Қари болғысы келген Фатима қыздың оқиғасы (әңгіме)
Қари болғысы келген Фатима қыздың оқиғасы (әңгіме)
4 жыл бұрын 9075 masaloku.com.tr/

 

Фатима атты бір қыз бастауыш мектепті бітіріп, анасымен бірге «Қыздар Құран курсына» оқуға келген еді. Анасы оның өз қалауымен келгендігін айтты. «Хош» деп, тізімге алу үшін аты-жөнін сұрағанымда еш тартынбастан:

- Фатима, - деп жауап берді де артынша сөзін жалғастырып: «Егер мені Құран қариы қылмайтын болсаңыздар, курсқа жазылмаймын», - деді.

Оның қорқыта сөйлеуі кішкентай жаста болса да, оны үлкен қылып көрсетіп тұрды. Мен жымиып:

- Уайымдамаңыз, кішкентай ханым! Сіз қаласаңыз болды, біз сізді Құран қариы да қыламыз, Құран үйретуші мұғалім де қыламыз, - дедім. Фатима қуанып, көзі жайнап кетті. Апасы маған қарап:

- Айыпқа бұйырмаңыз. Қызым "қари болуым керек" деп қоймады. Ауыл имамынан естіген екен: Қари болған адамға пейіште таж кигізіледі депті. Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) солай айтыпты. Енді, ол жағын сіз жақсырақ білесіз ғой. Фатима да бала емес пе... – деді.

- Әрине, апа, айыпқа бұйыратын еш нәрсе жоқ. Әттең, бәрі сіздер сияқты естіген насихатынан әсерленіп, көкейге түйіп жүрсе ғой... Сіз уайымдамаңыз. Қызыңыз әуелі Аллаға, одан кейін бізге аманат, - дедім.

Анасы қолымды сүймекші болды. Мен бірден қолымды тартып алдым да, керісінше апаның қолын өзім сүйдім. Ол көзі жасаурап:

- Бұл қолдар күнәһардың қолдары, сүйілуге лайықты емес. Әсілі сіздердің қолдарыңызды сүйіуіміз керек, - деді.

- О не дегеніңіз, апатай, кім лайықты, кім лайықсыз, оны ақыретте білетін боламыз, - дедім.

Қысқаша диалогтан кейін кішкене қыздың анкетасын толтыруға кірістім. Фатиманың Ерзұрым жақтан екендігін білдім (Түркия). Сол сәтте: «Қаршадай қыз үйінен ұзақта... қалай болар екен» деп аз-маз уайымдадым ол үшін.

Уақыт өте келе Фатиманың зеректігі мен әдебіне сүйсіне бастадым. Табанды әрі батыл еді. Құран жаттағанды жақсы көретін. Түнде ұйықтап жатып, Құран аяттарын қайталағанына бірнеше рет куә болдым. Сұрақтары да өте мәнді, салмақты еді.

Бір күні жаныма келіп:

- Апай, Құран қариы болу үшін Құранды түгел жаттау керек пе? – деп сұрады.

- Әлбетте. Құранды түгел жаттағаннан кейін барып Қари атанасың, - дедім. Сол сәтте аздап көңіл күйі түскендей болды, маған бір нәрсе айтқысы келіп тұрғандай сезілді. Дегенмен, ештеңе демей, жай ғана «Жарайды» деді де бұрылып кетіп қалды.

Содан күндер өтіп жатты. Фатима өзінің алғырлығымен мені таң қалдырудан шаршамады. Жаттауға берген Құран сүрелерін дер кезінде тапсырып, қосымша жаттауға Құран сүрелерін сұрайтын. Мен ауырлық қылмасын деп, кейде күнделікті жоспардан тыс қосымша жаттауға бермейтінмін, кейде қосып беретінмін.  

Бірақ, ол қарқын ұзаққа созылмады. Уақыт өте келе Фатима жиi ауыратынды шығарды. Ауырып курстағы емханада жатып қалатын. Күннен күнге сырқаты арта түскендей болды. Сабақтары да ақсай бастады. Мен шындап уайымдай бастадым. Кейін өзін жеке шақырып алып:

- Фатимам, не боп қалды? Анаңды, үйіңді сағындың ба? – дедім.

- Жоқ, - деді.

- Неге көңіл күйің жоқ? Және соңғы кезде көп ауыратын болдың, мүмкін, ауруханаға апару керек шығар? – деп сұрадым.

Фатима жүзіме қарап тұрды да:

- Апай, қате түсініп қалмаңыз. Мен үйді сағынбадым. Бұл жерді өте жақсы көрем. Бұл жер маған қатты ұнайды. Бірақ Құдайдан қорқамын. Бір күні осы жерді тастап кетсем, Құдай мені жауапқа тартпай ма? – деді.

Мен еш нәрсе айта алмадым. Неге екенін білмеймін, өзімді кінәлі сезіндім. Оның кішкене жүрегінде неткен таудай иман орналасқан, уа Алла, дедім іштей.

Бірнеше күннен кейін Фатима бұрынғысынан да қатты ауырды. Ауруханаға апаруға тура келді. Дәрігерлер жан-жақты тексергеннен соң, бас дәрігер мені жеке шақырып алып:

- Бұл оқушы қызды дереу ата-анасына апарыңдар, - деді.

- Тыныштық па? Не үшін? – дедім, не болғанын түсінбей.

- Мүмкін сізге ауыр тиетін шығар. Бәлкім сенбейтін де шығарсыз. Бірақ... бұл қызда қатерлі ісік бар, рак ауруына шалдыққан. Өмірі аз қалды. Өкінішті-ақ.

Төбемнен жай түскендей болды. Үстімнен мұздай тер бұрқ ете қалды. Көзімнен еріксіз жас төгіле берді. Сәлден кейін өз-өзімді қолға алдым да, бетімді жуып, Фатима отырған бөлмеге кірдім. Дәрігердің жазып берген нұсқауларын алып, Фатима екеуміз курсқа қайттық. Жол бойы еш нәрсе дей алмадым. Фатима болса, менің ойымды басқа нәрсеге аударғысы келді ме, әлде көңілімді аулағысы келді ме, әрнәрсені бір сұрап, әңгімеге тартып отырды. Бірер уақыттан кейін құлағыма жақындап:

- Апай, Әзірейіл періште адамның жанын алатын кезде қандай кейіпте келеді? – деп сұрады сыбырлап.

Жыламау үшін өзімді зорға ұстадым.

- Әсем бейнеде келеді, Фатима. Мүмін-мұсылман пенделерге өте көркем кейіпте келеді, - дедім.

Фатима естігеніне сүйсінді де, күбірлеп:

- Мен бәлкім, Құран қариы боламайтын шығармын, алайда, Құдайға шүкір, мүмін-мұсылманмын, - деді.

Жүрегім тілініп-тілініп кетті. Көзімдегі жасты көрсетпеу үшін бар күшімді салдым. Түсім болса екен, оянып кетіп, Фатимамызды бұрынғы қалпынша көрсем екен деп іштей тіледім. Сол кезде Фатиманың қайбір күні сұраған сұрағының мәнін түсіндім. Фатима өзінің сырқат екендігін бұрыннан білген екен. Сол күні "Құран қариы болу үшін Құранды түгел жаттау керек" деген кезімде, не үшін көңілі түскенін сол сәтте ұқтым.

Бір-екі күннен кейін Фатиманың киім-кешектерін жинап, жолға дайындадық. Өйткені, сырқаты артып, Фатима қатты қиналды. Ата-анасы алып кетуге келгенде, Фатима қасыма жақындап:

- Маған ашулы емессіз бе? – деді. - Егер о баста айтқанымда, сіздер мені курсқа алмайтын едіңіздер. Сондықтан жасырдым.

- О не дегенің, Фатима! Қалай ашуланам, саған? Сен «Құранды түгел жаттай алмадым» деп қайғыланба. Амалдар - ниетке байланысты. Бастысы сен Қари болам деп осы жолға қадам бастың ғой. Құдай Тағала сені Құранды түгел жаттаған Қарилар қатарынан жазып қоярына сенімдімін, иншаАлла! – дегенімде, Фатима қатты қуанды. Мені құшақтап, қатты қысты:

-Мен сонда, қари саналам ба? Рас па? Анашым, естідің бе?! – деді қуанышы қойнына симай.

Уа, Жасаған! Неткен жігер, неткен ғашықтық! Жаратқанның емі дарып, жақсарып кетсе екен. Керемет қари қыз болар еді. Неткен иман десеңші! Фатима - иманы ішіне симай, сыртқа тасыған жан еді.

Фатиманы бәріміз қимай ауылына шығарып салдық. Бір-екі аптадан кейін, анасынан қайғылы хабар келді. Фатимамыз бақилыққа, Жаратушысына аттанған екен. Сол екі апта ішінде маған екі хат жолдап үлгерді. Хатында кілең Құран жайында, Қарилық жайында жазған еді. Қарилардың пейіште киетін тажы жайында сұрапты. Сол тажды түсінде көріп жүргенін жазған етін.

Жан тәсілім еткен күні телефон шырылдады. Телефон тұтқасын көтергенімде Фатиманың анасы екен. Жыламсырап:

- Апай, Фатиманы соңғы сапарына шығарып салдық. Сізден өтінерім, Фатимама арнап бір хатым Құран түсірсеңіздер! – деді. Мен шыдай алмай еңкілдеп жылай бастадым. Анасы мені жұбатқысы келгендей:

- Фатима соңғы сөзінде сізге мынаны жеткізуімді сұрады. Ол былай деді: «Анашым, апайға айтшы! Әзірейілдің бейнесі апай айтқаннан да сұлу екен. Әзірейілдің бейнесі өте әдемі екен»...

А. Қасым

 

 

 

 

 

1 пікір