ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ БАСТАУ АЛҒАН БЕСІГІ – КУФА МЕКТЕБІ - 1
ХАНАФИ МӘЗҺАБЫНЫҢ БАСТАУ АЛҒАН БЕСІГІ – КУФА МЕКТЕБІ - 1
8 жыл бұрын 5757
Қайрат Жолдыбайұлы
1-БӨЛІМ

Ханафи мәзһабының бастау алған бесігі сөзсіз Куфа мектебі. Әсілінде, кез-келген құбылысқа заман мен ортаның, тарихи оқиғалардың, адами факторлардың, қоғамдық сананың әсер ететіні ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда Куфа мектебінің негізгі мұрагері ретінде ханафи мәзһабының табиғатын түсіну үшін Куфалық мектептің жіті зерттеліп, зерделенуі қажеттігін сезінеміз. Куфа фиқһ мектебі қалай қаланды? Оның бастауында кімдер тұр? Куфалық мектептің ерекшелігі неде? Куфа мектебінің Ханафи мәзһабымен сабақтастығы қалай өрбіді. Міне бұл тақырыптар әлі де жіті зерттелуді қажет етіп отыр.

Тарихқа үңілер болсақ, Омар ибн Хаттаб заманында Сағд ибн Аби Уаққастың қолбасшылығында Ирак өңірі бағындырылғаннан кейін Куфа қаласын тұрғызу жұмысы қолға алынады. Сөйтіп һижри 17-жылы Куфа қаласы салынады. Куфа шаһары аз ғана уақыттың ішінде фиқһ пен хадистің, басқа да діни ғылымдардың орталығына айналып үлгереді. Әбу Ханифаға дейін мұнда небір ардақты сахабалар мен алдыңғы буын табиғиндер ғұмыр кешіп, Куфаға тән әзіндік мектеп қалыптастырып үлгереді.

Омар ибн Хаттаб Құран тағылымын, фиқһ ілімін үйрету үшін Абдуллаһ ибн Масғудты Куфа халқына аттандырған еді. Әзіреті Омар Куфа  халқына былай деп хат жолдаған: «Мен сіздерге басшы ретінде Аммар ибн Иасирді, ұстаз әрі ортақ қазынаға жауапты адам ретінде Абдуллаһ ибн Мәсғудты жіберіп отырмын. Екеуі де Бәдір шайқасына қатысқан Алла елшісінің (с.а.у.) таңдаулы асхабынан болмақ. Екеуіне бойұсынып, сөздеріне құлақ асыңыздар. Өзіме Абдуллаһ (ибн Мәсғуд) қатты қажет бола тұра, оны сіздерге жіберіп отырмын»[1].

Зерттеушілер Куфа фиқһ мектебінің осы әз сахаба Абдуллаһ ибн Мәсғудтан бастау алатындығын алға тартады. Ендеше, жоғарыда халифа Омардың «өзіме керек еді» деп қимай-қимай Куфа қаласына дін үйрету үшін сенім артып жіберген әз сахаба Абдуллаһ ибн Масғуд кім еді? Деректер келтіре отырып, қысқаша түсіндіре кетейік.

Абдуллаһ ибн Мәсғуд алғашқы сахабалар арасынан алтыншы болып исламды қабылдау бақытына кенелген санаулы сахабалардан[2]. Абдуллаһ ибн Мәсғуд Алла елшісінің (с.а.у.) жанынан бір елі ажырамайтын етене жақын хас сахабаларының бірі, тіпті, бірегейі болатын. Әз сахаба мұсылмандықты қабылдаған соң, Алла елшісінің (с.а.у.) жанында жүремін деп өзіне сөз берген. Қасим ибн Абдур-Рахман былай дейді: «Абдуллаһ ибн Мәсғұд Алла ешісінің (с.а.у.) үнемі аяқ киімдерін кигізетін. Қолына аса таяғын ұстап Алла елшісінің алдында жүретін. Алла елшісі бір жерге аялдайтын болса, оның аяқ киімін шешіп, өз қолтығына қысатын да, Алла елшісіне (с.а.у.) аса таяғын ұстататын. Алла елшісі көз ілсе, уақытында оны ұйқыдан оятатын. Ғұсыл құйынса, көлегейлеп жауып тұратын. Ол Алла елшісінің мисуагы мен аяқ киіміне, жастығына, дәрет суына қарайтын»[3].

Абдуллаһ ибн Мәсғуд пайғамбарымыздың әрбір әрекетін қалт жібермеу үшін үнемі жанынан табылуға тырысатын. Тіпті, мұсылмандардың уақытша жеңіліске душар болған қан майдан Ухуд соғысы кезінде де Абдуллаһ ибн Мәсғуд Алла елшісінің (с.а.у.) жанынан табылған төрт сахабаның бірі. Бұл жайында Әбу Мұса әл-Ашғари: «Бауырымыз екеуміз Йеменнен келген соң белгілі бір уақыт тұрақтап қалдық. Абдуллаһ ибн Мәсғуд пен шешесінің Алла елшісінің (с.а.у.) үйіне жиі кіріп-шығып, жанында көп уақыт бірге болатындықтарын көргенде, оларды Алла елшісінің (с.а.у.) әулетінен деп ойлап қалдық»[4] - деп, ибн Мәсғұдтың Алла елшісіне деген қаншалықты жақын екендігін білдірген.

Алла елшісі әз сахаба жайлы көптеген жақсы жауһар сөздерін арнаған. Мысалы, «Ибн Умму Абдтың (Абдуллаһ ибн Мәсғуд) ұнатқан нәрсесін үмбетім үшін де ұнаттым»[5] - деген. Алла елшісінің мүбәрак аузынан шыққан осынау сөз Абдуллаһ ибн Мәсғұдтың іліміне, парасат-пайымына, Құран мен діннің рухын қаншалықты терең меңгергендігіне берген салмақты баға болса керек.

Алла Елшісі (с.а.у.) Абдуллаһ ибн Мәсғуд жайлы: «Кімде-кім Құранды жаңа түсіп жатқандай оқығысы келсе, Ибн Умми Абдтың (Абдуллаһ ибн Мәсғудтың) қырағатымен оқысын» - деген. Басқа бір хадисте: «Құранды мына төрт кісіден үйреніңдер: Абдуллаһ ибн Мәсғуд, Убай ибн Қағб, Муаз ибн Жәбал, Әбу Хузайфаның мәуласы Сәлім»[6] - деп, Абдуллаһтың (р.а.) Құран тағылымын қаншалық терең меңгергендігін меңзеген. 

Али ибн Әби Талиб Абдуллаһ ибн Масғуд хақында: «Ол Құранды мұқият зерделеп оқыды. Құранның халал дегенін халал, арам дегенін арам қылды. Ол сөзсіз дінді терең түсінген фақиһ, сүннетті жақсы білген ғалым» - деген.

Сахаба Хузайфа былай дейді: «Өзінің түр-сипатымен де жүріс-тұрыс, биязылық, салмақтылығымен де адамдардың арасындағы Алла елшісіне (с.а.у.) ең ұқсасы Абдуллаһ ибн Мәсғұд еді»[7].

Табиғиндерге жататын аса қадірлі Куфалық фақиһ ғұлама Масруқ ибн ал-Аждағ: «Мен Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) көптеген асхабымен бірге болдым. Олар бейнебір ішкеннің шөлін қандыратын су толы ыдыс секілді. Олардың кейбіреуі бір адамның, енді бірі екі кісінің, келесі біреулері он адамның, тағы біреулері жүз адамның, ал  қайсіберулері бүкіл жер бетіндегі адамзаттың бәрінің шөлін қандыратындай су толы ыдысқа ұқсайды. Міне, Абдуллаһ ибн Мәсғұд сол жер бетіндегі адамдзаттың шөлін қандыратын су толы үлкен ыдысқа ұқсайтындардан болатын»[8] - деп, Ибн Мәсғудтың терең іліміне тәнті болған. Бұхари мен Мүслимнен жеткен риуаятта Абдуллаһ ибн Мәсғуд былай дейді: «Өзінен басқа Тәңір жоқ Аллаға ант етейін! Қандай сүре түссе де мен оның қай жерде түскенін, қандай аят түссе де мен оның қандай мәселеге байланысты түскенін білемін. Егер қайсыбір адамның Алланың кітабын менен де артық білгенін білсем, түйе жететін жерде болса, мен ол кісіге міндетті түрде барамын»[9].

Әзіреті Омар Абдуллаһ ибн Мәсғуд хақында: «Ол іші ілім мен фиқһ толы ыдыс» - дегені риуаят етілген[10].

Мәсруқ ибн әл-Аждағ атты көрнекті табиғин ғалымы: «Алла елшісінің барша сахабаларының ғылымы Али, Абдуллаһ ибн Мәсғұд, Омар, Зайд ибн Сәбит, Әбу Дәрда, Убай ибн Қағбқа барып тірелетінін байқадым. Ал осы алтауының білімі Али ибн Әби Талиб пен Абдуллаһ ибн Мәсғудқа барып тоқтайтынын көрдім»[11] - деп, әзіреті Али мен Абдуллаһ ибн Мәсғудтың сахабалар арасындағы тұңғиық білімділіктерін, шариғатты қаншалық терең меңгергендіктерін, діннің рухын қаншалықты түсінгендіктерін білдірген.

Міне, осындай Құран аяттары мен хадистерді терең меңгерген һәм Алла елшісінің үнемі жанында жүргендіктен былайғы жұрт біле бермейтін оның (с.а.у) сырлы халдерінен хабардар үмбеттің ғұламасы, әз сахаба Абдуллаһ ибн Мәсғұд Куфада дін ғылымын үйретіп, небір ғұламалар мен құқықшыларды жетілдірді. Куфа мектебін қалыптастырды.

Әзіреті Али Куфа қаласына халифалықтың орталығын көшірген кезде ондағы фақиһ ғалымдардың көптігін көріп қатты қуанып: «Умму Абдтың баласын (Абдулаһ ибн Мәсғудтың лақап аты) Алла өз рақымына бөлесін. Ол мына қаланы білімге толтырған екен». Басқа бір риуаятта: «Абдуллаһ ибн Масғудтың достары мына қаланың шамшырақтары ғой»[12] - деген.

Маннағул-Қаттан өзінің Ат-ташриғу уал-фиқһу фил-ислам тарихан уа манһажан» атты еңбегінде «Куфа шаһарында сахабалар басқа өңірлерге қарағанда едәуір аз болғандықтан, Алла елшісінің (с.а.у.) хадистері ол жерге аз жеткен. Сондықтан куфалық ғалымдар әр мәселеге хадистен дәлел таба алмағандықтан, «қиясқа», яғни салыстыру жолы арқылы ақылмен үкім шығаруға көбірек жүгінген»[13] - деген пікірді алға тартады. Алайда біз бұған келісе алмаймыз. Сенімді дерек көздері Куфа шаһарының Алла елшісінің (с.а.у.) хадистеріне толы екендігін айтады. Әбу Мұхаммад Рамһурмузи «Ал-мухаддисул-Фаасыл» атты кітабында Куфа қаласының хадисшілер мен фақиһтарға толы екені жайлы Әнас ибн Сириннен жеткен мынандай қызықты дерек келтіреді: «Куфа қаласына барған едім. Ол жерде 4000 адамның хадиспен айналысып жүргенін, ал 400 кісінің фақиһ дәрежесіне жеткенін көрдім»[14]. Имам Сарахси өзің «Мәбсуут» атты көлемді еңбегінде де Куфа қаласында сахаба Ибн Мәсғудтың 4000 шәкірті болғандығын айтады[15].

Имам Кәусари өзінің «Фықһул-ирақ уа хадисуһу» атты еңбегінде Рамһурмузидің осы дерегін келтіргеннен кейін: «Ал, енді Куфадан басқа қай қалада мұншалықты көп хадисшілер мен фақиһтерді кездестіре аласыз?»[16] - дей отырып, Куфа қаласының хадис риуаятында һәм фықһ саласында жайдақ емес, тіпті өзге шаһарлардан көш алдында екендігіне назар аударған.

Абдуллаһ ибн Мәсғудтан бөлек Ирак өңірінде, Куфа шаһарында қаншама сахабалар мен аға буын табиғиндер ғұмыр кешті. Жәлалуддин Суюти, Мұхаммад ибн Рабиғ әл-Жиизи сынды көрнекті ғалымдар Мысырда ғұмыр кешкен сахабалардың санын үш жүзге әрең жеткізеді. Ал ғалым әл-Ғижли Ирак өңірін қоспағанда, бір ғана Куфа қаласында 1500, оның ішінде жетпіс Бәдір шайқасына қатысқан ардақты сахабалар мекендеген деген деректі келтіреді[17]. Көрнекті табиғин Куфа қаласына ағаш астында серт берген 300 және Бәдір шайқасына қатысқан 70 ардақты сахабаның орныққанын айтады.[18]

Бұл тек Куфадағы сахабалардың саны. Ал енді оларды көзі көріп, амалдарына куә болған, айтқан хадистерін өз құлақтарымен естіп, жадтарында сақтаған, сахабалардың білім кәусарынан сусындаған қаншама аға буын табиғиндердің болғанын елестете беріңіз.

Ирак өңіріне қоныстанған сахабалар мен табиғиндер тек жергілікті хадис пен фиқһпен шектелмей, Мекке, Мәдина, т.б. мұсылмандар мекендеген елдерге сапар шекті. Куфаның ілімін сол жаққа, ал олардікін өздеріне жеткізді. Куфа қаласы халифалықтың орталығына ауыстырылғаннан кейін ол жер ғылым ордасына айналғандықтан, өзге шаһарлардағы ғалымдармен барыс-келіс көбейе түсті. Шартараптан ғылым иелері келіп қоныстана бастады.

Имам Әбу Ханифа тек куфалық ғұламалардың білімі және ол жердегі хадистермен ғана шектелмей басқа шаһарларға да жиі сапар шегіп тұрған. Сенімді дерек көздері Әбу Ханифаның санаулы ғұмырында елу бес рет қажылық құлшылығын жасағандығын айтады[19]. Әр жылы қайталанатын қажылық маусымында Мекке шаһарына сахабалар қоныстанған өзге өңірлерден де ғұламалардың келетіндігі даусыз. Демек, Әбу Ханифа өзге өңірлердегі ғалымдармен тығыз қарым-қатынаста болған. Куфаға жетпей қалған Алла елшісінің хадистері бар болса, осынау тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде  солардан да хабардар болды деуге толық негіз бар. Үнемі ізденісте жүретін ғылым иесінің елу бес рет қажылық құлшылығын жасаған уақытта, ондағы ғалымдармен пікір таластырып, ойындағы мәселелерді талқыға салмауы әсте мүмкін емес. Бұған көп дәлелдің бірі ретінде имам Әбу Ханифаның Меккеде Әузағимен кездесіп, намазда қолды қайта-қайта көтеру мәселесінде пікір таластырғанын келтіруге болады[20]. Міне, осы тектес деректер жоғарыдағы Маннағул-Қаттаның куфа шаһарына хадис аз жеткендіктен, ол жердің ғалымдарды мәселелерді ақылмен шешуге тырысқан деген болжамының негізсіз екенін көрсетеді.

Куфа мектебінің бастауы әзіреті Омар ибн Хаттаб, Али ибн Әби Талиб, Айша бинт Әби Бәкір, Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды Алла елшісінің үнемі жанында жүрген ардақты сахабаларға барып тіреледі. Ал олардың ізін Алқама ибн Қайс ән-Нахағи сынды олардың білім кәусарынан қана сусындаған білімдарлар жалғастырды. Ибн-Қайм әл-Жәузи өзінің "иъламул-муаққиъин" атты көлемді еңбегінде: "Куфадағы табиғиндердің көпшілігі білімді Омар, Айша, Алиден алды",[21] - деп жоғарыдағы айтылған көзқарасты қуаттай түседі.

Алқама ибн Қайстың өзі Алла елшісінің дәуірінде өмір сүрсе де, Алла елшісін көре алмай қалған мұхадрамға жатады. Алқама хақында Абдуллаһ ибн Мәсғуд былай дейді: «Мен нені білсем, сөзсіз Алқама да соны білгеніне көз жеткіздім». Қамустан жеткен риуаятта былай делінеді: «Әкеме: «Сіздер Алла елшісінің жақын сахабалары тұрғанда, оларды тастап неліктен Алқамаға жүгінесіңдер?» - деп сұрағанымда, ол: «Балам! Сахабалардың өзі Алқамадан фәтуа сұрайды емес пе?! Алқама Шам қаласындаға Әбу Дардаға және Мәдинадағы Омар, Зәйд, Айшаларға арнайы сапар шеккен. Ол бүкіл (мұсылмандардың шоғырланған) қалалардың ғылымын бойында жинай білген тұңғиық адам ғой», - деп жауап берді. Аға буын табиғиндерден Сағид ибн Жубайр да Куфа мектебі ғалымдарына жатады. Ол үмбеттің ғұламасы атанған ибн Аббастың, Абдуллаһ ибн Омар, Әбу Бәкірқызы Айша сынды сахабалардың ілімін бойына сіңіре білген жан. Тіпті, ибн Аббастың өзі Куфадан фәтуа сұрап келгендерге: «Маған несіне әуре болып келдіңдер!? Сендердің араларыңда Сағид ибн Жубайр бар емес пе?» - деп, Сағид ибн Жубайрдің білімінің ибн Аббастың білімін қажетсіндірмейтіндей дәрежеде Куфалықтарға жетіп артылатындығын айтқан[22].

Сондай-ақ, Әбу Бәкірқызы Айша және Әбу Сағид әл-Худри сынды көптеген сахабаларды көзі көрген Ибраһим ибн Язид ән-Нахағи да Куфалық аға буын табиғиндерден еді. Амир ибн Шарахилиш-шағби[23] Ибраһим ибн Язид ән-Нахағи қайтыс болғанда жаназасына қатысып тұрып былай деген: «Адамдардың арасындағы ең фақиһ адамды жер қойнауына беріп жатырсыңдар. Сонда бір адам: «Ол Хасаннан да білімді ме еді?» - деп сұрайды. Сонда ол: «Әрине, ол - Хасаннан да білімді, ол Басра, Куфа, Шам, Хижаздықтардың ішіндегі фиқһ ғылымын ең тамаша меңгерген ұлы фақиһ», - деп жауап берді.

Ал енді осы Ибраһим ибн Язид ән-Нахағи Әбу Ханифаның ұстазы Хаммад ибн Әби Сүлейменге фиқһ ілімін үйреткен ардақты ұстазы. Хаммад ұстазы Ибраһим ибн Язидтің жанынан бір елі айрылмайтын жақын шәкірті болды. Хаммад ибн Әби Сүлеймен де өз кезегінде өзінен 18 жыл бойы дәріс алған хас шәкірті Әбу Ханифаға сонау Омар ибн Хаттаб, Али ибн Әби Талиб, Абдуллаһ бин Аббас, Абдуллаһ ибн Мәсғудтан жалғасып келе жатқан білім мұрасын, фиқһ ілімін, куфаға тән мектепті үйретті.

Әбу Ханифа бұл жайлы былай дейді: «Мүміндердің басшысы Әбу Жәғфарға кіргенімде ол маған: «Уа, Әбу Ханифа, сен білімді қайдан алдың?» - деп сұрады. Мен: «Хаммадтан, ол Ибраһимнен, ал ол Омар ибн Хаттабтан, Али ибн Әби Талибтен, Абдуллаһ ибн Мәсғудтан, Абдуллаһ ибн Аббастан алды», - деп жауап бердім. Сонда Әбу Жағфар: «Ғажап! Керемет! Уа, Әбу Ханифа, өзіңді таза да жақсы, мүбәрак адамдармен қуаттапсың!» - деді»[24].

Байқағанымыздай, Әбу Ханифа өзінің ғылымының қайнар көзі ретінде фиқһ ілімінде сөз иесі саналатын көрнекті төрт сахабаның атын атап отыр. Расында да, Әбу Ханифа мектебінің бастауы халифа Омар Фаруқ тарапынан ұстаз ретінде Куфа шаһарына жіберілген Абдуллаһ ибн Мәсғуд пен кейіннен халифалықтың орталығын осы қалаға ауыстырып, сонда ғұмыр кешкен мүміндердің әмірі Али ибн Әби Талиб болатын. Бұл сахабалардан білім алған Мәсруқ ибн Әждағ, Алқама ибн Қайс, Шурайһ, Әсуад ибн Язид ән-Нахағидан Шағби және Ибраһим ән-Нахағи дәріс алады. Ал бұлардан Хаммад ибн Сүлеймін дәріс алып, сонау сахабалардан келе жатқан ғылыми мұраны ханафи мәзһабының негізін қалаушы хас шәкірті Әбу Ханифаға үйретеді. Сондай-ақ, Әбу Ханифа Абдуллаһ ибн Аббастың құлы Икрима арқылы һәм Абдуллаһ ибн Омардың азат болған бұрынғы құлы Нафиғ арқылы да аталған сахабалардың білімінен сусындаған. Айрықша Меккенің белгілі фиқһ ілімінің білгірі Ата ибн Әби Рабаһтан да едәуір уақыт дәріс алған.

Әбу Ханифаның Хаммад ибн Сүлеймен арқылы Ибраһим ән-Нахағидің білімін толықтай бойына сіңіргендігін байқаймыз. Тіптіе Әбу Ханифаның көптеген көзқарас, фәтуалары ән-Нахағимен бірдей деп айтуға негіз бар. Бұл жайлы ғұлама Диһләуи былай дейді: «Әбу Ханифа (р.а.) Ибраһим ән-Нахағидің және онымен замандас ғалымдардың көрқарастарын толықтай ұстанатын. Кейбір тұстарда болмаса, көпшілігінде олардың көзқарастарынан бөлек кетпейтін... Егер бұл ойымыздың дұрыстығына көз жеткізгің келсе, имам Мұхаммедтің «әл-Асаар» атты еңбегін, Абдурраззақтың «Жамиғ»-ын, Әбу Бәкір ибн Әби Шайбаның «Мұсаннаф» атты кітаптарынан Ибраһим ән-Нахағи мен онымен замандас ғалымдардың көзқарастарын анықтап, сосын оларды Әбу Ханифаның мәзһабымен салыстырған уақытта кейбір мәселелерді қоспағанда арасында ешқандай айырмашылықтың жоқтығын байқайсыз. Ал кейбір өзгешеліктердің өзі Куфа фақиһтерінің білдірген көзқарастарынан басқа емес.[25]

Мұхаммад Раууас Қалғажы өзінің зерттеуінде Ибраһим ән-Нахағидың жүз діни көзқарасы мен Әбу Ханифаның сол мәселелердегі фәтуаларын салыстырған. Нәтижесінде 86 мәселеде көзқарастары бірдей шыққан. Ал қалған 16 мәселеде өзгешелік байқалған. Әбу Ханифаның көп мәселеде ән-Нахағиден алыс кетпегені сөзсіз. Алайда Әбу Ханифаның Ибраһим ән-Нахағидің діни көзқарастырын айнытпай көшіріп алған деген нәтиже шықпауға тиіс. Көзқарастарындағы ұқсастықты екеуінің де сонау Абдуллаһ ибн Мәсғудтан жалғаса келген рай мектебінің үкім шығарудағы әдіснаманы қолданғандығымен түсіндіруге болады. [26]

Хаммад дүние салғаннан кейін Омеядтар (Әмәуи) халифатының әділетсіздігі мен Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұрпақтарына жасаған зұлымдықтарына қарсы шыққандықтан, Омеяд әкімдері оған қысым көрсетіп, жазалаған. Әбу Ханифа Куфадағы әділетсіздіктерге шыдамай, Меккеге қоныс аударып, онда алты жыл тұрады. Әбу Ханифа ол жерде де Хижаздың ғалымдарымен кездесіп, ілімін одан әрі тереңдете түскен. Ол өзі сабақ бере жүріп, Ибн Аббастың білімінен сусындаған табиғин ғалымдардан білім алып, Құран, фиқһ бойынша ілімін тереңдеткен.[27]

Осы жерде Куфа мектебіне әсер еткен жоғарыда аты аталған сахабаларға қосымша Муғаз ибн Жәбалды да қоса кету керек деген ойдамыз. Мұндай ойға Муғаз ибн Жәбалдың үкім шығару тәсілінің Куфалықтарға ұқсастығы және Куфаға орналасқан көптеген табиғиндердің Йеменнен көшіп барғандығы итермелеп отыр. Әсіресі Куфа мектебін қалыптастыруда өзіндік ерекше орны бар Әсуад ибн Язид осы Муғаз ибн Жәбалдың шәкірті екендігін ескеруіміз қажет.[28]

 Көпшілікке белгілі риуаятта Алла елшісі Муғаз ибн Жәбалды Иеменге елші етіп жіберіп тұрып, оған:

- Саған қандайда бір нәрсенің үкімі сұралса, оған қалай үкім бересің? - деп сауал тастады.

- Құрандағы аяттармен" - деп жауап берді.

- Құраннан таппасаң ше?

- Онда, Алла елшісінің сүннетімен.

- Ол жерден де таппасаң ше?

- Онда өз ойыммен ижтиһад жасаймын. Одан тартынып қалмаспын" - деп жауап берді. Сонда Алла елшісі Муғаз ибн Жәбалдың көкірегінен қағып: "Алла елшісінің көңілінен шығатын іс істеткен Аллаға мадақ"[29] - деп оның ижтиһад жасауда өзі ойына жүгінудің дұрыстығын құптаған болатын. Мұғаз ибн Жәбалдың діни ұстаным мен үкім шығрудағы әдіснамасының Куфадағы сахаба Абдуллаһ ибн Мәсғудға жақындығын мына оқиғадан да аңғару қиын емес. Муғаз ибн Жәбал өмірінің соңында шәкірті Амр ибн Мәймунға өзі қайтыс болғаннан кейін Куфадағы Абдуллаһ ибн Мәсғудқа барып қосылуын, одан дәріс алуын өсиет еткен болатын. Амр ибн Мәймун ұстазының осы өсиетін орындап, Куфаға келіп, Абдуллаһ ибн Мәсғудтан білім алады.[30]  

Сондай-ақ, "Духал-ислам" көлемді еңбектің авторы Мұхаммад Әмин сынды кейбір зерттеушілер Ирак мекетебінің рай мектебі атануының себебі ретінде ондағы осы мектепке тиесілі белді тұлғалардың Муғаз ибн Жәбалдан әсерленген Иемендіктер екендіктерін алға тартқан. Мысалы, Алқама, Әсуад, Ибраһим Иеменнің нахаъ тайпасынан болса, Мәсруқ пен Шәъби хамдан тайпасынан болатын. Ал Шурайх Киндә  тайпасынан болса, Хаммад ибн Әби Суламан әл-Ашъари Иемендік әшъар руынаның құлдарынан еді.[31] Бұл тұжырым бойынша Муғаз ибн Жәбалдың діни көзқарастары мен үкім шығарудағы өзіндік әдіснамасы осы кісілер арқылы Куфа мектебіне өзіндік әсері болды деуге негіз бар. Олай болса, Ирак яғни, Куфа рай мектебінің қалыптасуына бастау болған жоғарыда аталған Омар, Али, Айша, Абдуллаһ ибн Мәғуд секілді сахабалардыың қатарына Муғаз ибн Жәбалдың да қосылуын жөн санаймыз... (Жалғасы бар)


[1] Ахмад ибн Хусайн ибн Али ибн Мұса, әл-Мәдхал илас-сунанил-кубра, 1-том, 141-бет. «Дарул-хулафа лил-китабил-ислами» баспасы, Кувейт, жылы ?
[2] Ол өзінің қалай мұсылман болғаны жайлы былай дейді: «Бірде Уқбату ибн Әби Муғайдтің қойларын бағып жүр едім. Жанымнан Алла елшісі (с.а.у.) мен Әбу Бәкір өтіп бара жатып, менен «балақай сүт бар ма?» - деп сұрады. Мен: «Бар, бірақ қойлар менікі емес, мен тек бұл малдың аманатшысымын» - деп жауап қайырдым. Олар: «Онда суалған қой бар ма?» - деді. Мен суалған бір саулықты алып келіп едім, ол (с.а.у.) оның желінін сипағаны сол еді, желіні әп-сәтте сүтке толды. Сүтті бір ыдысқа сауып, сосын ішті. Әбу Бәкірге де ішкізді. Сосын қойдың желініне «тартыл» деп еді, ол бір демде суалып  қалды.  Осы оқиғадан кейін Алла Елшісіне барып: «Уа, Расулаллаһ! Маған Құраннан үйретіңізші» - дедім. Алла елшісі (с.а.у.) менің басымды сипады да: «Алла саған рақымын төксін! Сен сөзсіз үйретілдің» - деді. Мен пайғамбарымыздың (с.а.у.) өз аузынан жетпіс сүрені үйрендім. Бұған ешкімнің таласы жоқ» -деді.» (Мұхаммад ибн Хиббан ибн Ахмад ибн Хиббан,   Әл-ихсан фи тақриби сахих ибн Хиббан,  15 том, 536-бет. «Муссасатур-рисала» баспасы, Бәйрут, 1988 ж.)[3] Шамсуд-дин Әбу Абдиллаһ Мұхаммад ибн Ахмад ибн Ғусман ибн Қаймаз әз-Зәһаби, Сияру ағламун-нубала,   3-том, 286-бет.  «Дарул-хадис» баспасы, Каир қаласы, 2006 ж.
[4] Бұхари, Мұхаммад ибн Исмағил әл-Бұхари, Сахихул-Бухари. 4-том, 1593-бет, 1912-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж.
[5] Әбу Абдиллаһ әл-Хаким Мұхаммад ибн Абдиллаһ ән-Найсаубури, әл-Мустадрак алас-сахихайн, 3-том, 359-бет. Дарул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1-ші басылым. 1990 ж.
[6] Рамһурмузи, Әбу Мұхаммад әл-Хасан ибн Абдир-Рахман Рамһурмузи, «Мухаддисул-Фасыл», 1-том, 560-бет. «Дәрул-фикр» баспасы, Бәйрут, 1404 һ.
[7] Бұхари, Мұхаммад ибн Исмағил әл-Бұхари, Сахихул-Бухари. 3-том, 1373-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж.
[8] Мұхаммад ибн Сағд ибн Мұниғ Әбу Абдиллаһ әл-Басри,  «Әт-тобақатул-кубра» 2-том, 343-бет. «Дару Садр» баспасы, Бәйрут. Жылы көрсетілмеген.
[9] Бұхари, Мұхаммад ибн Исмағил әл-Бұхари, Сахихул-Бухари. 4-том, 1912-бет. «Дәру Ибни Кәсир баспасы», Бәйрут, 1987 ж.
[10] Кәусари, Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари, «Әл-фықһ уа усуулул-фықһ мин ағмали-имам Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари», 99-бет. «Дарул-кутубил-ғилмия» баспасы, Бәйрут, 2010 ж.
[11] Табарани, Сұлайман ибн Ахмад ибн Аюуб Әбул-Қасим әт-Табарани, әл-Мұжмағұл-кәбир лит-Табарани, «Мәктабут ибн Тәймия» баспасы, Каир, 1994 ж.
[12] Кәусари, Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари, «Әл-фықһ уа усуулул-фықһ мин ағмали-имам Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари», 99-бет. «Дарул-кутубил-ғилмия» баспасы, Бәйрут, 2010 ж.
[13] Маннағу Халил әл-Қаттан, Ат-ташриғу уал-фиқһу фил-ислам тарихан уа манһажан, 290-бет. «Мактабату уаһба» баспасы, Каир, 2001 ж.
[14] Рамһурмузи, Әбу Мұхаммад әл-Хасан ибн Абдир-Рахман Рамһурмузи, «Мухаддисул-Фасыл», 1-том, 560-бет. «Дәрул-фикр» баспасы, Бәйрут, 1404 һ.[15] Сарахси, Мұхаммад ибн Ахмад ибн Әби Сәһл әс-Сарахси, Мәбсуут, 16-том, 68-бет. «Дәрул-мағрифа» баспасы. Бәйрут,  1993 ж.
[16] Кәусари, Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари, «Әл-фықһ уа усуулул-фықһ мин ағмали-имам Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари», 106-бет. «Дарул-кутубил-ғилмия» баспасы, Бәйрут, 2010 ж.
[17] Кәусари, Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари, «Әл-фықһ уа усуулул-фықһ мин ағмали-имам Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари», 100-бет. «Дарул-кутубил-ғилмия» баспасы, Бәйрут, 2010 ж.
[18] Аднан Алюул-Хидр, әл-Муазанату байнал-мәнһажил-ханафияти уә мәнһажил-мухаддисин фи қабуул-ахаадииси уә роддиһаа, 108-бет. "Муссисату дәрун-науадир" баспасы, Сирия. 2010 ж.
[19] Кәусари, Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари, «Әл-фықһ уа усуулул-фықһ мин ағмали-имам Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари», 107-бет. «Дарул-кутубил-ғилмия» баспасы, Бәйрут, 2010 ж.
[20] Мулла Алюул-Қари, Шарху Муснади Әби Ханифа, 35-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, 1985 ж.
[21] Ибн Қаийм әл-Жәузи, Иъламул-муаққиъина ъан роббил-ъаламин, 1 том,   21 бет. "Дәрул-кутубил-ъилмия" баспасы,  Бәйрут, 1991 ж.
[22] Кәусари, Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари, «Әл-фықһ уа усуулул-фықһ мин ағмали-имам Мұхаммад Зәһид әл-Кәусари», 103-бет. «Дарул-кутубил-ғилмия» баспасы, Бәйрут, 2010 ж.
[23] Ол жайында Абдуллаһ ибн Омар: « Мен Алла елшісімен болған соғыстарға қатыссам да бұл кісі сондағы оқиғаларды менен де жақсы есінде сақтаған» - деп мақтаған.
[24] Бағдади, Әбу Бәкір Ахмад ибн Али ибн Сәбит әл-Хатибил-Бағдади, Тариху Бағдад, 13-том, 335-бет. «Дарул-кутубил-ъилмия» баспасы, Бәйрут, Һижри 1417 ж.
[25] Диһлауи, Ахмад Шаһ Уалиуллаһи ибн Абдир-рахим әд-Диһлауи, 1-том, 271-бет.
[26]Muhammed Hamidullah, İslâm Hukuku Etüdleri, s 177-193, 303-364. Istanbul, s1984.
[27] İsmail Hakkı Ünal- İmam Ebu Hanife'nin Hadis Anlayışı ve Hanefi Mezhebinin Hadis Metodu, s 21. Diyanet İşleri Başkanlığı Yayınları, Ankara s 2012.
[28]
[29] Әбу Бәкір әл-Бәйһақи, Әс-сунанус-соғир лил-Бәйһақи, 4 том, 130 бет. "Жамиғатуд-дирасатил-исламия" баспасы, Пакистан, Каратшай, 1989 ж.
[30]
[31] Мұхаммад Әмин, Духал-ислам, 2-том, 181 бет. "әл-Һәйатул-мисрияту лил-китаб" баспасы, Каир, 2003 ж.

1 пікір
  • BQ
    Ассаламалейкум уа рахматуллохи уа баракатух! Ораза айты Мубарак болсын! Кайрат ага, Пайгамбарымыз с.а.у. ибн Масгудка Алладан зейни мен билимин арттыра кор деп дуга еткен ба?
    8 жыл бұрын