Ислам дінін ұстанған мұсылмандардың бүгінгі күні ғылым-білімде артта қалуы неліктен?
Ислам дінін ұстанған мұсылмандардың  бүгінгі күні ғылым-білімде артта қалуы неліктен?
3 жыл бұрын 1955

Ислам – адамзатты екі дүниенің бақытына  жетелер Алла Тағаланың ақырғы діні. Оның дәлелі – Құранның нұрлы аяттарын өмірлерінің сан  саласына шамшырақ ете білген мұсылмандар. Иә, Құран қағидаларын берік ұстанып, аяттардың қасиетіне бас иген алғашқы мұсылмандар мәдениетте, ғылымда күллі әлемге ұстаздық етіп, үлгі бола білді. Себебі, Құранның алғашқы аяты «иқра», яғни «оқы!» деп түскен. Бұл бұйрық тек Құранды жатқа оқу емес, жаратылыс сырларын оқу, адамды оқу, жалпы ғаламды зерттеп-зерделеп оқу еді. Құран аяттары мен оның тілмәші Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың хадистері мұсылмандарды әрдайым білімге, ғылымға  үндеді. Тіпті, Пайғамбарымыз (с.а.у.) «ғылым үйрену – әрбір мұсылман ер кісіге де, мұсылман әйелге де парыз» деп, ғылым үйренуді әйел-еркек деп бөліп жатпай, әрбір мұсылман баласына парыз етті. Ғылым іздеуді мектеп, университет сияқты білім ордаларымен, докторлық, профессорлық тәрізді ғылыми дәрежемен  яки  өмірдің белгілі бір кезеңімен ғана шектемей «ғылымды бесіктен көрге дейін ізде!» деп, үлкен талап қойып, бүкіл өмірді қамтитын нысананы меңзеді. Исламда әрбір ғылым саласы Алла Тағаланың құдіретін, ұлылығын, шеберлігін, шексіз білімін паш етіп, құлды Жаратушыға бір табан жақындататын болғандықтан, мұсылмандар ғылымға жай ғана ізденіс, өзінің атын шығаратын әуестік емес, ғибадат, құлшылық ретінде қараған. «...Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?...»[1] деп келетін Құран аяттары білетіндер мен білмейтіндердің, сауаттылар мен сауатсыздардың сөз сөйлеуде, өзгелермен қарым-қатынаста, ел басқаруда, бала тәрбиелеуде, жалпы қай қырынан болмасын тең еместігін, тіпті, Алла Тағаланың алдында да бір дәрежеде болмайтындығын ашық ұқтырды. Құран иман еткен жандарды әрдайым «ақылға салмайсыңдар ма?», «ойланатын ақыл иелері үшін жаратылыста ғибраттар бар», «пікір өрбітпейсіңдер ме?» деген секілді көптеген аяттарымен қашанда оймен саралауға, ақылға жүгініп, терең пайымдауға, салмақты пікірге шақырды. Тіпті, бір сағат ғылым-білім үйрену исламда бір жылдық нәпіл ғибадаттан да артық саналды.[2] Ислам әркімге еңбегіне қарай несібесі берілетіндігін айтып, Құдайға сеніп қам-қарекетсіз қол қусырып жатудың дұрыс еместігін түсіндіріп, еңбекке, ізденіске шақырды. Мұсылман әрбір ісін Алла Тағаланың назарына ұялмай ұсынардай тиянақты, сапалы істеуі тиіс. Себебі, Құран аяты осыны талап етуде. «Еңбең етіңдер! Себебі, істеріңді Алла Тағала, оның елшісі, жалпы мұсылмандар көреді»[3].

Дініміздің адамзатты ғылымға қызықтырып, еңбекке құлшынтқанын жете түсініп, Құранның әрбір аятын өмірлеріне шамшырақ ете білген мұсылмандардан әр түрлі ғылымның негізін қалаған көптеген ғұламалар шығып, күллі әлемге сара жол қалдырды.

«Жер домалақ па, төрт бұрышты ма, жоқ әлде мидай жазық па? Жер күнді айнала ма, жоқ күн жерді айнала ма?» деп аражігін ажырата алмай, батыс алашапқын болып жатқан  кезде жердің домалақ екендігін VIII ғасырда-ақ тәпсір ғалымдарымыз анық айтып кеткен болса, ХІ ғасырда Әл-Бируни сынды мұсылман ғалымдарымыз ғылыми тұрғыдан дәлелдеген болатын. Ал батыс елі ХІ ғасыр емес, XVI ғасырдың орта шеңінде де жердің  домалақ екендігін дәлелдемек болған Коперник, Галилео Галилей сынды ғалымдарын Інжілдің қағидаларына қайшы деген қатігездікпен шіркеудің инквизиция сотына салып, өртейміз деп қорқытып, пікірлерінен айнуға мәжбүр етті. Ал Италияның ғалымы Бруноны пікірінен қайтпағаны үшін аяусыз тірідей өртеп жіберді. Орта ғасырлардағы батыстың ғылымға деген осындай жабайы көзқарасына қарамастан, соңғы  ғасырларда ғылым мен технологияда үлкен жетістіктерге жеткендіктерінің арқасында  философия мен тарих көбіне еуроцентристік көзқараста жазылып, бүкіл мәдениет пен философияның «бастауы» европалықтар болып шыға келді. Бұл көзқарасты қалыптастырғандықтары соншалық, қай қоғамда болмасын әлі күнге осы жаңсақ пікір жетегінде жүргендер баршылық. Мәдениет, білім, тарих кітаптарында мұсылман ғалымдарының аттары тіптен ескерілмеді. Мұсылман мәдениетінің ең бір гүлденіп, шарықтау шегіне жеткен алтын дәуірі әдейі бүркемеленіп, орта ғасырды европалықтар «қараңғылық дәуірі» деп атады.

 Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына батыстың қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда, батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуіне мұсылман ғалымдарының үлесі өте зор болғандығы анық. К.В. Бодлейдің айтқанындай: «Қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар».

 Тарихқа үңілсек, мұсылмандардың батыс ғалымдарынан бұрын көптеген ғылымның негізін қалап, талай-талай жаңалықтарды ашқанына куә боламыз.Алғашқы күн сағатын ойлап тапқан орта ғасыр астрономия және математика ғалымы Жабир ибн Әфлах  та мұсылмандардан еді. Ол Батыста «Geber Filius Afflae» есімімен танымал. Химия саласының атасы Жабир ибн Хаййан (721-805): «Материяның ең кішкентай бөлшегі атомда тығыз энергия бар. Грек ғалымдарының айтқанындай атом бөлінбейді деу дұрыс емес. Бұл да бөлінеді. Ал, бөлінген жағдайда Бағдаттың күл-талқанын шығаратындай күш пайда болады. Бұл – Алланың құдіретінің нышаны» деп, атом бомбасы жайлы алғаш түсінік берген. Зоология ғылымының алғашқы ұстаздарынан Жаһиз (негізгі аты Әбу Осман Амр ибн Бахр) және сегіз ғасыр бұрын автоматтық жүйені алғаш ойлап тапқан Жәзари (1136-1206), европалықтардан 400 жыл бұрын «Хайатул-Хайауан» атты зоологиялық энциклопедия кітабын жазған Демири (1349-1405) (негізгі аты Мұхаммед ибн Муса), европаға математиканы үйреткен Әбу Камил Шужаъ (?-951),  Тригонометрияға тангенс, котангенс, синус және косинус заңдылықтарын қосқан математик Әбул Уәфа (940-998), ең алғаш «мәд жәзір» (теңіз суының көтеріліп-түсуі) заңын ойлап тапқан ғалым Әбу Мағшар (785-886) да мұсылман ғалымдардан еді. Сондай-ақ, алғаш рет жүйелі әрі кең көлемді «Әл-Жабр уәл-Мұқабала» атты алгебра  кітабын жазып, батысқа алгебраны үйреткен ғалым әл-Хорезми  (780-850) болған. Әлі күнге дейін бұл ғылым сол кісінің жазған «әл-жабр» атты кітабымен аталғандықтан,  «Алгебра» делінуде. Батыста жеті ғасыр бойы кітабы қолдан түспеген астрономия ғалымы Ферғани (негізгі аты Әбул-Аббас Ахмед ибн Мұхаммед) батыста «Alfraganus» делінеді,агроном саласында орта ғасыр бойы тек мұсылмандар арасында емес, жалпы дүниеде теңдесі жоқ «Китабул-фәлах» атты кітапты жазған Ибн Аууам (ХІІ ғасыр), жиырма тоғыз жыл бойы көптеген елдерді, құрлықтарды тынбай аралап зерттеген саяхатшы Ибн Баттута (1304-1369), он екі ғасыр бұрын алғашқы қағаз фабрикасын құрған уәзір Ибн Фазыл (739-805), Wright, Wilbur және Orville атты ағайындылар европада тұңғыш рет 1903 жылы ұшақ жасап, ұшуға қол жеткізсе, бұдан шамамен 1000 жыл бұрын, яғни, 880 жылы ұшақ жасап, ұшуға қол жеткізген Ибн Фирнас (?-888), тарихты ғылыми негіздеп, жүйелеген алғашқы ғалым Ибн Халдун (1332-1406), туберкулез микробын R. Kochтан 150 жыл бұрын ашқан атақты дәрігер Камбур Уәсим (?-1761), дүниенің диаметрін алғаш өлшеген үш ағайындының бірі Мухаммед ибн Муса, алгебрадағы «Бином» формуласын тапқан Омар Хайям (?-1123), 400 жыл бұрын қазіргі дүниежүзі картасына өте жақын кейіпте дүниежүзі картасын сызған Пири Рейс (1465-1554), тұңғыш рет компасты ойлап тапқан Кабажаки (ХІІІ ғасыр), химия саласында Кантитаф тәсілін ашқан Әбул-Касым әл-Каши (?-1436), 1000 жыл бұрын майда  тамырларды тауып, алғаш рет рак ауруына  операция жасаған ғалым Али ибн Аббас (?-994) секілді жүздеген ғалымдар мұсылман еді[4].

Иман – адамда ең киелі де қастерлі нәрсе болса, ислам дінінде сол иманның жартысы– тазалық. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «тазалық – иманның жартысы» деген. Тазалыққа мұнша көңіл бөлгендіктен  ибн Сина, әр-Рази, Абдулқаһир және Сахир Ибн Насруллаһ секілді ислам ғалымдары жуынудың адам денсаулығына пайдасын егжей-тегжейлі зерттеген. Емханаларда жуыну үшін арнайы орындар бөлінген. Көптеген үйлердің жанында моншалар болған. Ал европада болса, монша ұғымы деген тіптен жоқ еді. Европалықтардың ІХ ғасырда жуына бастағаны белгілі. ХVІІ ғасырларда Испанияның инквизиция сотында мұсылман испандықтар мен христиандар тазалығына қарап ажыратылатын болған. 

Сабынды да алғаш қолданған мұсылмандар еді. Сондықтан мұсылман елдерінде базарларда сабынның хош иісі аңқып тұратын. Батыс тілдерінде сабынға «savon»  делінсе, ағылшын тілінде «soap»  делінуде.  Бұл батысқа сабынның мұсылмандардан өткендігінің белгісі болса керек.

Ислам пайғамбары Мұхаммед (с.а.у.): «Ей, Алла Тағаланың құлдары, емделіңдер! Құдай түсірген кез-келген дерттің дауасы бар. Тек кәріліктің дауасы жоқ»[5] деп, емі жоқ аурудың жоқ екенін білдіріп, мұсылмандарды емделуге, ем іздеуге шақырды. Сондықтан исламда дәрігерлік, емхана саласы ерте дамып, басқа адамдарға жол көрсетіп, бағыт берді. Оныншы  ғасырдың орталарында бір ғана Кордова қаласында елуден астам емхана болған. Біз қазір қолданып жүрген әлемдік терминдегі «медицина» сөзі Ибн Сина бабамыздың атымен тікелей байланысты деген де көзқарас бар. «Медед» сөзі арабтың «көмек» деген сөзі, ал оның артына қосылған «Сина» сөзі бабамыздың аты. Сонда «Синаның адамзатқа көмегі» деген мағынаны білдіреді. Ибн Синаның медицина саласы бойынша жазған «Шифа» атты кітабы әлемнің әр түрлі тілдеріне аударылып, алты ғасырдай дәрігерлердің қолдарынан түспейтін дерек көзіне айналды. Тіпті, әлі күнге дейін батыс сөздіктері Ибн Синаға «дәрігерлердің патшасы» деген түсінік беруде. Кейінгі дәрігерлік саласы дамығанға дейін батыста Ибн Сина теңдессіз ұстаз қабылданды.

Батыста психалық ауруға шалдыққан адамдар ішіне шайтан кіріп алған, жын билеген деген түсінікпен абақтыларға қамалып, тоқпақтау арқылы емделетін. Тіпті, Інжілге қарсы келетін сөздері үшін оларды өлтіруге дейін баратын. Ауырып жатқан адам дін адамының алдында күнәсін айтып, мойындамаса, ол адам өлмеші халде болса да, оны дәрігерлердің емдеуіне қатаң тыйым салатын. Емдеген жағдайда христиан дінінен шығарылатын. Поптардың түсінігі бойынша, дәрі – тәңірге деген күпірлікке жетелейтін жол. Бұл жайлы шіркеу мұғалімі Татиан былай дейді: «Дүниелік дәрілерге, шөп пен тамырларға сенім арту – тәңірге деген сенімсіздік. Адамдарды тәңірден алыстатқысы келетін шайтандар мен лас рухтар иманы әлсіздерді алдауда»[6]

Кейіннен батыс елі мұсылмандардан көп нәрсе үйренді. Батыста орын тепкен Андалусия ол кезде мұсылмандардың қолында еді. Қазіргі Испания ол кездері мұсылмандардың ғылым мен мәдениет орталығы болатын. Бар ғылым мен мәдениет батысқа ашылған осы мұсылман өлкесінен тарайтын. Андалусияның Кордова қаласының бір ғана кітапханасында 600 000-ға жуық қолжазба кітаптар бар еді. Ал ІХ ғасырда батыстың ең бай деген Сенегалдағы кітапханасында 400 дей ғана кітап бар болған көрінеді. Кейіннен батыс мұсылмандардан әсерлене бастаған шақта Сен Венсан кітапханасында кітап саны 11000-ға жетті. Мен бұларды батысты жамандау үшін емес, тек тарихи шындықты жеткізу мақсатында айтып отырмын.Шіркеудің ғылымға деген осындай қараңғылығының салдарынан батыста ғылым мен мәдениет едәуір артта қалған еді. Бірақ батыс ХVІІІ ғасырда шіркеудің үстемдігін құлатып, саналарын билеген шектеуден азат болғаннан кейін ғана ғылым көкжиегіне еркін қанат қақты. Бүгінгі таңда батыс ғылым мен технологияда алдыңғы қатарда. Дейтұрғанмен, дінсіз ғылым да өзінің кері нәтижесі мен кемшіліктерін байқатпай қалған жоқ.

«Ғылым деген бұл болса – адыра қалсын,

Демеске бара жатыр ішім толып»[7]-деп Шәкәрім Құдайбердіұлы жырлағандай дінсіз, руханиятсыз ғылым адамға кейбір тұстарда қасірет әкелді. Ол атом бомбасы боп жарылып, оқ боп бейкүнә жандарға атылды. Руханиятсыз ғылым өзгелерді қанауға қолданылды. Соңында «клондауды» шығарып, жаратылысты жаратуға адамның да құдіреті жетеді дегендей күпірлікке барды. Ол – ол ма? Оны адам деген киелі жаратылысқа да қолдануға шақ қалды. Қолдан ұрықтандыруды дамыта келе ешбір шектеусіз оны адамға да қолдана бастады. Сөйтіп, ер адамдардың спермалары сатылатын сперма банкалары пайда болып, әйелдер үйленбей-ақ жүкті болу мүмкіншілігіне ие болды.  Нәтижеде әйелдер «күйеу» деген Құдай қосқан жұбынан айрылды. Тіпті, оларды керек те қылмайтын болды. Балалар болса тумай жатып жетімдік көріп, дүниеге әкесіз келді. Киелі ұғым, ата-тек әбден шатасты. Ежелгі  қастерлі ұғымдар бүгінде «ескінің сарқыншағы», «керітартпалық» саналса, небір сорақы әрекеттер «ғылым, мәдениет, даму, әйел еркіндігі» деген ұранменен көкке аспандатылды. Міне, мұның бәрі руханиятсыз ғылымның жемісі екені сөзсіз. Бүгінгі таңда батыстың ғылымда, технологияда өркендегенімен рухани азғындап, тығырыққа тірелгені баршаға мәлім. Дінсіз жерде ғылым құлды Құдайға жақындатудың орнына, керісінше, оны алшақтатты. Адамды «мен жасадым, мен бүйттім» деген тәкаппарлыққа тәрбиелеп, азғындауға душар етті. Атақты ғалым Эйнштейн:  «Дінсіз ғылым – ақсақ болса, ғылымсыз дін - көр», – деп бекер айтпаса керек. Қысқасы,  дінсіз жерде ғылым, ғылымсыз жерде дін болмайды. Құранның алғашқы аятына назар аударсақ, «Оқы, жаратқан Раббыңның атымен!» делінеді. Яғни, Ұлы Құдіретті танытудан ада, Оның ризашылығы жоқ оқу – ғаламға пайдасынан гөрі зиянын тигізбек. Ыбырай Алтынсариннің:

«Бір Құдайға сыйынып,
Кел, балалар, оқылық!»-деп, оқудың жанына жаратушы иеміз Алла Тағаланы да қосуы, ақын Мұқағалидың:

«Қол қусырып Құдайға,
Ғылым мен дін  бірге бар!»[8]-деуі де бекер болмаса керек-ті.

Өкінішке орай, кейбір адамдардың «Батыс діннен алшақтағанда ғана ғылымда қайта өрлеу дәуірі басталды, дамушылық белең алды. Мұсылмандар да діндерінен алшақтар болса, бәлкім, артта қалудан құтылар ма еді» дегенін де құлақ естіп жүр. Алайда, батыс бізге өлшем емес. Батысты мұсылмандармен салыстыруға мүлде болмайды. Себебі, сол кездегі шіркеу ғылымға қатты қарсы болғандықтан, батыстың одан құтылған шақта дамуы табиғилық. Ал, ислам діні ешқашан ғылымға қарсы болмаған. Тіпті, әрдайым қолдап отырған. Сондықтан дінді жақсы түсініп, Құранға құлақ асқанда ғана мұсылмандар ғылымда шарықтап, мәдениетте өркендеген. Әлемге ғасырлар бойы ұстаздық еткен. Алайда, Құран қағидаларынан алшақтап, өзгелерге ес-түссіз еліктеп, өз тектерінен адасып, қастерлі ұғымдарды аяқасты еткен кездері еріксіз кері кетушілік бой көрсетті. Ғылымда артта қалып, сауатсыздықтың шыңырауына құлады. Ендеше, мұсылмандардың артта қалуы Ислам дінінің керітартпалығынан емес, керісінше олардың өз діндерінен алшақтауында, Құранның өміршең қағидаларын жаңа өмірге сай дұрыс түсіне алмауларында жатыр. Содан барып жақсы мен жаманның парқын білмейтін, дос пен дұшпанды ажырата алмайтындай мешелдікке ұрынды. Өз құндылықтарын мақтан ете бойын тік ұстаудың орнына, өзгелердің жылтырақ мәдениетінің алдында бүгежектеп өздерін төмен санаудан аса алмады. Ынтымақ-бірліктеріне сызат түсті. Талқыланатын қаншама маңызы зор мәселелер бола тұра түймедей жайттарды түйедей етілді.  Сол болмашы нәрселерге бола бір-бірімен қызыл кеңірдек боп айтысып-таласып, жаға жыртысуға дейін барудан тайынбады, береке-бірліктен айрылды. Ал береке-бірлік кеткен жерде даму емес, тек кері кетушілік қана  болады.

Иә, бұл айтылғандар мұсылмандардың артта қалуының негізгі себептері. Бұған қоса, кешегі тарих беттеріндегі шытырман оқиғалар да мұсылмандардың  сергелдеңге түсіп, сансырауына себеп болды. Бұған орта азияның ғылым мен мәдениет ошағы Отырарды, сан ғасырлар бойы мұсылмандарға ғылым-білімде орталық болған Бағдат шаһарын жалмап жұтқан маңғол-татар шапқыншылығын, бүкіл батыстың шоғырланып  мұсылмандарға ес жиғызбай неше қайтара жасаған  «крест жорығын», ғылым мен өнерде күллі адамзаттың мақтанышына айналған «Андалусияның» мұсылмандардың уысынан шығуын, «Осман империясының күйреуін»  жатқызуға   болады.

Андалусияны (қазіргі Испанияны) христиандар жаулап алған уақытта, мұсылмандардың мәдениетін, ғылымы мен білімін ойрандай етіп,[9] кітапхаларындағы бар құндысын талан-таражға салып, өз елдеріне әкетті[10]. Сөйтіп, Андалусия батыстың қазіргідей ғылым-білімде дамып-жетілуіне жағдай жасады.  

Кешегі, ғасырлар бойы төрткүл дүниені аузына қаратып, мәдениет пен ғылымда өзгелерден оқ бойы озып шығып, оларға жетекшілік еткен ата-бабаларындай боламыз десе, бүгінгі мұсылмандар да Құранның нұрлы аяттарын өмірлерінің әр саласына шамшырақ ете білуі керек. Құран аяттарын заманға зай тапсірлеп, жорамалдай білуі қажет.

[1] Зумәр сүресі, 9-аят.
[2] Кашфул-хафа, 1-том, 310-бет.  Тахриж ахадисил-Ихиа, 9-том, 291-бет.
[3] Тәуба сүресі, 105-аят.
[4] Шабан Дөген, Мүслүман илим Өнжүлери ансиклопедиси. Стамбул, 1984 ж.
[5] Мусаннафу Ибни Әби Шәйба, 5-том, 421-бет. Қосымша мына кітаптарға қараңыз: Сунану Ибни Мәәжа, әл-Мустадрак алас-сахихайн, әл-Муғжамул-кабир лит-Табарани, Шуғабул-иман лил-Бәйһақи.
[6] Шабан Дөген, Мүслүман илим Өнжүлери ансиклопедиси, 32-бет. Стамбул, 1984 ж.
[7] Шәкәрім, Өлеңдер мен поэмалар, 139-бет. Жалын баспасы, Алматы  1988 ж.
[8] Мұқағали шығармалары, 2-том, 26-бет. «Жалын» баспасы, 2001ж.
[9] Бір ғана Гырнатаны қолға түсірген уақытта қаланың ортасында мұсылмандардың 80000-ға жуық кітабын өртеп жіберді.
[10] Ахмет Гүркан, Ислам күлтүрүнүн гарбы меденилештирмеси, 230-бет. 

1 пікір
  • мына мақалада сұраққа жауап жоқ. Тек ортағасырдағы ислам әлемінің дүниеуи ғалымдардың және олардың еңбектерінің тізімі берілген.
    Тек аяқ жағында ғана дінді дұрыс түсінбеу, сонымен қатар сыртқы жаулардың кесірі деп айтылған. Бұл аргументтердің негізі жоқ. Моңғол шапқыншылығынан бері сегіз ғасыр өтті, Батыстың бодандығынан да құтылғанымызға көп уақыт өтті.Әне, жартылай колония болған Қытайдың өзі әлемді өз аузына қаратуда.
    Менің пікірімше, ислам әлемиінде ғылымның тоқырап қалуына басты себеп діни фанатизм. Билікке бір діни фанатик келе салысымен, білімнің деңгейін көтерумен айналыспайды, қайта көрге сүйрейді.
    2 жыл бұрын