Өзенімізді тазалайық ағайын!
Өзенімізді тазалайық ағайын!
10 жыл бұрын 3692 islam.kz orfey.net
Әбділда Байжігіт

Табиғаты тамаша кең алқапта бір қауым өмір сүріп жатады. Алқап үлкен таулармен қоршалған және ол тауларға таза тұщы жаңбырлар жауады екен. Сол жаңбыр суларынан пайда болған мөлдір бұлақтар жиналып, тап-таза өзенге айналады. Өзен кең алқапты қақ жарып ағып жатады. Қауым осы өзеннің суын ішіп, малдарын да, егіндерін де осы таза сумен суарады. Тап-таза табиғи суды қолданған қауымның денсаулығы жақсарып, кездейсоқ ауру-індеттерден аман-есен өсіп-өнеді, бірлігі артады, қуаты көбейеді.  

Бұндай қуатты қауымды көршілес тайпалар да сыйлап, құрметтейді. Ешкім бұларға шабуыл жасауға батылы бармайды. Өмірлерінің мәні неде жатқанын жақсы білген қауымның үлкендері өзен суының ластанбауына ерекше көңіл аударады. Әрбір туған балаға дейін өзенді таза ұстауды құлағына құйып өсіреді.

Содан ұрпақтар алмасып ғасырлар өтеді. Қауым бабалары қалдырып кеткен өсиеттерін ұмыта бастады, өйткені, бұл өсиетті сақтап, алып жүрушілер барған сайын азая берді. Күндердің күнінде қауымнан болған бір адам өзінің салақтығынан немесе ұмытшақтығынан таза өзенге бір нәрсені тастай салды. Және оған ешкім тыйым салмайды. Баяғыдан бері тап-таза ағып келген өзен бір кішкентай заттан арамдалып қалмас деп, мән бермейді.

Осы мән бермеудің кесірінен өзенге анау-мынау кішкентай қоқыстарды тастай салу қауымның әдетіне айналады. Бұл өзеннің ластануының басы болды. Уақыт өте келе қауым жәй заттармен ғана шектеліп қоймай, өзенге өлексе, лас нәрселер мен тіпті өздерінің нәжістерін де тастайтын күйге жетеді. Бір сөзбен айтқанда, әлгі тап-таза мөлдір өзенді канализацияға айналдырады.

Бірақ қауым судың харамдалғанын біле тұра су алып іше берді, осы судан тамақ даярлайды, малын сусындатты және егінін де осы сумен суарады. Арада тағы бір қанша жыл өткенде қауымның арасында жұқпалы аурулар тарай бастайды. Ауру жайлаған қауымнан қуат кете бастайды.  Және олардың әлсіздігін көрген көрші тайпалар шабуыл жасап, өздеріне бағындырды. Бұрынғы қуатты қауымның басқаларға кіріптар болуы, көрші тайпалардың күштілігінен емес, өздерінің әлсіздігінен, яғни ата-бабалар өсиетін жерге тастап, байырғы дәстүрлі өмір сүру салтынан бас тартуынан туындаған еді.

Уақыт өтіп жатты. Басқаларға бағынышты болған қауымның тірлігінің мәні өзгерді. Бұрынғы бейбіт, берекелі күндерін аңсады. Содан бір күні қуаты тайған қауымның үлкенді-кішілі барлық халқы бас қосып, бастарына түскен ауыртпалықтан құтылудың жолын қарастырды.

Жастар жағы, өздерінің қорланған жағдайын көршілерден көріп, оларға тіке шабуыл жасау керек, деген ұстанымдарын айтты.  Орта буын өкілдері болса: «Біз олармен соғыса алмаймыз, өйткені, біз ауруға шалдықтық және әлсізбіз. Сол үшін емделуіміз керек, дәрі-дәрмек қабылдауымыз қажет, ортақ қор құрып күшті дәрі сатып алайық», - деген қортындыға келеді. Ал, дана-хәкімдер және ғалымдардан тұратын үшінші топ: «Біз олармен өзіміздің әлсіздігіміз себепті соғыса алмаймыз. Бізге, сондай-ақ, дәрі ішудің де пайдасы жоқ, өйткені, біздің ауруымыздың себебі: ласталған өзенімізде. Бізге жұққан дерт өзіміздің өзенімізді тазаламайынша кетпейді. Сондықтан ең алдымен осы өзенді тазартуымыз қажет және солай жасасақ қана бізге бабаларымызда болған күш пен қуат қайта оралады. Егер күш-қуат қайта оралса, дұшпандармен соғысудың да қажеті болмайды. Өйткені, жаулар біздің күшімізді көрген соң өздері-ақ кетіп қалады» дейді.

Біз хикаядан не түйеміз. Өзен дегеніміз – бір қауымның салт-сана, ұлттық дәстүр, өмір сүру менталитеті. Байырғы менталитеті бұзылған халық рухани һәм тұрмыстық күйзеліске ұшырайды. Күйзелген жұртты кім көрінген жаулап алады. Өзіміздің өзенімізді таза ұстайық ағайын!

0 пікір