Мұсылман емес мемлекеттерде туып-өскен адамдардың ақыреттегі жағдайы қалай болмақ?
Мұсылман емес мемлекеттерде туып-өскен адамдардың ақыреттегі жағдайы қалай болмақ?
3 жыл бұрын 1704

Ислам діні – Құдай Тағаланың жер бетіне жіберген ең ақырғы діні. Ақырғы дін келгеннен кейін бұрын келген барша діндердің үкімі жойылды. Алла Тағала Құранда: «Кімде кім исламнан өзге дін іздесе, қабыл болмайды...»[1] деген.

Дінімізде ислам дініне кіру бақытына кенелмеген жандардың бәрі жаппай тозаққа барады деп кесіп айтылған нақты үкім жоқ. «Әһлус-суннет» ғалымдары бұл мәселеде әр түрлі көз қараста. Мысалы, Әшғари бойынша ешбір дін, ешбір құдайылық баян жетпеген адамдардың барлығы, мейлі атеист болсын ақыретте сұраққа тартылмайды. Алла Тағала «Исра» сүресінде дін жетпеген ешбір қауымды азаптамайтынын білдірген: «...Біз пайғамбар жібермейінше (ешбір қауымды) азаптаушы емеспіз».[2] Алла Тағала мұндай жандарды өзінің жәннат нығметінен белгілі бір дәрежеде құр алақан қалдырылмайды.

Ал, Матурудилер бойынша, барлық адамдар пайғамбар келсін-келмесін, дін жетсін-жетпесін Ұлы Жараушының аты мен есімін, кітаптары мен пайғамбарларын білмесе де, Оған иман етулері керек. Мұндай жандар  ақыретте ғибадат тұрғысынан сұралмаса да, иман тұрғысынан сұраққа алынады. Себебі, адамның ақылы ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата алатындай кейіпте жаратылған. Табиғаты да Ұлы Жаратушыны  табуға әрі Оған иман келтіруге бейім. Бұған қоса, әлемдегі әрбір жаратылыс бойындағы ғажайып нақыштарымен Ұлы Жаратушының бар екендігін паш етуде. Аспан әлеміндегі жымыңдаған жарық жұлдыздар, жер бетіндегі құлпырған тамаша өсімдік әлемі, жаратылыстарында ешбір міні жоқ сансыз жан-жануар – бәрі-бәрі Ұлы Жаратушыны меңзейді. Шөлде ғұмыр кешкен шопанның өзі Ұлы Құдіретті тапқандығы хадисте риуаят етілген. Пайғамбарымыздың құзырына келген бәдауиден Ұлы Жаратушыны қалай тапқаны жайлы сұраған уақытта, ол былай деп жауап берген: «Бір жердегі түйенің тезегі ол жерден түйенің  өткенін, ал аяқ ізі де сол жерден біреулердің жүргендігін меңзейді емес пе? Ендеше,  мына таңғажайып жүйемен жаратылған аспан әлемі, мына ғажап әдемілікке толы жер беті – шексіз білім иесі һәм барлық нәрседен толық хабардар Ұлы Құдіретті қалайша меңземесін?!». Демек, қарапайым түйешінің өзі әлемдегі барлық нәрсені жаратып, оны керемет жүйемен еш ақаусыз басқарып тұрған Ұлы Құдіретті таба білген. Олай болса, иман мәселесінде  ақыл-ойдың рөлін толықтай жоққа шығара алмасымыз ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда, ғалым  Матуруди «адам ақыл-ойымен-ақ Ұлы Жаратушыны таба алады» деген.[3]

Қорытындылар болсақ, Ислам діні мүлдем жетпеген яки жетсе де өзінің шынайы келбетінде емес, бұрмаланған түрде жеткен әрі оны дұрыс тану мүмкіншілігі мүлде жоқ қоғамда өмір сүріп жатқан жандарды Алла Тағала өзінің рақымына бөлейді деп үміттенеміз. Ал ислам діні толық жеткен әрі онымен танысу мүмкінішілігі бола тұра оған салғырт қарап, қырсықтық пен тәкаппарлықтың шырмауынан шыға алмай, ақиқатқа көз жұмған ақ пен қараны ажырата алатындай ақыл-есі бар жандар ақыретте азапқа душар болады. Тек шет мемлекеттегі адамдар ғана емес, исламның қайнап тұрған жеріндегі адамдар да пайғамбарымыздың әкелген ақырғы дініне құлақ аспай, Жаратқанның жіберген соңғы нұрына  жарықтан қашқан жарқанат тәрізді көз жұмып, иманнан адасып, күпірлікке жүгірер болса, тозаққа барады. Бұл мәселеде Алланың рақымынан артық рақымшылық ойлау өзіміздің шамамызды білмеу әрі Ұлы Жаратқанды қатігезге теңеу болғандықтан өте сақ болғанымыз жөн.

Алла Тағала әр пендесін өзіне берілген мүмкіндіктеріне қарай сұраққа тартатыны  ақиқат. Сондықтан мұсылман емес мемлекеттердегі адамдардың жеке жағдайы мен мүмкіншіліктеріне қарай бұл сұрақтың жауабы да әр түрлі болмақ. Олай дейтініміз, мүлде дін жетпеген, қараңғы қоғамда өмір сүрген адам мен хақ діннің ортасында туып-өскен адамның ақыреттегі жауапкершілігі бірдей болмасы анық. Бәлкім, ешбір дін жетпеген жапан даладағы бір адамның жан жүрегімен «Уа, Жаратқан!» деп бір рет айтуы – ақыретте исламның қайнаған жерінде туып өскен адамдардың мың рәкат намазынан асып түсуі әбден мүмкін.

Міне, сондықтан біз мұсылман емес мемлекеттерде туып-өскен жандардың бәрін бірдей дереу кәпір деп, «олардың барар жері тозақ» дей алмаймыз.[4] Үлкен ақида ғалымдарының жоғарыдағыдай көзқарасынан кейін, біздер бұл тақырыпта өте абай болғанымыз жөн.

Мәселенің бізге қатысты жағын қозғар болсақ, біз исламды сахабалар тәрізді әлемнің түкпір-түкпіріне дұрыс жеткізе алдық па? Исламды өзінің шынайы келбетінде насихаттап, нағыз мұсылманшылықты тазалығымен, білімімен, экономикасымен, бірлігімен, тірлігімен, қысқасы, күллі асыл қасиеттерімен іс-жүзінде көрсете білдік пе? Бұл сұрақтарға «иә» деп жауап бере алмасымыз айдан анық. Ендеше,  ғылымнан артта қалып, сауатсыздық жайлаған, экономикада басқаларға тәуелді, саясатта тізгінді басқаға ұстатқан, өз арасындағы бірлігі бұзылған қазіргі ислам әлемін қай батыс елі үлгі алып, «мұсылманшылық па, шіркін, қандай керемет» деп исламға жүгірсін? Әрине, біз бұл жерде ислам әлемінің қазіргі жағдайы олардың хақ дінді іздемеулеріне толықтай сылтау бола алады деуден де аулақпыз.

Дей тұрғанмен, өз жағдайымыз осындай болғандықтан, мұсылман емес мемлекеттердегілердің бәрін тозаққа толтыру сияқты тар түсініктен аулақ болғанымыз жөн. Басқа мемлекеттерде шала-шарпы, тиіп-қашып жүйесіз жасаған  мардымсыз насихаттарымызға иек артып, олардың исламға жаппай бет бұруын күтуіміздің жөні жоқ. 

Олай болса, ақыретте өзгелерден бұрын біз мұсылмандар «сендер неге жеткізбедіңдер» деген сұраққа тап боларымыз ақиқат. Сондықтан бар мүмкіншілігімізді әлемге хақ діннің жайылуы үшін, мұсылманшылықты шынайы келбетін іс-жүзінде таныту үшін  сарп етуіміз ләзім.

Бір күні, иншаллаһ, ислам әлемі дүниедегі өзінің бұрынғы тұғырына қайта оралады. Алла Тағала Құранда өзінің соңғы дінін тәмамдайтынын уәде еткен. «Сөзсіз, Алла Тағала өз нұрын (дінін) кәпірлер қаламаса да тәмамдайды».[5] Міне, сол кезде жер-жаһанның бәрі мұсылмандарды еріксіз тыңдайтын болады. Бұған еш күмәніміз жоқ. Себебі, ислам – задында жоғары, теңдессіз қасиеттерге ие құдайылық соңғы дін. Исламның адамның дүниесін, ақыретін, рухын һәм тәнін қанағаттандыратын асылдығын түсінген көкірегі ояу жандардың оны қабылдары сөзсіз. Тіпті, бұл қазір басталып та кетті. Күннен күнге батыста ислам дінін  қабылдаған жандардың санының арта түсуі осының дәлелі. Бүгінде батыстың зиялылары, ойшыл ғалымдары исламның сөнбейтін нұрын, солмайтын гүлін көріп жақындай түсуде. Иә, бір күні адамзат исламға бас иеді. Бірақ, мұны жасауға себепкер болатындар жүректері дін ғылымымен сусындап, ақылдары дүниенің озық ғылымымен нәрленген, пенделік қасиеттерден барынша арылған «дінімді қалай жеткіземін?» деп түн ұйқысын төрт бөліп уайымға батқан сахаба тәріздес қаһарман жандар болмақ.

Алла Тағала жалғыз, дара бола тұра құранның көптеген жерінде неліктен «біз» деген? Мысалы, «қадір»  сүресінде «сөзсіз, біз құранды қадір түні түсірдік» деген  аят бар. 

Құранда Алла Тағаланың жалғыз, дара, бір екендігіне байланысты көптеген айқын аяттар бар. Мысалы, бәрімізге мәлім «Ықылас» сүресінде «Алла жалғыз» делінсе, басқа бір аятта: «Сөзсіз, Мен – Алламын,  менен басқа ешбір тәңірі жоқ. Сондықтан маған ғана ғибадат ет! Мені еске алу үшін намаз оқы»[6] делінген. Ал кейбір сүрелердегі Ұлы Жаратушының өзін «біз» деуінің астарында араб тілінің ерекшелігі жатыр. Мысалы, орыс тілінде екінші жақтың жекеше түріне «ты» делінеді. Алайда, кейде адамға деген құрметті, ізеттілікті, сыпайылықты білдіру үшін жалғыз адамның өзіне екінші жақтың көпше түріне қолданылатын «вы» сөзі қолданылады. Сол секілді араб тілінде де «біз» делінген уақытта Алла Тағаланың ұлылығы мен жаббарлығын білдіру үшін қолданылады. Арабша «Муғжамул-уасит» және «әл-Му¢жамул-арабил-әсәси» сөздіктерінде былай делінеді: «нахну», яғни «біз» сөзі екі және үш адамға көпше түрінде қолданылатыны секілді кейде ұлықтау мақсатында бір адамға да қолданылады.[7]

[1] Әли Имран сүресі, 85-аят.
[2] Исра сүресі, 15-аят.
[3]  М, Абдулфәттах  Шаһин, Шупһелер ве чыкыш иоллары, 3-том, 57-бет. Ғайе баспасы, Станбул. 1990 ж.
[4] Себебі, «кәпір» деп: ислам толық түсіндіріліп, оны қабылдамаған адамға айтылады. Мустафа Зарқа, Фәтәәуа. «Дарул-қалам» баспасы, Димашқ. 2001 ж.
[5] Саф сүресі, 8-аят.
[6] «Таһа» сүресі, 14 – аят.
[7] Әл-му¢жамул-арабил-әсәси сөздігі, 1179-бет.

0 пікір