Ең әуелі түскен сүре қай сүре?
Ең әуелі түскен сүре қай сүре?
4 жыл бұрын 24810
Имам Жәләлуддин әс-Суюти (м 1445-1505 ж.)

Құранның ең алғаш түскен сүресі (не аяты) қайсысы екендігі жөнінде әртүрлі тұжырым білдірілген:

Бірінші тұжырым (дұрысы да осы): Бұл тұжырым бойынша, ең алғаш түскен сүре - «Алланың атымен оқы» (деген сүре). (Яғни, «Аләқ» сүресінің 1-5 аяттары).

Екі шейх (Бұхари мен Мүслім) және басқаларының Айша анамыздан риуаят еткен хадисте Ол (Айша) былай деген:

«Уахи Алла елшісіне алғашқыда ұйқыда «шынайы түс» боп келе бастады. Оның көрген түсі таңның атысы секілді (ап-анық) еді. Одан кейін оған оңашалану жақсы көрілді. Ол «Хира» үңгіріне бара бастады. Ол жерге ішер асын алып, бірнеше түндер бойы (сол жерде қалып) ғибадатпен өткізіп жүрді. Кейін (біраз күннен кейін) Хадишаға оралатын, Хадиша оның ішіп-жемін дайындап беретін. Бұл осылай кенеттен оған ақиқат келгенге шейін жалғасты. (Күндердің бірінде) ол Хира үңгірінде отырған кезінде оған періште келіп: «Оқы!» деді. Алла елшісі: «Мен оқи алмаймын» дедім» - дейді. - «Ол мені алып, тағатым таусылғанша қыса бастады. Кейін жіберді де: «Оқы!» деді. Мен: «Мен оқи алмаймын» дедім. Ол екінші мәрте мені тағатым таусылғанша қыса бастады. Кейін қайта жіберіп: «Оқы!» деді. Мен тағы да: «Мен оқи алмаймын!» дедім. Ол үшінші мәрте шыдамым таусылғанша қыса бастады. Кейін жіберіп: «Оқы, сені жаратқан Раббыңның атымен...» деп «Адамға білмеген нәрсесін үйреткен» деген жерген дейін айтты». (Аләқ сүресі, 1-5 аят). Алла елшісі періштенің қысымынан иықтары дірілдеген күйі (үйіне) оралады[1]».

Әл-Хәким «әл-Мүстәдрак» атты еңбегінде және  Имам Байһақи өзінің «Дәләил» атты кітабында келтіріп, екеуі де «сахих» деп баға берген риуаятта Айша анамыз былай деген:

«Құранның ең алғаш түскен сүресі – «Раббыңның атымен оқы!» (деген сүре)». (Аләқ сүресі)[2].

Табарани өзінің «әл-Кәбир» атты хадистер жинағында «сахихтың шарттарына» негізделген сәнәдпен (яғни, риуаятшылар тізімі), Әбул-Ъуторидийден келтірген риуаятта Ол былай дейді:

«Әбу Мұса (әл-Әшғари) бізді шеңбер етіп отырғызып Құран оқытатын. Үстінде екі ақ киімі бар еді. Сонда осы: «Сені жаратқан раббыңның атымен оқы» деген сүрені оқыған кезде, Ол: «Бұл сүре Мұхаммед ғалейһиссәләмға түскен ең алғашқы сүре еді» деп айтатын»[3].

Екінші тұжырым: Бұл тұжырымға қарағанда ең алғаш түскен сүре - «Ей, жамылып жатушы» сүресі. (яғни «Мүддәсир сүресі).

Бұхари мен Мүслімнің Әбу Сәләмә ибн Абдуррахманнан риуаят еткен хадисінде, Әбу Сәләмә былай деген: «Мен сахаба Жәбір ибн Абдулладан:

-  Қай Құран бұрын түсті? - деп сұрадым.

- «Ей жамылып жатушы» деген Құран бұрын түсті, - деп жауап берді.

- «Раббыңның атымен оқы» деген аят емес пе? – деп сұрағанымда Ол:

- Мен сендерге бізге Алланың елшісі айтып бергенді айтып берейін. Алла елшісі айтты: Мен Хира үңгірінің айналасында едім. Мен одан алыстап (төмен) түстім. Сайды анықтап қарай бастадым. Алдыма бір қарадым, артыма бір қарадым. Оң жағыма және сол жағыма қарадым. Кейін аспанға қарасам, Ол екен (яғни, Жебірейіл періште екен). Тұла бойымды діріл алды. Хадишаға келдім де: «Мені жабыңдар!» деп бұйырдым. Сол кезде Алла Тағала: «Ей жамылып жатушы! Тұр да, ескерт!» деген аятты түсірді» (Мүддәссир сүресі, 1,2 аяттар)».

Бірінші тұжырым иелері бұл хадиске бірнеше жауаптармен жауап берген. Біріншіден, аталмыш хадисте сұрақ - толық сүренің түскені жайында сұралып отыр. Соған орай жауабында: «Иқра» сүресінің жалғасы түспей тұрып, «Мүддәссир» сүресінің толықтай түскендігін түсіндіріп берді. Иқра сүресінің ортасына дейінгі жері бірінші түскен. Мұны сахихайнда (сахих Бұхари және Сахих Мүслімде) келтірілген мына риуаят та (жоғарғы риуаяттың басқа нұсқасы) айғақтайды. Әбу Сәләмәдан жеткен ол хадисте Жәбір ибн Абдулла былай дейді: «Мен Алла елшісінің Уахидің кезеңі жайында айтып отырғанын естідім. Ол айту барысында былай деді: «Мен кетіп бара жатқанымда көктен бір дауыс естідім. Басымды көтерсем Хира үңгірінде келкен періште екен. Ол жер мен көк арасындағы таққа отырып алыпты. Мен кейін оралдым да: «Мені бүркеңдер, мені бүркеңдер! Мені жабыңдар!» деп айттым. Сол кезде Алла Тағала: «Ей жамылып жатушы» дегенді түсірді». (Яғни, «Мүддәсир» сүресі).

Осы хадистегі «Маған Хирада келген періште» деген сөзі аталмыш оқиғаның – «Раббыңның атымен оқы» деген сүре түскен кездегі Хира оқиғасынан кейін болғандығын көрсетеді... (яғни, Аләқ сүресі түсіп болғаннан кейін болған оқиға екендігін көрсетеді).

Үшінші тұжырым: Әуелі түскен сүре – «Фатиха» сүресі.

«Кәшшәф» атты тәпсір кітабында (авторы) былай дейді:

«Абдулла ибн Аббас және Мүжәһид әуелі түскен сүренің «Иқра» екендігін айтқан. Ал, тәпсіршілердің көпшілігі әуелі түскен сүренің «Фатиха» сүресі екендігін көлденең тартады».

(Бұл сөзге қатысты) Ибн Хажар әл-Ъасқаланий өз ойын былай білдіреді: «Үмбеттің көпшілігінің тоқтамы – әуелгісі (яғни, бірінші тұжырым). Ал, (мұнда) «көпшіліктің тоқтамы» деп көпшілікке тиесілі етуіне келсек, оны айтушылардың саны - «әуелгісі» деп айтқандардың сандарына қарағанда аз. Оның сүйенген дәлелі әл-Байһақидің «Дәләилда» және әл-Уәхидидің (әсбәбун нузулінде) Юнус ибн Бүкәйрдан келтірген риуаят.  Юнус ибн Бүкәйр Юнус ибн Амрдан, ол әкесінен, әкесі Әбу Мәйсара Амр ибн Шурахбилдан жеткізген риуаятта былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.у.) Хадишаға: «Мен оңаша қалғанымда бір дауыс естідім. Аллаға ант етейін, бір нәрсе болып қалдыма екен деп қорқып кеттім», - дейді. Сонда Хадиша: «Алла сақтасын. Алла Тағала саған еш жаманшылық жасамайды. Аллаға ант етейін, күмәнсіз сен аманатты иесіне бересің (аманатқа қиянат жасамайсың), туыспен қарым-қатынасты үзбейсің және үнемі шындықты айтасың (өтірік сөйлемейсің)», - дейді. Сол кезде Әбу Бәкір кірді. Хадиша оған Алла елшісінің жағдайын айтып: «Мұхаммедпен бірген Уарақаға бар» дейді. Екеуі Уарақаға барып, бастан өткен оқиғаны айтып береді: «Мен жалғыз өзім қалғанда артымнан: «Ей, Мұхаммед! Ей, Мұхаммед!» деген дауыс естідім. Қашып бара жатып жерге құладым» дейді. Сонда Уарақа: «Олай істеме! Егер саған тағы келсе, орнында тұр. Не айтатынын есті. Кейін маған келіп, айтып бересің» дейді. Содан кейін Алла елшісі оңаша қалғанда оған бір дауыс: «Ей, Мұхаммед! Былай айт: Бисмиллаһир рахманир рахим. Әлхамдулиллаһи раббиль алямин» дегенді «уәләддаллин» деген жерге дейін айтады. (Фатиха сүресі, 1-7)».  

Аталмыш хадис «Мүрсәл хадис» болып табылады. Риуаят етушілер - «сиқа» (сенімді).

Имам Бәйһақи (аталмыш риуаятқа байланысты) былай деген:

«Егер ол риуаят нақты болған күннің өзінде, Фатиханың «Иқра» мен «Мүддәссир» түсіп болғаннан кейін түскендігін айтушы ретінде келтірілген болуы ықтимал»[4].

Төртінші тұжырым: Ең әуелі түскен аят - «бисмиллаһир рахманир рахим» деген аят. Мұны Ибн Нуқайб өзінің тәпсірінің кіріспесінде қосымша сөз ретінде беріп өткен.

Әл-Уахидидің (әсбәбун нузулінде) иснадымен қоса Икрима мен Хасаннан келтірген риуаятында, ол екеуі (Икрима мен Хасан) былай деген: «Құраннан ең бірінші түскен аят – «бисмиллаһир рахманир рахим» аяты. Ал ең бірінші түскен сүре – «Иқра бисми раббикә» сүресі (яғни, Аләқ сүресі)».

Ибн Жәрир және басқалары Даххак жолымен, ол Абдулла ибн Аббастан келтірген риуаятта, Абдулла ибн Аббас былай деген екен:

«Жебірейілдің Пайғамбарға алғашқы түсіргені былай еді: «Ей Мұхаммед! Аллаға сыйын, одан кейін «Бисмиллаһир рахманир рахим» деп айт». (Әлсіз риуаят).

(Имам Суюти:) Менің ойымша бұл өз алдына бір сөз болып есептелмейді (яғни, өз алдына бір дәлел ретінде саналмайды). Өйткені, сүренің түсуі «бисмилләнің» бірге түсуімен болары анық (яғни, сүре түскенде міндетті түрде бисмилләмен түседі). Ол жалпы алғанда әуелі түскен аят (өз алдына алғашқы түскен аят емес)...

(Демек, ең алғаш түскен Құран ретінде төрт түрлі нұсқа көрсетілген екен. Олар: «Аләқ» сүресінің 1-5 аяттары, «Мүддәссир» сүресі, «Фатиха» сүресі және «Бисмиллә». Бірақ, бұлардың ішіндегі ең дұрысы әрі ең нақтысы – «Аләқ» сүресінің 1-5 аяттарының бірінші түскендігі. Бұл - Ислам ғұламаларының басым көпшілігінің тоқтамы). 

 «әл-Итқан фи Улумиль Құран». 
(Ықшамдап алынды). 
Араб тілінен аударған: А. Қасым.


[1] Сахих Бұхари: «Бүдуль әл-Уахи; Сахих Мүслім: «әл-Иман». Бәб: Бүдуль уахи.
[2] Әл-Мүстәдрак: әт-Тәфсир.; әд-Дәләил: әбуәб әл-Мәбъас.
[3] Әл-Һәйсәми: Мәжмәъуз Зәуәид. Китабут тәфсир; әл-Хаким: әл-Мүстәдрак.
[4] Имам Байһақи: Дәләилун Нубууа. 2/159 бет.

0 пікір