«Боко харам» туралы біз не білеміз?
«Боко харам» туралы біз не білеміз?
2 жыл бұрын 1734
Елнұр Әскенұлы, дінтанушы

Бүгінгі таңда әлем аумағында террорлық негізде әрекет етіп жатқан бірқатар радикалды ұйымдар бар. Ауғанстан аумағын «әл-Каида», «Талибан» тәрізді ұйымдар, Сирия мен Иракта Ислам мемлекеті ұйымы, ал Африка аумағын «әш-Шабаб», «Боко харам»  т.б. ұйымдар дүрліктіруде. Осы экстремистік ұйымдардың қатарында көпшілігімізге белгілі де беймәлім атышулы «Боко харам» діни қозғалысын ашып көрсетпей болмайды. Бұл ретте «Боко харамның» пайда болу ошағы Нигерия мемлекеті жайында біраз мәліметтерді тарқатып өткен жөн сияқты. Нигерияның халқының саны – 170 млн-ға жуық адамды құрайды(қара құрлықтағы халқы ең көп мемлекет). Ел аумағында 500-ге жуық этникалық топтар өмір сүреді. Сонымен қатар мемлекет діни сенім-нанымы жағынан христиандық Оңтүстік пен мұсылмандық Солтүстікке бөлінген. Оңтүстік Нигерия шартты түрде алғанда гүлдену үстінде, ал солтүстік халқы кедейшілікте өмір сүруде. Соңғы жүргізілген халық санағының қорытындыларына қарағанда, ел халқының 50,5 %-ын мұсылмандар, 48,2 %-ын христиандар құрайды. Табиғи ресурстардың молдығына және ІЖӨ көлемі әр адамға шаққанда 2700 АҚШ долларын құрағанына қарамастан, Нигерия әлемдегі ең кедей мемлекеттердің қатарында қалып, халқының 70 %-ға жуығының 1 күндік табысы 1,25 долларды құрап отыр. Нигерияның солтүстігінің 72 %-ы кедейшілікте өмір сүрсе, оңтүстігінде бұл көрсеткіш 27 %-ды құрайды[1]. «Боко харам» қозғалысының пайда болу ошағы – Солтүстік Нигерия. Бұл аумақта халықтың наразылығын туғызып отырған шешілмеген біраз мәселелер бар. Олардың қатарына кедейшілік, жұмыссыздық(әсіресе жастар арасында) тәрізді мәселелермен қоса, сыбайлас жемқорлық, басқару жүйесінің нашарлығы, қауіпсіздік қызметтерінің қатыгездігі, соттан тыс жазалау, қылмыс үлесінің жоғарылығы, ұлттық экономиканың дұрыс бөлінбеуі тәрізді факторлар жатады.

Енді діни наным-сенімге тоқталатын болсақ ислам діні Нигерияға ХІ ғасырда арабтармен сауда байланыстары нәтижесінде келді. ХІІІ ғасырда елдің солтүстігіндегі Борно аймағы шариғат заңдарына сай басқарыла бастады. Бұдан соң исламды осы өңірлерді мекендеген Хауса халқы қабылдап, Борно мемлекетіне қосылды. Бұл аймақтағы исламдық мемлекеттіліктің соңғы ошағы 1817 жылы Осман дан Фодио тарапынан құрылған Сокото халифаты болды. Ислам заңдылықтарымен басқарылған Солтүстік Нигерияның (Нигерияның қазіргі оңтүстік аудандарымен салыстырғанда) Солтүстік Африка мемлекеттерімен байланысы күшті болды. Және бұл аймақтағы исламдық үлгідегі өмір сүру салты ХХ ғасырға дейін жалғасты. Солтүстік Нигерия ислами негіздегі өмір сүру салтына ерте кезден-ақ бейімделген-ді. Сол себепті нигериялық мұсылмандардың исламдық басқару үлгісін қайта оралтуға тырысу әрекеттерін кенеттен келген тылсым құбылыс деп қарауға болмайды[2].

Ендеше «Боко харам» – нигериялық радикалды исламдық ағым. 2002 жылы басшылыққа Мұхаммед Юсуф келгеннен бастап, бұл ұйым әлемге кеңінен әйгілене бастады. Ұйымның мақсаты – Нигерия аумағына шариғат заңын енгізу және батыстық өмір сүру салтын терістеу. 2009 жылдан бастап бұл топ Нигерияның солтүстігінде тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, христиан шіркеулеріне және полиция бөлімшелеріне шабуыл жасап келеді. 2014 жылы мамыр айында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен «Боко харам» террорлық ұйымдар қатарына кіргізілді. 2014 жылы 5 маусымда Еуропалық Одақ «Боко харамды» террорлық ұйым деп таныды[2].

Діни ағымның ресми атауы – «Жамаату ахли Сунна Лиддавати валь-Жиһад»(араб тілінен аударғанда – «Пайғамбар ілімі мен жиһад жолын таратушылар қоғамы»). «Боко харам» атауын бұл топқа Майдурги қаласының тұрғындары қойған. Дәл осы қалада аталған діни ағымның базасы болды. «Боко харам» сөзі хауса тілінен аударғанда «батыстық білім беруге тыйым салынған» немесе «батыстық білім беру күнә болып табылады» деген мағынаны білдіреді. «Боко» сөзі о баста «жалған» деген мағынаны білдірген, бірақ кейіннен батыстық білім беруді түсіндіру мақсатында қолданыла бастады. Ал харам сөзі тыйым салынған зат мағынасын білдіреді. Бірқатар сарапшылар «Боко харам» ұйымы мен ХХ ғасырдың 80 жылдары Нигерия аумағында қызметін жүргізген «Ян Тацине» ұйымы арасында идеология және әрекет ету тұрғысынан ұқсастық бар деп санайды. 1980 жылы мұсылмандық «Ян Тацине» ағымы өз қатарына кірмеген барлық мұсылмандарға қарсы жиһад жариялады және Кано қаласының орталық мешітін басып алуға әрекет жасады. Тәртіпсіздіктер кезінде 4000-ға жуық адам о дүниелік болды. Олардың қатарында секта лидері Мұхаммед Марву да бар. «Ян Тацине» 1981 жылдары Майдугури қаласында, 1984 жылдың ақпан айында Йола қаласында, 1985 жылы Гомбе қаласында тәртіпсіздіктер ұйымдастырды. 1986 жылы 23 наурызда Илорин қаласында христиандар мен мұсылмандар арасында қақтығыстар болды. Мұның негізгі себебі Нигерияның Ислам конференциясы ұйымына қосылуы еді. Екі конфессия арасындағы қақтығыстар 1987 жылы 6 наурызда Кафанчан қаласында қайталанды. 2009 жылы 27 және 30 желтоқсанда Баучи қаласында полиция мен радикалды мұсылмандық секта Кала-Като мүшелері арасында қақтығыс орын алып, 70-ке жуық адам қаза тапты. Ажал құшқандардың көпшілігі 9 бен 15 жас аралығындағы балалар еді. Кала-Като сектасы батыстық үлгідегі білім беруге және медицинаға қарсы болды. Ұйым мүшелеріне үйлерінде теледидар, радио құралдарын пайдалануға, Құраннан өзге кітаптарды ұстауға тыйым салынды[3].

Міне осындай бағыттағы ұйымдардың жалғасы іспетті болып қалыптасқан «Боко харам» ұйымы да батыстық білім беру үлгісіне, батыстық мәдениетке және ғылымға қарсы шығады. Ағым мүшелерінің пікірінше, батыстық құндылықтармен байланысы бар кез келген саяси және қоғамдық қызметке тыйым салынуы керек. Олардың қатарында сайлауға қатысу, заманауи киім үлгілерін кию, батыстық үлгідегі білім беру, тағы басқа да талаптар бар. «Боко харамның» көзқарасы бойынша Нигерия үкіметі батыстық идеяларға «уланған» және «кәпірлерден құралған», сол себепті бұл үкіметті биліктен кетіріп, мемлекетті шариғат заңдарына сай басқару қажет.

Жоғарыда «Боко харам» ұйымының негізін 2002 жылы Майдурги қаласында Мұхаммед Юсуф қалағандығын атадық. Бастапқыда Юсуф білімге қызығушылық білдірген және мешіт пен медресе салған екен. Ол медреселерде кедей мұсылман отбасылардың балалары оқыды. Юсуф елдегі барлық мәселелерге билік кінәлі деп санап, халықты оларға бағынбауға үгіттесе де, о баста ол билеуші топты төңкеріс арқылы кетіруді көздеген жоқ болатын. 2009 жылы «Боко харам» мүшелері мемлекеттің жаңа заң ережелеріне бағынбаған сәтте жағдай шиеленісіп, мұның соңы «Боко харам» мен полиция арасындағы үлкен қақтығысқа әкелді. Осының әсерінен 800 адам қаза тапты. Полиция діни топтың штабын басып алып, Юсуфты тұтқындады. «Боко харам» лидері абақтыда көз жұмды.

Мұнан соң радикалды ұйымның басшылығына Юсуфтың орынбасары Әбубәкір Шекау келді. «Боко харам» жасырын қызметке көшіп, бірнеше топтарға жіктелді. Аталған ұйымның мүшелерінің қызметі көршілес Нигер мен Камерунға да таралды. «Боко харамның» ең қайғылы шабуылдарының бірі 2011 жылы жүзеге асып, БҰҰ-ның Абуджа қаласындағы штаб-пәтері нысанаға ілікті. Осы шабуыл нәтижесінде 20 адам қаза тапты. Бүгінгі таңда «Боко харам» мүшелері қауіпсіздік күштеріне, христиандарға, үкіметпен байланысы бар мұсылман лидерлеріне, шетелдіктерге қарсы күресуде.

Тағы да нақтылап айтқанда, «Боко харам» ұйымының мақсаты – Нигерияның солтүстігінде «таза исламдық үлгідегі» шариғат заңдарына негізделген мемлекет құру. Сонымен қатар батыстық үлгідегі өмір салтын ығыстыру. «Боко харам» мұсылмандардың саяси өмірге қатысуына, сайлауға қатысуына, әйелдердің білім алуына тыйым салады. Ағым мүшелері өзге мұсылмандардан оқшауланып құлшылық жасайды, ұзын сақал өсіреді, қызыл немесе қара шарфтар тағып жүреді. Ағым мүшелеріне батыс елдерінде әзірленген құралдарды пайдалануға тыйым салынған. Ал «Боко харамның» заңдарымен жүрмеген, бағынбаған христиан немесе мұсылман адам «кәпір» деп саналады. «Боко харам» ұйымының идеологиясы мен қызметі вестернизацияға(«west» неміс тілінен аударғанда батыс деген мағынаны білдіреді) қарсы бағытталған және «дәстүрлі» ислами құндылықтарды қайта оралтуды көздейді. Яғни «Боко харам» фундаменталистік сипаттағы діни ұйым. «Боко харамның» пікірінше, солтүстік Нигериядағы саясат «жалған» мұсылмандар тарапынан жүргізіліп отыр. Осы себепті ұйым үкіметке қарсы соғыс жариялап, оларды биліктен кетіріп, «таза» ислами сипаттағы мемлекет құруды көздеп отыр.

Елдің солтүстігінде «Боко харамның» қызметінің әсерінен, Адамава, Борно және Йоба қалаларында соңғы 5 жылда 13 мың адам ажал құшты. «Боко харам» өздеріне нысана ретінде әскермен және полициямен қатысы бар объектілерді таңдап алады. Олар сонымен қатар діни қауымдастықтардың ақсақалдары мен лидерлеріне де шабуыл жасайды. Бұл лаңкестік ұйымның төменде келтірілетін жауыздық іс-әрекеттеріне қарап өздерінің алдына қойған мақсат-мүдделеріне жету үшін неден болса да тайынбайтындығын көруге болады.

2010 жылы 7 қыркүйекте «Боко харам» ұйымының 50 жақтасы Баучи қаласындағы түрмеге шабуыл жасады; 2010 жылы 24 желтоқсанда Джос пен Майдурги қалаларында «Боко харам» ұйымдастырған бірнеше жарылыстар мен шіркеуге шабуыл нәтижесінде 30 адам қаза тапты; 2010 жылы 31 желтоқсанда – Абуджадағы әскери казармада жарылыс болып, 30 шақты адам ажал құшты; 2011 жылы 14 наурызда Майдурги қаласында «Боко харам» мүшелері мұсылман діни қайраткері Ибраһим Ахмет Абдолла Болариды атып өлтірді. Бұл тұлға «Боко харамның» тарапына айтқан сыни пікірлерімен көпшілік арасында танымал еді;  2011 жылы 16 маусымда «Боко харамдық» жанкешті Абуджадағы полиция кеңсесін жарып, 6 адам қаза тапты; 2011 жылы 12 шілдеде Майдурги қаласында «Боко харам» ұйымы 40 адамды өлтірді. Бұл қайғылы жағдай қала тұрғындарын қаладан жаппай қашуға мәжбүрледі; 2011 жылы 12 тамызда – Майдурги қаласында мұсылман діни қайраткері Лиман Бананы атып өлтірілді; 2011 жылы 26 тамызда – БҰҰ-ның Абуджадағы штаб-пәтерінде жарылыс болып, 20 адам қаза тапты, 60 адам жарақат алды; 2011 жылы 25 желтоқсанда Джос, Даматуру және Мадалла қалаларындағы христиан шіркеулеріне шабуыл ұйымдастырылып, 30 адам ажал құшты; 2011 жылы 30 желтоқсанда – Майдурги қаласының маңындағы мешітте жарылыс ұйымдастырылып, 4 адам қаза тапты. Нигериялық армия өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда бұл теракті де «Боко харам» тарапынан ұйымдастырылған.

2011 жылы «Боко харам» тарапынан жасалған қарулы әрекеттер себебінен 465 адам қаза тапты. Мұндай сипаттағы террорлық актілер, қарулы шабуылдар, үкімет әскерімен қақтығыстар 2012, 2013, 2014 жылдары да жалғасты. 2014 жылдың бір ғана қараша айында радикалдардың қолынан 300 нигериялық ажал құшты.

2014 жылы 14 сәуірде «Боко харам» діни тобы Чибок қаласында орналасқан лицейден 270 оқушы қызды ұрлап әкетті. Ұйым басшылығының пікірінше, мектепте қыздарға оқуға орын жоқ, олар тұрмысқа шығуы тиіс. Оқушы қыздарды ұрлап әкетіп, кепілдікке алған «Боко харамның» әрекеті әлем жұртшылығының наразылығын туғызды[4].

Осы мәселеге орай әлемге белгілі мұсылман діни қайраткерлері де өз пікірін білдіріп, «Боко харамның» әрекеттерін айыптады. Мәселен, Мысырдың вакф істері жөніндегі министрі Мұхаммед Мұхтар Гомаа: «Боко харам» қозғалысының әрекеті – нағыз  терроризмнің өзі. Бұл ұйымның исламмен еш байланысы жоқ», - десе, ал  каирлік Әл-Азхар университетінің басшысы Ахмад әл-Тайиб «Нигериядағы оқушы қыздарды кепілдікке алу әрекеті исламға және оның толеранттылық принциптеріне толық қайшы келеді», - деп терроршыларды айыптады[5].

Біз жоғарыда атап өткен «әл-Каида», «Талибан», «Ислам мемлекеті» тәрізді ұйымдармен «Боко харамның» байланысы бар ма деген сұрақ туындайды. Терроризм саласындағы сарапшы Р.Симокс әл-Каиданың бұрынғы жетекшісі Усама бен Ладен 2002 жылы 3 млн долларды салафиттік топтарға беру үшін өзінің көмекшілерінің бірін Нигерияға жібергенін жазады. Сарапшының болжауынша бұл қаржыны алушылардың бірі «Боко харам» жетекшісі М.Юсуф болуы мүмкін. Сонымен қатар 2006 жылы «Боко харам» мүшелері Сахель ауданында «Исламдық Мағрибтағы әл-Каида» ұйымының мүшелерімен бірлескен жаттығу өткізді деген мәліметтер бар. Және де «Боко харам» сарбаздары Ауғанстан аумағында «әл-Каиданың» лагерінде дайындықтан өтті деген пікірлер бар. Ал «Боко харамның» бұлардан өзге мүшелері Сомалидегі «әш-Шабаб» исламдық тобының лагерінде дайындықтан өтті деген деректер кездеседі[6]. 2014 жылы Нигерия үкіметі «Боко харамның» «Ислам мемлекеті» ұйымына адалдықтарын білдіріп, ант бергенін хабарлады. Нигерия үкіметінің баспасөз хатшысы Майк Омеридың айтуынша, бұл жағдай «Боко харамның» сырттан көмек сұрау ұмтылысынан туындап отыр[7].

«Боко харам» діни ұйымын «қара талибан» деп те атайды. Себебі, «Боко харам» ұйымы мен Талибанның батыстық білім беру үлгісіне, батыстық өмір сүру салтына қатысты наразы ұстанымдары бірдей. Кейбір мәліметтерге қарағанда «Боко харам» ұйымының мүшелерінің саны 30 мың адамды құрайды. Осы тәрізді ұйымдардың пайда болу себебі жөнінде әртүрлі көзқарастар бар. Кейбір сарапшылар «Боко харам» тәрізді ұйымдар қолдан жасалған десе, кейбірі табиғи жолмен пайда болған шынайы ұйым деп біледі. Суданның президенті Омар әл-Башир Еуроньюс арнасына берген сұхбатында «радикалды исламшыл топтарды американдық және израильдік арнайы қызметтер – ЦРУ мен Моссад қолдап отыр» деп пікір білдірген[8]. Бұл сөздің де астарында шындық болуы ықтимал. Себебі АҚШ тәрізді экономикалық табысты көздеген шет мемлекеттер осындай дамушы мемлекеттердің гүлденіп өркендеуін емес, бірінші кезекте өз мүдделерін ойлайды.

Әлемде мұнай өндіру көлемі бойынша 13 орын және экспорттау бойынша 4 орын алатын Нигерия өз халқының өмір сүру деңгейін көтеруге қауқарлы. Бірақ бұл елде басқарушы элита ғана жақсы өмір сүруде, халықтың 70 %-ы өте кедей, 43%-на таза ауыз су қол жетімді емес.«Ашаршылыққа қарсы әрекет» халықаралық ұйымының есебіне қарағанда, Нигерия аштыққа ұшыраған балалар саны жөнінен әлемде 2 орын алады. Ал Бүкіләлемдік банктің есебіне қарағанда сыбайлас жемқорлық бойынша 1 орын алады[8].

Қазіргі таңда Нигерия тәуелсіз ел деп саналғанымен, АҚШ-тың және аздаған мөлшерде Англия мен Францияның экономикалық мүдделеріне қызмет ететін колония болып отыр.

Көптеген нигериялықтардың тұрмысы жылдан жылға нашарлауда. Елдегі ауыл шаруашылығының жағдайы 30 жыл бұрынғы ахуалдан да нашар. Ауылдарда мектептер, ауруханалар, ауыз су және электр жарығы жоқ. Негр балалардың 20 %-ның аштықтан және сапалы медициналық қызметтің көрсетілмеуінің әсерінен 5 жасқа жетпей жарық дүниемен қоштасатыны ел билігін ойлантпайтын тәрізді

Мұнайлы өлкені өздерінің толық бақылауларында ұстау – бұрынғы отарлаушы мемлекеттердің басты мақсаты. Осы себепті олар «Боко харамның» және басқа да террорлық ұйымдардың пайда болуына жол бастаған жағдаяттарға назар аудармайды. Либералды БАҚ өкілдері жазып жүргендей Нигериядағы қақтығыстың негізгі себебі радикалды ислам емес, мұнай ресурстары мен отаршылдық мұра мүддесінен туындаған тайталас, бәсекелестік майданының ұстыны.

Қорыта айтқанда, «Боко харам» тәрізді діни ұйымдардың құлашын кеңге сермеп, емін еркін әрекет етпеуі үшін мемлекеттің ішкі мәселелерін дұрыс шешіп алмай болмайды. Халықтың әл-ауқатын көтеру жолында маңызды реформалар жүргізілуі тиіс. Күн көріс деңгейі төмен Солтүстік Нигерияның тұрғындарының Оңтүстік Нигериядан даралануға тырысуына да билік тарапынан әлеуметтік мәселелердің дұрыс шешілмеуі әсер етіп отыр. Тұрмыс ауыртпалығы зығырданын қайнатқан, елдегі әділетсіздіктерге ашулы жастардың санасының радикалдануы өте тез жүреді. Осы себепті жастар «Боко харам» тәрізді ұйымдарға тез еніп, солардың сойылын соғады. Бұл тақырыпты сараптай келе «Боко харамның» пайда болуы жөнінде екі түрлі көзқарасты байқауға болады. Бірінші көзқарас бойынша «Боко харам» елде қалыптасқан ахуалға, діни қысымдарға байланысты пайда болған халықтық діни ұйым деп есептелсе, екінші бір көзқарас тұрғысынан ол шет мемлекеттердің геосаяси ойыны нәтижесінде пайда болған қуыршақ құрылым деп саналады. Мұнайлы Нигерияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келетін мүдделі топтар өз мақсаттарына жету үшін бейбіт халықтың аяусыз қырылуына да көз жұма қарайды. Сол себепті олар радикалды ұйымдардың қызметіне де қолдау көрсетеді. Сөз соңында айтарымыз, радикалды-фундаменталистік идеялар, халықты аяусыз қыру факторлары, адам саудасы тәрізді жайттардың бәрі дәстүрлі исламнан алшақ дүниелер. «Боко харам» өз мазмұнында діннен гөрі, саясат жағы басым саясиланған діни топ. Мұндай ұйымдарға қатысты ақиқаттардың толық мәнде ашылуы болашақтың үлесінде.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Боко Харам: террористы или народное ополчение? http://178.248.235.16/articles/boko_haram_terroristy_ili_narodnoe_opolchenie-4764/
  2. Нигерийская экстремистская группировка "Боко харам". Досье(Итар Тасс) http://tass.ru/info/1277290
  3. Religion and national integration in Africa,John Hunwick, Illinois (1992), Religion and national integration in Africa:Islam, Chrisianity and politics in the Sudan and Nigeria , Northwestern university press, стр.90, ISBN 0-8101-1037-7
  4. Радикальный садизм "Боко Харам" http://www.svoboda.org/content/article/26663115.html
  5. Мусульманские лидеры осуждают «Боко харам», http://wordyou.ru/v-mire/musulmanskie-lidery-osuzhdayut-boko-xaram
  6. «Боко Харам»: как локальная группировка исламистов стала глобальной угрозой?
  7. Радикальные исламисты объединяются: лидер «Боко харам» присягнул на верность ИГИЛ, http://www.ntv.ru/novosti/1355498/?fb#ixzz3Y8lG6DPB
  8. Президент Судана: “радикальных исламистов поддерживают ЦРУ и Моссад”, http://ru.euronews.com/2015/02/16/cia-and-mossad-are-behind-boko-haram-and-isil-says-sudan-president/
0 пікір