Ғибадатқа уақытты қашан бөлу керек?
Ғибадатқа уақытты қашан бөлу керек?
5 жыл бұрын 2764
Құдияр БІЛӘЛ

Бізде "Дінге жасымыз келген соң бұрыламыз" деген түсінік бар. Жас кезде, күшіміз тасып тұрған кезде тіршілігімізді оңғарып алғанды қалаймыз. Өзімізше "тіршілігімізді оңғару" деп қойғанымызбен, шынтуайтына келгенде, мына өмірдің қызылды-жасылды қызықтарынан қол үзгіміз келмейтіндігін айта қоймаймыз. Алайда әне-міне дегенше "дінге бет бұрамыз" дейтін жас та келіп жетеді. Мән берсек, біз өзіміздің ең дәрменсіз кезімізді Алла жолына бағыштайды екенбіз. Дәрменсіз адамнан келер қайыр болмасын білген мына қоғам жасы келген адамды еңбекке жарамсыз деп тапқанда, оның сол қалжыраған кейпімен Алла ризалығын табамын деп құлшылыққа бет бұруы, шындығына келгенде, өзін де, Құдайды да алдау болып шығатындығы әлгі шалдың жасаған "ғибадатынан" аңғарылып тұрса да біз сондай қарияларымыздың дінге "бет бұрғанына" шүкіршілік етіп жатамыз. Шүкіршіліктен бұрын соны діндәр санатына қосамыз. 

Білген жөн. Жас кезде қалыптаспаған тірліктің қартайғанда орайын келтіремін деу және ол Аллаға арналған тірлік, біздің Алла қадірін қаншалықты түсіріп алғандығымызды бағамдатады. Біздің Аллаға дер кезімізде бет бұрмауымыз да сол Алла дәрежесін өз мәнінде түсіне алмауымызға байланысты. "Аллаға бола береді" деген түсінік, біз ол түсінікті өзімізше Құдай құзырының кеңдігіне балап, шариғатын туралап қоямыз да, шала-пұла жасаған ғибадатымызды, оны көркем етіп жасауға қауқарымыз жетпейді, өз түсінігіміздегі әлгі бәрі бола беретін Аллаға лайық деп ойлап қоямыз. Осындай түсінік, осындай сана арқылы қалыптасқан иман адамды кәміл инсан дәрежесіне көтере ала ма?! Жалпы барлық күш қайратын түгескен адам, яғни өзімізше түсінсек, дінге бұрылатын жасқа жеткен адам, кәміл инсан дәрежесіне көтерілуге қабілетті ме? Әрине, жоқ. Демек, дінге сәл ертерек бет бұрғанымыз жөн екен,ә.

Имам Раббани xазреті былай деген: "Жастық шақ - өмірдің ең құнды кезеңі. Адамның дені сау, қуатты болатын кезі. Бұл уақыт күн өткен сайын азайып, күш-қуаты әлсіреп, кәрілікке жақындауда. Ең құнды, ең қажетті іс болған Алла Тағаланы тану және Оның разылығына, сүйіспеншілігіне қауышуды жету-жетпеуіміз беймәлім кәрілік шаққа қалдырған адамға обал болсын! Ең құнды уақыттарын ең зиянды, ең жаман болған нәпсінің қалауларына қауышу үшін жұмсаудасың. Пайғамбарымыз (с.а.у.) "Ертең істеймін деген адам алданды" деген. Уақыт өткір қылыш секілді. Ертеңге дейін өмір сүретініміз белгісіз. Маңызды болған істерді бүгін жасау керек, маңызды болмағандарды ертеңге қалдыру керек. Ақылды адам осылай жасайды."

Пайғамбарымыз (с.а.у.) "Кейін істейміз. Ертең істейміз" дейтіндерге "Бүгінгі күн - кешегі күннің ертеңі" дейді екен. Ендеше біз де бүгінгі күннен бастайық.

0 пікір