Халифа Харун Рашид және қарт адам
Халифа Харун Рашид және қарт адам
4 жыл бұрын 4835
Абдусамат Қасым

Мәліметтерге қарағанда, Аббаси халифасы Харун Рашид өзінің уәзірімен бірге қарапайым киім киіп алып, көшені аралауға шығыпты. Көшеде келе жатып, бақшасында құрма ағашын отырғызып жатқан бір қарияны көреді. Қасына барып сәлем беріп, ісіне жеңілдік тілегеннен кейін Харун Рашид:

- Ақсақал, не отырғызып жатсыз? – деп сұрайды.

- Құрма ағашының көшетін отырғызып жатырмын, балам, - деп жауап береді қария.

- Бұл құрма ағашы қашан өсіп, қашан жемісін береді?

- Кім біледі, мүмкін он жылдан кейін шығар, мүмкін жиырма жылдан кейін. Бір Аллаға аян.

- Сіз өзіңіз бұның жемісін көре аласыз ба? – дейді халифа.

- Төрімнен көрім жақын мына түріммен жемісін көре алмаспын. Бірақ, біз бізден бұрыңғылардың отырғызған ағаштарының жемісін көрдік, жедік. Біз де, бізден кейінгілер жесін деп, құрма ағашының көшетін отырғызып жатқан жайымыз бар.

Қарт адамның айтқан сөздері Харун Рашидке ұнап, қалтасынан бір дорба алтын алып, қарияның қолына ұстатады. Қарт кісі: «Отырғызған ағаштарым, бірден жеміс бере бастады» деп күліп, Аллаға шүкір етеді. Харун Рашид тағы бір дорба алтын шығарып, береді. Қарт кісі: «Құдайға шүкір! Жұрттың отырғызған жеміс ағаштары жылда бір рет жемісін берсе, менің отырғызған көшетім лезде әрі жылына екі рет жеміс бере бастады», - деген екен. 

0 пікір