Сағым үміт
Сағым үміт
2 жыл бұрын 2165
Серікбай Бағжан

Арақ келіп, пәк ұлтымды ластады,

Пәк қазағым тәтті иманын тастады.

 Бұл сұйық су құрметтің басы боп

Бұл күндері салтқа сіңе бастады!

 

Бүгін дәрістен соң Ерасыл жақын досы Нұрбектің үйінде екеуі кездеспек. Байлам осы. Дәріс біте сала Ерасыл Нұрбектің үйіне қарай  асығыс жүре жөнелді...

Екеуі де бала кезден бірге өскен. Бір ауылдан түлеп ұшқан. Еліміздің  белді екі жоғары оқу орнында білім алып жүр. Екеуі «келіңдер иманымызды арттырайық» деп, жиі кездесіп, балауса жаңалықтарын әбден бөліседі. Бұрыннан әдеттеріне сіңдіріп алған,  әңгімелеріне өсек, ғайбаттарды араластырмауға  тырысады.  Керісінше ғылыми соңғы жаңалықтарды, ғибратты оқиғаларды бөлісуге жерік бұл екеу. Ерасыл жан досына келе сала екеуі бірден хал ахуалдан бастап әңгімеге кіріп кетті. Ерасылдың бүгінгі ерекше жаңалығы ол анасы сатып алып берген  Ipad mini. Бұл студенттер үшін таптырмайтын әмбебап құрылғы: сүйкімді, ыңғайлы, кез келген сәтте ғаламторға қол жетімді. Ішіне сан түрлі кітаптарды, пайдалы аудио, видеоларды  бір-ақ жүктеп аласың. «Ақпарат алаңы сенің уысыңда» Ерасылды асықтырған жаңалық осы болатын. Бұлар көбінесе үйде кездескенді жөн көреді. Себебі, еркін сырласуға таптырмайтын оңашалық, ешқайда көңіл бөлінбейді әрі ата ананың ақшасына үнем. Ал сүтті шәймен тәтті бисквит екеуінің де сүйікті асы. 

 ̶̶  Ерасыл, білесің бе кеше мен қандай оқиғаға тап болдым? ̶̶  деді Нұрбек біраз уақыт өткен соң сәл салмақты үнмен. Көңілін күпті еткен, жайсыз оқиғаның куәгері болғаны сөссіз. Қас қабағынан оқылып тұрғандай. Осыны сезе қойған Ерасыл бірнәрсе деуді артық санап, «тыңдап отырмын» дегендей, досына бар зейінімен назар сала, тіктеліп, жиналып отырды.

- Екі күн бұрын топтағы балалармен доп тебуге барған болатынбыз, ̶̶  деп Нұрбек досының ынталы назарына риза болған кескінмен сөзін бастай жөнелді: Ойын қызық болды. Жеңіс бірде бізде бірде оларда болды. Ойын бітісімен жатақханада тұратын досыма бармақшы болдым. Жолда «Алматы түні» мейрамханасынан өте бергенде бұрылыстан қолына қытайдың ала дорбасын әрең көтере келе жатқан әжені көрдім. Кешігіп бара жатырмын, аздап шаршағаным бар қасынан үнсіз, дымсыз өте шыққым келді. Тақай бергенде дәтім бармай: «Келіңіз, көмектесейін» - деп қолынан дорбасын алып, көше бойымен кері қайттым. «Көмектескенің қандай жақсы болды, рахмет айналайын», - деп әже алғысын жаудыртты. Сәлден соң: «Әй, жүгермек ай» деп ішінен  күбірлеп кетті. Мен әдеттегі жағдайға балап, аса мән бере қоймадым.

̶  «Жетінші сыныпта оқитын балам бар», - деді сәлден соң әжей әңгімесін бастап: «осы жақын арада бір сіңлім бар соның үйіне көшейін деп жүгімді жинап жатып, балама ескерткенмін. Интернет клуб деген бәле болды. Күндіз түні содан шықпайды. Ол жерде не бар екенін де білмеймін. Тағы сол жаққа кетіп қалыпты. Жүгімді жинап қойған соң: «Орманда жүрген жоқпынғой, жастар көмектесер» деген оймын жүріп кеткенмін. Оның үстіне тағы ересек ұлым  бар. Араққа әбден салынған, арақ таппай қалса менің жанымды жегідей жейді. Қаһарына ілікпей, сүйкімсіз болсамда сіңлімнің үйіне барайын деп асықтым. Қартайған шақта жанның тыныштығын аңсайды екенсің». Мен не дерімді білмей: «Әже, сіз қай жақтың тумасы боласыз, руыңыз қандай?» - деп әңгімені бұрып жібердім. Сондағы ойым отбасындағы жайсыз жағдайды есіне түсіріп, жанын ауыртпай, азда болса өткенді ұмыттырып, сәлде болса көңілін көншіткім келді. Басқа қолдан келер шара жоқ. Менің басымның жеткен жеріндегі ой осы болды.

- Түлкібастың тумасымыз. Дулаттан тарағанбыз. Ағаңмен де сол жақта танысқанбыз,- деп енді әжей өзін шындап таныстыруға ыңғайланды. Мен де ақыры кешіктім. Әжейді тыңдағым келді. Үйіне дейін апарып тастауға бекіндім.

- Кеңес кезінде жазғы демалыста оқушыларды жұмысқа алып кететін. Біз мақта теруге баратынбыз. Күйеуіммен сол жақта тынысып, араласып жүрдік.Содан не керек үй ішімен таныстырды. Сол үйде қалатын болып шештім.Бір жылдан кейін алғашқы ұлымыз да дүниеге келді. Атын Әсет деп енем қойды. Әжей кенеттен даусы мұқалып: «Бақытты күндерімнің соңғы шақтары сол кездері өтіп жатыпты ғой, кейін байқасам»-деп терең тыныстап алды. Себебі, сол кездері сүйген жарымнан тосын мінездер шыға бастады. Түске дейін ұйықтап, түннің бір уағында араққа тойып келетінді шығарды. Аздап жүрексініп жүрдім. Сонда да уақытша кезеңге балап бес-алты ай үнсіз жүрдім. Үйден әбден береке кетті. Бір бірімізге жаттай көріне бастадық.

Бір күні балама суық тиіп, ары бері шапқылап, емдедім. Кешқұрым қойдың маймен сылап сипап, әрең тыныштандырып қойғанмын. Әдеттегіше түн жарымда мүңкіген исімен күйеуім қызу кіріп келді. Маған бажырая бір қарады да үстелден жейтін бірнәрселер іздей бастады. «Осы үйдің қатыны бар ма өзі ?», - деп күрмелген тілімен ашуға булығып, ас үйдің жиһаздарын дүрсілдетіп, ақтара бастады. Мен баланың ауырып қалғанын айтып, сәл ақырын іздеуін өтіндім. «Өй, сен тіл қайтаратын болыпсыңғой, «қатын жаратылыстың қателігі» деген рас екен-ау,- деп шапалақпен мені тартып жіберді. Не бүлдіргенімді түсіне алмай, жүрегім алып-ұшып не болсада балама зияны тиіп кетпесін деп баламның бесігін құшақтай, көзімді тарс жұмып алдым. Еңгезердей қолымен желкемнен ұстап жұлқыды да түпкі бөлмеге қарай итеріп жіберді. «Бір қатынға шамам келмесе несіне еркек болып жүрмін!»-деді де бесікте жатқан баланы бір теуіп, қолына тұздалған қиярды алып сыртқа шығып кетті. Бала баж ете қалды. Абырой болғанда аяғы балаға емес, бесіктің шеткі ағашына тиген екен. Одан бұндай қылықты күтпеген мен есімді жинай алмай, баламды құшақтап ұзақ отырдым. Көп ойландым. Маған көрсеткені аздай  өз сәбиіне қол жұмсаған адамнан бәрін болжауға болады. Бір күні «қата тимесе де бата тиер» деп, ертесі үйге қайтуға бекіндім. Бір жағынан ол кезде қазіргідей емес, «байдан қайтыпты» деген сөз нағыз қорлықты, намыстың күйреуін білдіретін. Маған құдды бір «жезөкше» деген сөзден кейінгі ауыр сөз болып көрінетін. Таң атуын асыға күттім. Сол түн бітпестей көрінді. Таң атып, енем шай қойып таңғы ас іштік. Күйеуім түк болмағандай отыр. Ешкім зардап шекпеген соң сөз көбейтпей-ақ қояын деп ешкімге тіс жармадым. Сол күннен бастап шаңырақты шайқалуы еселене түсті, береке кетіру, шағып, кіналай, қорлай сөйлеу күйеуімнің қанына әбден сіңді. Маған деген қарым қатнасы қатты өзгерді. Оның қорлығының шарықтауы араққа тыңқиып келгенде басталатын. Мас кезінде мені ақымақ, ажарсыз, өз бақытының байлауы деп кіналады. Жаныма батқаны еш дәлелсіз «басқа біреуің» бар деген сөздері еді. Әсетайымның болашағын ойладым, әкесіз өспесін деп бар қорлықты, азапты  көтердім. Күндер өткен сайын жарқын күндер әлі алда күтіп тұр деп өзімді жұбатушы едім. Ұлым толыққанды жанұяда өскені үшін мені мақтан етер, маған көрсетер қамқорлығы бұл күндерді болмағандай қылып өзгертер деп арман мен тәтті қиялдың арасында күндерім өтіп жатты. Дегенмен бүкіл әлем маған қарсы тұрды деуден аулықпын. Қайным, енем өте ізетті кісілер еді. Үнемі менің сөзімді сөйлеп, жақтасушы еді.

Жаңадан бері үнсіз отырған Ерасылдың ойына бір оқиға түсіп кетті. Бір ай бұрын  зекет берумен айналысатын бір қордың кісілерімен әңгімелескен. Ол кісілер Алматы маңындағы «Еңбекшіқазақ» ауданының әкіміне барып, қор туралы баяндап, әкімнен аудандағы жағдайы төмен жанұялардың тізімін беруін өтінген. Әкім де бірден қуана келісіпті. Сондағы кісілердің айтқаны: «Қайырымдылықты Африкаға барып жасау міндетті емес. Әр түрлі жағдайлармен бетпе-бет келдік. Есік қаласында аяғы ауыр бір әйелді көрдік. Күйеуі маскүнем. Жанында ерткен баласымен арық қазып ақша табады. Тапқаны күйеуінің шөлмегінен артылмай қалатын күндер де бар.» Бұл кісілердің өтірік сөйлеп отыруға уақыттары жоқ. Көздері куә болған осы бақытсыздыққа.Ерасыл соңғы жылдары арақтың кесапатын көп байқауда. Бұрын ащы су мұндай апат тудырыды деп ойламаушы еді. Осы бір шөлмек су қалайша адамдарды аздыруда? Шынымен адамдар бұған қарсы қауқарсыз ба? Иә болса неге? Әлде біреулер мұны зымян саясатпен пайда табу мақсатымен ішкізіп отыр ма?  Ежелден жауға есе бермеген, жаужүрек түркі ұрпағы бүгін неліктен бау байлауға шамасы жоқ? Неліктен  Орта Азияда арақ ішуден өзгені шаң қаптырудамыз?  Екпіндеген толассыз сұрақтан Ерасыл басын әрең ала қашты.

Нұрбектің айтуынша әжей деп отырған кісі енді ғана елуге келген егде тартқан әйел екен. Әбден жұтқан қайғысы жүзіне әжім болып қайта шыққан. Жүзі солғын, жанарынан үміт оты байқалмайды. Аяғын әлсін басып, арасында бүйірін басып, дем алып алады екен. Салтқа берік болса керек үстіне ұзын көйлек киген, орамал тартқан. Осыдан болса керек Нұрбек ол кісіні «әже» деп қалған.  Сол кісі Әсеттен кейін тағы екі ұл тауыпты. Кенжесі жаңағы «компьютер басты» бала. Әсет те одан кейінгісі де қазір де  таза маскүнемдер. Әсеттен кейінгі Әділі де анасына аз қорлық көрсетпепті. Анасы оны арақтан арашалау үшін барын салған. Дәрігерлер мен психологтардан түк шығара алмай, ақыры руханиятқа үміт артып, бір молда тапқан. Намазға жығылып, тәп-тәуір бола бастаған. Бір жылдан кейін иманнан айырылып қайтадан «иванға» айналған. Кей түндері әйелі мен анасы  қорлығына шыдай алмай полицей шақыратын. Оларда бұл отбасыны жақсы танып алған. Маскүнемді еш жиылғанша ұстап, кейін қайта бос қоя береді. Әділдікінде жүргенде анасы Әсеттің үйіне барып тамағын жасап береді екен. Сондағы ойы: « Сорлы балам күні-түні арақтан басқа асы жоқ, бүйте берсе асқазаны тесіліп кетер» 

- Ал жолдасыңыз қайда?-деп сұрады Нұрбек «анасы ұлдарынан қорлық көріп жүргенде бұл қайда жүр» деген көңіліндегі сұрақты қанағаттандырғысы келіп.

- Сол баяғы қалпы, бар жұмысы күнделікті ішетін шөлмегін қамтамасыз ету. Түк таппаса Әсетке барып, қосылып ішеді...

Нұрбек пен Ерасыл бөлме ішінде үнсіз ұзақ отырды. Екеуі де не айтарларын білмей, терең ойға батты. Бір қазақтың әйелі «аязды күні айланып, боранды күні толғатып» бүтін бір әулетке перзент сыйлайды, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай» бой жеткізгенше қанша машақат тартады. Енді соны бақытты болсын деп үмітпен «қамқор» қолға тапсырғанда, азапқа толы қыз ғұмыры басталады. Бүтін бір тағдыр ойыншыққа айналады. Мұндай жағдайды кинодан көрген, елден естіген бір бөлек, өз көзіңмен көрген мүлдем басқа. Ішімдіктен келетін зардапты ең бірінші әйелдер тартуда, кейін балалар, кейін барып бүтін бір қоғам.

Бұл әзәзілге кең көлемде тосқауыл керек. Әйтпесе, екпіні күшті, бұл зұлым күш әзірге тағдырларды талқандауын тоқтата қоймас. Ет жақын екі адамды айырады. Талайдың табиғатынан талантын тайдырады. Ар ұяттан жұрдай қылады. Ауру қылады. Сананы тұмшалайды. Мәдениетті мәнсіз қылып, ұрпақ тәрбиесін ұмыт қалдырады. Кісі бойына иненің жасуындай да көркем мінез қалдырмайды. Қысқасы «барлық жамандықтың кілті бұл...»

Төмендегі әлеуметтік желілері немесе сайтымызға <кіру> арқылы дауыс бере аласыз
Баға
2.2
47 дауыс
11 пікір