Қонақтың несібесі
Қонақтың несібесі
6 жыл бұрын 7285 www.shiizm.ru
Мырзагелді КЕМЕЛ

Қонақжай бір кісі болған екен. Әйелі болса жолдасының күнде бір кісілерді ертіп келетініне ренжитін. Бірнеше рет жолдасына:

- Күніге бір қонақты ертіп келесің, қонақтарың болса балаларымыздың несібесін жеп кетеді, - десе де, жолдасы үйге қонақ шақырмай тұрмайтын.

Бір күні әйелінің шыдамы таусылып, ғұламаның қасына ақыл сұрап барады.

- Жолдасымның қонақ шақырмаған күні жоқ. Балаларымыз өсіп келе жатыр, оларды жетілдіруге ешқандай ақшамыз жоқ. Тапқан ақшамыздың бәрі сол қонақтарды күтіп, оларды тойындыруға кетіп жатыр, - деп мұң шағады.

Ғұлама әйелдің күйеуін де қасына шақырып, неге олай істейтінін сұрайды. Ол:

- Қонақ шақырмай тұра алмаймын! Асымызды қонақпен бөліссек, үйге береке кіреді, - дейді.

Ғұлама екі жақты да тыңдап, әйелден күнде үш-төрт емес, бір ғана қонақ келсе наразылығы болатын, болмайтынын сұрайды. Әйел оған да риза емес:

- Мен балаларымның несібесін басқаларға жегізе алмаймын, - деп тұрып алады.

Күйеуі: «Ең болмаса күнде бір қонақ келсінші», - деп сұрайды. Ақыры әйел көнеді. Алайда, ертеңіне жолдасы тағы екі қонақ ертіп келгенін көреді. Әйел ашуланса да, ашуын сыртқа көрсетпей ас үйге кіріп үш кісілік ас дайындайды. Қонақтар кеткен соң қараса жасалынған бір кісілік тамақ артылып қалады.

Әйел жолдасына:

- Қонақтың біреуі неге тамақ ішпей кетті? - деп сұрайды. Жолдасы аң-таң:

- Қай қонақты айтасың? Мен бір-ақ қонақпен келдім ғой.

Бірақ әйел бір емес, екі қонақтың келгенін нақты көргенін айтады. Анығын білу үшін олар қайта ғұламаның алдына барады. Ғұлама болған жағдайды тыңдап:

- Жұбайыңыз рас айтады! Үйге екі қонақ кірген. Бірақ екінші қонақ адам емес, адам кейпіндегі несібе болатын. Қарсы болсаңыз да дастархан жайып қонақты жылы қарсы алғаныңыз үшін несібе азаймады. Өйткені әр қонақ өз несібесімен келеді, тіптен несібесі өзінен 40 күн бұрын келеді. Яғни, ешкім ешкімнің несібесін жей алмайды, несібе де азаймайды... Керісінше, қонақ шақырған үйдің несібесі артады.

0 пікір