Анасын ренжіткен сахабаның жағдайы
Анасын ренжіткен сахабаның жағдайы
4 жыл бұрын 5474

Деректерге қарағанда Алқама есімді иманы күшті бір жас сахаба болған. Қашан дінге қызмет керек болса, дереу ұмтылып, орындауға сұранып тұратын. Осындай ықыласы мен ынта-жігері үшін Алла елшісінің (с.а.у.) илтипатына бөленіп, Оның сүйіспеншілігіне ие болды.

Күндердің күнінде әлгі жігіттің дәм-тұзы таусылып, өлім төсегінде жатқан сәттінде тілін кәлимаға келтіре алмай, шәһәдә сөзін айтуға қауқарсыз жағдайға түсіпті. Оның бұл жағдайы дереу Пайғамбарымызға (с.а.у.) білдірілді. Алланың Пайғамбары (с.а.у.) ести сала, жігіттің жанына келгенде, жігіт:

-Уа, Расулалла! Жүрегіме құлып сияқты бір нәрсенің ілініп тұрғанын сеземін, - деді кәлимаға тілі келмей жатқанын меңзем.

Сонда әлемнің Мырзасы Мұхаммед Мұстафа төңірегіндегілерден бұл жігіттің шәһәдәт сөзін айтуына кедергі боларлықтай қандай қателік істеп қойғандығын сұрайды. Сұрай келе, жігіттің анасын қинағаны, анасының оған деген ренішінің болғаны белгілі болады. Алла елшісі жігіттің жақсы ниеті үшін, оның жасаған жақсы істері үшін пейілі түсіп, ұлына ренжіп жүрген анасын шақыртып одан:

- Бір адам үлкен алаулаған от жағып, сол отқа ұлыңызды лақтырамын десе, ризалық танытарма едіңіз? – деп сұрайды.

- Жоқ, уа Расулаллаһ! Ризалық танытпас едім, - дейді мұңлы ана. Сонда Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм):

- Олай болса, ұлыңыздың сізге істеген қателіктерін кешіріп, аналық хақыңызды кешіңіз, - деп айтады.

Алла елшісінің баласына көрсеткен мейірімі мен қамқорлығынан әсерленіп оянған аналық махаббаты мен мейірімі ана жүрегінде буырқанған өзендей асып тасты да, ұлының бүкіл қателерін кешірді. Сондай-ақ, өзінің ана ақысын да кешті. Осындай ғафу самалының есуімен жүрегіндегі кілттелінген құлыптан құтылған Алқаманың көңілі алдынан шыққан бегетті асып өткен өзендей тыншып, қуана-қуана тілін кәлимаға келтіріп, шәһәдәт сөздерін толық оқып, рухы жай тауып жан тапсырыпты1]...

Өкінішке орай, бүгінде көптеген бала өз ата-аналарына құрметсіздік көрсетіп, оларға дөрекі сөз сөйлеп, жүректерін жаралап жататындығы мәлім. Әріберіденсоң, ата-аналарына қол көтеретіндерді де естіп жатамыз. "Үф" деп кеюдің өзін күнә санаған Жаратушы Алла, оларға жапа шектіргендерді жазасыз қалдырмасы сөзсіз. Жоғарыдағы Алла елшісінің илтипатына кенелген сахабаның өзі анасын ренжітіп қойғаны үшін ақтық демінде иманын үйіре алмай қалған болса, ата-анасына қол көтерген залымдардың о дүниедегі азабын өзіңіз топшылай беріңіз... 

Алла Тағала баршамызды ғапылдықтан қорғасын! Соңғы демімізде «Лә иләһә иллаллаһ, Мұхаммадур расулуллаһ» кәлимасын айтуымызды жазсын!

[1] Осман Нури Топпаш: "Ислам және ғибадат".

0 пікір