«Рүкуғда қол көтеру» хадисі төңірегінде Әбу Ханифа мен Имам Әузағи арасында болған пікір талас
«Рүкуғда қол көтеру» хадисі төңірегінде Әбу Ханифа мен Имам Әузағи арасында болған пікір талас
5 жыл бұрын 6242
Абдусамат Қасым

Хадисші ғұлама Суфян ибн Ъуәйнә (м. 725-815 ж.) былай деп әңгімелейді:

«Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам әл-Әузағи (рахимаһумаллаһ) Мекке қаласындағы бидай сатушылардың үйінде бас қосады (кей нұсқада тігіншілердің үйінде делінеді). Сол кезде Имам әл-Әузағи Имам Әбу Ханифадан:

- Сендерге не болған, рүкуға барғанда және рүкуғдан бас көтергенде қолдарыңды көтермейсіңдер? – деп, Әбу Ханифа мен оның серіктерінің елден ерекше рүкуғда қол көтермейтіндіктерінің себебін сұрайды.

- Өйткені, ол жайында Алла елшісінен (саллаллаһу аләһи уә сәлләм) «сахих» еш нәрсе келмеген (яғни, айтылған риуаяттардың дені сахих емес), – деп жауап береді Әбу Ханифа.

- Қалайша сахих емес? Маған Зүһри (Мұхаммед ибн Шиһәб), ол Сәлимнен (атақты табиғиндерден, сиқа, Әзіреті Омардың немересі), Сәлим болса әкесі Абдулла ибн Омардан (радияллаһу анһум) жеткізген хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намаз бастағанда және рүкуға барғанда, сондай-ақ, рүкуғдан басын көтергенде екі қолын иық тұсына көтеретін еді», - деп Имам Әузағи сахих деп білетін хадисін көлденең тартады.

- Бізге Хаммад (Хаммад ибн Сүлеймен), ол Ибраһим ән-Нәхағиден (ғұлама табиғин, Айша анамызды көрген), Ибраһим болса Алқама және әл-Әсуадттан, ол екеуі Абдулла ибн Мәсғудтан жеткізген хадисте: «Шынында Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі қолын тек намаз бастау сәтінде (ифтитах тәкбірінде) ғана көтеретін еді. Онысын кейін қайталамайтын (қол көтеруді қайталамайтын)» - делінеді, – дейді Әбу Ханифа.  

Имам Әузағи:
- Мен саған Зуһриден, Сәлимнен, Абдулладан хадис жеткізіп тұрмын – дейді аталмыш риуаятшылардың атақты екендігін, әрі жеткізуші рауилер тізімі де шұбатылған емес, аз екендігін артық көріп. – Сен болсаң маған «Хаммад айтты, ол Ибраһимнен жеткізді» деп тұрсың.

Сонда Әбу Ханифа өзінің келтірген хадистегі риуаятшылар мен Әузағидің келтірген хадистегі риуаятшыларды салыстыра отырып былай жауап береді:
- Хаммадтың Зүһриден хадистің мән-мағынасын түсіну жөні артық еді (Хаммад Зүһриге қарағанда хадисті тереңірек түсінетін – Кәнә әфқаһә минһу). Ибраһимнің де хадис мағынасын ұғыну жөні Сәлимнен артық тұғын. Абдулла ибн Омардың сахабалық мәртебесі болса да, Алқаманың одан (Абдулла ибн Омардан) хадисті ұғыну жөні кем емес. Абдулла ибн Омардың сахаба болу артықшылығының бары шүбәсіз. Бірақ Әсуәдтің де (хадис түсіну жөнінен, фиқһ жөнінен) артықшылығы аз емес. Ал, Абдулла ибн Мәсғуд – ол, Абдулла ибн Мәсғуд (яғни, ол жайында сөз айтудың өзі артық), - деп жауап береді.

Әбу Ханифаның жауабынан кейін Имам Әузағи үндемеді"[1].

0 пікір