды. Ол белгілі бір мақсатқа ұмтылу, сол тұрғыда еңбектену, талпыну, күресу деген мағынаны білдіреді. Мұсылмандарға қатысты айтар болсақ, Алланы танытуға жол ашу, ақиқатты дәріптеу мақсатында дін жолында жасалатын барлық игілікті істер жиһад аясына кіреді. «Ыждаһат ету» деген сөз қазақ тілінде де кездеседі.

Жиһадтың негізі қайда жатыр? Бұл туралы Құран мен хадистерде мынандай бірқатар мәліметтер кездеседі. Құрандағы кейбір аяттарға қарасақ:

«Кімде кім жиһад жасаса, өзі үшін жиһад жасайды. Күмәнсіз Алла ғаламдарға мұқтаж емес, еш нәрсеге зәру емес» (Анкабут сүресі, 29/6);

«Пайғамбар мен жанындағы мүминдер әрі дүниелерімен, әрі жандарымен жиһад етті. Жақсылықтың барлық түріне кенелді. Құтқарылатындар да солар» (Тәуба сүресі, 9/88);

«Жолымызда жиһад етушілерді Біз әрине тура жолға саламыз, оларға тура жолдарды көрсетеміз. Алла әр істі келісті жасаушылармен бірге» (Анкабут сүресі, 2/69);

«Әй, иман еткендер! Өздеріңді ащы азаптан құтқаратын, оған қоса, аса бір табысты сауда айтайын ба? Аллаға және елшісіне сеніп, дүниелеріңді, жандарыңды аямай Алла жолында жиһад жасаңдар! Біле-білсеңдер, өздерің үшін қайырлысы осы» (Сафф сүресі, 61/10) т.б.

Ал енді хадистерге қарасақ:

Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) ең игі істің қандай екені сұралғанда, жиһадқа тең келер істің жоқтығын білдірді. Алла елшісі (басқа іспен) оған теңесудің қиындығын айтты. Сұрақ сұраушы екі тіпті үш рет сұрағын қайталағанда да жауап өзгермей «(Басқа іспен) оған теңесулерің қиын» делінді. (Бұхари, жиһад, 2).

Мұхаммед пайғамбардан (с.а.с.) артықшылығы жоғары тұратын адамның кім екендігі сұралғанда, дүниесін, жанын аямай Алла жолында жиһад жасаушы адам екендігі білдірілді. (Бұхари, жиһад, 2).

«Мүжаһид (жиһад жасаушы) Алла тағаланың бұйрықтарын орындау тұрғысында өз нәпсісімен жиһад жасаушы (күресуші)» (Тирмизи, Зүхд, 164).

«Мүшріктерге қарсы дүниелеріңмен және тілдеріңмен жиһад етіңдер» (Әбу Дәуіт, жиһад, 18).

«Жиһадтың ең абзалы жәбірі қатты басшыға әділеттілікті айту» (Әбу Дәуіт, Малахим, 17);

Өсиет сұраған Әнас ибн Маликтың анасына пайғамбар «Күнәларды таста бұл һижреттің ең абзалы, парыздарды үзбе бұл жиһадтың ең абзалы» деді (Табарани, әл-Мұғжамул-әусат);

Соғысқа сұранған жас сахабаға пайғамбар «Ата-анаң тірі ме?» деді. Ол «иә» дегенде, «Ата-анаң сау болса, соларға жақсылап қарауың жиһад» деп түсіндірді (Бұһари, жиһад, 138);

«Жиһадтың ең абзалы қабыл болған қажылық» (Бұхари, хажж, 4);  

«Жиһад қияметке дейін жалғасады» (Әбу Дәуіт, жиһад, 33).   

Осы аят-хадистерден жиһадтың исламдағы негізгі қайнар көзде кездесетінін әрі мұсылмандарды жиһад жасауға қызықтыру, ынталандыру тіпті міндеттеу барын түсінеміз. Алайда ол бүгінгі таңда неге қате түсініліп жүр? Мәселен, батыстықтар бүгінде жиһадты парыз деңгейіндегі мәжбүрлік ретінде бүкіл әлемге мұсылмандыққа өткенге дейін немесе ислам билігін толық мойындағанға дейін соғысу деп түсінеді. Бір қолында Құран, екінші қолында қару бүкіл әлемді мұсылман ету үшін үнемі соғысатын мұсылман кейпін беруде. Бұндай пікірдің қалыптасуына мұсылмандардың әлемді «Дарул харб» (соғыс елі), «Дарул ислам» (мұсылман ел) деп бөле қарайтындығы себеп болуда. Батыстықтардың пікірінше, Дарул харбқа тиесілі мұсылман емес мемлекеттер Дарул исламға айналғанға дейін үнемі соғыстан көз ашпақ емес. Соғыс ұдайы жалғасатын болғандықтан, мұсылмандармен орнықты келісімге келу қиын. Батыстықтар мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен қатынасын осылай бағамдайды. 

«Діни сауаты жоқ жастар бүгінде Құрандағы «жиһад» терминін саясиландырып отыр. Жиһадшылыққа жаңадан елігіп жүргендердің теориясына сәйкес, бүкіл әлем «ислам аумағы» (дәр әл-ислам) және «соғыс аумағы» (дәр әл-харб) болып бөлінген. Біріншісіне мұсылмандар билігіндегі елдер, екіншісіне «дінсіз» билеушілер басқаратын елдер енеді. Терроршылардың сенімі бойынша «дәр әл-ислам» «дәр әл-харбпен» мәңгілік соғыс жағдайында болуы тиіс. Сонымен қатар, радикалды көзқарастағы кейбір идеологтар «бейбіт келісімдегі аумақ» (дәр ас-сулх) деген санаттағы тағы бір аумақты бөліп көрсетеді. Бұл мұсылмандарға тиесілі емес және олар билік жүргізбейтін жерлер, бірақ оның билеушілері өздерін мұсылман мемлекеттерінің вассалы (боданы) санауға және сол үшін белгілі бір мөлшерде салық «жиза» төлеуге міндетті. Радикалдар, экстремистер мен террористердің түсінігінше, мұндай «жаһил» (надан) қоғаммен Қиямет қайымға дейін талмай күрес жүргізу керек. Осы үшін олар өздерінше түсіндірілген «жиһад» ұғымын қолданады. Дегенмен, ислам дінінде «қасиетті соғыс» ұғымы жоқ екендігі белгілі. Ол – христиандық термин»[1]

Бұған қоса, батыстықтардың жиһадты «қасиетті соғыс» (holy war) ретінде қабылдап, «мұсылмандар қанша кәпір өлтірсе, сонша сауапқа кенелеміз деп сенеді» дегені де қате пікір. Жиһад сенімдер не діндердің соғысы емес. Өйткені исламда әр адамға сенім еркіндігі берілген. Бұл турасында Құранда «Былай де: ақиқат раббыңнан келген жайт. Ендігі жерде қалаған адам иман етсін, қаламаған адам мойындамасын» деген аят бар[2]. Бұл жердегі үлкен қателіктің бірі «жиһад» ұғымын өзіне тән кең мағынасында түсінбей, тек соғысу деген тар аяда қабылдауда жатыр. 

«Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде өткенімен төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Бірақ, жиһад сөзі соғысты да қамтығандықтан, көпшілік жиһад делінген кезде тікелей соғысты түсінеді»[3].

 

Жиһадтың мағыналық аясы

Ал анығында ғалымдардың білдіруінше жиһадтың мағыналық аясы өте кең. Еңбектерге қарағанымызда, жиһадқа берілген төмендегідей түрліше анықтамаларды көруге болады.

«Жиһад – адамға Алла тағаланы тану үшін жол ашу дегенді білдіреді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, кедейшілік, ерік-ойға, санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-шара жиһад болып есептеледі»[4].

«Жиһад бізді Алладан алыстататын барлық нәрсеге сақ қарап, сергек көңіл таныту»[5];

 «Қазіргі заманғы ғылымдарды игеріп, дамуға кедергі келтіретін надандық, кедейлік және идеялық жікшілдікпен күресудің аты да жиһад»[6].

Сейид Хүсейн Насырдың айтуынша, Ислам үшін жасалған барлық іс-шаралар жиһадқа жатады. Күн сайын жүйелі түрде намаз оқу, кейде аптап ыстықта ауыз бекіту жиһад аясына кіреді. Ғұмыр бойғы нәпсі мен рух арасындағы тайталасты күрестің аты да жиһад»[7]

 «Жиһад өз болмысыңды табу әрі басқалардың да өз болмысын табуы мақсатында жасалған ниет пен әрекеттің аты. Оның үлкені адамның күшін қолдана отырып, өзін қинап, өмірдің ағысына қарсы кедергілерге кеуде кере отырып, өз болмысын табуға деген талпыныс. Бұған қоса, басқаларды да өз болмысына қайта оралтуға әрекет ету бұл кіші жиһадқа жатады»;

Ибн Қайим әл-Жаузидың пікірінше, жиһад – нәпсі, шайтан, имансыздар мен екіжүзділерге қарсы жасалатын күрес. Нәпсі шеңберінде жиһад дінді үйрену, білгенін өмірде жүзеге асыру, басқаларға айту, Алла мен дінді халыққа түсіндіру кезінде тап болған қиындықтарға сабыр ету арқылы жүзеге асады. Шайтанға қарсы жиһад оның сенім мен амал тұрғысында жүрекке салған азғыруларының алдын алуға тырысу және бойдағы құмарлықтарды тежеу арқылы көрініс береді. Имансыздар мен екіжүзділерге қарсы жиһад болса, тіл, дүние, жан, қажет кезінде күшпен орындалады»[8].

«Жиһад ұғымы адамнан адамға, қоғамнан  қоғамға, жағдайдан жағдайға қарай түрленіп отырады. Бір дәрігердің өз саласында кәсіби деңгейге қол жеткізу үшін тынбай талпынуы мен ізденуі, экономика маманының елдің әлеуметтік жағдайының түзелуі үшін жұмсаған қажыр-қайраты, мұғалімнің сауатты түрде бала оқытуы – мұның бәрі жиһадқа жатады. Мұсылмандардың керекті қаржыны тірнектеп жинап,  өздеріне мешіт, медресе тұрғызуы, жоқ-жітіктерге көмектесіп, жетім-жесірлерге қарайласқан қалталы азаматтардың істері де Хақ жолындағы күреске, жиһадқа жатады»[9]

«Кейде бір сөз айту немесе дәл сол тұста тіліңді тістеу, кейде тек жақтырмаумен шектелу немесе күлімсіреу, кейде әлгі басқосудан тұрып кету немесе басқа бір орында болу, қысқаша айтқанда, жасалған әр істі Алла үшін жасау, махаббат пен ашуды да Алланың разылығына қарай басқару – бәрі де тұтастай жиһадтың аясына кіреді. Осы негізде өмірдің барлық саласында халықтың ішінде қоғамды түзеу үшін жасалған барлық талпыныс жиһадқа жатады»[10].

Демек, жиһадты кең мағынада қарастыру керек.

 

Жиһадтың түрлері

Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) бірде соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа бет алдық» дейді. Сахабалары үлкен жиһадтың не екенін сұрағанда, «ол – өз нәпсіңмен күрес», – деп түсіндірген (Байхақи, әз-Зухдул-кәбир).

Бұл оқиғадан исламда жиһадтың үлкен және кіші деп аталатын негізгі екі түрі болатынын, майдандағы соғыстың кіші жиһадқа, ал адамның өз нәпсісімен күресінің үлкен жиһадқа саналғанын көруге болады.

Құранның түсіндіруі бойынша, нәпсі – адам бойындағы жамандықты қалап тұратын сезім (Жүсіп сүресі, 12/53). Сопылық ілімде нәпсіге «пенденің жаман мінездері мен нашар қасиеттері, жаман сезім мен мінездері жинақталған ләтипа» ретінде анықтама берілген[11] [174 б.]. Сондықтан бірінші кезекте адамның өзін тәрбиелеуі, жүріс-тұрысын дұрыстауы, ақылмен әрекет етуі, жаман қылықтардан арылуы, адамгершілігін түзеуі жоғары бағаланған.

Нәпсімен күреске ерекше мән бере отырып ғалымдар былай деген. Суфиян әс-Сәури (қ.ж. 777): «Сенің шын дұшпаның өлтіріп, есеңді алған сыртқы дұшпан емес. Анық дұшпан ол ішіңдегі дұшпан. Дұшпаныңмен соғысқаннан да артық сонымен соғыс»[12]. Ибраһим ибн Әдхам (қ.ж. 777): «Жиһадтың ең ауыры – нәпсінің құмарлықтарымен болғаны»[13]. Алғашқы дәуір тәпсіршілерден Әбу Сүлейман әд-Дарани (қ.ж.830) «Анкабут» сүресінің 69 аятына қатысты жиһадтың тек кәпірлермен соғыс еместігін, бұдан басқа Алланың дініне қолдау білдіру, ақиқатты мойындамағандармен ғылыми күрес, жәбір көрсетушілерді бақылауға алу, жақсылықты жайып, жамандыққа жол бермеу тұрғысындағы әрекеттер, Аллаға бағыну тұрғысында нәпсімен күрес мағыналарына келетініне назар аудартып, нәпсімен күресті ең үлкен күреске жатқызған[14].

Ибн Баттал (қ.ж.1057) жиһадтың екі түрін атаған: 1. Ашық дұшпанмен жиһад. Бұл залал келтірген кәпірлермен күрес. 2. Жасырын дұшпанмен жиһад. Бұл нәпсімен, түрлі құмарлықтармен күрес. Нәпсімен, құмарлықтармен күрес жиһадтың ең үлкені[15]

Бұдан бөлек, Құрандағы аяттарға қарап жиһадтың түрлерін анықтаған ғалымдар да баршылық. Мұқатил ибн Сүлейман (қ.ж.767) Құран сөздерінің түрлі мағыналарын зерттеген «әл-Әшбах уән-назаир» атты еңбегінде жиһадтың үш мағынасына тоқталған:

  1. Сөзбен жиһад. «Осы құранмен үлкен жиһад аш» (Фурқан сүресі, 21/52); «Әй, пайғамбар, кәпірлер мен екіжүзділерге қарсы (сөзбен) жиһад ет» (Тәуба сүресі, 9/73) деген аяттарда осы сөзбен жиһад ету айтылған.
  2. Қарумен болатын жиһад. «Отырғандарға қарағанда мұжаһидтерді мол сауаппен артық етті» (Ниса сүресі, 4/95) деген аятта айтылған жиһад осы негізге кіреді.
  3. Іс-әрекет арқылы жиһад. «Кімде кім жиһад етсе, өзі үшін жиһад еткені» (Анкабут сүресі, 29/6). Яғни кім игі іс істесе, өзі үшін істегені, оның қайтарымы болады деген сөз. «Біздің жолымызда жиһад жасаушылар» (Анкабут сүресі, 29/69). Яғни біз үшін игі іс жасағандар деген мағынада. «Алла жолында жарасымды түрде жиһад жасаңдар. Ол сендерді таңдады» (Хаж сүресі, 22/78) деген аяттың мағынасы Алланың разылығына қол жеткізетіндей түрде соған жарасатындай негізде игі іс істеңдер деген сөз[16]

 Белгілі Құран сөздігі «әл-Мүрфрадат» еңбегінің авторы Рағиб әл-Исфаһанидың (қ.ж. 1108) білдіруінше, жиһад үшке бөлінеді: 1) Ашық дұшпанға қарсы жиһад; 2) Шайтанға қарсы жиһад; 3) Нәпсіге қарсы жиһад[17].

Әуелі нәпсі тәрбиесін жоғары қоюдағы мақсат, рухани азғындаған адамның қоғамға кесір тигізуімен қатар ондай адам соғысқа шыққанның өзінде соғыс талаптарын орындамайтындығы болса керек. Екі жағдайда да оның кесірі көпшілікке тимек. Осы себепті көп ғалымдар исламда алғашқы жылдары соғысқа рұқсат етілмеуінің бір себебі, әуелі адамды тәрбиелеп алумен, өзін, жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыс, іс-әрекетін бақылай алатындай жағдайға келтірумен байланысты қарастырған. 

 

Ислам соғысқа шақыра ма?

Исламның соғысқа рұқсат етуі мүшріктердің шабуылын тойтару, жаудан қорғану мақсатымен тікелей байланысты. Мекке кезеңінде мұсылмандар мүшріктерден қанша құқай көрсе де олармен қарулы қақтығысқа бармаған. «Уа, расулалла, біз мүшрік кезде еңсеміз тік еді, ешкімге бас имей өмір сүріп едік, мұсылман болғанда еңсеміздің түскені қалай, неге соғыспаймыз?» деген Абдурахман ибн Ауф пен серіктеріне хазірет пайғамбар «Маған кешіріммен қарау бұйырылды, сол үшін ешкіммен қақтығысқа бармаңдар» деген[18]. Тағы бір хадисте «Дұшпанмен бетпе-бет келуді тілемеңдер. Алайда дұшпанмен бетпе-бет келе қалсаңдар, сабыр етіп, табандылық танытыңдар» делінген (Бұһари, жиһад, 112, 156). Бұл деректерден исламның соғысты қаламайтын бейбіт қалпын көреміз. Дегенмен ислам келгеннен кейінгі уақытта мұсылмандарға деген қоқан-лоққы көбейіп, оларға деген қысым арта түскен. Мүшріктер мұсылмандарды сенімінен бет бұрғызу үшін қысымды мейлінше арттырған. Осы себепті мұсылмандар көрші елге көшіп кетуге (хижрет) мәжбүр болды. Меккедегі мүшріктер мұсылмандардан тонап алған мүліктерді түйелерге тиеп, Шамға, Сирияға сатуға алып шыққан уақытында мұсылмандар Мәдина жақындарында олардың жолын кесіп, қолды болған мүліктерін қайтарып алуды қалады. Бірақ мүшріктер соғысты таңдады. Осы жағдайда барып мұсылмандарға соғысқа алғаш рет мына аят арқылы рұқсат берілді. «Өздеріне қарсы соғыс ашылған мұсылмандарға (мүшріктермен) соғысуға рұқсат берілді. Өйткені, олар зұлымдыққа ұшырап, жәбір көрді. Әлбетте,  Алла тағала оларға жәрдем беруге толық күші жетеді. Олар ешбір себепсіз тек «Раббымыз Алла» дегені үшін отандарынан қуылды...»[19]. Яғни, өздеріне жәбір көрсетіп, түрлі қиыншылыққа душар етіп, атамекенінен қуып, дүние-мүліктерін талан-таражға салған мүшріктермен соғысуға тек он бес жылдан кейін ғана рұқсат етілді. Бұдан исламның бейбітшілікті негіз ететінін аңғарамыз. Құранда «Егер олар сендерден аулақ тұрса әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа  ешқандай жол бермеді»[20] делінген. Тіпті аятта мұсылмандардың оларға жақсылық әрі әділдік танытуы да сөз етілген. «Дін турасында сендермен соғыспаған әрі сендерді өз отандарыңнан кетірмеген адамдарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділетті болуларыңа Алла тағала қарсы емес. Өйткені, Алла тағала әділеттілік жасағандарды жақсы көреді»[21].

«Ислам діні бойынша «Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең». Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Бейкүнә адамды өлтіру – үлкен күнә. Тіпті барлық ережелер мен тепе-теңдіктердің астаң-кестеңі шығатын соғыс кезеңінің өзінде жазықсыз адамдарды өлтіруге тыйым салынған. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасаған: «Аллаһтың атымен жолға шығыңдар. Аллаһ жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүслә» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер». Тіпті жараланған жау әскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған. Ислам дінінің бұл дәстүрін Пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен басшылар қатаң ұстанып отырды»[22].

«Соғыс – дипломатиялық жолдар түгелдей іске аспаған жағдайларда ғана амалсыздықтан туатын ақырғы шара. Ал бейбітшілікке, келісімге қайтадан мүмкіншілік туған жерде соғысқа жол жоқ. Яғни, қарсы жақ соғысты тоқтатып, келіссөз сұраса, мұсылмандар да соғысты тоқтатып, келіссөзге жүгінуі абзал. «Егер олар келісөзге, бейбітшілікке (ниет білдірсе) жақындаса, сен де жақында»»[23].

 

Жиһадты кім жариялайды?

Жиһад мәселесінде тағы бір кездесіп отырған мәселе оны жекелеген лаңкестік топтардың соғысқа желеу етуі. Анығында исламда жиһадты жариялауға кез келген адам құқылы емес. Сондықтан жекелеген топтардың жиһадқа деген желеумен бөтен елдегі саяси я басқа да себептерден туындап жатқан ішкі соғыстарына жастарды ертіп кетуі дұрыс емес.

«Жеке адамдар мен кейбір топтардың өз бетінше жиһад жариялауға ешқандай құқы жоқ. Соғысты тек қана мемлекет жариялай алады. Міне, қазіргі таңда ат төбеліндей кейбір лаңкес керітартпалардың жасап жүргендері исламға мүлдем үйлеспейтініне бүкіл ислам ғұламалары бірауыздан келіседі. Кейбір мұсылмандар мен «исламдық ұйымдардың» исламды лаңкестік діні ретінде түсінулерін исламнан емес, адамдардың қате пайымдарынан және басқа да себептерден іздеу керек»[24].

Қорыта келгенде, жиһадты қанды соғыс не кәпірлермен күрес деп қана ұғу қателік. Жиһад ізгі ниетпен, қоғам игілігі, ел болашағы, діннің мүддесі тұрғысынан жасалған барлық жақсылықты істі қамтиды. Бүгінгі күні арандатушы түрлі ұрандарға еріп, өзге елдерге жиһадқа аттанып, жас өмірді ерте солдыру жиһадты қате түсінудің зардабы. Одан да туған ел мен жерді өркендетуге атсалысу, діни сауаттылыққа ұмтылып, мұсылмандық мінезімізді түзеп, адами қасиеттерімізді арттыру, жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына жағдай жасау, т.б. жақсылықты істердің басы-қасынан табылу қоғам үшін нағыз керекті іс осы болмақ.

Әр азамат үшін халықтың амандығы мен жердің тыныштығын күзету, тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, бейбітшілігімізді сақтау үлкен борыш болып табылады. Діннің мұраты да осыны қалайды.       

 


[1] Лама Шариф Қ. «Жиһад» ұғымы «қасиетті соғысты» емес, «өз надандығыңмен күреc» дегенді білдіреді». Дереккөзі: http://www.din.gov.kz/kaz/press-sluzhba/publikacii?cid=0&rid=767 Қаралған уақыты: 23.08.2014. 

[2] Кәһф сүресі, 18/29.

[3] Жиһад дегеніміз не? – Алматы: Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры, 2011. – 3 б.

[4] Сонда. 3 б.

[5] М. Шекер. Муспет харекет вея жихад. Йени умит журналы. Сәуір, Мамыр, Маусым, 2004. №64.

[6] Сонда.

[7] Сонда.

[8] Ибн Қайим әл-Жәузи. Задул-мағад, 3/24-25.

[9] Жиһад дегеніміз не? – Алматы: Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры, 2011. – 5 б.

[10] М. Шекер. Муспет харекет вея жихад. Йени умит журналы. Сәуір, Мамыр, Маусым, 2004. №64.

[11] Абдулкерим Кушайри, Рисале, тахқ. Абдулхалим Махмуд, Каир, 1989.

[12] Ибн Баттал, Шархул-Жамиис-сахих (нашр. Әбу Тамим Ибрахим), Рияд. (№мактабатур-рушд), Х, 210.

[13] Мүнауи, Файзул-қадир, Бейрут 1391/1972, IV, 511.

[14] Құртуби, әл-Жами ли-ахкамил-Құран (нашр. Әбу Исхақ Ибраһим әт-Тафайюш), Каир 1387/1967, ХІІІ, 364.

[15] Ибн Баттал, Шархул-Жамиис-сахих (нашр. Әбу Тамим Ибрахим), Рияд. (№мактабатур-рушд), Х, 210.

[16] Мұқатил ибн Сүлейман, әл-Әшбах уән-Назаир, (нашр. Абдуллаһ М.Шаххата), Каир 1414/1994, 290 б.

[17] Рағиб әл-Исфаһани, әл-Мүфрадат, Стамбул, 1985. 208 б.

[18] Ибн Касир, Тафсирул Құранил-азим (нашр, М. Ибраһим әл-Бәнна және т.б.), Стамбул 1985, ІІ, 315.

[19] Хаж сүресі, 39-40 аят.

[20] Ниса сүресі, 90-аят.

[21] Мумтахина сүресі, 7-аят.

[22] Әділбаев А. Әркімнің өз бетінше жиһад жариялауға құқы жоқ. Дереккөзі: http://shapagat-atyrau.kz/?p=426 Қаралған уақыты: 23.08.2014.

[23] Жиһад дегеніміз не? – Алматы: Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры, 2011. – 9 б.

[24] Әділбаев А. Әркімнің өз бетінше жиһад жариялауға құқы жоқ. Дереккөзі: http://shapagat-atyrau.kz/?p=426 Қаралған уақыты: 23.08.2014. 

0 пікір