Тасаттық
Тасаттық
10 жыл бұрын 4366
Сағадат Ордашева

Шыңғыс тауының жазаң беткейіне бір топ күбірлескен қауым таң ертемен ұбап-шұбап келіп отырысты. Шыңғыстың бүйір буаз белдері томпиып, екі ұртын толтыра емген қозыдай бұлтиып таң шапағына орана бастаған. Ұбап шұбаған елдің арасында шапан жамылған еркегі де, етегіне сүрінген қатын қалашы да бар. Түгел ауылдың үлкендері дөңгелене отырды да, әлденені күбірлесіп бетін сипасты. Қарасақалды біреулері тоңқаңдап әрі барып шолжиып отырғанымен, бір тобы жерді сұққылай қазып тас үйіп жатыр. Әп-сәтте айналдыра тас үйіп болды да, оған қазан орнатты. Жаңа ғана бет сипарда бір тоқтының мойнынан орып жіберген, соның терісін ажыратып болған бірер еркек мүшелеп жатыр еді. Ауылдан еріп келген иттер қыңсылап еттің маңайынан шығар емес. Бірнеше жерге қазан орнатып болғасын, астын түтіндете бастады. Әйелдердің жұмыр білектері жылтыңдап, бол-болдасып бірдемелерді турап жатыр. Еркектер жағы отынды молынан әкеп төкті де, мүшеленген қойдың қарнын жарып аулаққа кетті. Абыр-сабырдың молынан көбейген шағында дөңгеленіп күн де шықты. Шыңғыстың жуан белінде, бедірейіп жататын буаз белінде тоңқаңдаған қауым елге есіней қарады да қырқадан асты. Шыңғыстың қыратты шұңғыл тауларына жүгірген сәулелер ерте көктемнің шуағын төгіп-төгіп жіберіп алақайлап бара жатқан.

Отыны түтінеп, майдың иісі шыққан қазандардың басында жамырасып қатындар шара-шара бауырсақты сүзіп алысып кең етіп жайылған дастарқанға үйе бастады. Дастарқан аппақ шыт матадан төселіп, ені де ұзындығы да сала құлаш жерге жеткен. Ағараңдап жатқан Шыңғыстың белінде аңқып майдың иісі бұрқырады, сосын тұздай шыжып қайнаған еттің иісі шықты. Қауым елдің еркек кіндіктісі дастарқанның басын орай отырысып, күннің ауа-жайына қарай әңгіме құрысты.

– Жазғытұрым да өтіп барады, еңістікке шіркін су жіберсе ғой.

– Жасағанның өзі білер, бізде тілеу ғана. Осы ана шұбырған балаларды таң атпай кім ертіп алған?

– Әй, ботақандар, үлкендерге үйірсіктеп, қызықты қарап жүр ғой.

Ұсақ балалар дастарқанға төніп, бауырсаққа қолын созса, қоя тұр асық па деп үлкендер қайтарып жібереді. Бұл дастарқаннан тек құран түсірген соң ғана татуға болады деген.

Әп-сәтте дастарқанның жүзін жапқан молынан төгілген бауырсақ, сандық түбінде қысымен кепкен өрік-мейіз, неше түрлі тәтті мен қойдың бусаған етінен жамағат болып оқылған құраннан кейін барып ауыз тиісті. Күн осы кезде Шыңғыстың төбесінен ойысып бара жатыр еді. Қауым ел қолын жая ұзақ күбірмен алақанына телміріп отырды да бірден жамырай бет сипасты. Дастарқанның шетін ала беріп қолында бауырсағы бар бес жастағы бала қолшатырын алып басын көлегейді.

Енді бір топ қауым ел тоңқаңдап Шыңғыстың беліне қалай шықса, солай арбаларымен арсылдатып-гүрсілдетіп түсіп бара жатыр. Осылардың артынан ерген кекілді баланың қолындағы қолшатырын көрген ақсақал «ойын баласы ғой» деп миығынан күлді.

– Балам-ау, күн ашық қой, қолшатырың не?

- Апам кеше үй төбесіне жайған құртты жинап тастады.

- Иә...

- Апа, құрт әлі кеппеді ғой десем, «ертең жаңбыр жауатын шығар» деді.

– Еһ, жаңбыр жауа қояр ма екен?

– Жаңа Кәрім ата, аспанға қарап «Жаратқан, жаңбыр бер!» деді ғой.

– Деді ғой...

– Әне, жаңбыр келе жатқан сияқты! – деді мұнтаздай таза киінген ұлдың сұқ саусағы батыс беттегі көгілжім тартып, көлеңкеленген тұсқа сұқтаныпты. Ақсақал аңтарылып  көзін көлегейледі. Тымпыңдап секіре жөнелген балақай қолшатырын жайып, алғаусыз ақ көңілмен кете барды. Шыңғыстың бөктеріне шабармандана шауып келе жатқан түйе-бұлттар буырқана бар аспанды баурады. Түс ауа, қауым елдің шұбырған көші ауылға жеткенде, кеберіп кенезесі қуырылған Шыңғыс тауының шартарабы ағыл-тегіл жауынға бөкті. Қолындағы кішкентай қолшатырын тосып бес жасар бала етекке қарай жүгіріп барады.

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.1
219 дауыс
2 пікір