Фахриддин Рази мен Нажмуддин Кубраның кездесуі
Фахриддин Рази мен Нажмуддин Кубраның кездесуі
10 жыл бұрын 5253 Жұма мешіті (Герат)
Мұхан Исахан

Бірде Фахриддин Рази Хақ дінге қайшы бұзық сенімдегі адамдармен күресу үшін өзінің таңдаулы үш жүз шәкіртін соңынан ертіп, Герат өлкесіне келеді. Сонда атағынан ат үркетін даңқты ғұламаның сұқбатына Гераттың билеушілерінен бастап, осы өңірдің бүкіл игі-жақсылары қатысады. Нөпір халық Фахриддин Разидың көмейінен төгілген Хақ сенім хақындағы інжу-маржан ілімді аузының суы құрып неше күн бойы таңды таңға, айды айға ұрып тыңдайды. Әйтсе де, Герат өлкесінің кейбір сопы-ғалымдары Фахриддинның кәусарынан сусындауға құмбыл бола қоймайды.

Осыны байқаған сол жердің ауқатты бір адамы Фахриддин Рази мен оның діни мәжілісіне келмей жүрген бір сопыны да шақырып, екеуін таныстыруды, һәм табыстыруды ойлайды.

Дастарханнан дәм тату барысында Фахриддин Рази әлгі сопыны танымағандықтан, салған жерден:

- Неге сен менің сұқбаттарыма келмей жүрсің? – дейді.
- Мен бір қарапайым ғана пендемін. Сіздің сұқбаттарыңызға келсем де, келмесем де ештеңе өзгере қоймайды. Менен көрі нәмі ауыр, мысы басым адамдармен кездескеніңіз әлдеқайда пайдалы болады деп ойлаймын, – деп жауап қатады әлгі сопы. 

Сопының бұлайша тіл қатып, бөтегесінің бүлкілдей қалуы Фахриддин Разиге ұнай қоймайды. «Кісі киіктеніп отыр ма, әлде шынымен қарапайым ба?» - деп ұзақ ойланған ол: 

- Сөзіңнен тегін адам емес екеніңді ұғып отырмын. Дегенмен, жұмбақтамай шыныңды айтшы, неге менің мәжілісіме келмейсің? - деп қайталап, қадала сұрайды.

Сонда сопы: 

- Сен немене: «Мұндағы мұсылмандардың менің сұқбатыма қатысуы уәжіп», - деп ойлайсың ба? - деп қарсы сауал береді.
- Мен ілімі көл-көсір, ғылым иесімін. Ал, сұқбатқа қатысушылар, менімен емес, іліммен мәжіліс жасаған ықылас иелері. Олардың ілімге деген ынтасы мені марқайтып, қатты қуантады. Ал, менің ілімім Хақты ғана паш етеді.

- Олай болса түсіндірші маған, ілімнің мақсаты Хақты таныту болса, Жаббар хақты қалай тани алдың?

- Хақ-Тағаланың бар екеніне жүз дәлел келтіре алатыныма бек сенімдімін.
- Онда айта қойшы осы дәлелдерің не үшін керек? Дәлел дегеніміз күмәнді сейілту үшін ғана қажет. Олай болса, сенің соншалықты жүз күмәнің бар деген сөз. Алайда, мен Алла Тағаланың бар екеніне зәредей де шүбә келтірмеймін. Демек, күмәнім болмағандықтан, мен сен тәрізді дәлел іздеп те әуре болмаймын, - дейді. 

Қатты абдырап қалған Фахриддин Рази әзер есін жинап болып: 
- Уа, жүз жасағыр ғұлама! Қолыңды бер сүйейін. Сенің тегін адам емес екеніңді ә дегеннен-ақ аңғардым. Сен шынында да ықылас пен иманның падишахысың. Кім екеніңді білейін, ныспыңды айтшы?
Сонда, екеуінің сөзін тыңдап отырған дастархан иесі көзіне жас алып, Фахриддин Разиға: 

- Бұл кісі Нажмуддин Кубра ғой, - дейді.

Сол сәтте өзінің ағат кеткенін кеш ұғынған Фахриддин Рази осы оқиғадан бір сабақ алды. 

4 пікір
  • Мұндай мақаланың не қажеті бар үлкен ғұламаның сәтсіз кезін баяндайтын. Одан да таухид жайлы, халықты ширктен қайтарып , таухидке бастайтын мәселелерді жазсаңыздарш
    10 жыл бұрын
  • Мақала жақсы. Маған ұнады. Әбу Раййан бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес....Бұл жерде ғалымның сәтсіздігі емес оның кішіпейілділігін көрсетсе керек. ғалымдар кішіпейілдігімен де, қателесіп жатса, қатесін де мойындайды. кателігін мойындамаған адамды шайтан ары қарай такаппарландырып "сен ғалымсын, сен мықтысын" деп ақыр аяғында ештеме білмейтінін кеш түсінеді.
    10 жыл бұрын
    • Өте жұрыс айтасыз! Ол сәтсіздік емес, керісінше бұл Ғибрат оқиға! Осы оқиға арқылы Ислам.кз сайты біздерге сабақ алсын деп жеткізіп жатыр. Аллам разы болсын!!!
      Ал Абу Раййан бауырымызға: "Алайда, мен Алла Тағаланың бар екеніне зәредей де шүбә келтірмеймін. Демек, күмәнім болмағандықтан, мен сен тәрізді дәлел іздеп те әуре болмаймын, - дейді. " таухид емес па?
      10 жыл бұрын
  • а
    10 жыл бұрын