Намаз оқуына қасқыр себеп болған адам
Намаз оқуына қасқыр себеп болған адам
5 ай бұрын 3515
Мұхитдин ИСАҰЛЫ

Жақында бір таныс қариямен телефонда хал сұрасып қалдым. "Не жаңалығыңыз бар?" дедім. Ол "қалбаңдап жүрміз әйтеуір" деді де өзінің жақында болған бір қуанышын айтты. Кезекті сол қарияға берейін:

"...сол алпысқа келіп қалған інім ғана намазға бас қоймаған жан болды. Онымен қоймай жұтып алатыны бар еді. Жұтып алып байқұс ауылдың кез-келген адамы оны шақырып алып жұмысын істетіп алатын бірақ келіскен ақшасын жөндеп бермей қадірін білмейтін. Ауыл дегенім айдаладағы бір қойшы ауыл еді. Сол ауылда бұл да қой бағатын. Өзінің бірақ арық лағы да жоқ еді. Сол ауылдың малын бағып, кейде өлген малын айдалаға көміп тастамай қасқыр жеуге лайықтап тастап кететін әдеті бар еді. Содан бір күні әлгі інім ішімдікке сылқия тойып алып мас күйінде қыстың аязында бергі ауылдан әлгі қойшы ауылға жол тартқан ғой. Мас адамның халі белгілі. Астында мінер аты жоқ жаяу қисалаңдап бара жатып екі ауылдың орта тұсына келгенде сылқ етіп қарға құлап, сол жерде есінен таныпты. Содан дала кезіп жүрген үш қасқыр, жай қасқыр емес семіз арлан қасқыр осының жатқан жеріне келе қалады ғой. Інімнің үстінде қалың тоны бар. Үш арлан қасқыр келе сала әлгі ініме бас сала кетеді. Біреуі тонның жағасынан, енді біреуі қолынан тартып шана секілді зырылдатып өзі тұратын қойшы ауылға қарай сүйрей жөнеледі. Інім айтады: "Көзімді ашып қалсам, үш арлан қасқыр сүйреп барады екен. Қорыққанымнан есімді бірден жинадым да, жас күнімде жаттаған "Қулһуалланы" қайталап айтып, иманымды үйіріп жата бердім".

Содан сол үш қасқыр інімді сүйреп, ауылдың шетіне келеді. Иттердың абалағанын естіген бір қойшы мылтығын алып шығып, бұларды көріп аспанға мылтығын атса әлгі үш қасқыр ырылдап тұрып алыпты. Ақыры сүйреген күйі інімнің үйін білетіндей есігінің алдына келіп, үйдің есігін тырмалап тұрып алыпты. Үйден адам шыққанда әлгі үшеуі тұманды далаға бет түзеп, ауылдың иттерін шәуілдетіп кетіп, ғайып болыпты. 

Осы жағдайды естіп, ауылға барсам әлгі інім тәубеге келген, намазға жығылған, тұп-тура ауылдың молдасындай бола қалыпты. Ауылдың адамдары екі сиыр, жиырма жеті қой атапты. Сол хабарды естіген соң, ол сол елдің "әулиесі" атанып кетіпті. Әлгі ақысын бермегендер ақысын дереу малмен беріп, енді біреулері "әулиеге" мал атап, қорасы малға толыпты. Өзі мәз, жүзінде ешқандай қорқыныш жоқ. Көрші ауылдан адамдар келіп, көріп кетіп жатыр екен. Барлығы естіп "ойпырмай" деп жағаларын ұстапты. Әлгі жемтікті, өлексені берген соң ба қасқыр екеш қасқыр да қас қылмай қайта опашылдық жасапты. Бәрін қойшы арағын қойып, намазға бастапты". 

Міне осыны айтып қария әңгімесін аяқтады. Осы әңгімден соң мен көп ойландым. Мынау бір Мұхтар Әуездің жаңа "Көксерек" әңгімесі ғой деп. Иә, қазір Аллаға шүкір қазақ оянып келеді, тәубеге келіп, ел ішінде бірлік бүршік жара бастады. Содан болар дала тағысы да ішбауыр бола қалыпты. Қасқыр екеш қасқыр осылай болса, бір-бірімізге жау болардай кейбірімізге не жоқ ағайын деп түнгі әңгімемді тәмәмдайын. 

0 пікір