"Пайғамбарды түсімде көргім келеді" деген жігітке қарияның айтқаны (ғибрат)
"Пайғамбарды түсімде көргім келеді" деген жігітке қарияның айтқаны (ғибрат)
4 жыл бұрын 9937

Әр мұсылман пайғамбарды түсінде көруді армандайды. Хадисте айтылғандай, пайғамбарды түсінде көрген адам оны өңінде көргендей болады, өйткені шайтан түске пайғамбардың бейнесінде кіре алмайды.

Бірде бір жігіт қарияға келіп:

-Ақсақал, мен пайғамбарды (с.а.у.) түсімде көргім келеді, - депті.

-Пайғамбарды кім көргісі келмейді дейсің, - депті ақсақал. - Хош. Мен саған Пайғамбарды түсіңде көруің үшін не істеуің керектігін айтайын. Бірақ, мен қалай айтқан болсам, солай істеуің керек.  Жігіт келіседі.

Сонда қария не істеу керектігін былай деп айтып түсіндіріпті:

«Базардан балық сатып алда, балықты жақсылап тұрып тұзда. Тұзды көп сеп. Кейін балықты қуырып, бір тамшы су ішпестен бәрін же. Одан соң, қанша су ішкің келсе де су ішпе. Артынан жатып ұйықта. Таңертең маған келіп түсіңде не көргеніңді айтып бересің», - деп жігітті қайтарыпты.  

Жігіт қарияның айтқанын бұлжытпай орындапты. Балық алып келіп, тұзды аямай сеуіп тұздапты. Кейін балықты қуырып жепті. Артынан қанша су ішкісі келіп тұрса да су ішпепті. Шөлдеп тұрса да су ішпей түнде барып төсегіне жатыпты. Біраз уақыттан кейін терең ұйқыға кетіпті.

Таңертең ұйқысынан оянып, қарияның үйіне барса, қария оны күтіп отыр екен. Қария түсінде не көргенін сұрайды? Сонда жігіт:

«Мен түсімде су ішіп жатыр екенмін. Сосын бір өзенде шомылып жүрмін. Сондай-ақ, нөсер жаңбырдың астында қалып қойыппын. Жерден сулар ағып жатыр екен. Қысқасы түнімен су көріп шықтым. Бірақ, еш пайғамбарды көре алмадым», - депті. 

Жігіттің әңгімесін мұқият тыңдаған қария:

«Егер, сен түні бойы су ішуді ойлағандай Пайғамбар жайында көп ойлағаныңда, бүкіл ойың Пайғамбарда болғанда, сен түсіңде Пайғамбарды көрер ең. Балам, егер сен пайғамбарды түсіңде көргің келсе, сенің ойың, көңілің және жүрегің Пайғамбарға деген махаббатқа толы болуы керек. Сонда түсіңде пайғамбарды көресің», - деген екен.

 islam.kz

0 пікір