Жұмаққа жолдама
Жұмаққа жолдама
2 жыл бұрын 2525
Мұхан Исахан

Соңғы сабақ болғандықтан, оқушылар сыртқа шығуды тағатсыздана күтті. Қоңырау үнін естісе, сыртқа зыта жөнелуге дайын. Тек, Әли ғана әлденені ойлап, бір қалыпты, бейғам отыр. Сүт пісірім уақыт болған жоқ, қоңырау үні естілді. Сөмкелерін иықтарына бөктерген шәкірттер жапа-тармағай есікке қарай ұмтылды. Ал, Әли заттарын асықпай жинап, бір көзімен ұстазына барлай қарап, бір көзімен достарын бөлмеден шығарып салды. Мұны байқаған мұғалім Әлиді сөзге тартты.

- Әли саған не болды? Үйге қайтпайсың ба?

- Сізбен сөйлессем деп, едім.

- Иә, - деді мұғалім, не айтпақсың маған?

- Ахмет бар ғой...

- Иә, Ахметке не болды?

- Жағдайы мәз емес секілді. Анасы сөмкесіне жейтін ештеңе салмай жүр.
- Сонда не айтпақшысың?

- Оған көмек берсем бе деймін. Бірақ, ол менің қол ұшын созғаныма, намыстанатын сияқты. Күніге бір тоқаштың ақшасын жинап, апта соңында сізге берсем, сіз оған беріп тұрсаңыз?

Қалтасынан ақша шығарып, мұғалімнің үстеліне қойды.

Нұрхан мұғалім Әли жөнінде бар білетінін ойына түсіре бастады. Білуінше, оның да отбасының жағдайы жақсы емес. Алайда, Әли бойы ізгілікке толы, жақсылық жасауға бейім, сүйкімді шәкірттерінің бірі. Нұрхан мұғалім шәкіртін қинағысы келмей:

- Әли,- деді, білуімше сенің де жағдайың жақсы емес, әлде мен қателестім бе?

- Дұрыс айтасыз, ұстазым. Әкем бір күн жұмыс тапса, бір күн екі қолына жұмыс таппай бос сенделіп жүреді. Бірақ, ұстаз мен өзім жұмыс істеп, ақша тауып жүрмін.

- Қандай жұмыс істеп жүрсің?

- Тоқаш сатамын.

Нұрхан мұғалім тағы да ойланды. Өзінен бұрын, өзгеге өзегін жарып беруге дайын шәкіртінің жан тазалығына іштей риза болды. Бірақ, оның жағдайының да мәз еместігін есіне алып, шәкіртінің сағын сындырғысы келмей:

- Үлкейгенде кім болғың келеді?- деп сұрады.

- Дәулетті, бай адам болғым келеді.

- Неге?

- Адамдарға көп пайдам тиюі үшін...

- Жақсы, -деді Нұрхан мұғалім. - Әли, Ахметтің отбасының жағдайы жақсы емес. Бірақ, сенің де отбасыңның жағдайы жырғап тұрған жоқ. Жақсылық жасауға сен асықпа. Бай болған кезіңде жәрдемдесерсің.

- Жоқ, болмайды, - деді Әли, - Қазір жасауым керек.

- Неге?

- Оның үш себебі бар.

Біріншіден, бұл ақша шын мәнінде менікі емес қой. Алланың өзі берген ақшасын, қайырымдылыққа жұмсасам, Жаббар-Хақ мені жақсы көрмей ме? Ал, мен Алланың сүйікті құлы болғым келеді.

Екіншіден, «Ағаш шыбық кезінде егіледі» демекші, қазірден жақсылық жасауды үйренбесем, есейгенде жақсылық жасап жарытпаспын. Қайырымдылықты бай болған кезімде жасармын деп, өзімді жаман үйретсем, кейін тағы да байи түсейін деп, жақсылық жасауда сараңдық жасап жүрермін.

Үшіншіден, үлкейгенімде өте бай адам болғым келеді. Бірақ, уақытында міндетін атқармаған адамның келешегі көмескі.

- Үшіншісін толық түсіне алмадым.

- Қазір, бай болмаған соң, күн сайын тек бір тоқаш қана беріп, жақсылық жасай аламын. Әттең, бұдан көп жақсылық жасауға қолым қысқа. Бірақ, мейірімі шексіз Алла тағала шама-шарқына қарай жақсылық жасағанды жұмаққа кіргізеді. Әзірге, мен үшін жұмақтың кілті бір ғана тоқаш. Егер, бай бола алмай, жан тәсілім етсем, күніне бір тоқашты садақа еткенім үшін жұмаққа кірермін.
Нұрхан мұғалімнің жүрегі толқып, жанарынан жас парлап қоя берді. Өзі ұстаз бола тұра, бейне бір ақылы толысып, егде тартқан сақа ұстаздан сабақ алғандай болды. Дәлелді уәжге басын шұлғып, Әлиді шығарып салды. Сынып бөлмесіне сөмкесін алуға келгенде, Әлидің үстелге қойған ақшасына көзі түсті. Орындыққа отырып, ақшаны қолына алды. Бұл күнге дейін қолына ұстаған ақшасы дәл осы тоқаштың ақшасындай қадірлі болған емес. Бейне бір қолына дүниенің ең қымбат інжу-маржанын, алмас-жақұтын ұстағандай болды. Тіпті, оған бұл ақша ол асыл тастардан да қымбат көрінді. Жұмаққа жолдама әперетін тоқаштың ақшасын алақанымен аялап ұстады. Отырған жерінен тұра алмай, жан дүниесі тылсым бір сезімге бөленіп, алай-дүлей күй кешті. Бұршақтап жауған жауындай, жанарынан жас моншақтары төгіле берді...
Өз өзіне келгенде күн ұясына батып, ымырт түскенін аңғарды. Сең соққандай сылбыр қимылдап, бөлмеден шықты. Күзетші Сәкен «Бір тоқаштың ақшасымен жұмаққа кірмек, бір тоқаштың ақшасымен жұмаққа кірмек», - деген Нұрхан мұғалімнің бәсең дауысын естіді. Күзетшінің «Не дедіңіз?» дегенін де естіместен, құлағы тұнған Нұрхан есеңгіреген күйі, қараңғы түн қойнына еніп кете барды...

2 пікір