Сәби тілегі
Сәби тілегі
3 жыл бұрын 2529 islam.kz unegregiousness.rssing.com
Құмар Шаймарданов

Бес жасар Сырым үшін әжесінің іс-әрекетінде тылсым сыр жатқан сияқты сезілетін. Әсіресе, таң бозынан оянып алып, түкті жайнамазын жайып қойып, намаз оқиды. Кейде тіпті ұзақ отырады. Сырым әжесінің бұл қылығына алғашында көп мән бермейтін. Бірақ соңғы кездері қарт әжесінің осы бір ісіне қатты мән беріп жүр. Бірде әжесі бесін намазын өтіп болып, қолын жайып батасын жасап түрегелген сәтін күтіп тұрған Сырым:

-  Әже, сіз осы не істейсіз?- деп сұрады. Әжесі:

-  Менің кішкентай құлыным, білгің келсе айтайын, мен барлығымызды жаратушы Аллаға сыйынып, құлшылық жасаймын әрі жәрдем тілеймін.

-  Әже сен Алланы танисың ба?

-  Жоқ, қарағым, жүрегі таза, ниеті түзу, өзіне шын берілген адамды Алла өзі таниды, оған әрдайым жәрдем береді.

-  Әже, Алладан жәрдем сұрасам маған да көмектесе ме?

-  Сен не сұрайсың балам?

-  Папамды сағындым. Алладан оны үйге келтірші деп сұрайыншы және арақ ішкенін қойсын деп тілейінші...

-  Сөйт, құлыным,- деп әжесі көзіне жас алды.

Кейуананың көзіне жас алған себебі, жеті жыл бұрын қолында үкіліп өсірген жалғыз қызын ұзатты. Куйеу баласы екеуіне шалынан қалған азғана малды сатып қаладан үй әперді. Кешікпей немере сүйді. Арада сырғып екі жыл өткенде, күйеу баласы арбадан бұзылған аттай арақ ішетінді шығарды. Бастабында «уақыт өте келе доғаратын шығар» деп оған онша мән бермеген еді, соңында тіпті үй бетін көрмейтін болды. Ішімдікке салынғаны соншалық қатын баласынан безіп кетті. Енді міне, кішкентай немересінің сөзі мынау, жыламай қайтсін!

Сол күннен бастап кішкентай Сырым әжесінің үйретуімен намаз дұғаларын жаттап, сәждеге бас қойды. Пәк сәбидің Алладан сұраған жалғыз жәрдемі папасының үйге оралуы болатын. Арада екі ай жарым уақыт өтті. Сырым болса Алладан жәрдем тілеуін тоқтатқан жоқ. Бір күні әдеттегідей дәретін алып, намаз оқуға ниеттеніп отыр еді есіктің қоңырауы соғылды. Сырым үйде жалғыз-тын. Әжесі ауылға, мамасы жұмысқа кеткен. Сонда бұл кім болғаны, абдырап барып тың тыңдады. Қоңырау қайта соғылды. Бұл жолғысы тым ұзақ-тын...

Сырым орысшалап: - Сіз кімсіз?- деп сұрады. Жауап орнына «Ұлым, есікті аш» деген өксікке толы папасының үні естілді.

Сырым бұған ешқандай таңданған жоқ. Осылай болатынын жүрегі сезген еді. Өйткені, Сырым Алланың жәрдем беретініне толық сенімде болатын. Есікті ашты.

Басында аппақ тақия, қолында кішкентай тәсбих, жүзі нұрланып, жарқырап тұрған ұлын көрген әкесі оның бетінен иіскеуге батылы жетпей тосылып қалды. Себебі, ұлының ойлы жанары мен нұрлы жүзінде имани сезімнің ұшқындары оттай лаулап тұрды. Тізерлеп отыра кетті:

-  Ұлым – деді, мен енді бәрін тастадым, жамандық атаулыдан аулақ жүретін болам балам! Түс көрдім. Түсімде ақ сәлделі қария келіп, «үйіңе қайт, арақ ішуді доғар!» деп ескертті. Оны елей қоймадым. Екінші рет тағы осы оқиға қайталанды. Ойланып қалдым. Үшінші жолы аса қаһарлы қария қолындағы аса таяғымен сабап, өлтіруге шақ қалды...

Сырым аяулы папасын одан әрі сөйлетпеді. Оған бәрі түсінікті болатын. Қолынан жетектеп әкеліп папасын төрге отырғызып, «Ұлы Жаратушы ием неткен қайырымды едің» деп қолын жайып бата қылды. Папасы да көзінің жасын сүртіп, ол да бетін сипады.

Осылай пәк сәбидің шынайы дұғасының арқасында шайқалған шаңырақ түзеліп, имани отбасының түтіні түзу ұшып жатыр.

2 пікір