Қатігез күйеудің тура жолға түсуіне әсер еткен оқиға
Қатігез күйеудің тура жолға түсуіне әсер еткен оқиға
5 жыл бұрын 3945
Құдайберді БАҒАШАР

Мұсылманшылықты берік ұстанған иман жүзді әйелдің діннен мүлдем хабарсыз әрі екіжүзді пасық күйеуі бар еді. Әлгі діндар әйел қай істі бастаса да «бисмиллә» деп барып қана бастайтын. Ал күйеуі оның бұнысына қатты ашуланатын. Сол үшін де әйеліне көрсетпеген қорлығы жоқ еді. Әйелі байғұс күйеуінен көрген құқайларға барынша сабыр ететін де тек қана Аллаға күндіз-түні дұға етіп, күйеуін тура жолға түсіруді тілейтін.

Қабағынан қар жауған күйеуі бір күні тағы да қатты ашуланды. Әйелін осы жолы да ебін тауып шықпыртып алмақ болғандықтан, өзінше оған себеп іздей бастады. Іштей: «Бұны жақсылап тұрып қатырайын, қайтер екен? Содан соң көрсетейін көресіні» – деп күбірлеген күйі әйеліне жала жауып, жазғырудың жолын қарастыра бастады. Құдай алдында бас иіп иманға келмегендіктен, оның жүрегін әлдеқашан осындай бықсыған арамдық жайлап алған-ды.

Әйелін шақырып, оған бір әмиян алтын берді де: «Мынаны бір жерге тығып қой!» – деді. Әйелі күйеуінің айтқанын екі етпестен «бисмиллә» деген күйі алтын толы әмиянды үйдің бір жеріне тығып қойды. Ал күйеуі оны сырттай аңдып тұрып, алтынды әйелінің қайда жасырғандығын біліп алды. Артынша әйелінің көзін ала беріп жасырған жерден алтынды алды да, әмиянды құдыққа тастай салды. Арада көп өтпей жатып әйелін қайта шақырды да: «Әнеукүнгі саған берген алтынды қайтып әкел», – деді. Әйелі жүгіріп барған күйі өзі жасырған жерге «бисмиллә» деп қолын сұқты. Әйелдің шын ықылас-пейіліне Алла тағала разы болғандықтан, бар алтын мұрты бұзылмаған күйі әмиянымен бірге сол орнында тұр еді. Бірақ әмияннан су тамшылап тұрды. Әйел әмиянның неліктен су болғанын түсінбестен, алтынды алған күйі күйеуіне әкеліп берді.

Алтын толы әмиянды бәз баяғы қалпында көргенде, күйеуі есі шыға таңғалды. Сөйтті де әйелінің істеп жүрген тірліктерінің қаншалықты шындық екендігіне осы жолы анық көз жеткізді. Қипақтап әйеліне қараған күйі:

– Саған осы уақытқа дейін қаншама қиянат жасадым. Менің барлық пендешіліктерімді кешірші. Шын тәубе етіп, Алладан да кешірім сұраймын. Осыдан бастап құлдық ұрып, құлшылығымды жасайтын боламын, – деп уәде берді.

Сол күннен бастап: «Я, Алла! Маған о дүние мен бұ дүниемді бақытты ететін діндар әйел нәсіп еткеніңе шүкіршілік айтамын. Мені кешіре көр!» – деп дұға ететін болды.

Ал оның иманды әйелі болса: «О, Жаратқан! Ертелі-кеш аузымнан тастамайтын дұғамды қабыл алып, күйеуімді тура жолға түсіргеніңе мың да бір шүкір», – деп дұға етті.

0 пікір