Кеш оқылған намаз
Кеш оқылған намаз
5 жыл бұрын 11977
Пернегүл ҮСЕНОВА

Бiр кiсi өмiр бойы намазын оқып, оразасын ұстап, Алла Тағалаға құлшылық етуiн үзбептi. Тек бiр кемшiлiгi - намазын үнемi кешiктiрiп, уақыты бiтуге таянғанда ғана оқиды екен. Күндердiң бiр күнiнде ажал жетiп, әлгi кiсi өмiрден озыпты. О дүниеге барғанда есеп дәптерi бойынша жауап алынып болған соң, ол тозаққа лайық деп танылыпты.

- Қалайша? - деп таң қалыпты мұсылман, - менiң өмiр бойғы жасаған құлшылығым, бiр Аллаға деген сүйiспеншiлiгiм мен қорқынышым, маңдайым сәждеде жатып, тозақтан құтылуды тiлегенiм - бәрi босқа кеткенi ме? Маған ақыреттiң жақсылығы шынымен-ақ бұйырмағаны ма?

Ол есiн жиып үлгiрмей жатып-ақ екi перiште екi жағынан сүйрелеп, тозаққа ала жөнелiптi.

Бойын қорқыныш пен үрей билеген, аяқ-қолы дiрiлдеп, аузы икемге келуден қалған байғұс тек iштей:

- Намазым, намазым, - деп күбiрлей берiптi.

Бет қаратпас қып-қызыл жалынның ыстығы ендi денесiне тие бергенде алдынан ақ сақалды, ақ киiмдi адам шыға келiп, отқа лақтырылған бейшараны қағып алып, керi ұша жөнелiптi.

- Сен кiмсiң? - деп сұрайды бұл.

- Мен - сенiң намазыңмын, - дептi ол.

- Осы кезге дейiн кешiгiп қайда жүрсiң?

Есiңде ме, сен де менi ең ақырғы сәтте, намаз уақыты бiтерде оқушы едiң ғой. Үнемi кешiктiретiнсiң, менiң кеш қалған себебiм осы. Ендi қорықпай-ақ қой, мен Аллаyың қалауымен сенi тозақ отынан құтқарамын, - дептi ақ киiмдi адам. Сөйтiп, намазының арқасында әлгi кiсi жәннатқа лайық болыпты.

0 пікір