Әбу Ханифа неге үндемеді?
Әбу Ханифа неге үндемеді?
16 күн бұрын 2688

Халифа Мансұрдың заманында мұсылмандар арасында іріткі туып, әр жерде үлкенді-кішілі толқулар бас көтере бастайды. Осының алдын алмақ болған халифа елге қатаң талап қояды. Алда-жалда ел арасынан әлдебір тентек шығып бүлік салса, басын алатынын ескертеді. Сосын дін ғұламаларын жинап, осы жарлығына қалай қарайтынын білгісі келеді. Имам Ағзам Әбу Ханифадан басқасының бәрі халифаның шешіміне оң пікір білдіреді. Әбу Ханифа ғана ләм-мим демейді. Халифа Мансұр:

– Бұған сен не дейсің? – деп сұрағанда, ол:

– Мен келіспеймін. Олардың саған рұқсат беруге қақысы жоқ, өйткені өмір мен өлім мәселесі жомарттыққа немесе мүбахтыққа жатпайды. Сенің де оларға мұндай қатаң талап қоюға құқың жоқ. Тек үш жағдайда ғана мұсылманды өлімге қиюға болады: кісі өлтіргенде, діннен безгенде және некелі адам зина жасағанда. Бұдан басқа жағдайда ешқашан рұқсат берілмеген. Ең дұрысы, Алланың заңына мойынұсыну. Өзің айтшы, егер бір адам екінші біреуге барып «мені өлтір» деп, ол адам әлгіні өлтірсе, өлген адамның қаны адал бола ма? Сондықтан бұл жағдайда да мұсылмандар қаны саған адал емес, – деп жауап береді.

Халифа Әбу Жаппар әл-Мансұрға бұл жауап ұнамайды, дегенмен жұрт тараған соң, Әбу Ханифаны жеке шақырып алып:

– Айтқаныңның бәрі рас, мойындаймын, бірақ бұдан былай мемлекет басшысының беделіне нұқсан келетін, елді маған қарсы қоятын пәтуа берме. Әйтпесе ел ішіне бүлік шығарасың, елді одан сайын дүрліктірерсің, – деді.

0 пікір