Тозақтан от сұраған әулие (ғибрат-хикая)
Тозақтан от сұраған әулие (ғибрат-хикая)
5 ай бұрын 9167
Абдусамат Қасым

Аббаси халифалығының әйгілі халифасы Харун Рашид заманында Бәһлүл Дана (VIII ғасыр) есімді әулие өмір сүрген. Бірақ, әулие болғанымен, біраз әпенділігі де аздап бар ұқсайды, әсіресе қате істер істеген адамдарға арнайы килігіп, мысалдармен орағытып әкеп, қателігін бетіне басатын мінезге ие еді.

Халифа Харун Рашид оны үнемі қасына шақырып, онымен сұхбат жүргізіп, әртүрлі тақырыпта әңгімелескенді ұнатады екен. Ол да астарлап, әлдебір қателігін көрсе, ескерту жасап отыратын болған.

Бір күні Әзіреті Бәһлүл Дана үсті-басы шаң-шаң, алыстан жолаушылап келген жолаушы адам кейпінде Харун Рашиттің сарайына барыпты. Оның бұл халін көрген Харун Рашид халифа:

- Мына түрің не, Бәһлүл? Қайдан жолаушылап келесің? – деп сұрайды.

- Тозақтан келемін, ұлы мәртебелі патшам, - деп жауап береді Бәһлүл.

- Тозақтан келгені несі! Не жұмысың бар еді тозақта? – дейді халифа, ештемені түсінбей.

- От керек болып, сол от алып келейін деп барғанмын.

- От алып келдің бе, енді? – дегенде, Бәһлүл:

- Өкінішке орай, тақсыр, алып келе алмадым. Тозақтың сақшылары маған: «Сендер ойлап жүргендей, мұнда от жоқ. Отты әркім фани дүниеден өзі алып келеді», - деп қолымды бос қайтарды, - деп жауап береді Бәһлүл. (Қарияның айтқаны тәмсіл сөз екені айтпасақ та белгілі. Оның астарында, ақыреттегі өміріне бұ дүниеден қамдану керектігін және о дүниеде отқа күюіне бұ дүниедегі жасаған күнәлары себеп болатындығы ұғындырып отыр).

Әулиенің сөзі жанына батқан халифа, бүкіл істерін ой елегінен өткізіп, кімге әділетсіздік жасаған болса, кімнің ақысына кірген болса, кешірімін алған екен. Халық арасында аш-жалаңаш пақырлар мен қараусыз қалғандарға қазынадан нәпақа бөлгізіп, халықтың әл-ауқатын дұрыстауға ден қойыпты. Сотталып, зынданға тасталғандардың бірәзінің ісін қайта қаратып, ақ-қарасы нақты анықталғанға шейін қамаудан шығаруды бұйырыпты. Осылайша, әулие Бәһлүлдің бір сөзінен тәубеге келген халифа, күнде кешке істеген істерін есепке алып отыратын болыпты деседі.

حَاسِبُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُحَاسَبُوا ، وَزِنُوا أَنْفُسَكُمْ قَبْلَ أَنْ تُوزَنُوا 

"(О дүниеде) есепке алынбай тұрып, (бұ дүниеде) өз-өздеріңді есепке алыңдар. (О дүниеде) таразға тартылмай тұрып, (бұ дүниеде) өз-өздеріңді (істеріңді) таразылаңдар". Әзіреті Омар.

 islam.kz

 

0 пікір