Хазіреті Омар бауырын өлтірген адамды қалай кешірді?
Хазіреті Омар бауырын өлтірген адамды қалай кешірді?
5 жыл бұрын 3042

Қазіргі күні кездескен түрлі келеңсіздіктер бұрын да болған. Бірақ бұрынғылар ол келеңсіздіктерді қалай реттеуге болатынын жақсы білген.

Сондай оқиғалардың бірі хазірет Омардың (р.а.) өмірінде кездескен. Хазірет Омардың өгей шешесі Әсмадан туған Зәйд атты бір бауыры бар еді. Өгей бауыры болғанына қарамастан, сол Зәйдті жанына жақын тартып, қатты жақсы көретін. Өйткені Зәйд исламды өзінен бұрын қабылдаған, өзінен бұрын хижрет жасаған әрі барлық жорықтарда Пайғамбарымыздың жанынан табылған. Бәдірде болса, басқаша ерлік көрсеткен болатын. Соғысқа дейін өзіне берген сауытты кимей, хазірет Омарға «Мен сенен кәрілеумін, алдымен мен шейіт болуым керек. Сауытты сенің кигенің жөн» деген. Соңында жауға сауытсыз қарсы шығып, сауытты екеуі де кимеген.

Алайда Зәйд өзі қатты қалаған шейіттікке тек хазірет Әбу Бәкір (р.а.) уақытында Ямамада жалған пайғамбармен болған соғыста қол жеткізді. Соғыста көрсеткен үлкен ерліктен кейін мұсылмандар жеңіске жетті. Сол жолы ол ерлікпен қаза тапты.

Өгей бауыры болғанына қарамастан Зәйдтің өліміне қатты қайғырған хазірет Омар (р.а.) соғыстан кейін бейбітшілік үстемдік еткен Мәдинада базарды бақылап жүріп, Зәйдті соғыста өлтірген кісімен бетпе бет келіп қалмасы бар ма? Екеуі бір мезет бір-біріне үнсіз қарап қалады. Алайда сезімін жеңе алатын хазірет Омар (р.а.) осы кезде өткір сұрағын қояды:

– Ямама соғысында бауырым Зәйдті өлтірген сен емес пе едің?

Зәйдті өлтірген кісі де ә дегеннен бойын жиып ала қойып, иманды жанға тән кейіппен былай деп жауап қатады:

– Уа, Омар, әуелі мені бір тыңда. Содан кейін не істесең де өз еркің. Мен сенің әділеттігіңе толық сенемін.

Осыдан кейін барып жағдайды былай деп баяндайды:

– Ол соғыста мен мүшріктер қатарында жүрген иманнан мақұрым жан едім. Зәйд болса, мүминдер қатарында иманмен абыройға бөленген жан болатын. Егер Зәйд мені күпірліктегі сол кезімде өлтіріп жіберген болса, сөйтіп қазіргідей иманға келуіме мүмкіндік бермесе, шыбын жанымды шырқыратып мені тозаққа жібергенде Зәйд не ұтар еді? Осы жағын бір ойлап қоюыңды өтінемін. Алайда Алланың жазғанына қарасаңшы, Зәйдке мені өлтіртіп тозаққа тастамай, қайта өмір сүргізіп, маған мұсылман болу бақытын жазды. Менің қолымнан Зәйдтке шейіттік нәсіп етіп, оған жұмақтың биік дәрежесін нәсіп етті. Сен осы тағдырдың жазуының қайсысын жөн көрмейсің сонда? Менің күпірлікте жүріп Зәйдтің қолынан өліп кеткенім жөн бе еді, жоқ Зәйдтің менің қолымнан қаза тауып, шейіттік дәрежесіне қол жеткізуі жөн емес пе? Алланың осы жазуының қайсысын ауыр қабылдаймыз? Ал қазір соғыс жоқ, бейбіт өмір басталды. Мен иманды бауырың ретінде алдыңда тұрмын. Зәйд те пайғамбарлардан кейін келетін шейіттердің қатарында жұмақта. Ол да дәл қазіргі жағдайына дән риза. Тағдырдың бұл жазуына қалай баға бересің, ол өз еркіңде!

Хазірет Омар (р.а.) әрдайым ақиқатты жақтайтын жан еді. Оның бұл айтқандарын мұқият тыңдады. Байыппен тыңдап болған соң өзінің ойлы қалпымен былай деді:

– Жаратқан иеме, мың да бір шүкір! Соғыста бауырыма шейіттік нәсіп еткен екен, қарсы шептегі өзін өлтірген жанға иман нәсіп етіп, оны бізге бауыр еткен екен!

Осыдан кейін Зәйдті өлтірген осы деп оған мұсылмандар кекпен қарамасын деп, оны қолтықтап алып, екеуі ел ішінде біраз жүрді. Осы әрекетімен соғыстың біткенін, енді өткен жауластықтарды ұмытып, тек бейбіт өмірді жақтайтындарын халыққа жақсы ұқтырды.

Сахабалар дүрдараздыққа себеп болатын жайттарды осылай тігісін жатқызып жіберетін. Бұл оқиғадан татулық пен бейбіт өмірді жақтау тұрғысында бүгінгі күнге де керекті сабақ алуға болар деп ойлаймыз.

0 пікір