Әзіреті Омардың кешірім сұраған ұрлықшыға берген жауабы (ғибрат хикая)
Әзіреті Омардың кешірім сұраған ұрлықшыға берген жауабы (ғибрат хикая)
5 жыл бұрын 4258
Абдусамат Қасым

Құдіреті күшті Алла Тағаланың пендесіне қарасты мақсат-мұратын ең жақсы ұғынатын сахаба - Әзіреті Омар етін десек артық айтқан болмаспыз. Ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды дәл айыра білуіне қарай оған «Фаруқ» деген лақаб ат берілгендігі де сондықтан болса керек. Және де Пайғамбарымыз ғалейһиссәләм «егер менен кейін пайғамбар келетін болғанда, Омар пайғамбар болар еді» деген мағынада сөзі бар. Бұның өзі оның даналығы мен көкірек көзінің ашықтығына ишара. Бір-нешеу Құран аятының Әзіреті Омардың тілегі мен айтқан шешіміне сәйкес түскендігінің өзі, оның парасаттылығын білдіруге жетеді. Ардақты сахабаның даналығы әрі әділдігі тілге дастан болып, жасаған іс-әрекеттері ғибрат ретінде ауызша болсын, жазбаша болсын ұрпақтан ұрпаққа ұласып келді. Сондай ғибратты әңгімелердің бірі төмендегідей.  

Әзіреті Хаттабұлы Омар халифа болып тұрған кезеңінде бір ұрлықшыны қолға түсіріп, халифаның алдына алып келеді. Халифа оған қатысты үкім шығарып, сол үкімге сай шариғат заңымен жазалауды қазыға тапсырады. Жазадан құтыла алмайтынын бірден түсінген ұрлықшы Әзіреті Омарға:

- Уа, мұсылмандардың әміршісі, кешіре гөр! Мен мұндай қылмысқа алғаш рет барып тұрмын. Егер, маған кешірім берсең, енді-гәрі ондай қылмысқа бармаймын– деп жалбарына бастайды. Сонда Әзіреті Омар оған:

- Жалған айтып тұрсың. Бұл сенің бірінші ұрлығың емес. Өйткені, Алла Тағала ешкімді алғашқы күнәсі үшін жазаламайды. Әуел баста Алла Тағала оның күнәсін жасырады. Ал енді, сенің қылмысың әшкере боп, ұсталғаныңа қарағанда, бұл - алғашқы ұрлығың емес деп анық айта аламын – деген екен. Ұрлықшының аузына құм құйылып, берілген жазаны қабыл етуден басқа шарасы қалмапты. 

Әсілінде, Ислам діні әр ұрлық жасағанның қолын кесе бермейді. Ондай ауыр жазаның жүзеге асуы үшін нақты талаптар мен шарттар қарастырылады. Ол талаптар табылмаған жағдайда күдіктіге «қол кесу» жазасы берілмейді.

Сондай-ақ, жоғарыдағы оқиғаға қарап «Әзіреті Омар кешірімсіз болған ба?» деген де ой қалыптастырмау ләзім. Өйткені, Әзіреті Омар бір кездері аштық жайлап, халықтың көбі ішерге ас таппай, босып кеткен заманда, шарасыздан ұрлыққа барып ұсталғандарды жазаламауға қатысты қаулы шығарғандығы тарих кітаптарында айтылған.

Және де мынадай мәлімет деректерде кездеседі. Халифа Əзіреті Омар (Алла одан разы болсын) Амр ибн Асты Мысыр өлкесіне əкім қылып тағайындар кезде одан:

- Егер саған ұрлықшы келсе не істейсің? – деп сұрапты.

- Қолын кесемін - деп жауап беріпті Амр ибн Ас.

Сонда Əзіреті Омар:

- Егер маған (Мысырдан) аш-жалаңаш бір адам келсе, сенің қолыңды кесемін! - деген екен. Мұның өзі Әзіреті Омардың басшы ретінде бірінші халықтың жағдайын ойлағандығын көрсетеді. Алланың разылығына бөленсін абыз сахаба!  

0 пікір