Европаны оятқан мұсылмандық мәдениет
Европаны оятқан мұсылмандық мәдениет
2 жыл бұрын 1544
Бақытжан Өткелбаев

Діни философия бойынша алғашқы еңбектер һижраның 300-жылында жазылған. Ислам философиясының көшбасшысы әл-Кинди осы жылдары, яғни 1100 жыл бұрын еңбектерін қалдырған. Еуропа жер шары дөңгелек екендігіне көздері анық жетпей әлі ХVІІІ ғасырда бастарын қатырып дауласып жүргенде, Ислам ғұламалары бұл мәселені VІІІ ғасырда, халифа Харун Рашид тұсында зерттеп қойған еді. Бағдат шаһарының сыртындағы Нисфун-Нәһәр деген жерде әртүрлі сызықтар мен өлшеулер жасап: "Жер шар тәрізді дөңгелек", - деп қорытынды жасады. Куба аралын тапқан Кристофор Колумб бұл пікірді ауадан алған жоқ. Ол жердің дөңгелек екендігін Аверроистан естідім деп жазған. Мұсылман ғалымы Ибн Рушдті Еуропа осылай атайтын.

Токио обсерваториясының директоры танымал ғұлама Ешиди Коган халықаралық конференцияда: «Мен әлем сырларының құпиясын зерттеудің жаңа әдісін таптым, ол – Құран оқу. Құранды оқыңыз, ол сізге толықтай ғаламның сырын ашады» деген. Ал Американың эмбриология және адам жаратылысы туралы ғылымдарының докторы Кейт Мор «Адам жаратылысы» деген кітап жазды. Оған араб ғалымдары: «Сіздің осы кітаптағы келтірген пікірлеріңіз Құран мен хадиске өте сәйкес келеді. Егер сіз келіссеңіз, біз оны аят-хадистермен байытып және толықтырып, жаңадан бастыртып шығарар едік» деген. Ол келісті, нәтижеде айтқандай етіп, «Адамның жаралуы Құран мен медицина арасында» деген атпен жарық көрді. Құран аяттары жылма-жыл өмір заңдылықтарымен дәлелдене түсуде.

Еуропа ғылымды мұсылман елдерінен, яғни шығыстан үйренді. Еуропаның ренессансы 1300-жылдары басталған. Неге? Өйткені бұл уақытта олар Испан жеріндегі Андалусия Ислам мемлекетінің мәдениетімен және кресшілер жорығы нәтижесінде шығыстағы араб жерлеріндегі өркениетпен танысты. Хазірет Осман (р.а.) халифалық құрған кезде, жолаушылар, әлсіздер, кейбір зәру жандар дәм татып кетсін деп, мешіттердің алдында ас пісіртіп, қоғамдық орындар жарық болып тұрсын деп, арнайы шырақ жақтырып қоятын. Бұл әдет кейін де жалғасын тапты. Миллиондаған халық өмір сүрген Кордова қаласының көшелері түн мезгілдерінде жарықпен қамтамасыз етіліп, қала халқы арнайы төселген асфальтпен қатынады. Ал Еуропаның қалалары қалың батпақ пен ұйыққа малтығып, бас көтере алмай жатты. Мұсылмандық мәдениетпен танысу Еуропаны ғасырлар бойғы қалың ұйқысынан оятты, қозғау салды. Батыстың кейбір ғалымдары «Орта ғасырларда кейбір Еуропа билеушілері өз аттарын дұрыстап жаза алмай жүргенде, Кордовада мұсылман балалары медреселерде оқып жатты» деп жазған. Осы таныстықтың игі нәтижесінде 1425-жылы Италияда жарыққа шыққан медициналық анықтамалықта Еуропа дәрігерлерінің сыйынған пірі Галенге сілтеме 130, ал Исламның ғұлама ғалымы, медицинаның атасы Ибн Синаға 3000-нан астам, ал Еуропа «Разец» деп атайтын Әбу Бәкір Разиға 1700 сілтеме бар. Кордовада жүздеген кітапханалар болып, оның орталық кітапханасында жинақталған кітаптар каталогы 44 томға жеткен.

Бағдат қаласын Әлеуке ханның қолы қиратқанда, көпшілік пайдалануы үшін жасақтап қойылған Сабур сарайындағы 200 мыңдық кітапхана қоры Евфрат өзеніне тоғытылғанын тарихшы Ибн Туғрыберді жазды. Медицина саласында Бағдатта жоғары деңгейде 6000 студентті тәрбиелейтін оқу орны болды. Әрбір әзірленген дәрігерге бір көмекшіден бекітіліп берілді. Еуропа кейбір алапес сырқатына шалдыққан жандарды өртеп жатты, ал мұсылман елдері оларды жеке орындарда емдеп, мәңгілікке мемлекет қарауына алып отырды. Сахаралық халықтар дәрігерлік көмектен тыс қалмауы үшін арнайы жасақталған керуендер шығарды. Тіпті кейде бір бейшаралар ақшасы болмай, дәрігердің көмегін уақытында алып тұрарлық қолтаңба өздерінде болсын деген оймен алғашқы дәрігерлік көмек туралы анықтамалық кітап әзір етілді.

Сағат жасау өнеркәсібі де мұсылмандардың намаз уақытын белгілеу қажеттілігінен туындаған, олар 800 жылдан бұрын алғашқы сағатты жасап шығарды. Франция патшасы Шарлманға Бағдаттың халифасы Һарун Рашид ағаштан жасалған сағат тарту етті. Жер бетінде бірінші рет Бағдатта обсерватория салынды. Қазіргі әлемнің бұрыш-бұрышын шарлап, енді ғана көзі ашылып жатқан ғалымдар өздерінің осы жетістіктері үшін Ибн Һайсамға қаншалық қарыздар! Ол ресми ойыс айна, дөңес айна деп аталған телескоп жасау өнеркәсібінде қолданылатын өте құнды теорияның авторы. Бірақ осынша нәрсе ғылым жолын кең ашқан Құранның арқасында ғана мүмкін болды. Ислам діні осылайша ғылым мен мәдениетке орасан зор үлес қосты, әлі күнге дейін өз үлесін қосуда.

Орайы келген соң кейбір мұсылман жағрапияшылары мен еңбектерін атап кетейік Ибн Хурдадбих (820/886/912) «Китап әл-Мәсалик уәл мәмәлик», Сүлеймен әл-Тәджир (ІХ ғ. ) «Ахбар әл-Син уәл Хинд», Әбу Әли Ахмет Рүстехұлы (өлімі 913) «Муруж әл-Зәхаб уә Мағадин әл-Жауһар», Ибн әл-Нәдим (өлімі 995) «әл-Фихрист», Әбу Абдуллаһ Мұхаммед әл-Идриси (1100-1166) «Китап Нұсхат әл-Мұштақ фи Ихтирақ әл-Афақ», Закария әл-Қазуини (1203-1283) «Ажайиб әл-Махлуқат және Ғараиб әл-Маужудат», (Махлуқаттың ғажайыптары және қоршаған ортаның ғарып жағдайлары), Ибн Сағит (1214-1286) «Китап әл-Жуғрафия фи ақалим әс-Сәбға», Әбүл Фида (1273-1331) «Китап әл-Мухтасар фи ақбар әл-Башар», «Тақуим әл-Булдан», Димашқи (өлімі 1317) «Китап Нухабат әл-Дахр фи Ажайб әл-Барр әл-Бахр», Шәхауиддин Ахмет әл-Нуайыри (өлімі 1332) «Нихаят әл-Араб фи Фунун әл-Адаб» (Әдеп пәндеріндегі арабтардың шегі), Абдуррахман Әбу Зайд Халдұнұлы (1332-1406) «Китап әл-Ибар», әл-Махризи (1365-1442) «әл-Мауағиз уәл Итибар фи Зикр әл-Хитат уәл Асар», Ибн әл-Бақун (ХVғ.) «Китап әл-Фауаид фи Усул әл-Бахр уә Қауид», Әбул Фазыл (1655-1602) «Ғаини Ахбари», Бадауни (1540-1615) «Тарихи Әлфи», «Мунтахаб әт-Тауарих».

Сыр бойы мен Жетісу өңіріндегі орта ғасырлық қалалардың орны мұсылман авторларының еңбектерінің арқасында табылып, ашылды. Тариф, магазин секілді мыңдаған терминдер мен сөздердің Еуропа тілдеріне кіруі мұсылмандардың ғылымда қаншалықты жоғары болғанын паш ететін тірі айғақтар. Мұсылман билігі орнаған өңірлерде ғылымның жұлдызы жарқырағаны туралы Батыс авторлары емірене жазады.

1 пікір