Абдулла қалай ұрлығын қойып, байлыққа кенелді?
Абдулла қалай ұрлығын қойып, байлыққа кенелді?
7 жыл бұрын 3723

Иманы әлсіз адамға бойындағы жамандықтан арылу бір қиын іс, одан құтылу үшін нық иман, адал жүрек пен табандылық керек-ақ. Қайсыбіреулер арақ ішуді қойғысы келіп ниеттенгенде: «Жә, осы ұлым әскерден келгенде бір ішіп, сонан соң доғарармын», - деп жатады. Не болмаса, қызымның тойында, не туған күнімде тағысын тағы себептер іздеп, өзін жұбатып елді алдаған болады. Темекісін қойғысы келсе: «Осы соңғы қорапты тартам, сонан кейін көрмегенім осы болсын», - деп күрк-күрк жөтеліп серттесіп жатады. Ал енді иманы толықтар жамандықтан жиреніп серт берсе, айтқан жерінде тас үйін тыйылады.

Ертеде Абдулла, деген бір жігіт ұрлықты кәсібіне айналдырған екен. Оны білетіндер ақылынан азған ақымақ, деп айта алмайтын еді, дейді. Ақыл-есі дұрыс, келбеті келіскен, сұңғақ бойлы, қайраты мол жігіт екен деседі. Күндердің бір күнінде Абдулланың әкесі ұлының арам жолда жүргенін біліп қалып қатты қынжылады:

     - Ұлым-ау, сен туғанда төбем көкке жеткендей қуанып-ем. Азан шақырып атыңды қоярда адал, өзгеден озық болсын, деп ырымдап "Аблулла", яғни «Алланың құлы», деп қойып-ем. Сен менің үмітімді ақтамай, жаман жолды таңдапсың. Бұл қылығыңнан арылмасаң, бір күні не қолыңнан, не басыңнан айрылып мазақ боларсың. Мен қартайып бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрғанда, мені ел алдында жерге қаратып масқаралайтын болдың, - деп ұлына қатты ренжіпті.

     Әкесінің бұл сөзі Абдулланың жанын аяздай қарып:

     - Бүгіннен бастап бұл ісімді доғарам, - деп әкесіне уәде беріп, кешірім сұрапты.

Сөйтсе де үйреніп қалған әдетінен арылу оған оңайға түспейді. Ауру қалса да, әдет қалмайды, дегендей ұрлық жасауға бүйрегі бұрып тұрады. Көп ойланып-толғана келіп, бүгін соңғы рет ұрлық жасап, сонан-соң бұл оңбаған кәсібіммен мәңгілікке қоштасайын, деп ұйғарады. Жә, құласаң түйеден құла дегендейін, соңғысын келістіріп жасамақ болып, біраз ойланған соң сол қаладағы ханның сарайына түсуге бел байлайды.

 Қараңғы түсе салысымен, білдіртпей ханның сарайына енеді. Бір терезеден үңілсе, кең бөлмеде хан өзінің әйелімен кеңесіп отырғанын көріп, жасырын олардың әңгімесін тыңдауға кіріседі. Сонда хан бәйбішесіне былай деп отырғанын естиді:

 - Осы біздің қыз болса бой жетті, бағын байламай, теңін тауып ұзатқанымыз жөн-ау, - дейді. Бәйбішесі оны қуаттап:

- Әрине, дұрыс айтасыз, ханекем, - деп қоштайды. Бәйбішесінің қарсы еместігіне көзі жеткен хан:

- Олай болса, мен күйеудің ерекше иманды болғанын қалар едім. Оның жасына, келбетіне, дәулетіне көп назар аудармай, талабымыз тақуалығында болсын. Қызымыз, сондай адамға қосылса, шын бақытқа бөленбейді ме, - дейді.

     Бәйбішесі ханның бұл сөзіне:

- Өте дұрыс айтасыз, бірақ ондай адамды табу оңайға түсе қоймас-ау, - дейді. Сонда хан:

- Мен оны да ойластырып қойғам, ханшам, оны уайымдама, - деген соң, - Кімде-кім бес уақыт намазын қырық күн ұдайы мешітте оқитын болса, сол - нағыз тақуа адам. Сондықтан ертеңнен бастап бір уәзірімді қырық күн мешітте тұрғызбақпын, сол мезгіл ішінде біреуі кездесер. Кездеспесе тағы бір амалын жасармыз. Алла сәттілігін берсін! - дейді.

Ханның тапқырлығына қуанып кеткен бәйбішесі:

- Бұныңыз табылған ақыл екен. Ақылға да, көңілге де қонады, - деп ханның бұл даналығына шын ықыласын білдіреді.

- Олай болса, - дейді хан, - Ол адамға қызымызды берген соң, хандығымның жартысын бөліп беремін, - деп хан әңгімесін қорытады.

Бұл әңгімені жасырын тыңдап алған Абдулла, қой хан сарайына ұрлыққа түсіп басымды қауіпке тіккенше, ертеңнен бастап мешітке барып бес уақыт намаз оқыған болайын.  Сөйтіп қырық күн барсам, бүкіл өміріме жететін байлыққа кенелмеймін бе, - деп іштей түйіп, осындай тоқтамға келеді.

Абдулла таңертең ерте тұрып, мешітке таң намазына барады. Жиналған жамағатпен сапқа тұрып, солардың істегенін қайталап үш күн жүреді. Үш күннен соң ойға қалады, осы менің істеп жүргенім не? Не жасап, не қойып жүргенімді өзім білмеймін, әлі отыз жеті күн осылай жүрем бе? - деп өз-өзіне сұрақ қояды. Қой, мешіттегілермен сөйлесіп, әңгімелерін тыңдап, кітап алып оқиын, уақыттың жылдам өтуіне де себеп болар, - деп шешеді. Сол күннен бастап, мешітте көбірек бөгеліп, уағыз-насихат тыңдауды әдетіне айналдырады. Күн санап,  жүрегі тазарып дінге деген махаббатының артқанын өзі де байқамай қалады. Діннің тәтті дәмін сезініп қалған Абдулла өткен өміріне өкініп, тіршіліктің тылсымына терең үңіле бастайды. Солай жүргенде межелі күндер де өте шығады.

Қырық бірінші күні мешіттен шығып келе жатқанда оны ханның уәзірі тоқтатып:

- Жүріңіз, сізді хан күтіп отыр, - деп сарайға қарай жетелей жөнеледі.

Абдулла сарайға кіріп ханның алдына келгенде, қуанышын жасыра алмаған хан, орнынан тұрып:

- Иә Жаратушы Алла, менің тілеуімді қабыл еттің. Мен тілегеннен де артық, өзі жас, өзі келбетті, ең бастысы иманды күйеубала кездестірдің, осыған Өзіңе көп шүкір етемін, - деп кеудесін қуаныш кеулеген ханның жүзі жарқырап кетеді.

Бұл сөздерді естігенде бойын ұят қысқан Абдулланың өн-бойын тер басып кетеді. Ханға көзін көтеріп тіктеп қарай алмай, ұяң дауыспен былай дейді:

 - Жоқ, ханеке, мен сізге күйеубала болуға тіпті де лайық емеспін. Сіздің қара табан құлыңыз болуға ғана лайықпын. Себебі сіздің алдыңызда есепсіз борыштымын. Өйткені, кезінде баукеспе ұры едім. Сіздің сарайға да арам пиғылмен келгенімде, сіздің бәйбішеңізбен араңыздағы әңгімені есітіп, жаман пиғылымды жүзеге асырамын деп жүріп, керісінше керемет бақытқа жолықтым.

     Бұл сөзді естіген ханның жүзі одан ары жадырап:

- Нағыз тақуа, шын адал адам сендей-ақ болсын. Сен менің ойлағанымнан асып артылдың. Бүгіннен бастап, менің күйеубаламсың, - деп Абдулланы кең құшағына алады.

     Өздеріңіз сезіп отырғандай Абдулла балалы шағалы боп бақытты өмір сүріп, барлық саналы ғұмырын діннің балдан тәтті дәмін татумен өткереді.

0 пікір