«Қол сатып аламын»
«Қол сатып аламын»
2 жыл бұрын 2145
Абай Хамза

Қол сатып аламын деген жарнаманы оқығанда, алғаш әзіл шығар деген оймен өзімнің жайдарлана күліп отырғанымды аңғардым. Келесі мезетте таңдана бастадым. Жоқ, әзіл-қалжыңға ұқсамайды. Жарнама газеттің бірінші бетіне жарияланған. Әрі, бірден көзге түсердей әріптерін үлкен етіп, арнайы құрсаудың ішіне жарқырата көрсетіпті. Қайталап, анықтап оқи бастадым. Мәтін орысша. Сөзбе сөз мағынасы мынандай: «25-30 жас аралығындағы ер адамның сол қолын сатып алмын. Қолын сатушының қаны І группа болуы шарт. Қолдың құнынына 1 млн АҚШ доллары көлемінде қолма-қол есеп айырады. Делдал арқылы болса оған жеке 100 мың доллар төленеді.» Әлденеше рет оқыдым. Аумай осылай деп жазылған. «Ойпыр-ай!» деп сөйлеп отырғанымды да байқамаппын. Шынымен де рас болғаны ма? «Пәтер сатып аламын, мәшине сатып аламын, мебіл сатып аламын, мал сатып аламын... таусылмайтын т.т.-ды сатып аламын» дегенге етіміз үйренген кезде, мынау қол сатып аламын деген қайдан шықты? Өзінің бағасы анау! Табан астында доллармен миллионер, теңгемен миллиардер болып шыға келесің. Ойпырай, ә! Жарнаманың төменгі жағына көз тастадым. Үйдің, жұмыстың телефондары, мобиль, электрондық байланыс түп-түгел жазылған. «Әй, мына қызықты қараңдар!» деген үнім шығып кетті. Жан-жағыма қараймын. Үйде менен өзге ешкім жоқ екен. Телефонды қолға алдым. Қызық болсын, хабарласып көрейін. Иә, мынау жарнамаға мен өзім де сап-сай екенмін. Жасым, 29-да, қанымның группасы да бір.Сол қолымды көтеріп көрдім. Бұлшық еттері білеуленген, көк тамырлары көз тартып, білек түктері жылтыраған, тырнақтары күп-күрең әдемі қол өзіме қарап тұраған секілді: «Мені сатпақсың ба?» деп. Жүрегім үлпілдеп, маңдайымнан суық тер бұрқ етті. Бай болсам деген қуаныштан ба, әлде сыңар қол болып қалатын қорыныштан ба, білмедім. Сәл аңтарылып қалдым. Сол қолым жоқ, бірақ миллионермін. Миллион дол..л..л...а...р! Іштей есептеп көрем. О, өмір бойы таусылмайтын ақаша ғой. Бірақ неге екені белгісіз, қолымды қимайтын секілдімін. Жарнаманы тағы бір оқып шыққанда басыма бір қуанышты ой жарқ ете қалды. Делдал болып көру керек. Иә, 100 мың доллар да аз ақша емес. Міне, табылған ақыл! Телефонды қайта қолға алдым. Жаңа жүрегім үлпілдеп, суық тер шықса, енді саусақтарым дірілдеп, көзім жасауырады. Жарнаманың жұмыс телефонынан автоматты дауыс естіліді. «Сіз барлық мағлұматты емайлден алғаныңыз жөн» Дереу көмпитірімді қосып, емайлі де аштым. Рас-ей! «Сол қол сатып аламын» деген мәтін қазақша, орысша, ағылшынша қатар жазылған. Ұзын ырғасы мынанадай: «Аты жасырын сақталуға тиіс, атақты бай, даңқты шенеунік Пәлен Түгенебіш Дегенбавтың жалғыз ұлы Ерен мырза мотоспортқа қатысып жүріп, жол шетіндегі жартасқа жанай өткенде сол қолын иығынан жұлдырған. Неке тойына 2 ай қалғанда. Сондықтан жасанды емес, жанды қол қажет. Қолын сатуға келіскен азамат қаладағы трансплантация жасайтын емханаға келіп, денсаулығын тексерткен соң, қолы жарамды деп табылса, ресми шартқа отырады. Содан кейін жеке шотына қолма-қол миллион доллар аударылып, банк кітапшасы қолына табыс етілген соң, хирургиялық жолмен сол қолы қолсыз қалған мырзаның иығына трансплантациялық әдіспен жалғанады. Қол сатушы жарақаты жазылғанша емхананың тегін күтімінде болады. Делдал арқылы келген «қол сатушы» болса, дәл осылайша келіскен соң, делдалдың жеке шотына жүз мың доллар аударылады. Барлық құқықтар заң бойынша қорғалады. Болған үрдістерді құпия ұстауға уәде алынады.» Тағы да жүрегім үлпілдей жөнелді. Сағатыма қарадым. Таңғы 8.20. Жарнамалық  газет бүгінгі. Кілентті бұрын табуға үлгеруім керек. Жол шетіне шығып, «Момышұлы» аялдамасына бірінші келген 566-автобсқа іліндім. Қолымда «Рек-таймның» 2004 жылғы мамырдың 24-күнгі, 23 саны. Есікке таяу орындықтағы өзім қатарлы жігіттің жанына отыра қалдым. Көз қырымды салсам, атан жілікті, шоқпар қолды жұмысшы жігіт екені көрініп тұр. Ол да маған бет бұрды. Осы сәтті қалт жібермей: «Замандас, кенет бай болып шыға келуге қалай қарайсың?» дедім. Бейтаныс жігіт сабырлы жымиды: «Қарсы емеспін». «Ондай болса, миллион долларды бір-ақ күнде табасың» дедім, «Менің айтқаныма көнсең...» Ол маған сенімсіз кейіппен, немқұрайлы көз тастады: «Ондай сұмдық  ақшаны біз ойға да алмаймыз. Жол жөндеуде ыстыққа күйіп жүріп айына 50 мың теңге табам. Пәтер жалдаудан қалғаны, тамаққа әзер жетеді...» Көкейімде «міне, нағыз кілент!» деген дәме жылтың ете түсті. Мәселеге тіке көштім. Атын сұрап алдым. «Әй, Рамазан! Миллон доллар тапсаң, жүз мыңына қала маңынан жер сатып аласың, жүз мыңына әдемі бір баспана, қалғанын қалай айналдырып көбейтем десең, өз еркіңде. Өмір бойы ақшадан таршылық көрмейсің.» Рамазан ол неғылған ақша айтсаңшы, енді деген кейіппен назарын тікті. Менің де аңдып отырғаным сол ғой, жарнамалық газеттен оқығанымды майын тамыза айтып бердім. Рамазан өте жақсы түсінгенін білдіріп, басын изеп отыр. Дәмем зорая түсті. «Рамазан, басқа кіленттен бұрын үлгеруіміз қажет, кеттік, қазір!» Оның жеңінен ұстап алып, орнымнан тұрдым. Рамазан тапжылар емес. Бетіне, қарасам көзі үрейге толып,  күнге күйген күрең маңдайын бүршік тер жауыпты. Еріні әзер қимылдап: «Жо... жоқ! Қолымды бере алмаймын! Ондай ақшаның маған керегі жоқ!» деп, мен қазір-ақ  алып кетердей сол қолын оң қолымен қапсыра ұстап алыпты...  Сонымен алғашқы кілентім сәтсіз аяқталды. Бірақ үмітім зор. Басыма бір тамаша ақыл келе қалды. Бұл саудаға жұмыссыздар тез көнуі әбден мүмкін.  Сәкен Сейфуллин атындағы көшеге қарай тарттым. Төлебиден төмен жолдың екі жағын сүзіп келем... Түс ауған кезде 23 кілентке сөйлесіп үлгеріппін. Жоқ, жеме-жемге келгенде біреуі де көнбеді. Бір таңғалғаным бәрінің жауабының ұқсастығы. «Шолақ қол, мүгедек миллионер болғанша, сап-сау қолдарыммен кедей болғаным артық....» Кеш бата күні бойы жөнді жұмыс таппай ширығып тұрған бір жігітке келіп, айта-айта жаттап алған жарнамамды судыратып шықтым. Әлгі жұмыссыз аса бір шаттыққа кенелгендей жайдарлана күліп маған төніп келді. Мен де қуанғанымнан «Иә, сәт!» деп жіберіппін. Келесі кезекте көзімнің оты жарқ ете түсіп, жол жиегіне құлап бара жатқанымды байқадым. Ол бетіме қарай еңкейгенде, тағы ұрады екен деп қолыммен жасқана бердім. Бірақ, ұрмады, құлағыма таман аузын тақап: «Ақымақ, мен миллион долларыңа бір қолымды емес, бір саусағымды да сатпаймын! Көзіме көрінбей жоғал!» деді.
Үйге өлміші боп шарашап кеп, төсекке жата бере ұйқыға кетіппін. Таң атқанша  адам құсап сөйлеп, жан ұшыра қашып жүрген не түрлі қолдарды қуып, жете алмай шалдыққан халде азапты түс көріп,  бастырылып әзер ояндым. Ояна сала, баяғы жарнама сумаң етіп, көкейіме кіріп келді. Сонымен қабат бір тың ой да қатарласа қалды. Әп, бәрекелді деп, шапшаң киініп сыртқа жүгірдім. Басқа делдалдан бұрын үлгеруім қажет. Ақсай-2 шағын ауданындағы базардың алдында екі аяғы жоқ, жиырмалардағы бір қайыршы тәжік отыратыны есімде. Міне, бұндай сұранысқа осындай бейшара қайыршы бірден келіседі. Кешеден бері неғып есімде болмаған. Ол айтқанымдай дәл күндегі орнында, тізелеріне тері қапшық кигізген  шолақ аяғымен аласа арбасында отыр екен. Анда-санда: «Құдай үшін, братия» деп,  алақанын жайып қояды. Таяп келіп, бір жағы байқау үшін шып-шымыр, жалпақ алақанына 50 теңгелікті тастадым. 5 теңгеге қанағаттанып үйренген ол маған риза кейіппен көз тоқтатып, «Құдай жолдыңды оңғарсын!» деп бетін сипады. Мен де осы мезетті қалт жібермей жарнамамды жайып салдым. Мен сөзімді аяқтар кезде оның екі көзінен жасы сорғалап, жылай бастады. Саудаға келісті, қуанғанынан жылап отыр деп, жақсыға жорыдым. Бірақ.... ол жасын тиып, қос алақанымен көзін басып отырып маған былай деді: «Бауырым, маған осындай бай біреу екі аяғымды салып берсе, мен оған өмір бойы басы-байлы жалшы болып өтер едім. Әттең, екі аяғым болса, ақшаның бетіне түкірер едім!» деді. Жарнамамның күлі көкке ұшқандай сенделіп тұрмын. Кешеден бергі оқиғаларға ақылым жетпейтін тәрізді... Бұл адамдар шынымен сонша ақшаға бір мүшесін қимағаны ма, әлде...

1 пікір