Дұғаның ағзамызға жағымды әсері ғылыми дәлелденді
Дұғаның ағзамызға жағымды әсері ғылыми дәлелденді
7 жыл бұрын 10549 islam-today.ru
Аударған Меруерт Бақдәулетқызы

Ықыласпен жасалған шынайы дұға, ғибадат адам рухына тыныштық рақатын сыйлайды. Дұғаның ерекше тиімділігі белгілі бір аурулардың, физикалық және психикалық жағдайында, сондай-ақ эмоциялық стресс жағдайында анықталды. Жүргізілген кешенді зерттеулердің нәтижесінде дұға адамның жан әлеміне, психикалық денсаулығына қуатты түрде оң әсерін тигізетіндігі дәлелденді. Аллаға сенім білдіруші адамдардың депрессия мен стресске аз шалдығатыны және мұндай жағдайлар туындаған кезде, олар бұл кезеңнен әлдеқайда жылдам шығатыны зерделенді. Ғалым Мазхар Осман: "Дұға - психикалық ауытқушылық пен түрлі ауруларды емдеу үшін өте маңызды құрал. Дұғаның күші тартылыс күші сияқты шынайы болып табылады. Мен психикалық бұзылу мен уайымнан көп зардап шеккен адамдардың тек дұға арқылы құтылғандығына байланысты көптеген оқиғалардың куәсі болдым"- деп атап өтті.

Егер біз күн сайын шын жүректен дұға ететін болсақ, кейін өміріміздегі өзгерістерді байқай бастаймыз. Өйткені, дұғаның күші Алланың қалауымен біздің іс-әрекетімізде, өмірімізде өзінің жарқын ізін қалдырады, осы арқылы біз міндетті түрде ішкі жан тыныштығы мен бейбітшілікке қауышамыз. Құдіреті күшті Жаратушы біздің сұрағанымызға үздіксіз жауап беріп, қиындықтар мен түрлі мәселелерден құтылудың жолдарын көрсетеді. Алла Құранда былай дейді:"(Уа, Мұхаммед!) "Егер де (қиын-қыстау кезде қылған) дұғаларың болмаса, Раббым сендерге мән бермес те еді..."  (Фұрқан 25/ 77). "Бақара" сүресінде: "Ал егер (мүмін) құлдарым сенен (уа, Пайғамбар) Мен (Алла Тағала) туралы сұрайтын болса, расында, Мен жақынмын, дұға етуші (ықыласпен) дұға етсе, жауап беремін", - деп баяндалған. "Маған жалбарыныңдар, сендерге жауап берейін!" (Ғафир 40/60).

    Ұлы Алла бізге өзіне жалбарынып, өтінішпен сұрауды бұйырды. Алла Елшісі (с.а.у.): "Шындығында, Алла - ұялшақ. Өзінен сұрап, қолын жайып жалбарынған пендесінің қолын құр қайтаруға ұялады", - деген (Әбу Дауд, Тирмизи, Ибн Мәджа).

    Біз күнделікті бес уақыт намазда "Фатиха" сүресін оқу нәтижесінде: "Саған ғана құлшылық қыламыз әрі сенен ғана жәрдем тілейміз",- деп жалбарынамыз. Барлық күш, қуат тек оған ғана тән. Оның берген нәрсесіне ешкім тосқауыл бола алмайды, оның бермегенін ешкім әкеле алмайды. Ұлы Жаратушы: "Егер Алла саған бір зарарды төндірсе, оны Алладан басқа ешкім де келтіре алмайды. Ал егер ол саған бір игілілікті қаласа, онда оның кеңшілігін ешкім де қайтара алмайды. Оны (игілікті) құлдарының арасынан қалағанына береді әрі Ол аса Кешірімді һәм Мейірбан" (Жүніс 10/107). Бұл дегеніміз-барлық қажеттілікті тек Ұлы Жаратушыдан сұраудың маңыздылығын білдіретін асыл ақиқат.

0 пікір