Исламда кітап оқудың маңыздылығы
Исламда кітап оқудың маңыздылығы
5 жыл бұрын 3607

Жалпы мәдениет тарихында адамзат ұрпағының, әр халықтың алатын орны оқыған кітабының санымен айқындалады. Біз бұл күндері өндіріп оқып жарытпасақ та, түрлі-түсті мұқабалы кітап атаулының біразын сырттай иеленіп, сатып алып, көңіл көншітетін ұрпақтың өкіліміз.
Не дегенмен, кейінгі жылдардың мықты бір жетістігі - талай үйлердің төріндегі көз жауын алатын сәнді мұқаба, салмақты кітаптардың көбеюі. Бұл – сөз жоқ, заман талабы, жақсылық шарапаты.

Біреу әдетте бүгін оқымасам ертең оқырмын деп кітап жинайды.
Енді бір топ өзім оқымасам да, балаларым оқысын, ұрпағым оқысын дейді. Әсіресе болашаққа сенген, ұрпағына сенген осы адамның пейілі қандай таза еді! Шынында да, кім біледі, күндердің күнінде ата-ананың ақ тілеуін ақтайтын кітапқұмар бір ғұлама тап осы шаңырақтан шығып қалар.

Кітап оқу – өнер. Әр адам өз мамандығына орай, жалпы қызығатын, құмартатын тақырыбына, талғам-талабына, қабілетіне қарай толассыз шығып жатқан қыруар өнімдер тізбегінен қажетті кітаптарын таңдай білуінің өзі – өнер. Мүмкіндігінше кеңірек қамтып, көп оқу, тынымсыз оқу парыз, әрине. Бірақ біздің заманымызда, әсіресе дәл қазіргі қомдасқан қауырт кезеңде ғасырлар бойы адамзат ақыл-ойы тудырған қисапсыз рухани байлықты түгел санаңа сіңіріп, жан-жақты білімдар болу оңай шаруа емес. Мұндайда тек талғам таразысы ғана сүбелі сөзін сұрыптай алады. 

 

«Ислам дініндегі кітап оқудың рөлі» 

Ислам діні – ілім, білімге ерекше көңіл бөлетін иләһи дін. Оны ең алғашқы  «Оқы» (Алақ, 1-аят) деген аяттан-ақ байқауға болады. Құранда оқы деген мағынаны білдіретін «қирағат» сөзінен тарайтын 87, ал жазу мағынасында келетін үш бөлек сөзден тарайтын 336, ғылым деген мәндегі және сол мәннен тарайтын 780 сөздің кездесуі бізге ой салуы тиіс. Қазақ халқы да «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп білімдінің дәрежесін сөз етсе, енді бірде «Оқу инемен құдық қазғандай» деп, білім ізденудің оңай емес екенін айтады.

Екі күні бірдей өткен адам зиянда» деп, күн сайын білімге білім жамап отырудың қажеттігін ескерткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің де (с.а.с.) оқуға, ілім үйренуге шақыратын хадистері көп. «Садақаның ең жақсысы - ілім үйреніп, оны басқаларға үйретуі»[Тирмизи], «Көк пен жердің арасындағылар, илеуіндегі құмырсқа, теңіздердегі балықтарға дейін (бүкіл тіршілік иелері) ілім үйренушіге игі дұға тілейді»[Тирмизи], «Алла ілім арқылы бірқатар ұлттардың абыройын биіктеді, жақсылықта басқаларға жолбасшы етеді, ел солардың ізіне еретін болатын» [ибн Абдул Бар, «Жәмиғ» 66] деген хадистерін осылардың қатарында атап өтуге болады.

Кітапқұмарлық тұрғысынан үш-төрт мұсылман ғалымның өмірін мысал ете кеткен де орынды. Айталық, 63 жасында қайтыс болған әйгілі мұсылман ғалымы Фахраддин ар-Рази артына ғылыми маңызы зор екі жүз еңбек қалдырған. Жазған кітаптарын қаттап тізгенде, кісі бойынан асатын деседі. Тәпір саласында жазған еңбегінің өзі он екі мың бетті құраған. Бұны өміріне шаққанымызда, балалық шағынан бастап күніне 15-20 бет ғылыми зерттеу жазған болып шығады. Дастарқан басына отырғанда да ол бір жағы тамақ жеп, бір жағы кітапқа шұқшиюдан бас алмаған.

Ал әл-Жахыз атты ғалым түнімен кітапханаларды жалға алып кітап оқыған көрінеді.

Кітапқұмар тағы бір кісі XI ғасырда Фатимидтер билеушісі Махмұддудәулә ибн Фатих еді. Ол медицина, математика және пәлсапа ілімдерін үйреніп, өзі де сол салаларда көп қалам тербейтін. Ибн Әби Ұсайбия: «Ол көп жазатын. Өз қолымен жазған көп еңбектерін таптым», - деген. Махмұд ибн Фатихтың жинаған кітабының есебі жоқ еді. Қызығы сол, Ибн Әбу Ұсайбаның жинаған кітаптарының көбі иістеніп, бүлініп, суға малынғандай әсер беретін. Кітаптардың бұл жағдайын Каирлік ғалым Шейх Садиддин былай түсіндірген:

«Фатих билеуші ілімқұмар болғандықтан, бір кітапхана салдырған еді. Атынан түсе салысымен, кітапханасына жүгіретін. Оны ешкім кітаптан бас тартқыза алмайтын. Басқа көп ештеңеге көңіл бөлместен оқу-жазу ісімен айналысатын. Өйткені бұл істі өте маңызды деп санайтын. Әйелі де өзі секілді текті әулеттен шыққан кісі еді. Күйеуі қайтыс болысымен, әйелі жалшыларды ертіп барып, кітапханадағы барлық кітаптарды су толы кең хауызға тастатыпты. Күйеуінің қайғысына да қарамады. Өйткені ең жек көретіні осы кітаптар еді. Күйеуі осы кітаптарға шұқшиятыны соншалық - әйеліне де көңіл бөлмейтін. Кейіннен кітаптар судан шығарылады, алайда көпшілігі иістеніп, бүлініп қалған еді».

Кітап оқу - білімділікке баулиды. Ал білімсіздік - адамның опа бермес дұшпаны. Көп қателік білімсіздіктен туатыны даусыз. Білімді адамға өмірде қашанда жол ашық болады. Ел де білімді адамды құрметтейді. Өйткені білімді адам әрқашан елге пайдасын тигізеді. Оны маңайына жарық түсірген шамға ұқсатуға болады. Ал білімсіздің өзгелерді кері сүйрегеннен басқа берері болмайды. Өйткені, өзі ұйқыдағы жанның басқаларды оятуы мүмкін емес. Сол себепті Құранда

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ

«Білімділер мен білімсіздер тең бе?» [Зумар, 9-аят] - делінген.

 

Оқуға кітап беру

Кітап жинау, кітап саудасы, кітап таңдай білу, насихаттау, оқушы талғамын тәрбиелеу мәселелері – бүгінгі таңдағы ең көкейкесті тақырыптардың бірі. Гәп сенің тек оқыған кітабыңның санында емес, ең алдымен, қандай кітап оқығаныңда, қалай оқығаныңда, яғни оқуыңның сапасында, санаңа сіңіріп, ақыл-ой даналығынан сабақ ала білуіңде.

Әдетте кітапқа байланысты сөз қозғалғанда, әркім өзі ғажайып әсер алған әлдебір шығармаларды «міндетті түрде оқу жұрттың бәріне парыз» деп есептеген жағдайда он-сан атаулар, авторлар тізімі беріліп, нақты бір тақырыптар төңірегінде пікір алмасулар да болып жатады. Бағалы кітаптарды насихаттаудың бұл да бір баянды жолы екені даусыз!

Әл – Хатиб әл – Бағдадидің «Әл-Жәмиғ» атты еңбегінде оқуға кітап беруге арналған тақырыпта «Кітап беруге ынталандыру және сол істе сараңдық жолын таңдағандарды айыптау» деген қызықты хикаят түрінде және өлең тілімен жазылған тарау бар. Сонымен бірге ол аталған кітабында Уақиғ ибн Жаррахтың: «Хадистен шыққан үкімдер бойынша, кітапты оқуға беру – ең бір абзал іс»,-дегенін де келтірген екен.

Бірде Әбу әл-Атахиядан: « Маған пәлен мен пәлен деген дәптеріңді оқуа бере тұр»,-деп біреу сұраған екен.  Әбу әл-Атахия оған: « Дәптерім біреудің қолында жүргенін  ұнатпаушы едім»,-дегенде әлгі бауыры оған: « Игілікті істерді көңіліңнің қалаған-қаламағанына қарамай (нәпсіңді жеңу арқылы) жасау керектігін білмеуші ме едің?»,-дейді.

Әл Хатиб әл-Бағдади сонымен бірге кітап алушыға арнап тағы да «Алған кітапты уақытында егесіне қайтару» деген тарау арнаған.

Ал бұрыңғы өткен ғұламалардың кеббірі оқуға алған кітапты егесіне қайтармауды «кітап ұрлау» деп есептесе, екіншілері: «Білім парақтарын ұрлаған, динар немесе дирхам ұрлағанмен пара-пар»,-деген. 

Үйінен кітап көрмеген бала кітапханаға бармайды

Кітап оқу мәселесін бірінші орынға қою – міндет. Қазір кітап оқу өзекті тақырыпқа айналып отыр. Оның құндылығы мен пайдасын зерделеу кенже қалып бара жатыр. Жастарды айтпағанда, үлкендеріміздің көбісі кітап оқымайды.  Олардың құр сөзбен «балам, оқы» деп шектеліп жүргені ащы болса да шындық. Енді бұл мәселені қайтіп шешпек керек?

Кітап оқыту отбасынан бастау алады. Сол себепті, әр үйде шағын кітапханаға лайық  кітап сөрелері жасалып, маңызды деген кітаптар жиналуы керек. Қазір, бір кітабы да жоқ үйлерді көріп жүрміз. Ал, үйінен кітап көрмеген бала кітапханаға бармайды. Оны қажеттілік деп те білмейді. Ата-ананың мүлт кететін қателігі де осы.

Көп адамдар қазір «сапалы кітап жоқ әрі бағалары да қымбат» деп сылтауратады. Қате пікір! Біріншіден, сапалы кітаптар бар. Кезінде аналарымыз көз майын тауысып, жастанып оқыған «Батагөз» романы  секілді немесе қазіргі таңдағы «Оң қол» секілді шығармалар джа жетерлік. Тек оны таңдайтын талғам, «іздейтін уақыт» жоқ. Ал бағасына келер болсақ, кітапты алатын адам болмаған соң бағасының шарықтауы заңды. Егер барлығымыз кітап оқуға көшсек, оның да проблемасы шешіледі.

PS: «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін ­интеллигент бола бастадым деп ­санауына болады» деп ­жазыпты ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов. Қоғамда кітап оқудың құндылығын ұққандар мен кітап оқымайтындар деген екі категорияның бір-бірінен айырмашылығы тереңдей бермек. Сондықтан кітап оқу мәде­ние­тін ­насихаттау жөнінде жүйелі іс-шаралар жүргізумен қоса, жас буынның әдеби, тарихи, көркем ойлау жүйесін ұлттық мүддеге сай қалыптастыру мәселесін қаперде ұстасақ игі.

 

Сабырғалиев Нұрлыбек,
Ақтөбе облысы, Темір ауданы,
«Шұбарқұдық кәсіпшілігі» мешітінің Бас имамы,
Халықаралық Журналистер Одағының мүшесі

 

0 пікір