Алғашқы ақжал толқынның ақидасы
Алғашқы ақжал толқынның ақидасы
9 жыл бұрын 3115
Мұхан ИСАХАН

Исламдағы алғашқы ақжал толқынының қатарына Хақ Елшісінің (с.а.у,) үзеңгілес серіктері сахабалар мен олардың ізбасарлары табиғиндер және табаға-табиндерді (табиғиндерді көруші) жатқызамыз. Діни әдебиеттерде салафи-салихин деген атпен белгілі осы алғадай момын-мұсылмандардың салт-санасы мен тәжірибесі кейінгі толқын дін мұсылман қауымына ғұмырлық өлшем болды десек асыра айтқандық емес. Себебі, сахабалар тікелей тәлімі мінсіз тәлімгер Мұхаммед (с.а.у.) сабақ алса, табиғиндер саф исламның мәйегінен сусындаған сахабалардан тағылым алған еді. Ал, таба-табиғиндер ақжал толқыннан жеткен рухани қазынаны жүйелеп, тәпсір, хадис, ақида, фикһ ілімдерінің негізін салды. 

Құран-Кәрімде алғашқы салих мұсылмандар туралы: «Әсіресе, сондай жұрттарынан, малдарынан қуылғандар; Аллаһтан мархамет, ризалық іздеп, Аллаға, Елшісіне көмек еткен пақыр мұхажірлер үшін. Міне солар шыншылдар» (Хашыр, 59/8) деп баяндалады

Бұл аятта Хақ Тағала салафи–салихтар қатарына Жаббар Хақтың разылығы үшін дүние-мүлкі мен туған-туысқандарын тастап, қасиетті шаһар Меккеден жаңа қоныс Мәдинаға ауа көшкен мұхажірлердің ерен-ерлігін айтып, мәртебесін көтермелеген.  

Ал, Құран Кәрімде ансарлар хақында: «Бұрыннан Мәдинада қоныстанған иман иелеріне де (беріледі). Олар өздеріне босып келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбіңдік болмайды. Сондай–ақ, өздерінде таршылық бола–тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақсынса, солар құтылушылар» (Хашыр, 59/9) деп бұйырылады.

Иә, Ұлы Жаратушы бұл аятта Ислам діні үшін Меккеден үдере көшкен мұхажірлерге илаһи достық құшағын ашып, үйінің екі бөлмесі болса, бір бөлмесін, бір бөлме болса, бір бұрышын оларға беріп, тіпті, дүние-мүлкімен қатар бір үзім нанның өзін бөлісіп жеген мәдиналық ансарлардың ақырет күні Тәңірдің құзырында жүздерінің жарқын болатындығын баяндаған.

Ал, Құран Кәрімде табиғиндер мен таба-табиғиндер жөнінде:  «Сондай олардан кейін келгендерге де (бұл олжадан беріледі). Олар: «Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбіңдік қылма. Раббымыз шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің» (Хашыр, 59/10) деп бұйырылады.

Хақ Елшісі (с.а.у.) мен сахабалардан кейінгі дәуірде мұсылмандардың күн тәртібінде Құдай Тағаланың заты мен сипаттары және Құран Кәрімнің мутәшәббих аяттары мен хадистерін қалай ұғуға болады деген тартысты мәселе тұрды. Осы түйткілді мәселелерде кейбір адамдар адасушылыққа бой алдырып, әһлі сунна сенімінен айырылды. Ал, салафи-салихиндер Алла Елшісі (с.а.у.) мұсылмандарға Алла Тағаланы қалай танытса, олар айна–қатесіз солай сенді. Өздерінің жанынан ешқандай жаңа бір пікір (бидғат) білдірген жоқ

Даңқты ғұлама Имам Ғазали «Илжамул–ауам ән илмил–кәлам» атты шығармасында алғашқы ақжал толқынның (салафиелер) ақидасының мынадай жеті ерекшелегі болғандығын айтады:

1. Тақдис – Алла Тағаланы жаратылғандардың ішінде ешкімге ұқсатпау.

2. Тасдиқ –  Ұлы Жаратушының есімдері мен сипаттары хақында Құран–Кәрім мен Сүннетте айтылған негіздерді қабылдап, Алла туралы жақсы пікірде болу және Алла Тағала Елшісіне өзін қалай таныстырса, Оған солай сену.

3. Өздерінің дәрменсіздігін мойындау – настарда айтылатын мағынасын бір Алла Тағала ғана білетін мутәшаббих негіздерге жаңаша түсіндірме жасамау.

4. Сукут – Мутәшабих аяттар мен хадистердің мағынасын ешкімнен сұрамау.

5. Имсақ – Мутәшаббих аяттар мен хадистерге тек түсіндірме емес, жорамал айтудан да бас тарту. Сонымен бірге, мутәшабих аяттар мен хадистерді өзге тілдерге де тәржімаламау.

6. Кафф – Мутәшәббих аяттар мен хадистер туралы ойламайтындығын тілмен ғана емес, жүрекпен айту.

7. Мағрипатқа берілу – Жоғарыда айтылған шектеулер негізінде, яғни, Аллаһтың заты мен мутәшәббих аяттар мен хадистерден басқа илаһи ілімді игеруге бет бұру.

Хақ Елшісінің (с.а.у.) көзі тірісінде сахабалар наным-сенімге қатысты сұрақтарына толық қанағатттанарлық жауап ала алатын. Ал, табиғиндер мен таба-табиғиндер Алла Елшісін (с.а.у.) көзін көрмесе де, Құран мен Сүннетті берік ұстанды. Шынтуайтында кейінгі «халафи-садиқин» (Әшғари мен Матуриди) толқынның иір бұтақты ғұламаларының қалыптасуына Пайғамбарымыздың (с.а.у.) аманатын мәпелеп ұстап, мәңгілік ұлы мұраны шашау шығармай жеткізген салафи-салихтардың сіңірген еңбегі өлшеусіз еді. Яғни, ізігілік тарихының алғашқы парағына аты алтын әріптермен жазылған алғадай толқын  - ол салафи-салихтар болатын.   

0 пікір