Исламға дейінгі Мекке қаласы және Құрайыш тайпасы
Исламға дейінгі Мекке қаласы және Құрайыш тайпасы
9 жыл бұрын 10035
Бурхан Абдулхаким, теолог, phd докторанты
Меккенің ежелгі мекендеушілері

Мекке – Араб түбегінің батысындағы Хижаз аймағында орналасқан. Хижаз сөзі араб тілінде «бөлуші» деген мағынаны білдіреді. Бұл есім Хижаз жеріне шығысындағы Нежран аймағы мен батысындағы Тихама[1] жазығын бөліп тұрғаны үшін берілген [1.19 б.]. Жалпы Меккенің негізін қалаушы және Қағбаны алғаш салушысы Адам ата болып саналады [2.125 б.]. Сәйкесінше Қағба әлемдегі ең бірінші салынған үй және ғибадатхана болып табылады. Бұл жайында Алла Тағала Құранда: «Негізінен адам баласы үшін Меккедегі алғашқы құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбәрак және тура жол»[2] дейді. Дегенмен Адам ата өлгеннен кейін уақыт өте келе Қағба сел және табиғи апаттар себебінен бұзылып, тек іргетасы ғана қалды. Кейін бұзылған Қағба Алланың Тағаланың тікелей әміріменен Ибраһим пайғамбар мен ұлы Исмаил тарапынан қайта тұрғызылды.

Жалпы, Меккенің ежелгі және ең алғашқы мекендеушілері Амалика тайпасы[3] болғаны айтылады. Одан кейін қасиетті мекенді оңтүстік Араб түбегінен келген Журхум тайпасы мекендейді. Исмаил пайғамбардың әйелі осы Журхум тайпасынан болатын. Ғасырлар бойы Журхум тайпасы мен Исмаил ұрпақтары Меккеде бейбітшілікте тұрып келді. Бірақ, Меккені билеушілер журхумдар болатын. Негізі осы журхум тайпасы нағыз арабтар болып, ал Исмаил пайғамбар олардан қыз алып, оның ұрпақтары «арабтанған арабтар» болып саналады. Уақыт өте Журхум тайпасы Меккені билеу құқығынан айырылып, қасиетті мекенді билеу құрметіне 207 жылдан бастап Йеменнен келген Хузаа тайпасы ие болды.

 

Құрайыштар Мекке билігіне қашан келді?

Хузаа қабиласы Меккені билеп тұрған уақытында құрайыш тайпалары Меккенің шет аймақтарында шашыраңқы бір түрде өмір сүріп келді. Құрайыштардың жарқын сәті Алла елшісінің бесінші атасы болып табылатын Құсай ибн Килаб Хузаа тайпасының лидерінің қызына үйленгеннен басталды. Ол өзінің билікке жақындығын пайдалана отырып, қайын атасы өлген соң Сириядағы шешесі бір бауыры Ризахтың[4] жәрдемімен Меккенің билігін күшпен өз қолына алды. Міне, осыдан бастап Меккедегі Құрайыш билігі басталды.

Құсай билікке келе салысыменен үлкен реформалар жасауға кірісті. Мәселен, өзіне жақын туыстарын Мекке қаласының ортасына, ал ұзақтарын шетіне оналастырды. Оларды жоғарғы қызметтерге тартты. Құсайдың кезінде Құрайыш тайпасы бәдәуиліктен[5] жергілікті өмір сүру тәрзіне ауысты. Сондай-ақ Құсай ибн Килаб Меккедегі арабтардың Кеңес үйін (Дар ан-Надуа), Қағбаға келген қажыларға су беру (Сиқайе) сияқты маңызды құрылымдардың негізін қалады [3.125 б.]. Бір сөзбен айтқанда Құсай ибн Килаб Құрайыш тайпасын жинап басын қосқан, Меккенің саяси жүйесін, қоғамдық болмысын бір жүйеге келтірген алғашқы адам ретінде Мекке тарихында қалды.

 

Исламға дейінгі Мекке қаласының басқару жүйесі

Мекке қаласы, жалпы Хижаз аймағы 4-5 ғасырлардағы Араб түбегінде сол кездегі алпауыт Византия және Сасанилер (парсылар) империялары тарапынан басып алынбаған аз жерлердің бірі еді. Себебі, Хижаз жері таулы-тасты болғандықтан әскер баруы қиын болатын. Оның үстіне Хижаздың шөл даласында басқыншыларды қызықтыра қоятын байлық та жоқ еді. 

Жалпы, Исламнан бұрынғы Меккенің басқару жүйесінің сол кезде мемлекеттерге ұқсамайтын өзіне тән өзгешіліктері бар болатын. Ол кездегі Мекке қала болғанмен, ешкімге тәуелсіз өз-өзін басқарып тұрғандықтан оны қала-мемлекет деп те атауға болады [4]. Бірақ, Меккенің уысына алып басқарып отырған жалғыз патша не сұлтан жоқ-ты. Ол кезде Араб түбегінде адамдар тайпа-тайпа болып өмір сүретін. Ал, Меккені сол кезде мекендеген Хашим, Үмейа, Науфал, Мұталлиб, Тәйім деген сияқты ірі тайпалар билеуде еді. Қарабайым тайпаның басшысы «Сәййід», ал үлкендеу тайпаның басшысы «Мәлик» деп аталатын. Ал тайпалардың үстінен қарайтын үлкен басшыны «Хакем» деп атайтын. Алла елшісінің (с.а.у.) атасы Абд ал-Муталлиб сол кездегі хакемдерден еді. Тайпа басшысын тайпаның өкілдері өздері сайлайтын және бір істі бастау үшін де басшыға тайпа мүшелерінің рұқсатын алуы шарт еді [5.41 б.]. Тайпа басшысы тек қана басқарып қана қоймай, қабиланың рухани лидері болып та саналатын.

Жоғарыда айтып өткеніміздей Меккенің басқару жүйесі өзгеше еді. Дегенмен, қала-мемлекетті басқарып отырған бір адам болмағанымен шаһар мен шаһар тұрғындарының, Меккеге келген қонақтардың қажеттіліктерін өтеп отыратын құрылымдар бартұғын. Мысалы, қажыларға су беру жағын бір тайпа, азық-түлікпен қамтамасыз ету жағын бір тайпа, Құрайыштың сыртқы саясатын тағы бір тайпа жүргізетін. Құрайыштардың атасы Құсай ибн Килаб негізін салып кеткен бұл құрылымдарды қазіргі тілмен министрліктер деуге болады.

Әр министрлік әр қабиланың жауапкершілігінде болды. Әрқайсысының өз аттары болған бұл құрылымдардың саны пайғамбарымыз (с.а.у.) заманында он екіге жеткен болатын. Олар мыналар: Рифаде – кедейлерді тамақпен қамтамасыз етуге жауапты; Қияда – соғыс уақытында әскерді басқару ісіне жауапты; Сиқая – қажыларды сумен қамтамыз етуге жауапты (Бұл қызмет Алла елшісінің (с.а.у.) әулетіне тиесілі еді); Надуа – маңызды істер талқыланатын Мекке қаласының мәжілісіне жауапты; Хижаба – Қағбаның күтіміне, сыртына асатын матасына, кілтіне жауапты; Лиуа – Құрайыштың туын көтерушілер; Ашнақ – диеттің[6] өтелуі, жәбірленушіге қаншалықты зардап келгенін анықтауға жауапты; Құбба – соғыс кезінде шатырлар құру және ақша жинау ісіне жауапты; Сифарет – Құрайыштардың сыртқы елдермен қарым-қатынасына жауапты (Омар бин Хаттаб осы құрылымда қызмет атқаратын); Айсар – пал ашу жұмысына жауапты; Машура – Құрайыш тайпаларының лидерлерімен кеңесе отырып шешім шығарушы құрылым;  Хукума – пұттарға аталған мал-дүниенің сақталуына жауапты [6.33-68 б.].

Діни ахуал. Ислам келмей тұрып Араб түбегінде жалпылай алғанда аз мөлшерде болса да христиандар, Палестинадан келген яһудилер және солтүстік Сасани империясынан келген мажусилер[7]  де бар болатын. Яһуди дінін ұстанатын тайпалар көбінесе Ясриб[8] қаласында өмір сүретін. Сондай-ақ деректерде Уарақа бин Науфалдың[9] христиан дінін ұстанғаны айтылады. Осыған орай Меккеде христиандардың да болғанын айтуға болады. Ал негізінде Мекке қаласысының тұрғындарын мүшріктер құрайтын. Дегенмен араларында пұттарға табынуға бас тартқан, аталары Ибраһимнің тәуһид дінін ұстанған «ханиф» деп аталатын адамдар да бар еді. Бұл адамдардың белгілі бір ғибадат ету тәртіптері жоқ еді. Әр қайсысы өздерінің білгендеріне амал қылып, жалғыздықта құлшылық жасайтын. Ұбайдулла бин Шахс, Осман бин Хуайрис, Зайд бин Аст, Әбу Бәкір Сиддиқ Исламнан алдыңғы дәуірдің белгілі ханифтері еді. Сондай-ақ, сол кездегі атақты шешен Құс бин Сайда мен тайыфтық шайыр Ұмайа бин Абу Салт та жалғыз Құдайға табынатын ханифтерден болатын [7.171-172 б.].     

 

Пұтқа табынушылық Меккеге қашан келді?

Негізі Мекке Ибраһим пайғамбардан бері әрқашан жалғыз құдайшылық дінін ұстанғандарың ортасы болып келген еді. Дегенмен, уақыт өте келе олар аталары Ибраһимнің дінінен ұзақтап кетті. Пұттарға табынып, Аллаға серік қосуды бастады. Меккеге ең алғашқы ширкті Хузаа тайпасының билігі кезінде Амр бин Лухай деген кісі әкелген болатын [8.254 б.]. Бұл кісі Шам аймағындағы әл-Жазира деген жерге сапар шегіп, сол елдегі адамдардың пұтқа табынып жатқандарын көреді. Амр Бин Лухай ол адамдардан неге пұтқа табынып жатқандарын сұрайды. Олар осылай Құдайдан жәрдем сұрайтындарын, осының арқасында Құдай оларға құрғақшылық кезінде жаңбыр беретінін айтады. Бұған қызыққан Амр бин Лухай олардан өзінің қауымы үшін де бір пұт істеп беруін өтініп, жасалған пұтты өзімен бірге Меккеге алып келеді. Бұл кейіннен меккеліктердің ең үлкен пұтына айналатын «Хубел» атты пұт еді. Осыдан бастап Меккеде пұтқа табынушылық жайыла бастады. Пайғамбарымыз заманында Қағба ішінде тура 360 пұт болатын [9.121 б.]. Осы тұста айтып өтетін мәселе меккеліктер пұтқа табынғандарыменен олар Аллаға сенетін. Исламнан бұрын да олар «Алла атыменен!» деп ант ішетін, бір істі бастамай тұрып «Алланың атымен бастаймын» дейтін, сондай-ақ оларда «Абдулла» (Алланың құлы) деген есім кең таралған еді. «Олар Аллаға сенсе, ендеше пұттарға неге табынатын?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Себебі, олар сол пұттарына табыну арқылы Құдайға жақындаймыз деп ойлайтын. Яғни, бұны Құдайға жағу үшін істейтін.

Ескере кететін тағы бір жәйт, пұтқа табынушылық пен ширк түсініктерінде айырмашылық бар. Нағыз пұтқа табынушылар Құдайдың көп екеніне сенеді және соларға арнайы пұттар жасап табынады. Бұған ежелгі грек діни сенімін кіргізуге болады. Ал, ширк – Алланың бар екеніне сене отырып оған серік қосу. Құдайымызға жақындаймыз деген үмітпен пұттарға табыну. Жоғарыда айтып өткеніміздей Меккедегі арабтардың сенімі екеншісіне жататын еді. 

 

Мекке экономикасы

Меккеліктердің негізгі табыс көзі мал шаруашылығы мен сауда-саттық болатын. Мал шаруашылықпен көбінесе көшпелі арабтар айналысатын. Олар түйе, қой бағып солардың сүтін, жүндерін сатуыменен күн көретін. Бәдәуилер бір жағынан жолдан өткен-кеткен керуендерді тонау арқылы да тіршіліктерін қамтамасыз етіп отыратын. Осы тұста айта кететін қызық нәрсе: қарақшылар жолдағы керуендерді тонағаныменен, құрайыштардың саудагерлеріге жолығып және олардың құрайыш тайпасынан екенін білетін болса, оларға тиіспей жіберетін. Себебі құрайыштар қасиетті жерде тұрғандары үшін, оларға қарақшыларға дейін құрмет көрсететін еді. Сол үшін де құрайыштардың басқа тайпалар алдында абыройлары асқақ болатын.

Мекке қаласының отырықшы тұрғындары көбінесе сауда-саттықпен айналысатын еді. Олар қыста Йеменге, ал жазда Шам жерлеріне керуендер жіберетін. Құрайыштар Йеменнен алтын, жолбарыс терісі, асыл-тастар, қару-жарақ, дәмдеуіш сияқты заттар алып, оларды Сирияға апарып сататын. Ал, қайтар жолда шамдықтардан бидай, зәйтүн, мата, жібек, ыдыс-аяқ сияқты күнделікті тұрмысқа қажет керек-жарақты таситын. Сондай-ақ Мекке мен Мәдине қалалары Йемен мен Шамға баратын сауда жолдарының ортасында орналасуы оларға стратегиялық маңыз берді әрі тұрақты экономиканың кепілі болатын. Ол кездегі арабтар халықаралық және ішкі валюта ретінде басқа да халықтар сияқты Византияның динары мен Парсы империясының дирхамын пайдаланатын еді [10]. Себебі, бұл екі алпауыт мемлекет сол кездегі саяси және экономиалық державалар ретінде дүниенің биржасын қолдарында ұстап отырды (Қазіргі таңдағы АҚШ-пен, кейбір ірі Европа мемлекеттері сияқты).  

Жалпы, Исламның пайда болатын заманында Араб түбегінде мына қалалар белгілі еді: Мекке, Тайыф, Йасриб, Йанбу, Сана, Хижр, Хайбар, Сухар, Даба, Фадак, Тайма, Вадил-Кура және Макна [11.51 б.].

Арабтар жылдың белгілі маусымдарында Араб түбегінде әртүрлі жәрмеңкелер ұйымдастырып тұратын. Саудагерлер осы жәрмеңкелерге заттарын әкеп өткізіп, өздері жаңа тауарлар сатып алатын. Бұл жәрмеңкелердің атақтылары мыналар еді: Думатул-жандал, Мұшаккар, Сухар, Деба, Маһра, Аден, Тайыф, Нахла, Указ т.б. Аталмыш жәрмеңкелер де арабтардың негізгі табыс көздерінен болатын. Бұл жәрмеңкелерде тек қана сауда-саттық жасалып қана қоймай, шайырлардың шиірлер оқитын мәдени жиналыстары ретінде танымал. Оған қоса жәрмеңкелерде қабилалар бір-бірінің мәденеиеттерімен, әдет-ғұрыптарымен алмасатын [12.322-324 б.].

Қабила заңы. Меккенің тұрғындары кірпіштен жасалған үйлерде отырықшы өмір сүретін. Бұлар «Хадарилер», ал далада көшіп-қонып өмір сүретін арабтар «бәдәуи» деп аталатын. Тағы бір арабтардың түрі жартылай-отырықшы түрде өмір сүретін еді. Бұлар көбінесе керуендердің сапарда дем алатын жерлерінде орналасатын [13.101 б.]. Дегенмен көшпелі, отырықшы, жартылай-отырықшы болып сүріп жатқан арабтарды байланыстырып тұрған бір нәрсе бар болатын, ол – бәрінің қабила заңы бойынша өмір сүрулері еді (қазақша айтқанда тайпа заңы). Қабила деп – бір атадан тараған, аралары қанмен жалғасқан ағайын-бауырлардан құралған адамдар тобын айтады. Қабиланың басшысын тайпа мүшелері өздері таңдайтын және мәлик (басшы) олармен әр ісінде ақылдасып отыратын. Қабила өзінің әрбір мүшесін қандай жағдайда болмасын, тіпті кінәлі қабила мүшесі болса да қорғайтын. Біреуі басқа тайпадан жәбір көрсе оның кегін қайтаруы үшін бәрі соғысуға дайын болатын. Ал келісімге келсе, сөздерінде тұратын. Бір сөзбен айтқанда қабила түсінігінде «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ұран үстем еді. Мысал, ретінде айтатын болсақ, Алла елшісі (с.а.у.) Меккеде көкесі Абу Талибтың қорғауында болады, ол өлгеннен кейін Абу Лахаб[10] пайғамбардың қас дұшпаны болса да, әулет басшысы ретінде немере інісін мүшріктерден қорғауға уәде береді (дегенмен кейіннен мүшріктердің азғыруыменен райынан қайтты).

Сондай-ақ ол кезде Меккенің тұрғындары «маула» (тайпа басшылары), «ахрар» (еркін адамдар) және «ибад» (құлдар) болып үш категорияға бөлінетін. Үшінші яғни құлдардың ешқандай құқықтары жоқ еді. Олар атадан балаға мирас ретінде қалып отыратын зат ретінде қаралатын.

Әдебиет. Меккедегі арабтарда жазу-сызу қатты дамымағанымен ауыздан ауызға айтылатын жыр-дастан, хикметті сөздер көп таралған. Себебі арабтардың жаттау қабілеттері ерекше еді. Ол кездегі Араб түбегінде әдебиеттің ішіндегі ең дамыған түрі шиір болатын. Әр қабиланың, әр қаланың өз шайыры бар еді. Ол шайырлар өздерінің қабилаларын мақтап, тарихты ақтаратын. Бір шайырдың сөзімен бір қабиланың абыройы көтеріліп не түсіп кетуі мүмкін еді. Кейде шайырлар арасында жарыстар өткізіліп отыратын. Бәсекеде жеңіп шыққан ең мықты шайырдың шиірі Қағбаның қабырғасына ілінетін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) заманындағы Қағбаға асылған сондай атақты шиірлердің бірі «Муаллақат Сабға» (Асулы жетеу) еді[14].  Оған қоса шайырлар болған оқиғаларды шиір жолдарымен ел арасында таратып, бір жағынан сол кездегі БАҚ рөлін де атқаратын. Ескі арабтардың тарихы да көбінесе осы шиір жолдарымен ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырды.

Арабтар ол замандарда үлкен оқиғалардың басталуын тарихтың бастауы ретін алатын. Мысалы, Алла елшісі (с.а.у.) заманында меккеліктерде екі күнтізбе түрі бар еді. Біріншісі, 571-шы жылғы Піл оқиғасы болса, екіншісі Уәлид бин Мұғираның 622-де өлген жылы еді.

Меккедегі отбасы түрлері. Арабтар ерлі-зайыпты мен оның балаларынан құралған отбасыны «Иял» (кішкентай отбасы), ата-ана және оның балдары мен немерелерінен құралған кең отбасыға «Әл» (үлкен отбасы) деп атайтын. Исламнан бұрын Меккеде үйлену бірнеше түрде іске асатын. Неке қию рәсімінің де бірнеше түрі болғаныменен қазіргі біз білетін некелесу түрі де бар еді. Сондай-ақ уақытша некелесу, бір-бірінің әйелдерін ауыстыру, біреудің ұрпағын алу үшін оған әйелін бере тұру, баласының әкесінің өлімінен соң өзінің өгей анасына үйленуі, қалың мал бермеу үшін қыздарын ауыстыру сияқты некелесу түрлері де бар еді. Дегенмен Ислам келгеннен кейін шариғатқа да, ақылға да сай емес бұл неке түрлерінің барлығы харам етілді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. İbrahim Sarıçam. Hz. Muhammed ve Evrensel mesajı.  Diyanet işleri başkanlığı yayınları. – 2014.
  2. Азрақи. Ахбар ул-Макка. – Бейрут, 1969. III басылым. I том.
  3. Ибн Хишам. Сира. I том.
  4. İhsan Süreyya Sırma. Müslümanların tarihi. – İstanbul, 2014. I.
  5. Sarwat Anis Al-Assiouty. Jesus Le Non-Juif. – Paris, 1987.
  6. İbrahim Sarıçam. Emevi-Haşimi İlişkileri. – Ankara, 1997.
  7. Алуси. Булуғ ал-Араб. – Бейрут.  II том; Ибн Хабиб. Ал-Мұхаббар.
  8. Йақуби. Тарих. I том; Ас-Сұхайл. Ар-Рауд. I том.
  9. Азрақи. Ахбар ул-Макка. I том.
  10. Жауад Али. Тарих ул-араб қабл ал-ислам. – Бағдад,  1951; Абдулмалик бин Құрайыз. Ал-асмаий тарих ул-араб қабл ал-ислам. – Бағдад, 1959.
  11.  I том. Philip Hitti. Siyasi ve Kültürel İslam Tarihi. Çev. Salih Tuğ. – İstanbul, 1995. I.
  12.  Abdülkerim Özaydın. “Arap”. DİA, III.; Ebü Şühbe. I.
  13. Ибн Халдун. Кибабул Ибар. – Бейрут, 1979. I том.
  14. Имруил Қайс. Муаллақат Сабға. Аударған: Шарафутдин Йалткайа. –Стамбул, 1943.

[1] Қызыл теңіз мен Хижаз арасындағы жазық жағалаудың аты.
[2] «Әл-Имран» сүресі, 96-аят.
[3] Египет пен Синай жерлерін мекендеген ежелгі көшпелі араб тайпасы. Олардың барлық арабтардың атасы Кахтаннан тарағаны айтылады. Амалика туралы мәліметтер б.э.д. 15-12 ғасырлардағы Мысыр жазбаларында кездеседі.
[4] Құсайыб ибн Килаб жастайынан әкесінен айрылып, анасы Сириядағы бір ауқатты кісіге күйеуге тиген болатын. Балалық шағы Шамда өтті. Сол себепті Сирияда оны қолдайтын ағайындары бар еді.
[5] Көшпеліліктен
[6] Адам өлтірілгенде, не біреуді біреу жарақаттағанда берілген зардапқа сай өтелетін құн.
[7] Отқа табынушылық.
[8] Медине қаласының ескі аты.
[9] Алла елшісіне (с.а.с) алғашқы уәһи түскен кезінде Хадиша анамыз бұл ғажайып оқиға туралы мәлімет алу үшін Уарақа бин Науфалға барған болатын.
[10] Алла елшісінің (с.а.с) әкесінің ағасы.

0 пікір